Жаңалықтар

Тарата талдағаны – өнер тақырыбы

ашық дереккөзі

Тарата талдағаны – өнер тақырыбы

Қали Сәрсенбайдың «Өнер-өмір» кітабын оқығанда 

Қазіргі кезең ішіндегі қазақ көсемсөзінің көсіле сөйлейтін үлкен тақырыбының бірі – әдебиет-өнер және қоғам қайраткерлері туралы екендігін де аңғару қиын емес.

Оң жамбасына келген қандай тақырыпқа болсын қалам тартудан тайынбайтын Қали Сәрсенбай тек бірыңғай өнер мәселесін өзек еткен мақалаларының басын құрастырып, көлемді жинақ шығарды. Бұл журналист – тәуелсіздік кезең ішіндегі қазақ көркем сөзінің заманауи тұрғыдан қалыптасуына үлес қосқан қаламгерлердің типтік өкілдерінің бірі. Ол – уақыт өзі кесекөлденең ұсынып отырған тақы­рыптарға дер кезінде қалам тартып, өзекті мәселелерді көркемдікпен жеткізуді нәзіктікпен түсіне алатын журналистердің тобынан. Әдетте жазу нысанын мүмкіндігінше ашып көрсету үшін оны әр қырынан алып, суреттеп жазуға тура келеді. Сонда барып журналистің әу бастағы діттеген мақсаттарына жететіні белгілі. Қ.Сәрсенбайдың көлемі 26 бас­па табақтай болып келетін «Өнер-өмір» кітабы «Ой отауы», «Тұлға-тағдыр», «Сыр-сұхбат» және «Елтану» деп аталатын бөлімдерден тұрады, оған енген мақалалардың жалпы саны жүзге жуық. Бір ғана өнер тақырыбына осыншама мол материал жазған қазақ журналистері некен-саяқ, тіпті жоқ болуы да ықтимал. Осы жағынан келіп қарағанда, бұндай тақырып тұрақтылығын аталған журналист шығармашылығының өзіндік ерекшелігі деп айта аламыз. Қали болса қаламының ұшына іліккен нысанды тәптіштей жазып, оны әр қырынан жан-жақты ашып көрсетуді мақсат ететін қаламгерлердің қатарынан емес. Ол көбінесе өз кейіпкерінің бір-екі, әрі кеткенде үш-төрт қырына ғана тоқталып өтеді. Онда да ұзақ сонар баяндауларға ұрынбай, жекелеген детальдармен немесе эпизодтармен ғана шектелуге бейімделіп алған. Соның өзінде көңілі жіті оқырман көсемсөздің өзегіне айналып отырған кейіпкердің қандай адам екендігін сезініп үлгіреді. Мұндай көркемдік үрдіс қаламгердің «Шерхандарсыз шеріміз тарқамайды», «Шежіре шал», «Ақылшымыз Ахаң еді…», «Кемеңгердің көзі», «Бекзат болмыс», «Ол тамсандыру үшін туған секілді», «Алыстағы бір асыл» және тағы басқа көсемсөздік мақалаларынан көрініс тапқан. Журналист өзінің көркем очерк­терінде кейіпкерінің рухани әлемін шағын штрихтармен ғана ашып көрсетуге бейім. Қазақтың көрнекті ақыны, афоризм ойлап табудың шебері Мұзафар Әлімбаев жайындағы «Сөз ұстаған қазақтың бір серкесі» деп аталатын очеркінде кейіпкерінің қырын екі-үш бағытта ашып көрсеткен. Оның нақыл сөз жасау өнеріне қалай келгендігі туралы автор былай дейді: «Бозбала кезінде Мұзағаңның педучилищеде оқитын курстасы, жан досы Әйтіш Мәлікұлы кенеттен қатты ауырып, аурухана түседі. Науқастың диагнозын дұрыс анықтай алмаған дәрігерлер баланы өлтіріп ала жаздайды. Мұзафарды ашу қысып: Ебі жоқ дәрігердің емі де жоқ, – дейді. Бұл он алты жастағы Мұзафардың тұңғыш нақылы еді». Шығармашылық адамының портретін осылайша ашуға шебер Қалидың көсемсөзінен мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болар еді. Бірақ журналистің қаламынан төгіліп түскен туындылардың бар­лығы осындай тапқыр көркемдік үрдіске арқа сүйеген десек, артық айтқандық болып шығар еді. Сонымен бірге кейбір кейіпкерлері жан-жақты зерттеулердің нәтижесінде барып қана толығымен ашылған. Соның бір мысалы белгілі композитор әрі жазушы Ілия Жақанов жайындағы эссе. Көлемі жағынан үлкен болып көрінетін бұл шығарма көркемдік жетістіктері мен образ ашу тәсілдері жағынан да олқы соқпайды. Аталған туынды да кейіпкер бейнесін толығымен ашатындай образды тіркестер мен тұжырымды ойларға бай әрі шығармашылық деректері де мол. Автор қолда бар материалдарды шетінен тізіп, қалай болса солай бере салмай, мүмкіндігінше жетілдіріп, көркемдік үскіге салып, екшеп беруді жөн санайды. Эссенің мазмұндық ерекшеліктерінің бірі – кейіпкердің шығармашылық бейнесінің толыққанды түрде ашылуы. Қажетті штрихтарды іріктеп, сараптап алудың әрі сол таңдалған мағлұматтарды қисынын келтіре отырып, ұсынудың нәтижесінде Ілия Жақанов деген кім және ол кісінің қазақ өнерінде алатын орны қандай деген сауалға толыққанды жауап табуға болады. Сонымен бірге журналист кейіпкер етіп алып отырған композитор-қаламгердің былайғы жұртшылыққа беймәлім қырлары да қызықты детальдар арқылы ашылып, шығарманың көркемдік мазмұнын толықтыра түседі. Жалпы Қ.Сәрсенбайдың «Өнер-өмір» деп аталатын көркем публицистикалық жинағы жалғыз-ақ тақырыпты қаузайды. Ол – өнер тақырыбы. Автор өнердің классикалық бес-алты саласына қатысты зерттеулермен, ойлармен шектеліп қалмай, ара-арасында көркем әдебиет пен оны жасаушылар жөнінде де сыр қозғап қояды. Сондықтан да аталған жинақтың мазмұны мейлінше бай, алып отырған өнер тақырыптары да сан алуан. Әрине, шығарманың құндылығының қандай деңгейде екендігін анықтайтын оның мазмұны емес, жазылу үстіндегі көркемдік меңгеру әрекеті. Бұл кітап көрнекті қазақ ақыны Қадыр Мырза-Әлидің «Көркемөнерді көркем жігіттер жасайды» деген алғысөзімен шыққан. Бұл қойылған тақырыпта поэтикалық рең, эмоциялық ұшқырлық нышаны сезілгенімен, өзі шығармасын талдап отырған журналистің қабілеті жайында автор ағынан жарыла пікір айтады. Оның: «…мен Қалидың эстеттік әлеміне баса назар аударған болар едім. Күнделікті шығып жатқан газетте ағымдық мәселелерге ілесе отыруы, ой ұшқырлығын танытуы өз алдына, оның терең толғаныстарға құрылған дүниелері маған әлдеқайда қымбат болып көрінеді» деген пікіріндегі ойлар аталған журналистің шығармашылық бет пішінін мүмкіндігінше айқынырақ сездіріп тұр дей аламыз. Қ.Мырза-Әлидің: «Қали ойды дамытуға, толғанысқа, ой-толғанысты оймақтай етіп қорытуға шебер» немесе: «Әрине, оның жазушылығында көсемсөздің сарыны байқалуы да заңдылық» деген пікірлері жур­налистің көсемсөздік қырына берілген биік баға деп ұққан жөн. Кейде жекелеген мәселелерді тым ықшам қайыратындығына немесе тоқталып өтуге тиісті қызғылықты детальдарды үстірттеу айтып жіберетініне қарамастан, кітаптың өн бойынан кәнігі журналистің қолтаңбасы анадайдан менмұндалап тұрады. Өзінің көптеген әріптестері сияқты қолындағы қаламына тыным бермей, тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан Қали Сәрсенбай бүгінгі таңдағы қазақ көсемсөзшілерінің алдыңғы легінде. Оның көркем публицистикадағы еңбегі зерттеп, талдау жасауға лайықты. Журналистің көркем сөзіне өзек ететін тақырыбы тек өнермен шектеліп қалмайды. Қоғамдық еңбек адамдарын кейіпкер етуімен бірге, қазақ руханиятында аттары жақсы мәлім көрнекті тұлғалардың өмірлерінен де қаншама дүниелер жазып тастауы сол пікірдің айғағындай.