Жаңалықтар

ҚАҢТАРДАҒЫ ҚАРА ДАУЫЛ

ашық дереккөзі

ҚАҢТАРДАҒЫ ҚАРА ДАУЫЛ

Жамбылда дүлей дауыл соқса, оңтүстікте толассыз жаңбыр жауды

Өткен аптаның соңғы күндері табиғат тосын мінез танытты. Жамбыл облысында қатты дауыл соқса, Оңтүстік Қазақстан облысында толассыз жаңбыр жауды. Қатты соққан дауыл мен толассыз жауған нөсердің шығыны да жоқ емес.

Әуелі Әулиеата өңірінде қатты дауыл соқты. 12 қаңтарда Жамбыл облысы, Жуалы ауданында оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жетіпті. Дәл сол күні таңертеңгілік сағат жетіден он бес минут кеткенде Қаратау қаласындағы орталық қазандық өз жұмысын тоқтатқан. Осының салдарынан Қаратау қаласында жылу беру тоқтап қалады. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушы қызметі де дер кезінде жетіп, өз жұмыстарына кірісіп кетті.

Жойқын жел Қаратау-2 подстансасының шатырын ұшырып, «Игілік» мемлекеттік-коммуналдық мекемесі қазандығының биіктігі 60 метрлік мұржасын құлатып, қаланы жылумен қамтамасыз ететін қазандық істен шықты. Жоғары кернеулі бағандардың құлап қалуына байланысты Талас және Сарысу аудандары да электр жарығынсыз қалды. Сондай-ақ, Қаратау қаласында көптеген әкімшілік нысандар, білім ордалары, балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелері, әлеуметтік нысандар және көп қабатты тұрғын үйлер едәуір зиян шекті.

Дәл осы күні Жуалы ауданында желдің екпіні қатты болды. Күйік пен Шақпақ асуларындағы республикалық күре жолдар жабылып қалды. 41 елді мекен электр қуатынсыз қалса, жеті бірдей мектептің шатыры жартылай ұшып кеткен. Тіпті сол күндері күртік қардың астында қалып қойған 3 автобус, 11 жүк көлігі, 20 жеңіл автокөлік шығарылды. Жолда қалған 72 адамға көмек беріліп, 32 адамды пойызбен Тараз қаласына жеткізілді.

Ал Жамбыл ауданындағы жоғары кернеулі желінің зақымдануына байланысты 48 442 адам тұратын 28 елді мекен электр қуатынсыз қалды. 7 мектеп пен 2 ауылдық клубтың және орталық аудандық аурухана да жартылай шатырсыз қалды. Байзақ ауданына қарасты төрт елді мекенде электр жарығы болған жоқ.

Кенеттен соққан дауыл Тараз қаласына зиянын тигізбей қойған жоқ. Тараз қаласындағы «Бәйтерек» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің біразы шатырсыз қалды. Сол күндері 29 нысан жұмысын тоқтатып, 12 бағдаршам істен шығыпты.

Көше бойларындағы талдар да қатты дауылдан құлап, баннерлер жұлынып қалды. Шағын сәулеттік құрылымдар да зақымданған.

Оқиға болған күннің ертесінде Премьер-министрдің орынбасары Қырымбек Көшербаев дауыл болған өңірге келіп, республикалық деңгейдегі штабтың отырысын өткізді. Комиссияның отырысы Әулиеата әуежайында шұғыл жағдайда өтті. Бұдан соң, Қырымбек Көшербаев Қаратау және Жаңатас қалаларында болып, апаттың салдарынан залал шеккен орындарды аралап көрді.

Бүгінде 608 адамды құрайтын 26 бригада қайта қалыптастыру жұмыстарымен айналысуда. Олар облыстағы жойқын желдің салдарынан болған зардаптарды жоюға бел шеше кіріскен. Олардың арасында ішкі істер әскерлері де бар. Шатырсыз қалған үйлер жабылып, жергілікті тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге күш салуда. Әрі апат болған аймақтарға нан, ұн, картоп, күріш, қант, өсімдік майы, пияз жеткізілуде. Солардың ішінде көбірек зиян шеккен Қаратау мен Жаңатас қалаларына да арнайы көліктермен ауыз су тасымалданып, желдің зардаптарын жоюға жұмылып жұдырық болуда.

САРЫАҒАШТЫ СУ АЛДЫ

Жамбыл өңірі қатты соққан дауылдан зардап шегіп жатқан кезде, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарығаш ауданында қатты жауған нөсер мен ағынды су 20-дан астам ауланы алып кетті. Қыс мезгілі болған соң, табиғаттың тосын мінезіне таң қалуға да болмас. Қысты күні қалың қардың жаууы қалыпты нәрсе болғанымен, күннің күрт жылынып, қарғын суға толассыз жауған қар аралас жаңбырдың қосылуы да елді әбігерге салып қойды. Табиғаттың тосын мінезіне ешкім қарсы тұра алмайды. Толассыз жауған қар аралас жаңбыр Сарыағаш ауданының Жылға, Қарақалпақ ауылдарында 6 үйді, 25 үй іргелік жерді су басып, соның салдарынан екі үй құлады. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Ауыл тұрғындарын құтқару үшін жергілікті төтенше жағдай департаментінің арнайы қызметкерлері жұмылдырылған. Әзірге жағдай тұрақтанды десек те, қазақта «сақтансаң сақтаймын» деген сөз бар. Ел іші тыныш, әбігерсіз тірлік етсін десек, кез келген жағдайға да сақадай сай болғанымыз жөн. Алапат дауыл мен толассыз жаңбыр табиғаттың тосын апаты. «Апаттың айтып келмейтінін ескерсек», қыстың әлі бел ортасында екенін ұмытпағанымыз да жөн. Ауа райын арнайы бақылайтын орталықтың қызметкерлері қаңтардың қаһары әлі де басылмағанын айтуда. Сондықтан, жергілікті тұрғындарға да, төтенше жағдай қызметкерлеріне де босаңсуға болмайды.

Сарығашты су басып жатса, оңтүстіктің теріскейіндегі Со­зақ ауданында дүлей дауыл болды. 30-ға тарта елді мекен арқырай соққан дауылдың астында қалды. Бізге жеткен кейбір деректерге қарағанда, дүлей боранның шығыны аз болмаған сияқты. Шамамен 810 миллион теңгедей материалдық шығын келгені анықталып отыр. Дүлей боран 2 мыңдай тұрғын үйдің шатырын ұшырса, 19 мектеп, 6 балабақша мен 14 денсаулық сақтау мекемесінің те­резелері шағылып, шатырсыз қалды. Дауыл салдарынан электр бағаналары істен шықты. Оның кесірінен бірқатар ауылдар жарықсыз қалды. Алғашқы көмек аудан орталығы Шолаққорғанға берілді. Шолаққорғанда электр желілері қалпына келтірілді. Апаттан ең көп зардап шеккен аймақтың бірі – Таукент. Бар-жоғы 5 мың­ға тарта тұрғыны бар шағын кентте дауылдан аман қалған үй жоқ. Дүлей боранның екпінінің қатты болғаны сонша, ауыр жүк көліктерінің өзі аударылып қалған. Ең бастысы – адамдар дін аман. Апат кезінде жарақат алған бірнеше тұрғын ауруханада жатыр.

Орын алған төтенше жағдаймен күресу мақсатында мемлекеттік органдар кешенді шаралар қабылдауда. Бүгінде қосымша техника бөлу, байланыс жүйесін, энергиямен жабдықтауды қалпына келтіру, жолдарды тазарту, жолдарды жабу бойынша шараларды қатаңдату, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, адамдарды қауіпсіз жерге көшіру мәселесі де штабта сөз болып, арнайы тапсырмалар бойынша жұмыстар қолға алынды. Ал Созақ ауданында дауылдан жапа шеккен халықпен облыс әкімінің өзі кездесіп, барынша көмектесіп отыр. Облыс орталығынан аттанған арнайы топ Созақтағы Таукент қалашығында болып қайтты.

Қазір екі облыста да жағдай тұрақтанып келеді. Шатырсыз қалған ғимараттар жөнделіп, су астында қалған үйлер қайта қалыпқа келетін де болар. Апаттың алдын алудың шараларын қарастырған жөн. Сондықтан елдің басына келген мұндай қиындыққа көз жұмып қарауымызға болмас. Көп болып жұмылып, «бір қолдан жең, бір жағадан бас» шығарып, қызмет істегеніміз абзал. Халықтың басына нәубет келмесін деп тілейік!

Гүлзина Бектасова