ҚАЗАҚСТАН ҚАНДАЙ ҰЙЫМНАН БАС ТАРТАДЫ?

ҚАЗАҚСТАН ҚАНДАЙ ҰЙЫМНАН БАС ТАРТАДЫ?

ҚАЗАҚСТАН  ҚАНДАЙ ҰЙЫМНАН БАС ТАРТАДЫ?
ашық дереккөзі

ҚазТАГ-тың мәлімдеуі бойынша, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаңтардың

10-ында Алматы резиденциясында әдебиет және өнер қайраткерлеріне тағайындалған президенттік және мемлекеттік стипендияларды тапсыру сәтінде «Қазақстан – өзінің тәуелсіздігіне қауіп төндіретін кез келген мемлекетаралық ұйымнан шығатын болады» деген мәлімдеме жасады. Дос КӨШІМ, саясаттанушы: – Меніңше, бұл жерде тек Кедендік одақ қана емес, Біртұтас экономикалық кеңістік құру, Еуразия одағына ену секілді процестерге қоғамдық пікірдің қарсы екенін, оған қарсылықтың біртіндеп байқалып келе жатқанын айту керек. Бұл қарсылық осыдан үш жыл бұрын, «Ел бірлігі» доктринасы талқыланған кезде басталған. Қоғамдағы түрлі пікірлерге орай, бұл – Елбасының жауабы деп білемін. «Бұл интеграциялар – біздің тәуелсіздігімізге нұқсан келтірмейді, оған алаңдаудың қажеті шамалы», – деді. Ал қоғам посткеңестік кеңістіктегі экономикалық интеграциялардың түбі – саяси интеграциямен аяқталады деген үрейде. Егер мемлекеттер арасындағы интеграция екі мемлекетке де пайда әкелетін болса, экономикалық интеграцияға ешкім қарсы емес. Дегенмен, экономикалық тұрғыдан да Қазақстан ұтылып отыр. Бұған байланысты кәсіпкерлер мен бизнесмендердің де кезінде дабыл қаққаны мәлім. Жалпы, тәуелсіздіктің шарттары не? Біз оны нақты айта алмаймыз. Өйткені бұл жайында нақты тезистер қабылдаған жоқпыз. Мәселен, ертең ортақ валютаға көшетін болсақ, «бұның ешқандай саяси астары жоқ, бұл тек экономикалық интеграциялар негізінен туындап жатыр» деп мәлімденуі мүмкін. Бірақ біз үшін бұл тәуелсіздіктің бір бөлігін беру болып есептелінеді. Қазір Ресей мен Беларусь үшін бізде кедендік шекара жойылды. Бұл да біз үшін шекарамыз мүлдем жойылғанындай әсер етеді. Біздің Конституциямызда да, басқа да заңдарымызда тәуелсіздіктің нақты шарттары туралы жазылмаған. Әртүрлі сая­си күштер бұған орай өз көзқарастарын білдіріп қана қоюмен шектелуде. Елбасының да негізгі мақсаты осы интеграцияға байланысты қоғамның үрейін сейілту, алайда нақты мәселелер көрсетілмегендіктен, көп нәрсе әлі айқын емес. Өйткені ол мәлімдемеде Елбасы тәуелсіздіктің шарттары туралы да нақты мәселелерге тоқтап өтуі қажет еді. Өйткені біз Кедендік одаққа өттік те, барлық құжаттар тек орыс тілінде жүргізіле бастады. Демек, мемлекеттік тіліміздің бір бөлігінен осылай айрылып қалдық. Сондықтан, ең әуелі біз – терминдерді, тәуелсіз елдің мұ­­раты не, оның шарттары қандай, осы ұғымдарды айқындап алуымыз керек. Содан кейін ғана пікірталас алаңына шыққанымыз абзал. Өкінішке қарай, біз мұндай деңгейге әлі жеткен жоқпыз. Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: – Зиялы қауыммен кездесу барысында Президент тек қана осы мәлімдемені жасап қана қойған жоқ, сонымен бірге экономикалық интеграцияларды ары қарай жалғастыра беретіндігімізді айтты. Елдегі белсенді топтардың осы мәселені талқылағанына екі-үш жылдың жүзі болды. Онда Ресеймен интеграцияның Қазақстанға келтірер пайдасынан гөрі зиянының әлдеқайда көп болатыны жайлы жиі айтылады. Біртіндеп-біртіндеп осы мәселеге байланысты халықтың да көзқарасы өзгере бастады. Менің ойымша, әлі күнге дейін біздің билікте Ресейдің алдында бір сескеніс, үрей бар секілді болады да тұрады. Бұны көптеген мәселелерден байқаймыз. Айталық, Байқоңырды жалдау мәселесіндегі жалтақтық. Байқоңыр – Қазақстанның жері. Олар оны тек жалға алып отыр. Ал бізге қойып отырған талаптары жалға алушының емес, қожайынның талаптарын елестетеді. Олардың нотасына Сыртқы істер министрлігінің тым майда жауап қатқаны да соның айғағы. Бұның салдары – интеграциялар біздің ұлттық мүддемізге қайшы келсе де, асығыс-үсігіс жүзеге асырыла бастауына әкеп соғуда. Тек Кедендік одақ қана емес, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Еуразиялық одақ идеяларының да асығыс-үсігіс қолға алынуы. Билік экономикалық интеграцияда, Байқоңыр мәселесінде Ресейдің бұйдасында келеді. Әлі бұл тенденция тереңдей түспесе, оның алдын алу мүмкін емес сияқты. Мысалы, Кедендік одақтағы тарифтердің 90 пайызы Ресейдің мүддесінде, Кедендік комиссияның басым бөлігінің өкілдері Ресейден, Кедендік комиссияның төрағасы – ресейлік, яғни, біздің тәуелсіз ел ретіндегі мүдделеріміз сақталмай отыр. Әлемдік тәжірибені алатын болсақ, экономикалық интеграциялардың тепе-теңдігін сақтау үшін, ондағы лауазымдық қызметтер де теңдей бөлінеді. Ал біздің тәжірибемізді интеграциядан гөрі, Ресейдің жетегіндегі үрдіс деп бағалаған абзал сияқты. Фазылбек ӘБСАТТАРҰЛЫ: – Мемлекеттер арасындағы интеграциялар күшейіп, жаһандану дәуірі басталғалы саясат ғылымындағы тәуелсіздік құндылықтары, аспектілері өзгеріске ұшырады. Менің түсінігімдегі тәуелсіздік ол қандай да бір күштердің ықпалынан не бақылауынан тыс, сол елдің азаматтарынан құралған өзін-өзі басқару және өзіндік Конституция, территория, ұлттық валютаға т.б. ие дербес мемлекеттік басқару құрылысын айтамыз. Егер қандай да бір мемлекеттік басқару саласы мемлекеттік мүддені көздемеген күштерге тәуелді болса, онда бұл тәуелсіздігімізге нұқсан келтіреді. Мысалы, өзіңіз айтып отырған Кедендік одақ сыртқы экономикалық саясатымыздан айырған сияқты. Оның бақылауы Мәскеудегі КО комиссиясының қолында. Яғни экономика саласының тәуелділігіне байланысты тәуелсіздігімізге қауіп төндіруде. Қарапайым сөзбен айтқанда, тең емес шарт жағдайында елімізді Ресей тауарларының жаулап, экономикалық экспанциясына ұшырағанымызды мойындауымыз керек. Ал Еуразиялық одақтың тәуелсіздігімізге қауіпті жері, ұлтүсті органдардың құрылатын­дығында. Яғни мемлекетімізді Мәскеуде құрылған ортақ органдар басқаратын болады. Негізі біздің жағдайымызда қандай да бір одаққа, яғни экономикалық болсын, саяси одақ болсын, кіруіміз қатерлі. Мемлекеттілігімізді қалыптастырмай тұ­рып, бір одақтың ішінде мемлекеттік мүддемізді қорғаймыз деген өтірік әңгіме. Одан кейін кез келген интеграция ұзақ жылдарды қажет етеді. Бұл – заңдылық. Ал Еуразиялық одақ идеясының бұрынғы кезде оқтын-оқтын айтылып қойғаны болмаса, ол процестің басталғанына айналасы он жылдан аспайды. Ресей 2013 жылы Еуразиялық Парламент, 2015 жылы Еуразиялық Одақ құру жөнінде алға жоспар қойғанын білесіздер. Яғни біз соңғы жылдары бұл процестің өте қатты жылдамдықпен жүріп жатқанына куә болып отырмыз. Бұл асығыстық, әрине, күдік туғызады. Ашып айтқанда, тәуелсіздігімізге қауіп төндіретін астыртын әрекеттердің жүріп жатқаны анық. Мұны сезген, көзі ашық азаматтарымыз тәуелсіздігімізге қауіп төнгенін айтып дабыл қақты. Әрине, Елбасымыз да барлығынан хабардар. Сол үшін де осы әңгімемізге арқау болған пікірін айтты қоғамға. Ең бастысы, халық қызу қолдаған жоғарыдағы сөзін басшылыққа алуымыз керек. Әрбір мемлекеттік қызметкер мұны терең сезінуге тиіс. Империялық амбициясы басым Ресей қазір­дің өзінде Қазақстанды терезесі тең ел ретінде санамай отырғаны арадағы түрлі келіспеушіліктерден байқалады. Қазіргі Ресей бұрынғы Ресейден мүлде бөлек. РФ құрамындағы ұлттық республикаларды жо­йып, орыс тілінің қолдану аясын кеңейтіп, өзге ұлттардың тезірек ассимиляцияға ұшырауына жол ашты. Біз осындай орыс ұлтшылдығы, шовинистік сана сезімдері күшейген елмен бір одаққа бірігуіміз көңілді алаң етеді.

Есенгүл Кәпқызы