Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМДІК БЕДЕЛГЕ ИЕ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМДІК БЕДЕЛГЕ ИЕ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев:Еліміздегі шетелдік дипломатиялық миссиялар өкілдерімен кездескен Елбасы ХХІ ғасырдағы әділетті әлемдік құрылымды қалыптастырудың негізгі шарттарына тоқталды. Өткен аптада ҚР Президенті Н.Назарбаев Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесті. Сөзін 2013 жыл шет мемлекеттер және халықаралық ұйымдармен арадағы серіктестікте табысты болатынына сенімді екендігін жеткізген Қазақ президенті 2012 жылды қысқаша қорытындылады. Сыртқы саясаттағы қарым-қатынастарды жемісті әрі нәтижелі жүргізген Қазақстанның орталықазиялық аймақ пен әлемдегі беделін арттырғанын айтқан Елбасы Сеулдегі саммитте ядролық қауіпсіздік мәселесі бо­йынша ҚР жаппай қырып-жоятын қару-жарақты таратпауда жетекші ел деп танылғанын еске салды. Былтыр Кедендік одақ пен Біртұтас экономикалық кеңістікке қатысты түйткілдер де сәтімен шешілді. Сонымен қатар 2012 жыл Қазақстан дүние жүзінің көптеген елімен дипломатиялық қарым-қатынас түзуде мерейтойлық кезеңмен ерекшеленді. Тәуелсіздік алған кезден бастап сырт елдермен серіктестік және ынтымақтастық қатынастарды орната бастаған еліміз 20 жылдық мерейтойын тойлады. «Былтыр мен 20-дан астам шет мемлекетте іссапармен болдым. Қазақстанға он бестен астам шет ел мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері келіп қайтты. АҚШ, Қытай, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Индонезия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты тағы басқа да аймақтық және әлемдік алпауыттар басшыларымен кездесіп, келіссөздер жүргіздім. Қазақстандық сыртқы саясаттың азиялық шеңбері бекіді. Оңтүстік Африкада Қазақстанның тұңғыш дипломатиялық өкілдігі, Бразилияда елшілік ашылды. Біз IV Әлемдік және дәстүрлі діндер көсемдерінің құрылтайын өте жоғары деңгейде өткіздік. Мен Астанада жұмыс жасайтын барлық дипломаттарға аталған кездесулер, іссапарлар мен форумдардың барлығына атсалысқан еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін», – деп мәлімдеген Елбасы сыртқы саясаттағы жетістіктердің Қазақ қоғамындағы бейбітшілік пен татулықсыз, экономикалық өсім мен азаматтардың әлеуметтік ахуалының жақсаруынсыз болмайтынын баса айтты. Сондай-ақ, еліміз бағындыратын жаңа белестерге тоқталды: «Қазір біз басқа да түбегейлі мүмкіндіктер мен перспективалар ашатын жаңа тарихи кезеңге аяқ бастық. Тәуелсіздіктің 21 жылдығында жария еткен Қазақстан халқына Жолдауымда біз 15 жылдан бері іске асырып келе жатқан 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясының көптеген мақсаттары мерзімінен бұрын орындалғаны жөнінде қорытынды жасалды. Мен жаңа «Қазақстан – 2050» Стратегиясын бекіттім. Бұл қадамға баруымыз Қазақстанның осыдан он бес жыл бұрынғыға қарағанда басқа мемлекетке айналғанына байланысты. Біздің мүлде бөлек, мейлінше салмақты халықаралық ұстанымдарымыз бар. Бұл жаһандық экономикаға да, геосаясатқа да қатысты. «Стратегия-2050» сын-қатерлер мен қауіп-қатерлердің өткен ғасыр соңындағыға қарағанда мүлде өзге сипаттарына төтеп береді. Ол ел мен қоғам дамуының инновациялық экономикалық және әлеуметтік принциптері бойынша іске асырылатын болады. Қазақстанның ХХІ ғасыр ортасына дейінгі Жаңа саяси бағытының басты мәні осында. Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 елінің біріне айналуы үшін мен орасан зор міндеттер қойдым. Бұл – біздің Стратегиямыздың басты мақсаты».Шетелдіктермен кездесуде алдағы он жылдыққа бағытталған стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді де түсіндіріп өтті. Ең маңыздысы, Алматыдағы Аймақтық көпжақты дипломатиялық орталықты қалыптастыру туралы жұмыстар басталып кетті: «Онда ұйымдардың, бағдарламалардың, қорлардың және Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелерінің өңірлік және субөңірлік мәртебеге ие 16 өкілдігі жұмыс жасайды. Қазір Халықаралық дамуға жәрдемдесу жөніндегі агенттік (KAZAID) құру жұмыстары жүріп жатыр. Ол біздің көршілерімізге және өзге мемлекеттерге техникалық көмек көрсететін болады. Жалпы, біз Еуразияның жүрегі тұрақты өңірлік және жаһандық дамумен үндесіп, оның игілігі жолында бірқалыпты соғуы үшін өзімізге байланысты нәрсенің бәрін жасайтын боламыз».Сыртқы саясатта өзіндік орнын иемденген Қазақстан бүгінде халықаралық үдерістерге де белсене араласуға мүдделі. Мәселен, Н.Назарбаевтың айтуынша, жаңа жүзжылдықтағы тиімді әлемдік құрылымға қатысты өзіндік көзқарасын қалыптастырған: «Мен оны Астана экономикалық форумы мен IV Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайы барысында былтыр жазда G-GLOBAL идеясын көтере отырып, баяндадым. G-GLOBAL – әлемге біз ұсынып отырған жаһандық үнқатысудың жаңа форматы. Тек G-8 немесе G-20-ны ғана емес, түгел қамтитын формат – ХХI ғасырдың жоғары «геосаяси математикасы» осы. Бүкіл жаһандық қоғамдастықтың әлемдік экономика мен саясаттың барлық мәселелері жөніндегі жалпыға ортақ келіссөзі қажет», – деп мәлімдеген ҚР Президенті Н.Назарбаев G-GLOBAL – әлемдік құрылымның 5 қағидасын айтты. Олар эволюциядан құралған және саясаттағы төңкерістік өзгерістерден бас тартады; әділдік, теңдік, келісім; жаһандық төзімділік пен сенім; конструктивтік көпжақтылықтан түзілген. Олардың негізінде ХХІ ғасырдағы жаһандық проблемалардың көпшілігін шешуге болады. Нұрсұлтан Назарбаев олардың барлығы жалпыәлемдік келіссөздердің бір бөлігіне айналғанын, Біріккен Ұлттар Ұйымында, басқа да халықаралық ұйымдарда, қазақстандық көпжақты және екіжақты келіссөздерде талқылануда. Маңыздысы, аталған мәселелердің басым бөлігі жүзеге асырылуда. G-GLOBAL бастамасын саяси көсемдер, жаһандық саясаттың ардагерлері, сарапшылар мен Нобель сыйлығын иемденгендердің көбісі қолдады. Бұл орайда, Елбасы: «Сіздер БҰҰ-ның Жаһандық дағдарысқа қарсы жоспарын әзірлеу үшін Астанада Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция шақыру туралы ұсыныс білдіргенімді білесіздер. Біздің жас еліміз тағдырына бей-жай қарай алмайтын әлемнің қазіргі дамуы осы идеяның өзектілігін білдіреді. Бастан кешіп отырған дағдарыстың жаһандық ауқымда екенін бәрі мойындайды. Бірақ ешкім де жаһандық деңгейде қорытынды жасамай отыр. Қабылданып жатқан шаралар қараңғыда жоғалған центті іздеймін деп жүз долларлық ақшаны жағу әрекетін көбірек еске салады. Жаһандық дағдарыстан шығу әлемнің барабар және тиімді қаржы архитектурасына өтпейінше мүмкін емес. Бұл туралы ең алдымен, БҰҰ және әлемдік қаржылық ұйымдары аясында әңгіме жүргізу қажет. Мен біздің шетелдік серіктестерімізді биылғы маусымда өтетін кезекті Астана экономикалық форумына қатысуға шақырамын. Жалпы, G-GLOBAL, бұл – әлемнің даму жолын жаһандық тұрғыдан іздестіруге Қазақстанның қосқан үлесі», – деп мәлімдеді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы дипломатиялық миссиялар жетекшілеріне қантөгістер мен бір-біріне күдікпен қарайтын сенімсіздіктен ада, әділетті әлемдік құрылымды қалыптастыруға шақырған сөзін президенттеріне жеткізуді өтінді. Дипломаттармен болған басқосуда 2013 жылы Астана қаласының 15 жылдық мерейтойы да тілге тиек етілді. Н.Назарбаев Елорданың отандық саяси-экономикалық, мәдени серіктестіктерді орнату және нығайтудағы ерекшелігіне тоқталды: «Қысқа мерзім ішінде Астана халықаралық дипломатияның жаңа орталықтарының біріне айналды. Осында мемлекеттердің саммиттері, әлемдік ауқымдағы ірі іс-шаралар өткізіледі. Өткен ғасырдың соңында осындай бір кездесуде сіздердің алдарыңыздағы әріптестеріңізді біздің жаңа астанамызға батыл түрде қоныс аударуға шақырғаным есімде. Қазақстанда тіркелген 66 дипломатиялық миссияның 65-і қазір Астанада жұмыс істейді. Олардың толыққанды жұмысы және дипломаттар отбасыларының өмір сүруі үшін біз барлық қажетті жағдайды жасадық және жасай береміз. Қазақстан тарапы сіздердің өтініштеріңіз бен тілектеріңізге әрдайым ықыласпен қарайды. Себебі, Қазақстанның сіздердің елдеріңізбен екіжақты қатынасының даму қарқыны сіздер атқаратын жұмыстың сапасына байланысты болмақ».Кездесу барысында Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников Елбасы алдында тұңғыш рет сөз сөйлеп отырғанын және барлық дипломатиялық миссиялар өкілдері атынан алғысын білдіретінін жеткізді: «Өткен 2012 жылға көз сала отырып, елдің халықаралық беделін нығайтып, барша қазақстандықтарды қуантқан республика өміріндегі маңызды кезеңдер мен оның жетістіктерін атап өтпеуге болмайды. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығын жеңіп алуы Қазақстан табыстарының жарқын айғағына айналды. Әлемдегі күрделі қаржылық-экономикалық жағдайға қарамастан Қазақстан дамуының оң қарқыны айтарлықтай сақталғаны дипломаттарға белгілі шығар. Біздің бәріміз әлемдік саясаттағы Қазақстан – халықаралық даусыз беделге ие жауапты және сенімді серіктес деген Сіздің бағаңызға қосыламыз».«Қазақстан-2050» стратегиясымен түгел танысып шыққандарын көлденең тартқан дипломаттар әлемдік ахуал мен жаһандық шиеленістерді Қазақстанның терең де жан-жақты сараптай білгеніне риза болысты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ