Жаңалықтар

ЕР-АЗАМАТСЫЗ СҰЛУЛЫҚ КҮҢГІРТ ЕКЕН

ашық дереккөзі

ЕР-АЗАМАТСЫЗ СҰЛУЛЫҚ КҮҢГІРТ ЕКЕН

Қазақ халқының маңдайына біткен жұлдызды қара шалдардың отанасы бола білген, ұзақ жылдар жұптасқан ғұмырларында бір-бірін сыйлап, қадірлеп өткен асыл жарларымен әңгімелесу де бір ғанибет. Олардың ер-азаматтарының қас-қабағына қарап, отбасы-ошақ қасындағы ұсақ-түйек түгілі, бала тәрбиесіне де араластырмай үкілеген, бір ғана шаңырақтың емес, бүткіл бір әулеттің ұйытқысы бола білген сол асыл әже-апаларымызды алдымызға үлгі тұтып, сыйласқаным, тіпті кейбіреулерімен құрбыларша сырлас та болған күндерім үшін тағдырыма ризамын.

Кешегі қазақтың Сәбеңі атанған Сәбит Мұқановтың бәйбішесі Мәриям апай, алып тұлғалы біртуар ақын Сырбай Мәуленовтің Күлжамалы, Құрманбектің Шолпаны, Байғалидың Хадишасы, Ғабиденнің Зейнелі, бүгінде тоқсанға таяп қалса да сыры мен сыны кетпеген Жүсіпбектің Хабибасы, осы кісілердің ізін басып келе жатқан Жұмекеннің Нәсібі, Қалтайдың Фаридасы әлі күнге апалы-сіңлілі болып, шын көңілімізбен іздеп жүретін қимас жандарға айналды.

Қолымыздан қалам, отымыздан қазан түсірмей жүріп келе жатқан сөз өнеріндегі қимас жылдарымыз бен күндеріміз өз деңгейімен өтіп жатса, осынау абзал аналарымыздан алған тәрбие мен көрген-түйгендеріміздің арқасы деуге әбден болады. Өмірден озып кеткен ерлерінің әрбір қылықтары мен мінездерін әлі күнге дейін сыр ғып әңгімелеуден жалықпайтын, қайта жылдар озған сайын санасында жаңғырып-жаңарып отыратынын сол кісілердің аузынан талай-талай естідім.

Әсіресе, тау тұлғалы танымал ақын Сырағаңның әулетін өсіріп, өндірген Күлжамал шешемді қалай ұмытармын?! Туған қызындай еркелете отырып айтқан ақылдары әлі көкейімде сайрап тұр. Жас та болсақ тұрмыстың, қаладағы тірліктің қиын сәттерінде аса қарапайымдылық танытып, тіпті ауырып қалған күндері үлкен басымен іздеп жүруі, хабарсыз кетсең, кәдімгідей шат-шәлекейі шығып ұрысып алатын кездері көкірек көзімізде сайрап тұр. Неткен мейірбан еді десеңізші?!

Көңіл ауанымен осындай сағынышты сәттерді бастан кешкенде әрненің басын бір шалып, ойың онға бөлінетіні даусыз. Дәл қазір осындай сәтті бастан кешіп отырмын. Әрине, олардың әрқайсысына тоқталып, ұзақ-сонар әңгіме айтуға болар еді. Өмірімдегі үлкен сыйластықпен көңіл көкжиегінен көлбеп тұрып орын алатын көрікті де кербез апаларымның бірі де бірегейі – Фарида Бекжанқызы дер едім.

Желтоқсан айының 24-ші жұлдызы Қалағаңның туған күні екенін біреу білсе, біреу білмес. Жылдағы үйреншікті әдетіміз бойынша жазушының үйіне хабарластық.

– Сендер ертең келіңдер, менің де туған күнім ғой, – деген апайымыздың телефондағы даусы бұйрықтай естілді де, жылжып келіп тарихымызға енген тағы бір жаңа жылдың берер қызықтары мен шыжықтары мол болсын деген тілекпен осындай жақсы ағаларымыздың бірі – Қалтай Мұхамеджановтың шаңырағына кіріп шыққан едік.

Қазақтың жазба әдебиетінің қорына мол мұра қалдыра білген жазушының да мәңгілік сапарға аттанғанына он екінші жыл. Кейде ойлаймын, сол асылдардың көзін көріп, бір сәт болса да әдемі әңгімелерін тыңдау бақыты бұйырғанына шүкіршілік ету керек шығар. Редакцияға алғаш келген күннен бастап өзімді Таңшолпан деп атап кеткен қазақтың біртуар драматург-жазушысы Қалағаңның қамқорлығын көп көрдім. Жазу-сызу өнеріне байланысты талай ақыл-кеңестерін тыңдадық. Жұмыстан тыс уақыттарындағы әдемі әзіл-қалжыңы әлі есімде. Көреген, данышпан адам еді. Адам баласын алалауға жаны қас, үлкенді де кішіні сыйлай білетін, сыйлата білетін азаматтығы жоғары болатын. Сол кездің өзінде шаңырағына жиі болмаса да, айлар аралатып барып тұрушы едік. Соның бәрі бүгінде сағынышқа айналды. Мәңгілік сағынышқа!

Әдеттегідей жазушы үйінің есігі айқара ашық. Асүйден шыққан соғымның иісі сонадайдан танауды қытықтайды.

– Аяғы құрғыр ауырып, алдарыңнан шыға алмай жатырмын, – деді Фарида апай құшағымыздағы қызғалдақтарға елжірей қарап. – Жоғары шыға беріңдер, өздерің келіп-кетіп жүрген үйлерің ғой.

«Түркістанның» қыздары төрге оза берді. Сол баяғы берекелі-мерекелі дастарқан. Жағалай жайғастық.

– Фарида Бекжанқызы, биылғы жыл Қалағаңды жиі еске алатын, жиі әңгімелейтін жыл болмақ. Өйткені өзіңіз білесіз, газетіміз жігіт жасы –20-ға толады…

– Иә, уақыттың зымырандығына көз ілеспейді. Кеше ғана сияқты еді, газеттің алғашқы нөмірінің жарыққа шыққаны, өзі де үлкен іс тындырғандай, иығынан ауыр бір жүк түскендей жеңілдеп еді сол күні. Газетті ұйымдастыру барысында талай қиындықтар өтті, ұйқысыз түндердің азабы бірте-бірте жазыла бастады. Қалтай өзі де, сөзі де, тілі де өткір еді ғой. Сол қайсарлығының арқасында талай кедергілерді жоя білді.

Қалтайсыз да он екінші жаңа жылды қарсы алатын болдым. Өмір бар жерде өлім бар. Осы бір қағиданы қатал да болса мойындайсың. Жаныңда жүрген жақсы кісілерді жоғалтқанда жаның ауырып, жүрегің сыздайды. Көз жасыңды көл етіп отырып та тағдырға мойынсұнасың. Басқа түскен кез келген ауыртпалықты, оның ішінде қазаны шүкіршілікпен көтеру керек екені шариғатта да қадап айтылған ғой. Құдайға шүкір, балалары мен немерелері, олардан екі шөбересі өсіп келеді. Ескендір мен Латифаның былдырлаған тәтті сөздері мен қылықтарын қызықтап жүріп жатқан жай ғой. «Әжеке Факе» дегенде ауыздары майысып, өздері де, мені де мәз-мәйрам етеді.

Қалтай марқұм:

– Бәйбіше, жарық дүниеде шөбересінің алақанынан май асаған кісіге о дүниеге барғанда жұмақтан үш бөлмелі пәтер береді екен, – дейтін.

– Сақтай гөр, ол жақта пәтеріңнің қажеті бола қояр ма екен, – дейтінмін оның әзіл-қалжыңына етім үйреніп кетсе де, сасқалақтап.

Драматургтің бәйбішесі жанарына келіп қалған мөп-мөлдір тамшыларды саусағының ұшымен сілкіп тастады да, қарсы алдындағы Қалағаңның үлкейтілген портретіне ұзақ қарады.

– Күнде үнсіз суретіне қарап, іштегі сырымды ақтарып аламын. Мына жарық дүниедегі болып жатқан тыныс-тіршіліктің бәрін баяндаймын. Үнсіз тыңдайды. «Құдай-ау, бірдеңе десеңші» деймін кейде кәдімгідей ренжіп. Балаларының, үрім-бұтағының жаңалықтарын елпілдеп әңгімелесем де тіл қатпайды, бәтшағар,– деп болмашы жымиып қойды.

Осы сәтті пайдаланып, әңгімемізді өткенге бұрдық тағы да.

– Фарида апай, осыдан он шақты жыл бұрын, Қалағаң өмірден кеткеннен кейінгі бір жылдары берген сұхбатыңызда «Әйел қанша ақылды, көрікті болғанымен, ер-азаматсыз ондай сұлулық түкке тұрғысыз дер едім» дегенсіз…

– Иә, есімде. Ол менің ғана пікірім емес, жалпы халықтың сөзі деуге болады. Қазақ халқының ұлы философиясы. Әйтпесе, « Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» дегенді айтар ма еді?! Әйел ер-азаматының тұсында бақытты, мінезді, қылықты, көрікті… Қалтай екеуміздің бір-бірімізге деген сезім-ілтифатымызды, қалай қосылып, қалай ғұмыр кешкенімізді бізді танитындар жақсы-ақ біледі. Бір бақытты әйел болса, мен едім. Әрине, әйел-ана ұрпағымен бақытты. Дегенмен, жаныңдағы қосағыңмен өткен күндердің қызығы мен шыжығына ештеңе жетпейді. Сондықтан ерлеріңнің қадір-қасиеттерін біліп, сыйлап жүріңдер.

***

Қазақтың Қалтайына адал да сыйлы жар болған, бүгінде сексеннің ортан беліне аяқ басып отырған осынау аппақ ананың қыз-келіншектерге айтар сыры да, шыны да осы. Және қалай әңгімелейді десеңізші?! Ақыл-кеңесті тыңдау үшін, құлаққа құйып алу үшін айтушының, жеткізушінің де мықты болғаны ғажап-ау. Фарида Бекжанқызы керемет көркем сөйлейді. Әңгімелесу мәдениеті аса жоғары, өзіңді сөзге тарта отырып айтқан өсиет-сырлары жан-дүниеңді қаулап, рахат бір күй кешесің. Тыңдай бергің келеді. Мұсылман әйелдері, оның ішінде қазақ әйелдерінің ақылдылығына, сымбатына қарай дарын да бере салған Жаратқанға риза боласың. Білімді, мейірімді ана жүрегі осы ғой. Алдымыз елуге келіп, немере сүйіп, әже болғанымызбен, жанымызды жайлау етер ана махаббатына шөліркеп жүрген шақтарымызда осындай бір әдемі кештің, маңызды сыр-пікірлесулердің жиі болып тұрғаны қажет-ақ. Көңіліміз серпіліп, жанымыз жадырап, күйбең тірліктен тұман басқан ой-санамыз шырадай жанған кездесуден алған әсеріміз біраз айларға азық болатын болды.

«Түркістандықтарға» дұғай сәлем, жігіт жастары құтты болсын, гәп оқырманның аз-көп болғанында да емес, ең бастысы ұстанған бағыт-бағдарларың халықтың жанына жақын болсын!» – деп жылы қарсы алып, ақ батамен шығарып салған аппақ анамыз Фаридаға біз де ұзақ ғұмыр тіледік.

Таңсұлу Алдабергенқызы