Жаңалықтар

Қазақ интернеті: Қиын өткел

ашық дереккөзі

Қазақ интернеті: Қиын өткел

Ақпараттық технологиялардың дамуы қоғамның алға жылжуын ілгерілетеді. Егер қоғам көз ілеспес шапшаңдықпен жаңғырып отыратын заманауи технологияларға ілесе білсе. Осы тұрғыдан алсақ, Қазақ интернетінің жай-жүйі қалай? Қордаланған проблемалардың шешу жолдары қайсы? Мамандар тарапынан қандай ұсыныстар түсуде? Осы сияқты маңызды сұрақтар Қазақ сайттары редакторларының конференциясында егжей-тегжейлі талқыға салынбақ.

Уақыт өткен сайын Қазақ интернеті жаңа белестерге көтеріліп келеді. Жаңа ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы Қазақ қоғамын сырт айналып өтпесі анық. Үстіміздегі жылдың 22 қаңтарында Астана қаласында өткізілетін Қазақ сайттары редакторларының конференциясында Қазақ интернетінің даму жолындағы өзекті мәселелер мен кедергілер, оны дамытудың басты бағыттары мен шарттары, мемлекеттік қолдау, қазақтілді интернет кеңістіктегі контент және сапа менеджменті, қазақ аудиториясындағы краудсорсинг мәселелері, авторлық және салалық, (әдебиет, мәдениет, спорт т.б.) құқық саласына қатысты қордаланған мәселелер айқындалып, оны шешу жолдары қарастырылады.

Алдын ала таратылған бағдарламаға сүйенсек, шараның ашылу салтанатында «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин, «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті Айдос Сарым, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбай, Қазақстан интернет қауымдастығының президенті Сабиров Шавкат сөз сөйлейтін көрінеді. Ал алғашқы пленарлық отырыста Мәдениет және ақпарат Министрлігінің Ақпарат және мұрағат төрағасы Болат Қалианбеков, «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Қылырма Айдос т.б. өзекті проблемалар туралы ой бөліспек. Конференцияның екінші бөлімінде қазақ сайттарының дизайны және техникалық сүйемелдеуді қолдау, пайда табу (жарнама, PR-мақалалар) мәселелері, іздеу сайттарында мақаланы арнайы бір тәртіппен жариялап, сол мақаланы іздеу сайттарында (SEO баптау) алдыңғы қатарға шығару, процессинг мәселелері, сонымен қатар Қазақ интернетін өлшеу құрылғылары (рейтинг сайттары), техникалық құрылғылар және интернеттегі қосымшаларды пайдалану мәселелері, халықаралық және ғаламдық платформаларды Қазақстанға локализациялау мәселелері жан-жақты талқыға салынады. ІТ саласындағы терминдердің ахуалы жайлы сөз қозғалатын үшінші бөлімде IT терминдерді қолдану мәселесі, қазақ сайттарындағы Латын тілінің қолдану аясы, транслитерация бағдарламасының ортақ нұсқасын қабылдау мәселесі қарастырылады. «Жаңа медиа мен Қазақ интернеті» тақырыбындағы төртінші бөлім Қазақ интернет журналистикасының негізгі бағыттары, ақпарат берудің тәртібі, мәдениет және этика мәселесі, сондай-ақ, интернеттегі ауызбіршілік пен ынтымақтастық, Қазақ интернет сайттарының ортақ қауымдастығын құру туралы бірқатар өзекті мәселе қаузалмақ. Серік Ерғали, публицист, мәдениет­танушы: – Бұл біршама мерзімде сараптауды қажет ететін тақырып қой. Меніңше, Қазақ интернеті 3 кезеңге бөлінеді: бі­рін­шісі, 2000 жылдан бері басталған қазақ сайттарының, блоггерлерінің, электрон пош­та тұтынушыларының шыға бастауымен байланысты кезең. Осы кезеңде қазақтың 5-6 сайты жылт етті: tarlan.kz (Ерлан Қарин), kerek-info.kz (Аршат Оразов), qazaq.kz (Серікқазы Кәкібаланов), zhasalash.kz (ПДФ пошымындағы «Жас алаш»), arda.kz (Серік Ерғали),massagan.kz (Жанатбек – моңғолиялық жігіт Малайзияда оқып жүріп жасақтады) т.т. Екіншіден, «Abai.kz» сайтының шығуымен байланысты кезең. (2009 жылдан бастап). Үшіншіден, электрон үкіметтің шынайы іске кірісе бастаған 2011 жылдан бергі кезең.Өзім 2003 жылы «Сорос-Қазақстан» қорынан грант ұтып алып, arda.kz . сайтына кірістім.Бірақ алғашқы жарты жылдан аса уақытым сайтты жасақтауға кетті. Маманым Санкт-Петербордан оқу бітірген Данияр Сүгіралинов деген мықты жігіт болса да, қаріптің кесірінен біраз қиналды. Қазақ қарпі ол кезде электрон кеңіске өгей болатын. Бір компьютер екіншісін таный қоймайтын заманның келмеске кетпеген кезі. Кейін дамып кетуімізге де сол – тіліміздің жаңа техникалық ортаға орайластырылмағанынан және де қазақтілді оқырманның жоқтығынан доменді біреуге сыйлауға тура келді. Бұл техникалық мәселе кәзір де толық шешілген жоқ және мұны мемлекеттік деңгейде жеріне жеткізе шешудің амалдары әлі күнге қарастырылған емес. Мысалы казіргі жұрт ақпаратты айпаттан, айфоннан орналастыра береді, ал бұл саймандар біздің тілді әлі менсіне, жерсіне қойған жоқ. Тіпті, аталмыш техникалармен тек қана ағылшын не орыс тілінде қатынасуға мәжбүрміз. Ал, бұл – интернеттің құлағында ойнатпай келе жатқан мәселенің бастысы.2-кезеңде «Абай» сайтының шығуы қазақтілді электрон-оқырманның саны мен сапасын шұғыл арттырды. Себебі, бұл сайт сірескен әрі жаңармайтын ресми сайттарға керемет бәсекелес болды. Ақпаратты шұғыл тарату мен еркін стил, оқырманмен тікелей қатынас – жаңа оқырман мәдениетін қалыптастырды. Әуелгі кезде «Абай» оқырмандарының мәндетпелері мен пікірлері сондай дөрекі, мәдениетсіз, бірінің жағасын бірі жыртатын оқырман болса, қазіргі деңгей тіпті басқа! Бірақ бізде бұл үдерісті қазақша зерттеп, жариялап жатқан көріністер өте аз, себебі, бұл сала қаржыландырылмайды, жазармандарға саусақақы қарастырылмайды. Бұл жайт министрліктер тарапынан тек қана өзімшіл, тар тақырыпқа конкурс-екшем өткізумен шектеледі. Қазақ интернет-оқырманын нығайтуға ешкім көңіл бөлмейді. Тіпті, қазақ сайтын дамыту деген бізде мемлекеттік саясатқа енбеген мәселе!Енді 3-кезең президенттің тікелей бақылауымен, мемлекетке электрон-үкімет енгізу барысында пайда болды. Қазір министрліктер мен әкімдерден бастап, сайттары, порталдары бар, тіпті мектептерді де мәжбүрлеп жатыр. Бұл өте дұрыс саясат! Сонда ғана біз басқа сапалы деңгейге көтерілеміз. Алай­да, оның жүрісі мен барысындағы кем­шіндер басқа тақырыптың тартысы. Мен былтыр Әзірбайжанда болғанымда, онда интернеттің әлдеқашан коммерцияланғанын естіп таң қалдым. Телеарналар қазір ин­тернеттен қалған жарнама қаржысын місе тұтады, себебі жарнамалар интернетке көшіп кеткен! Ал, бізде бұл жағынан тірлік әлі басқа тілді алаңның пайдасында. Міне, электрон базар пайда болып, содан табыс түсіргенде – біз интернеттің өзгеше сатысын дамытуға кірісеміз. Әзірге біз бар болғаны үйренушіміз. Анар Мұстафина, «Massaget.kz» ойын-сауық порталының контент-менеджері: – Қазақ интернетінің басты проблемалары мен оны шешудің жолдары қандай? Қазақ интернетінің басты проблемасы қазақ тілінде тілдесетін, жазатын қауымның интернеттен алыс болуы немесе интернетті жете түсінбеуінде деп ойлаймын. Қазірге дейін Интернет – бұл «Мой мир», агент деп ұғатындар жетерлік. Алайда, агент құмарлығы 2 жылдай бұрын басталғанын ескерсек, ол індеттен де айнып, Интернетті басқа қырынан танығысы келетін қазақ тілді жастар да пайда болып жатыр. Біздің міндетіміз сол жастарға оң тәрбие беретін, өз ойын, қоғамдық пікірін қалыптастыратын орталар, яғни қазақ тілді сайттарды дайындап беру, қазақша контентті дамыту. Осы тұрғыдан көптеген жұмыстар атқарылуы керек деп ойлаймын. Қазақ жастары орыс сайттары ұсынып отырған қызықты контентті қазақша сайттардан оқи алуы керек, сонда олар орыс сайттарының легінде кетіп қалмайды деген ойдамын. Ербол Серікбай, Сұрақ-Жауап сайтының негізін қалаушысы, сайттың жетекшісі: – Қазақ интернетінің басты проблемасы мектеп бағдарламасында деп ойлаймын. Мен осы салада оқығандықтан айта аламын, қазіргі кезде мектеп болсын, тіпті университеттің өзінде Информатикадан 30 сабақ, болмаса ішінде InternetExploler6, Чат, Блокнот т.б. бағдарламаларды бөліп-бөліп сабақ қылып өтеді. Бұл дегеніміз тарихқа кеткен бағдарламалар. Мұны әлі күнге дейін сабақ қылып оқыту өте тиімсіз. Меніңше, қазіргі кезде Информатика пәндеріне толықтай өзгеріс енгізу керек, балаларды артта қалып кеткен оқулықтармен емес практика жүзінде өзін ақтаған жаңа оқулықтармен оқыту керек. Кітаптарды жаңарту керек. Интернетке біз көптеген ақпаратты салсақ соғұрлым интернет сапалана түседі. Яндекстің қазақстандағы өкілі Жанат Әбілқасым түрік тілінде 4 миллиард құжат болса, Қазақ тілінде 6 миллион ғана құжат бар деген ақпаратты айтып қалды. Сандары нақты есімде жоқ. Бірақ арасы жер мен көктей екен. Мұны айтқанда біздің алғы жылжуымыз қиында екендігін ұқтым. Сондықтан мұғалімдер интернеттен құжатты ала беріңдер дегеннен көрі, интернетке ақпаратты салыңдар деп оқытса екен. Себебі Интернеттен ақпарат алу үшін де оны салуды жас жеткеншектердің санасына құю керек, ұқтыру керек. сонда қазақ тілінде ақпарат көбейіп, сапалы ақпараттардың саны артады. Жалғас Ертай, фрилансер, блоггер: – Шынын айту керек, қазақ интернетінің проблемалары бір өзінің басына жетіп артылады. Бірақ, оған қарамастан, шешімін табуы тиіс бірнешеуін атап айтуға болады. Оның бәрін үш сөзбен ортақ тезистеуге болады: аудитория, контент, маркетинг. Яғни, қазақ тілді аудиторияның саны бар. Өкінішке қарай, оның санын анықтайтын нақты құралдар әлі жоқ болғанымен жобамен есептеуге болады. Мысалы, қазақша уикипедияның мысалында алатын болсақ, ол жақты айына 8 млн. рет қарайды екен. Ал, уикипедиядағы қазақ тіліндегі мақалалардың тереңдігі онша еместігін ескеретін болсақ, шамамен, 4-5 млн. адам айына қазақ тілінде ақпарат іздейді деген сөз. Демек, аудитория бар. Сұрақ – қазақ тілді сайттарға олар неге кірмейді? Бұл сұраққа жауапты жоғарыда тезистеген үш негізгі тұжырымның екіншісінен табуға болады. Яки, қазақтілді сайттардың ұсынып отырған контенті өзінің аудиториясының талаптарына онша жауап бере бермейді. Байқасаңыздар, көп қазақ тіліндегі сайттардың бәрі біркелкі, тіпті мазмұны да. Бір сайттан екінші сайтқа көшіп жүрген материалдар. Шынында, қазақтілді аудитория орталықтанып, өзге елдің интернетінен өзінікіне бетін қаратсын деп ойласақ, онда контенттің әркелкі және сапалы болғанына көңіл аудару керек. Аудиторияңыз көп болып, контентіңіз сапалы болса – сізді бизнестің өзі тауып алады. Жарнама берушілердің өзі артыңыздан жүгіретін болады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ