АЛТАЙ – АЯЗ АТАНЫҢ ОТАНЫ
АЛТАЙ – АЯЗ АТАНЫҢ ОТАНЫ
Жаңа жыл мерекесінің тойлануының әртүрлі тарихы бар. Десек те мына дерекке мән берген дұрыс секілді. Қайтсе орыс мемлекетін Еуропаның дамыған елдерімен терезесін тең етуге тырысқан I Петр патшa Англия, Голландия елдерін аралап, зауыт, фабрикаларды, кеме жасау верфтерін және мектептерін «сүзіп» шығады. Жас патша сол елдерде көрген-білгендерін артта қалған мемлекетіне әкеліп, теліп, патшалығын мәдениетті де өркениетті елдердің санатына қосу үшін күш-жігерін аямайды. Еліне келген соң мынандай жарлық шығарады: «7208 жылдың 31 желтоқсанынан кейін, 1700 жылдың 1 қаңтары басталады.
Әр үйдің қақпасына қарағай, шырша немесе арша бұтақтарынан әшекей жасауды, әр жыл сайын қаңтардың алғашқы күні адамдардың бір-бірін жаңа жылмен құттықтауларын, үлкен алаңда алаулар жағып, қару-жарақтан оқ атуды бұйырамын». Петр патшаның сол кездегі Ресейдегі 7208 жылдан 1700 жылға дейін азайтып, жыл санауын өзгерткен себебі Еуропа елдеріндегі жыл санау тәртібіне сәйкестендірудің амалы болатын деседі. Оған дейін Ресей шіркеудің «Әлем жаралғаннан бері 7208 жыл болды» деген «есебімен» өмір сүріп келген екен. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, Жаңа жылды тойлау 1930 жылға дейін рұқсат етілмеген. XХ ғасырдың ортасында Қазақстанға тың игерушілердің көптеп келуімен шыршалы Жаңа жылды қарсы алу тек қалаларда ғана емес, ауылдарда да жаппай тойлана бастады. ТҮРКІЛЕРДІҢ ЕУРОПАҒА ЕНТЕЛЕП ЕНУІ Алтайдан, Солтүстік Қазақстан облысының Ботай елді мекеніндегі ғұн, сақ қорғандарынан табылған артефактілер біздің бабаларымыздың бұдан 5-6 мың жыл бұрын-ақ, дүние жүзінде алғаш рет жабайы аттарды қолға үйреткенін, қымыз ашытып, сапырып сары қымыз ішкенін АҚШ, Ресей, Франция және ағылшын ғалымдарының мойындауына мәжбүр етті. Біздің бабаларымыз – ғұндар арындаған аттарымен Үндістан, Қытай және Иран топырағын қамырша илеген. Ол елдерге өз мәдениетін, өркениетін алып барып, сіңдіргені туралы деректер аз емес. Бабаларымыздың тұлпарларының тұяғы Еуропа шалғындарын да таптаған. Бабалар әскері түмен-түменге бөлінген. Әр түменде он мың әскер болған. Кезегінде түмендер, полк пен жүздіктерге бөлінген. Олар әр ру мен жұрттан құралған. Әркайсысынаң аты сол полк немесе жүздікті басқарған адамның атымен аталған. «Құдай бишігі» атанған Аттила бабамыздың елу түмен әскері болған: «Бургунд», «Савойя», «Теринг», «Лангобард» т.б. түмендері. Рим империясының жансыздары өздері бұрын естімеген аттарды естіп, дал болған. Содан барып оларды «Халықтар тобыры» – деп атаған. Византиялық шежірешілер, керісінше, олардың есімдері әртүрлі болғанымен, бәрінің бір ғана ортақ тілде сөйлесіп, Тәңірге ғана табынатынын 438-439 жылдары жазып қалдырған. Түркілер өздерінің Еуропадағы батыс жерлерін Алман (түркіше – «алыс») деп атаған. Түріктер әлі күнге дейін Германияны Алмания деп атайды. Бабаларымыздың Еуропаға келуіне дейін, ол арада франк, венед, тевтон және басқа тайпалар тұрған. Ол кездері аталған тайпалар әлі де алғашқы қауымдық құрылыс деңгейінде ғана күн көріп жатқан. Аң терілерін жамылып, қолдарына ағаш найза мен ағаш шоқпар ұстап жүрген. Кейбіреуі ғана қола қанжар мен найза ұстаған көрінеді. Оны археология ғылымы қостайды. Бургундтар Еуропаға Байкал көлі жағасынан келген. Иркутск облысында Бургунду деген мекен бар. Miнe, сол мекеннен шыққандар Еуропадағы Бургундияны құрған. Алтайда Тулун, Ресейде Тула, Францияда Тулуза атты қалалар бар. Соңғы екі қаланы Аттила – Аттылы замандастары тұрғызған. Тулуза 419 жылдан 508 жылға дейін батыс еуропалық қыпшақтардың (вестготтардың) астанасы болған. Бұл қалаларда негізінен қару-жарақ жасаушылар тұрған. «Тулум» деген көне түркіше «қару-жарақ» дегенді білдіреді. Халықтардың Ұлы көш – кезінде бурғундтармен барған Теринг жұрты – Теринг юрт – Тюрингияға ат берген «Теринг» (терең) – дегенді білдіретін көне түркі сөзі. Әуелі су үстіне орнаған Италия қаласы Венецияны да қыпшақтар қалаған көрінеді. Олар сонау Алтайдан самырсын ағаштарынын бөренелерін әкеліп, теңіз түбіне қада ғып қағып, үстіне қала салған. Үндістанның алғашқы премьер-министрі, көрнекті қоғам қайраткері Джавахарлал Неру өзінің «Бүкіл әлемдік тарихқа көзқарас» атты кітабында Азиядан шыққан халықтар Еуропаға толқын-толқын болып, шегірткедей қаптап келіп, оны тып-типыл етіп өткенін және де өркениетке жетелегенін атап өтеді. Арийлер, скифтер, ғұндар, моңғолдар, түркілер, бәрі де Азиядан шыққан халықтар. Азия мен Еуропаға жайылып кеткен. Қазіргі Еуропаның көптеген халықтары осы жаулап алушылардың тұқымдары дейді. Нерудің Лондондағы атақты Кембридж университетін үздік бітіргенін ескерсек, онда ғұламаның жазғаны шындықтан алыс емес. ШЫРША ТОЙЫ – ТҮРКІЛЕРДІКІ Бүкіл әлем түркітанушыларын мойындатқан мәскеулік ғалым Мурад Аджи археологиялық жәдігерлерге сүйеніп, көне түркілердің шырша ағашын қасиетті санағанын дәлелдеген. Әлемде алғаш peт қарағай, самырсын ағаштарының бөренелерінен ағаш үйлер құрастырған да осы түркілер екен. Іші жылы болуы үшін кірпіш құйып, пеш салған. «Кірпіш» деген сөздін өзі «кір» – кір, батпақ, балшық дегенді, «піш» – «пеш» от жағатын пешті білдіреді. Яғни, пештің кірі, кесегі дегендері. Лошадь – аласа ат алаш ат немесе жолшы аты деген түркі сөздерінен шыққанын лингвистер мойындаған. Ал «Ель» – шырша деген орыс сөзінің өзі түркінің «иол, ёл» – жол дегеннен шыққан екен. Шыршаның жоғарғы ұшы садақтың жебесіндей аспанға бағытталған, яғни Жер мен Аспан арасындағы жолды көрсетеді деп санаған. Шыршаның айналасын үстіне қызыл шапан киген аппақ қардай сақалы бар Үлген (Үлкен) атты ата айналып жүрген. Аяғында пима, басында бөрік, белінде белбеу болғанын археологтар қазба жұмыстары барысында дәлелдеген. Ежелгі түркілердің танымы бойынша, шырша құдайлардың жер асты әлемін адамдар әлемімен жалғастырушы ретінде қадірленген. Шырша тойын 25 желтоқсанда той-лаған түркілер түнді күннің жеңуімен байланыстырып отырғанға ұқсайды. Шырша орнатып, бұтақтарына қызылды, жасылды шүберек таспаларын ілiп, жанына сыйлықтар қойған. Сосын адамдар қол ұстасып, би билеген. «Корачун, корачун – қысқарсын» – деп ән салған. Яғни, түн қысқарсын, күн ұзарсын дегендері. Бұл күні елдің бәрі жамандықты ұмытып, тек жақсылық жасауға тиіс болған. Балалар үй-үйді аралап ән салып, «Коляда» – жақсылық қалаған. Орыстың «Колядовали» деген сөзі түркінің «қалады» деген сөзінен шыққан болып шығады. Европаға шырша тойын, Жаңа жылды тойлауды біздің ержүрек ата-бабаларымыз – ғұн-қыпшақтар апарған. Тек он ғасырдан астам уақыттан кейін ғана І Петр Жаңа жыл тойын тойлауды Ресейге қайта әкелген. Содан кейін ғана, тек 1955 жылдардан бері біз Жаңа жылды орыс мейрамы ретінде тойлауымыздың сыры осы. Біздер «Жаңа жыл біздің ұлттық мейрам емес!» деп жүргенімізде, көрші айыр қалпақты қырғыз ағайындар 2-3 рет Дүниежүзілік Аяз ата мен Қарша қыз фестивалін өткізіп те қойды. Қырғыздар: «Аяз атаның Отаны – Қырғызстанның Ыстық көлі маңында!» – деп әлемге жар салды. Әлемнің түкпір-түкпірінен Аяз аталар мен Қарша қыздар ат сабылтып келді. Бізде де кейбір БАҚ-ында Аяз атаның Отаны Алтай екені туралы мақалалар шығуда. Біздің Алтайда Аяз атаның резиденциясы ашылу күні алыс емес көрінеді. Шырша тойын – қыстағы Жаңа жылды түркілендіріп, қазақыландырып тойлауды жақсылап ұйымдастырып, төл мерекемізге айналдырсақ, артық емес… Қазаққа қыстағы Жаңа жылды да, көктемгі Жаңа жыл – Наурыз мейрамын тойлау да көптік етпейді! Қанат ТӨРЕБАЕВ Қаратау қаласы