Жаңалықтар

«ЖАҺАНДЫҚ «ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКА»

ашық дереккөзі

«ЖАҺАНДЫҚ «ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКА»

Қуат көздерін үнемдеу оңай емес

«Жасыл» экономика жиі айтылатын болды. Халықаралық мінберлерде алдымен ауызға алынатыны осы мәселе. Барлық елдер «жасыл» экономикаға жаппай көшіп, сарқылатын байлықты қалай да үнемдеп, келер ұрпаққа жеткізудің жолын қарастыруда. Әлем мемлекеттерінің назарын аударған «жасылдандыру» саясатын қалай жүргіземіз?

Осыдан жарты ғасыр бұрын «жасылдандыру» саясаты ешкімнің ойына да кіріп-шықпаған. Қайта керісінше ірі өндіріс орындарын тұрғызып, индустриалды саясаттың құрылысы маңызды мәселе боп тұрды. «Елу жылда – ел жаңа» деген. Қоршаған ортаның ластануы мен кіршіксіз табиғатқа залал келтіргендерді енді жерден алып, жерге тығуда. Өнеркәсіпті жедел дамыту барысында салынған өндіріс орындары бүгінге дейін ескі технологиямен жұмыс істеп келеді. Заманауи құрал-жабдықтарды пайдаланып, ескіні алмастыру осы күнге дейін ешкімді толғандырмаған да.

Қазақстанның энергетикалық секторында жұмыс істейтін кәсіпорындар атмосфераны ластаушы ең ірі көздердің бірі болып табылады. Жыл сайын олар атмосфераға миллион тоннадан астам зиянды заттар, 70 млн. тоннадан астам көміртегі шығарады. Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, Қазақстан парник газдарды шығару бойынша әлемде үшінші орынды алады екен. Тек көмір энергетикасымен қоршаған ортаның ластануынан келетін экономикалық шығын шамамен жылына 3,4 млрд. долларға бағалануда. Қазақстандағы жағдайға келсек, мұнай қоры жағынан еліміз әлемдік ондықтың қатарында. Мұнайдан басқа табиғи ресурстардың кені де елімізде мол – газ, көмір, уран қоры жеткілікті. Соған қарамастан Қазақстан таяу жылдары электр қуатының тапшылығы үлкен проблемаға айналатынын жасырып отырған жоқ.

Соңғы онжылдықта «жасыл» экономика саясаты қарқын алды. Дүниежүзінің мемлекеттері бұл бас-таманы оң көріп, мемлекеттік стратегия ретінде қабылдады. Рио-де-Жанейро қаласында өткен конференцияда қуат көздерін үнемдеуге бірауыздан келісті. БҰҰ қуат көздерін үнемдеудің тиімділігін арттырып, оны насихаттау мақсатында әлемнің түкпір-түкпірінде насихат жұмыстарын жүргізуде. Алайда тұрмыстағы энергия тиімділігі жобаларын жүзеге асыру оңай емес. БҰҰ сарапшыларының айтуынша, триллиондаған қаражат жұмсауға тура келеді. Нәтижесінде үнемдеуді оңды жүргізіп, ауаға шығарылатын көмірсутек қалдықтарынан арылып, қоршаған ортаны таза күйінде сақтай аламыз. Сонымен «жасыл» экономика – қуат көздерін үнемдеп, тиімді пайдаланудан басталады.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ

«ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКА САЯСАТЫНЫҢ ЖҮРГІЗІЛУІ

Жаһандық энергетикалық қауіпсіздік күн тәртібіне кіргізілгендіктен, барлық дамыған мемлекеттер баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтуда. 2050 жылға қарай оларды қолдану барлық тұтынылатын энергия­­ны 50 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді. Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатыр. Қазақстан жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады.Мұнай мен газдың әлемдік деңгейдегі аса ірі қорларын иеленетін біздің еліміз өзінің энергетикалық саладағы сенімді стратегиялық әріптестік пен өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық саясатынан бір қадам да кейін шегінбейтін болады.

Табиғи ресурстардың сарқылуы – әлемдік апатқа алып келеді, оны болдырмаудың бір-ақ жолы бар – үнемдеу, адамзаттың қолынан келетін шара осы ғана. Жердің табиғи ресурстарының шектеулілігі, түгесілуі жағдайында адамзат тарихындағы теңдесі жоқ тұтынудың өсуі әр бағыттағы оң үдерістерді үдете түседі.

Жер асты байлығының мәңгілік емес екенін ескерсек, әрине, бұл көрсеткіш көңіл қуанта қоймасы айтпаса да түсінікті. Олай дейтініміз, статистика жер асты қорларын дәл осындай қарқынмен пайдаланған жағдайда мұнай 40 жылға, газ 56 жылға, көмір 197 жылға ғана жететінін көрсетіп отыр. 2030 жылға қарай көмір жылу станциялары қазіргі 82,4 пайыз электр энергиясының орнына 70,9 пайызды, газ турбиналық станциялар – 6 пайыздың орнына 6,3 пайызды, гидроэлектр станциялары –11 пайыздың орнына 13,9 пайызды өндіретін болады.

2013 жылы «жасыл көпір» халықаралық ұйымын құру, сонымен қатар, Алматының маңындағы төрт серіктес қалада Green4 жобасын іске асыру басталады. Германияда 1 тонна металл өңдеуге 1000 квт. энергия кетсе, бізде 2000 квт. энергия жағылады екен. Жалпы, Германияның қуат көздерін үнемдеуде тәжірибесі мол.

ҮНЕМДЕГІШ ШАМДАР

Электр энергетикасын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасына сәйкес, Қазақстан қайта қалпына келетін энергетика көздерін пайдалану саласында бірқатар маңызды жобаларды өндіріске енгізіп, оларды инвесторлардың қаражаты есебінен іске асыруды көздеп отыр. Еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі уәкілетті орган ретінде қажетті жұмыстарды қолға алған. Сәтін салса, 2014 жылдың соңына қарай қайта қалпына келетін энергия көздерiнен өндірілген электр энергиясының көлемi 1 млрд кВт/сағатты құрауы тиіс.

Болашақтың энергиясына көшу мұхиттың ар жағындағы елдерде қолға алынғалы қашан? Солтүстік Америка мен Еуроодақ елдері энергияны үнемдеу мен жарық көздерін тиімді пайдалануға байланысты бірқатар шаралар қабылдады. Өзіміз қолданып жүрген қызу лампасын пайдалануды біртіндеп жою жобалары Австралия, Жаңа Зеландия, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея мен Бразилияда ұлттық стратегияға айналған. Қазақстан бұл үнемдеуді екі жыл бұрын еске алды. Жаңа технологиялар мен индустрия министрлігі қуаты 100 ватт-тық лампаларды 2012 жылда-ақ қолданыстан алып тастауды ұсынған. Сөйтіп 2013 жылы бірден қуаты 75 ватт-тық, ал 2014 жылға қарай – 25 ватт-тық лампаны қолданысқа енгізбекші болған. Бірақ бұл халық үшін асығыс шешім, ірі мекемелердің жарықшамдарын ауыстыру оңай болғанмен, қарапайым халықтың әзірге бағасы қымбат үнемдегіш лампаны алуға мүмкіндігі жоқ. Жаңа дәуірде – диодты лампалар ескінің орнын басып, қуат көзін үнемдей бастайды. «Энергопром» институтының президенті Геннадий Андреевтің пайымдауынша, жалпы энергия тұтыну деңгейінен алғанда Қазақстандағы энергия үнемдеу пайызға шаққанда – 30 пайызды құрайды. Елімізде қолданылатын жарықшамдардың 75 пайызы қуатты көп жейді, қазіргі уақытта олар рәсуа шамдарға айналған, себебі өткен ғасырдың 70 жылдары жасалған.

Қазіргі таңда тұрмыстағы, орталық ғимараттар мен өндіріс орындарындағы шамдарды ауыстыру арқылы энергияны 57-80 пайызға үнемдей алады екенбіз. Ал үнемдеуге көшуге не себеп? Бүкіл дүниежүзі бойынша электр энергиясының құны мұнаймен бірге өсіп келеді. Қоршаған ортаның ластануы мен ауаға көмірсутек газдарының көптеп тасталуы да жиілеп кетті. Дамыған елдердің нарығында энергиялық тиімділігі жоғары жарыққа сұраныс артып келеді. Сондай-ақ диодты технологиялар жандана бастады. Тұрғындар энергиялық тиімді технологиялар арқылы үнемдеуден бейхабар, сондықтан оның сапасына күдікпен қарайды. Себебі нарықта сапасы күмән тудыратын, сертификаты жоқ жасанды арзан шамдар тез таралуда.

ҚОҚЫС ӨҢДЕЙТІН

ЗАУЫТТАР

Балама қуат көздерін қолдану, тұрғындардың таза ауыз суды тұтынуы және өндіріс қалдықтарын қысқарту мақсаттарын жүзеге асыру барысында ауқымды жұмыстар бар. «Жасыл экономикаға» көшудің маңызды бір буыны – қоқыс өңдеу. Соған орай ел аумағында жоспар бойынша 40-тан астам қоқыс өңдеуші кешеннің құрылысы басталмақ. Осындай кешен Астана қаласында пайдалануға беріледі. Испан технологиясы бойынша салынған зауыт жылына 400 мың тонна қоқысты қайта өндеп, қала қажеттілігін өтеуге қауқарлы болады. Алдағы 2 жылда республикамызда дәл осындай 9 зауыт бой көтереді. «Қоқысты өңдеу «жасыл экономиканың» маңызды секторларының бірі болып табылады. Зауыт испандық технологиямен салынған және ол елорданың барлық мұқтаждығын қанағаттандырады», – деді ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров мырза. Елбасы Жолдауында жаңа залалсыз технология күшін кеңінен пайдалануды ұсынды. «Технологиялық жаңалықтар әлемдік нарықтардың құрылымы мен қажеттіліктерін түбегейлі өзгертеді. Таза әрі жасыл энергия көздерінің негізінде, сланстық газдарды өңдеуден, биоотын өндірісінен энергия алудың жаңа тәсілдері табылды. Біз осы үдерістердің қатысушысы болуымыз керек», – деді Қазақстан Президенті.

Көптеген елдерде «жасыл» эконо­микаға өту кезінде салықтық ынталандыру қарастырылған. Әлемдік тәжірибенің аяқ алысына сүйене отырып, «жасыл» салаға инвестиция ағынын көптеп тарту үшін салықтық ынталандыруды қолдану жағы ескерілетін болады. Бұл ретте министрлік жобаны әзірлеу кезінде салықтық жеңілдіктер енгізбек. «Біз әлем елдерінің оң тәжірибелерін пайдаланамыз. Бүгінгі таңда әлемде экологияға қатысты көптеген проблемалар бар. Күн сайын табиғи ресурстар азайып, қоршаған орта ластанып жатыр. Сондықтан да адамзат үшін жасыл экономикаға көшу міндетті болып отыр», – деді Н. Қаппаров

Ақниет ОСПАНБАЙ