Жаңалықтар

ВИЗАНЫҢ УАҚЫТЫН 6 АЙҒА ҰЗАРТА АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ

ашық дереккөзі

ВИЗАНЫҢ УАҚЫТЫН 6 АЙҒА ҰЗАРТА АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ

Ерлан ИБРАГИМ,

ҚР СІМ Үрімжі қаласындағы Төлқұжат-виза қызметінің басшысы:

Соңғы ресми есептерге қарағанда, Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы районында (ШУАР) 1,5 миллион қазақ тұрады. Ондағы қазақтардың басым көпшілігі болашағын Қазақстанмен байланыстырады. Осыны ескерген ҚР Сыртқы істер министрлігі ШУАР-дың орталық қаласы Үрімжіде Төлқұжат- виза қызметін ашқалы біраз уақыт болды. Қазақстанға келіп-қайтуды көздеушілердің көбеюінен және ҚР СІМ-нің виза уақытын тек үш айға дейін қысқартуы салдарынан соңғы жылдары осы қызмет алдында кезекте тұрушылардың саны күрт өскен еді. «Түркістан» газеті кезінде осы проблемаға үн қосып, Үрімжідегі төлқұжат-виза қызметінің оңтайлануына өзіндік ықпал тигізген болатын. Қазір Үрімжі жақтан виза мәселесіне байланысты шағымдар көп естілмейді. Десек те, Қытайдағы қандастарымыздың Қазақстанға табан тіреу үшін виза алуының әлі де шешілмеген түйткілдері баршылық. ҚР Сыртқы істер министрлігі Үрімжі қаласындағы Төлқұжат-виза қызметінің басшысы Ерлан Ибрагиммен сұхбатты оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз:

– Ерлан Жеңісұлы, соңғы 2 жылдан бері Үрімжідегі виза мәселесі төңірегінде жағымды пікірлер айтыла бастады. Қазіргі беталыстарыңыз қалай?

Мұнда қызметке келгеніме 1 жылдан асты. Менің алдымда бұл мекемеге кәсіби дипломат Қайыржан Кеңесұлы Сәрсебаев басшылық етті. Дипломатия саласында бірнеше жыл қызмет атқарған Қайрекең мұндағы виза мәселесінің шешілуіне айтарлықтай ықпал етті. Міне, қазір сол игі бастаманы жалғастырып, қолдан келгенінше жүйелі жұмыс жасап келеміз.

– Қандастарымызға виза беруде әлі де шешілмей жатқан түйткілді мәсе­лелер бар ма?

– 2010 жылы енгізілген жаңа заң бойынша, ұлты қазақ Қытай азаматтарына Қазақстанға келу визасын тек 3 айға ғана бере аламыз. Оның алдында қазақтарға виза беру мерзімі 6 айдан бір жылға дейін болатын. Іргелес жатқан екі елдің ортасында барып-келушілер өте көп болғандықтан, 3 ай мерзімдік виза бізге көптеген қиындықтар әкеліп отыр. Соның салдарынан дүниежүзіндегі ең көп виза қабылдайтын орталықтың бірі – бізбіз. Өйткені жазғы уақыттарда күніне 300-ге жуық адамның өтінішін қабылдауға тура келеді. Жалпы, орта есеппен айына 5000-ға жуық адам қабылдаймыз. Әйтеуір жүйелі тәртіптің арқасында ғана сапалы жұмыс атқарып отырмыз. Жүйелі деп отырғаным жоғарыда атағанымыздай Қайыржан Кеңесұлы басшылық етіп отырғанда виза беруде бірқатар тәртіптер қабылдағанбыз. Мысалы, бір отбасынан бір адам келсе жеткілікті (бұрын әрбір адам өзі келу керек болған), виза алатын уақытын алдын ала белгілеп тізімге алдыра алады, келушілерге толыққанды ақпарат беру т.б.

– Сонда визаның уақытын 6 айға ұзартуға мүлде мүмкіндіктеріңіз болмағаны ма?

– Қазір бұл мәселе – ҚР СІМ мен басқа құзырлы органдар басшылығының қарастыруында. Визаның мерзімін 6 айға ұзартқан жағдайда берілетін визаның саны да азаяды. Бұл мәселенің қалай шешілетіні бізге де беймәлім.

Меніңше, Қазақстанға сапарлап барушы қандастарымыздың көптігі біріншіден, ҚХР-дың бұл санаттағы азаматтарынан консулдық алымның алынбауы мен визаның жеңілдетілген түрде берілуіне байланыс­ты. Екіншіден, ҚР мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық және гуманитарлық өзара байланыстың кеңеюі. Үшіншіден, Қазақстанның Кедендік одаққа кіруіне байланысты және халық тұтынушы тауарларды Қазақстанға кіргізу бойынша бірқатар шектеулердің күшіне енуі болмақ. Осыған орай, Қазақстан Республикасымен шекаралас аудандардың этникалық қазақтар тұратын көптеген тұрғындары шекаралық сауда-саттық шеңберінде Қазақстанға белгіленген салмақтан аспайтын тауар (50кг) жеткізу мүмкіндігін қолдануда. Бізде де тек қандастарымызға берілетін визаның мерзімін алты айға дейін ұзарту мәселесінің шешілуі тездетілсе деген тілек бар.

– Кезектегі адамның көбеюіне байланысты делдал болатындардың да қатары көбейетіні сөзсіз. Мұндай заңсыздықпен қалай күресіп жатырсыздар?

– Біз ең алдымен әрбір аймақтағы ағайынға, әсіресе, қазақтар жиі қоныстанған өңірлерге виза берудің тәртібін көрсететін арнайы ақпараттық парақшалар тараттық. Үлкен газеттер арқылы Үрімжіге келушілердің ортада жүріп делдал боламын дегендерге алданып қалмауын ескерттік. Мысалы, осы маңда арнайы асханалар мен қонақ үйлер бар. Бізде адам көп болса, олардың саудасы жүреді. Сондықтан пайда табуды көздеген сол кәсіпкер азаматтар ауылдан келген қазақтардың жұмыстың жөнін білмей Үрімжіде бірнеше күн жүргенін қалайды. Алуан түрлі қиындықтарды айтып, виза алуды алынбас қамал етіп көрсетеді. Соның салдарынан көптеген бауырларымыз алаяқтардың торына түсіп қалады. Делдалмен күресудің тағы бір жолы ретінде біз қызметкерлерімізді 95 пайыз жаңарттық. Яғни бұрынғы қызметкерлерден ешкім қалған жоқ. Қазіргі күнде кәсіби дипломаттар барлық жұмысты орнына келтіруге күш салуда.

– Қазақ еліне баратын Қытайдағы қазақтар мен басқа ұлт өкілдері визаны ұқсас жағдайда ала ала ма?

– Қазақстан визасын алу үшін 3*4 фотосурет жапсырылып толтырылған белгіленген нұсқадағы сауалнама, жеке куәліктің көшірмесі, паспорттың көшірмесі, үй кітапшасының тиісті парақтарының көшірмесі және ҚР СІМ Үрімжі қаласындағы төлқұжат-визалық қызметі жетекшісінің атына жазылған өтініш керек. Қытайда тұратын басқа ұлт өкілдеріне жоғарыдағы көрсетілген құжаттардан сырт жұмыс орнынан тиісті анықтама, ҚР СІМ Консулдық қызмет Департаментімен немесе жұмыс істеу мақсатымен баруды жоспарлаған жағдайда қатысты мекемелермен келісілген шақыртуды қоса өткізуі керек.

– Қазақстаннан білім алғысы келе­тін қандастарымызға виза алуда жеңіл­дік­тер қарастырылған ба?

– Біз негізінен шілде, тамыз айларында студенттерге баса назар аударамыз. Өйткені олар дайындық курсына емтихан тапсыратындар мен еліміздің жоғары оқу орнында оқып жатқан түлектер. Сондықтан да тиісті оқу орнынан шақырту қағаз немесе студенттік билеті болса, оларға кезексіз виза беріледі.

– Соңғы жылдары Қытай елінен «Абай институтын» ашу мәселесі көтеріліп келеді. Мұндай игілікті жұмысқа қандай іс-шаралар атқарып жатырсыздар?

– «Абай институтын» ашатын нақты жұмыстарды Елшілік атқарады, яғни ол мәселе Бейжіңнен шешіледі. Өйткені біздің қызмет көлеміміз шектеулі. Біз тек виза мәселесіне ғана жауап береміз. Ұсыныс жасағанымызбен бұл жұмысқа тікелей қатыса алмаймыз.

– Бұрындары мекемелеріңіздің алдында қаракөз қандастарымыздың қатары көбейгені соншалық, жолға шығып кетуші еді…

– Сол жағдайды ескеріп әрі қыс маусымында көп адамның сыртта жаурап қалмауын ескеріп, бір жолда 100-ге жуық адам сиятын арнайы үй жасаттық.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Біләл ҚУАНЫШ