Ғалия Әженова: Ұлу жылы журналистерге оңай тиген жоқ
Ғалия Әженова: Ұлу жылы журналистерге оңай тиген жоқ
2012 жыл қазақстандық журналистер үшін аса ауыр тиді. Бұл – халықаралық және отандық сарапшылар жасаған қорытынды. Еліміздегі сөз бостандығы, ішкі және сыртқы цензура, БАҚ-тың Қазақ қоғамын дамытудағы рөлі, журналистиканың басты проблемалары мен оны шешудің жолдары, мемлекеттік тілдің бүгінгі ахуалы т.б. өзекті мәселелерді көтеріп жүрген «Әділ сөз» Сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының Сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова ханым ой өрбітеді.
«Бізде әлеуметтік араздық жоқ»
– Ғалия Хакимқызы, былтыр жыл соңында өткен қорытынды жиындардың бірінде сіз 2012 жыл қазақстандық журналистер үшін аса ауыр болғанын айттыңыз. Мұның себебі неде?
– Себебі, 2012 жылы БАҚ өкілдеріне аса ауыр тиген келеңсіз жағдай көп болды. 2012 жылдың қаңтары мен қыркүйек айлары аралығында Қазақстандағы журналистер мен БАҚ құқығының бұзылуына келсек, былтыр БАҚ пен журналиске қарсы 15 шабуыл жасалды. Шымкенттік әріптесіміз Қуанышбек Ботабеков 1,5 жарым жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылса, қарағандылық журналист Валерий Сурганов та ҚР Қылмыстық кодексінің 129-бабы бойынша сондай жазаны өтейтін болды. Мысалы, Татьяна Ковалева, Ростислав Захаров («КТК» телеарнасы, Өскемен); Жарқынбек Сейтінбет («Әділет», Шымкент); «Рейдер» бағдарламасының түсіру тобы («КТК» телеарнасы, Алматы); «Дорожный патруль» бағдарламасының түсіру тобы (Алматы); Гений Төлегенов (Sportinfo.kz Алматы); Айнұр Сапарова («Ақ Жайық», Атырау); Janaozen.net сайтының офисі (Алматы), Лұкпан Ахмедияров («Уральская неделя», Орал); Марат Мадалимов («Халық сөзі», Алматы); Андрей Цуканов («Голос республики», Алматы); Ұларбек Байтайлақ (Ақмола облысы); Максим Карташов («Хоккей Казахстана», Астана). Сонымен қатар 5 БАҚ қызметкері тұтқынға алынды: Игорь Винявский («Взгляд», Алматы), Қанат Бөкенов, Павел Энгельгардт («Стан», Жаңаөзен), Ирина Медникова, Юлия Козлова («Голос республики», Алматы). Былтыр еліміздегі 110 сайтты жауып тастады, 34 журналистің кәсіби міндетін атқаруына кедергі жасалды, 16 әріптесті қылмыстық жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар 73 рет БАҚ пен журналистерге азаматтық-құқықтық талап қойылды. Оның ішінде ар-намысын қорғауға қатысты 67 іс бар. Моральдық шығын ретінде талап етілген қаражат көлемі – 4 млрд. 402 млн. 950 мың теңге. БАҚ-тың үстінен шағым түсіргендердің 27-сі – шенеуніктер, 13-і – заңды тұлға, қарапайым азаматтар – 27.
Бізді алаңдататыны, журналистердің жұмыссыз қалуы, олардың келешек тағдыры ғана емес, ең бастысы, Қазақ қоғамы бірнеше БАҚ-тан айырылды. Яғни баламалы ақпарат көздерінсіз қалдық. Бүкіл қоғам хормен бір әнді салуымыз мүмкін. Бірақ сол нотадан ауытқып кеткен сәттерді байқайтын басқа бір сыншы көз «Салып отырған әндерің дұрыс емес» деп жаңсақтығымызды көрсетіп беруі тиіс. Немесе көктемдегі піспеген көк алманы «алма тәтті, алма тәтті» дей бергеннен көк түйнек тәтті болмайды ғой. Сондықтан баламалы ақпарат көздерінің болуы, пікірлердің алуандығы қоғам дамуына игі әсер етері сөзсіз. Әрі жабылып қалған БАҚ Қазақстан азаматтарының сөз бостандығын сақтау туралы конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету үшін қажет болатын. Өкінішке қарай, аз уақыттың ішінде аталған ақпарат құралдарының үстінен қылмыстық іс қозғалып, тез арада жабылды. Сырт қарағанда, бәрі заң жүзінде іске асырылды – дер кезінде талап-арыз берілді, сот процесі уақтылы өткізілді, соттың шешімімен, ҚР заңнамасына сәйкес, әлгі БАҚ жұмысы тоқтатылды.
– Жалпы журналистер мен БАҚ-қа тағылатын айыптар негізінен осы 164-бапқа қатысты болатыны несі?
– ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабы әлеуметтік, діни, ұлттық, рушылдық және нәсілдік араздықты қоздыруға байланысты заң бұзушылықтарға орай қолданылады. Былтыр жабылып қалған ақпарат құралдарына тағылған айып: «қоғамда әлеуметтік араздықты қоздырыпты»-мыс. «Мыс» дейтін себебіміз, жалпы әлеуметтік араздық дегеніміз не? Қазақстанда әлеуметтік араздыққа себеп болатын негіз бар ма? Әлеуметтік араздықты қоздыратындар кімдер және оны қалай қоздырады? Әлеуметтік араздықтың белгілерін қалай айқындаймыз? Дәл осы сауалдармен отандық құқық қорғаушылар, сарапшылар мен журналистердің бас қатырып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Ғылымға сүйенсек, әлеуметтік араздықты қоздыру үшін әлеуметтік топтар болуы шарт. Мысалы, сіз журналистика факультетін бітірдіңіз. Жанымызда отырған мына кісі – инженер, мына кісі – бухгалтер, ана кісі – дәрігер не мұғалім, анау жерде отырғандар – экономист, кәсіпкер, дизайнер, аула сыпырушы, сантехник т.б. Яғни мамандығына қарай әртүрлі топқа жіктеледі. Сондай-ақ өмірлік көзқарасы, саяси ұстанымдарына қарай да олар саналуан топқа бөлінбек. Тіпті бір отбасының мүшелері бірі «Нұр Отан» партиясында, бірі «Ақ жол» не «Ауыл» партиясының құрамында, енді бірі «Азатқа» мүше болуы әбден мүмкін. Хоббиіне қарай да адамдар әртүрлі. Бірі суда жүзгенді, бірі кітап оқығанды, енді бірі саяхаттағанды т.б. ұнатады. Сарапшылар қауымы біздегі әлеуметтік топтардың қандай ерекшелік не белгіге қарай бөлінетіні белгісіз екенін айтады. Яғни заң жүзінде «әлеуметтік топтар дегеніміз мыналар» деп нақты көрсетілмеген. Мамандығына қарай бір топқа мүше азамат өмірлік ұстанымы не хоббиіне қарай басқа топтарға да кіреді. Демек, әлеуметтік топтар болмағандықтан, әлеуметтік араздықтың туындауы да мүмкін емес. Сарапшыларымыз жасаған қорытынды да осы. Басқаша айтсақ, әлеуметтік араздық орын алуы үшін сіздер «журналистер, мұғалімдерге не суретшілерге қарсы соғысыңыздар!» деп екі топтың арасына іріткі салуыңыз керек. Немесе велосипед тепкенді жақсы көретіндер шанамен сырғанағанды ұнататындарға қарсы арандатушылық әрекеттерді ұйымдастыруы шарт. 2012 жылы Алматы қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен, біз Алматы қаласының құқық қорғау органдары қызметкерлеріне, яғни, полиция, ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері, прокуратура т.б. арнап әлеуметтік, діни, рушылдық, нәсілдік араздыққа қатысты тренингтер өткіздік. Сол кезде тренингке қатысушылар «әлеуметтік араздықты қоздыру» бойынша сотқа тартылған, істі болған немесе сондай айып тағылған мақалалардың ішінен әлеуметтік араздықты қоздыру белгілерін таба алмады. Жоқ нәрсені қайдан тапсын?
– Әлеуметтік жіктеліс мәселесі халықаралық тәжірибеде бар ма?
– Халықаралық тәжірибеде «әлеуметтік араздық» деген ұғым жоқ. Дүниежүзілік мәселелер, халықаралық стандарттар мен заңнамалық құжаттар тек адам құқығымен өлшенеді. Мысалы, кез келген адамды діни ұстанымы, ұлты, нәсілі, жеке басының ерекшеліктері немесе кемшілігіне байланысты кемсітуге жол жоқ. Мен ҚР «Қылмыстық кодексінің» 164-бабындағы «әлеуметтік араздықты тудыру» туралы тақырыпқа зерттеу жүргізген жоқпын. Бірақ сарапшылардың айтуынша, «әлеуметтік теңсіздік» ұғымы кеңестік заманнан қалған. Яғни, социализмнің капитализммен бәсекесі кезінде таптық күрестен пайда болған. Байларға қарсы кедейлер табының күресі есіңізде ғой? Осы ұғым Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін қабылдаған жаңа заңға автоматты түрде қабылданып кеткен. «Әлеуметтік топ» мәселесіне ешкім бас қатарып, оны түбегейлі зерттемегендіктен деп ойлаймын. Екіншіден, 21 жыл бұрын Қылмыстық кодексті түзген бір көріпкел заңгер уақыты келгенде аяқ астынан байып кеткендердің қалай байығанын сұрайтындардын үнін шығармаудың жолы ретінде қарастыруы да мүмкін.
– Сонда адамдарға психологиялық қысым жасау ретінде ме?
– Солай десе де болады. Мысалы бір мекеменің басшысын алайық. Қарамағындағы жұмыскерлер міндеттерін жақсы атқарса да, еңбек шартын бұзбаса да, еңбек өнімділігін 100 емес, 200 пайызға арттырса да әлгі басшы айлықты уақытылы бермейді, сыйақы тағайындау дегенді мүлде ұмытқан, есесіне, үздіксіз қанаумен болса… Күндердің бір күнінде шыдамы таусылған бір жұмыскер материалдық тұрғыда жағдай жасауды, айлық көлемін арттыруды талап етері сөзсіз. Әлбетте, мұндай талаптардың әлгі басшыға жақпайтыны анық. Сондықтан «әлеуметтік араздықты тудырды» деп талап қойған жұмысшыны айыптауға мүмкіндігі бар. Бәлкім осы мақсатта қолдану үшін 164-бапқа «әлеуметтік араздық» қосылған шығар. Былтыр жыл соңында өткізілген дөңгелек үстелдердің бірінде «Қазақстандағы дін араздығы, нәсіл араздығы болуы мүмкін, бірақ әлеуметтік араздық жоқ. Сондықтан аталған баптағы әлеуметтік араздық деген ұғымды алып тастасақ қайтеді?» деген ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар заңдық тұрғыдан алсақ, әлеуметтік араздық болуы үшін арандатушы тым құрығанда «Ал, қазақ, көтеріл, барып байларды тәубесіне келтірейік, сазайларын тартқызайық. Шаңырақтарын ортасына түсіріп, заттарын тәркілейік» деп ұрандауы тиіс. Бірақ әлеуметтік араздық мәселесіне байланысты үстерінен іс қозғалғандардың бірде бірі мұндай әрекетке бармаған ғой. Өздеріңіз білесіздер, Жанболат Мамайға «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айып тағылды. Егер Мамай айтқан сөздің мағынасына келсек, Жаңаөзендегі кездесулерде ол наразылық шарасына қатысушы мұнайшыларға: «Сіздерге билік өкілдері келді ме? Парламент өкілдері келді ме? «Нұр Отан» партиясының өкілдері келіп, жағдайларыңызды сұрады ма? Егер келмесе, жағдайларыңызды сұрамаса, ондай партияның не қажеті бар?» деген. Ешкімді көтеріліске шақырмаған, тек өзіндік пікірін білдірген. Сол сөздері үшін Жанболат Мамайдың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тарихқа жүгінсек, тіпті хандардың өзі «Дат, тақсыр!» деген сөзге «Датың болса, айт!» деген. Егер айтылған уәж көкейге қонымды болса, «сөз тапқанға қолқа жоқ» деп сөзге тоқтаған. Сөздің қадірін білетін атаның ұрпағымыз, сонда датымызды айтудан қалғанымыз ба? «Хан емессің, қасқырсың, қас албасты басқырсың» деп ханға қарсы шыққан Махамбеттердің заманы шынымен келмеске кетті ме? «Бас кеспек болса да, тіл кеспек» жоқ дейтін еді ғой аталарымыз, бабадан балаға мұра болған сол дәстүрден неге жаңылдық? Ой-пікірін ашық айту – азаматтардың конституциялық құқығы. Неге біз қайнап жатқан қазанның қақпағын анда-санда ашып қоймаймыз? Іштегі шерін шығаруға халыққа неге мүмкіндік бермейміз? Іштегі шерді тарқатса ғана шығады емес пе? Қит етсе, «араздық тудырды» деп шоқпар ала жүгіру, бұқаралық ақпарат құралдарын қорқытып-үркіту, журналистердің аузына қақпақ болуға ұмтылу, сөз бостандығын шектеу, психологиялық тұрғыда қысым жасау, цензура… Бұлар кімге тиімді? Қазақстан – зайырлы мемлекет. Демократиялық құндылықтарға жүгінеді. Демократиялық жолмен дамып келеді. Осы жолдан тайқып кетпеу үшін сөз бостандығы, ой еркіндігі, пікір алуандығы сияқты мәселелерді назардан тыс қалдырмау шарт. Өкінішке қарай, пікірді ашық айту, біреудің айтқанымен келіспеу, жалпы сөз бостандығының аясы уақыт өткен сайын тарылып барады.
«Көп шенеунікке біліктілік жетіспейді»
– Қазақстан журналистикасына қатысты жиі мазалайтын тағы қандай мәселе бар?
– Маған журналистерге ренжіген шенеуніктер жиі хабарласады. Мысалы, жуырда БАҚ өкілдерімен қоян-қолтық араласатын, қойылған сауалдарға жауап беретін, қолына қалам ұстағандармен жақсы қарым-қатынастағы азамат: «Ғалеке, сіз журналистердің үстінен қарайсыз ғой» деді. Біз әріптестерге қолдау көрсетеміз, құқығы тапталғандарға кеңес беріп, көмектесеміз ғой, бірақ ешкімнің үстінен қараған емеспіз. Журналистердің құқығын қорғау – сөз бостандығын қорғау. Демек, бұл – Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығын қорғау. Сірә, соны дұрыс түсінбеген болуы керек. «Бір журналистің қойған сұрағына жауап берсем, үзіп-жұлып, сөзімді толық бермепті. Осының салдарынан пікірімнің мағынасы өзгеріп кетіпті», – деді. Мен: «Сол сөздерді сіз айттыңыз ба?» десем, «Иә айттым, бірақ жауабымды алыстан орағытып, кеңінен жауап беріп едім», – деді. Мен айтам: «Сіз шенеуніксіз, сұраққа қысқа да нұсқа әрі нақты жауап беру керектігін білесіз ғой». Бұл орайда журналистер де ескертуді ұмытпауы тиіс. Телеарнада жұмыс істеп жүргенде шенеуніктерге «Сұрағыма нақты жауап беріңізші, Қытай мен Моңғолияға дейін барып келудің қажеті жоқ» деп ескертетінмін. Тағы бір шенеунік: «Бір журналист менің ұялы телефонымның нөмірін мақаланың арасына қосып жіберіпті. Сұрақтарыңызға осы кісі жауап береді деп. Бұл дұрыс емес қой», – деп ренжіді. Ол кісіні «Шет елдерде қашып не жасырынып жүрген жоқсыз. Қоғам өміріне белсене араласатын тұлғасыз. Телефон нөміріңізді бергенде тұрған не бар? Әрі үш күннен бері ешкім хабарласпаған екен. Мүмкін ешкім мазаңызды алмайтын да шығар», – деп жұбаттым. Негізі бұл әлгі шенеунікке ренжіген журналистің өзінше кек алу тәсілі болуы да мүмкін.
– Журналистің басты міндеті – қоғамды шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, кейбір шенеунік БАҚ өкілдерімен араласуға құлықсыз. Осыған қатысты «Әділ сөзге» әріптестер тарапынан шағым түсе ме?
– Біріншіден, журналистердің арасында сұхбатқа дайындықсыз баратындары кездеседі. Мысалы, шенеуніктерге «өзіңіз айтқыңыз келген бірдеңені айта салыңызшы» деген өтініш білдіретіндер бар. Екіншіден, егер журналист сұхбатқа жақсылап дайындалса және сауалдарға жауап беретін мемлекеттік қызметкерді әңгіменің барысы жайлы алдын ала ескертіп қойса, сапалы сұхбат болары сөзсіз. Өйткені шенеуніктің сұрақтарға қатысты статистикалық мәліметтерді, пайыздық көрсеткіштерді, қосымша деректерді қарауға мүмкіндігі бар.
– Ал егер журналист – Алматыда, ал шенеунік Астанада отырса ше? Жазбаша жіберген сұрақтарға түрлі сылтау айтып, қашқақтайтындар бар ғой…
– Өкінішке қарай, мұндай жағдай жиі кездеседі. Есігінің алдына келіп отырған журналистен қашатындар да бар. Олар хатшысына өзін кабинетте жоқ дегізеді, үстелінің астына тығылып қалады, бетпе бет жүздесуден тайсақтайды… Осы мәселеге орай мен бірнеше жылдан бері қайталаудан жалықпай келе жатқан жауабым: «БАҚ өкілдері қойған сұрақтан қашып құтылам деу – жаңсақ пікір». Өйткені журналист ол кісінің үйіне барған жоқ, сұрақтар жеке басына қатысты емес. Мемлекеттік қызметкердің лауазымына байланысты әрі БАҚ өкілдері тарапынан қойылатын сауалдар оның атқаратын жұмысына тікелей қатысты. Өкінішке қарай, лауазымын, қызметтік міндетін, жауапкершілігін жете түсінбейтіндер журналистермен араласуға құлықсыз. Оларға қашып құтылған оңай сияқты көрінеді. Бұрын журналистерге сұхбат алу оңай болатын. Егер шенеунік сұрақтарға жауап бергісі келмесе журналистер кабинетінің алдына келіп отырып алатын. Қазір мұндай мүмкіндік те жоқ. «Ақ сандық, ақ сандықтың ішінде көк сандық», бітпейтін сандық, яғни есік… Одан қала берді кіреберісте бірнеше күзетші тұрады басшылықтың рұхсатынсыз тірі жанды ішке өткізбей. «Сұрақтарыңа менің орынбасарларым жауап берсін» немесе «бұл мәселенің бізге қатысы жоқ, басқалардан сұра» дейтіндер де табылады. Айтайын дегенім, мемлекеттік қызметке, атқарушы билікке Тәуелсіздіктен кейін кәсіби біліктілігі төмен мамандар көптеп келді. Кейбіреу лауазымды орындарға мансап баспалдағымен көтерілу үшін уақытша келеді. Буынып-түйініп, шабаданын қолына ұстап отырған шенеуніктен журналистер қандай сапалы да жан-жақты жауап алуы мүмкін? Уақытша отырғандар өз саласын терең білмейді ғой. Кейде «Мен бұл жерде уақытша отырған адаммын, сұраққа жауап беруге мағлұматым аз», – деп ашық мойындайтындар да бар. Ондайлардың бойында тұрақтылық жоқ, өзіне ғана емес, уақытша тағайындап қойған жоғарыдағы басшысына сенімсіз. «Бірдеңе болып қалса…» деп қыпылықтап отырған қызметкер жұмыстың сапасын қайдан ойласын? Журналистер сұрағына жауап беруден қашатындар да сондайлар. Өкініштісі, билік өкілдері арасында өз міндетін өте ұқыптылықпен әрі асқан жауапкершілікпен орындайтындары аз. Әлбетте, ұлт пен халық үшін қызмет ететін шенуніктердің бар екендігін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ олар саусақпен санарлықтай. Меніңше, тұтқиылдан қойылған кез келген сұраққа жауап беру үшін батылдық пен жауапкершілік керек. Ол үшін шенеуніктің ары да, қолы да таза болуы шарт. Жұрттың бетіне бүгежектемей, тіке қарайтындар – солар. Мүмкін пафосты ой айтып отырған шығармын. Бірақ біз солай тәрбиелендік. Мемлекеттік қызметкердің алдына келетін әр журналист елдің, халықтың мұңын мұңдап келеді, жеке басының емес. Ал оның «жоғары бір лауазымды күтіп, уақытша отырғанында», «мансап қуғанында», «көкесі» не «әкесінде» журналистің шаруасы жоқ. Басты мақсаты – сұрақтарына нақты жауап алу. ҚР Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан-2030» стратегиясында, жыл сайынғы Жолдауларында, түрлі басқосуларда «Біз кәсіби тұрғыда білікті болуымыз керек. Кәсіби мамандарды көптеп тарту қажет. Әрбір маман, әрбір қызметкер өз лауазымына қатысты мәселелерге сай болуы тиіс» деп жиі айтады.
– Кеңестер Одағы кезінде БАҚ-тың ықпалы өте зор болды. Газет не телеарнада сыналған шенеуніктің басына қара бұлт үйірілетін. Сіздіңше, қазіргі Қазақстандағы БАҚ қаншалықты ықпалды?
– Кеңестік замандағы ақпарат құралдары 100 емес, 200 пайызға ықпалды еді. Өкініштісі, қазіргі Қазақ қоғамы екіге жарылған: қазақтілді және орыстілді. Қарап отырсақ, қазақ тіліндегі БАҚ, әсіресе, газеттер әр санында небір маңызды да өзекті мәселелерді өте өткір жазады. Бірақ ол мәселелер тек қазақтілділер арасында қызу пікірталас тудырады да, керісінше, орыстілді отандастар ол туралы бейхабар күйінде қалады. Егер орыс тіліндегі БАҚ-та бір проблема көтерілсе, оны қазақтілділер де, орыстілділер де іліп әкетіп, қоғамда үлкен шу болады. Жан-жақты талқыға салынып, тез арада тиісті орындар шара қолданады. Дәл сол мәселе алдымен қазақ басылымдарында жарияланса, шенеуніктер мен құзырлы органдар шара қолданудың орнына, әлгі басылымдарды қорқытып-үркітіп, моральдық шығын талап етіп, сотқа сүйреуі әбден мүмкін. Немесе бас редакторға, сол басылымға сөзі өтетін тамыр-таныстарына хабарласып, «ана журналистің көзін дереу құрт» деп пәрмен етуі де ықтимал. Меніңше, Қазақстан біртілді қоғам болса, БАҚ та ықпалды болар еді. Мемлекеттік тілдің аясы уақыт өткен сайын кеңейіп келе жатқаны көңілге медеу. Бастысы, қазақша білсем, үйренсем дегендердің бетін қайтармау керек. Өзің білесің, мен орыстілді журналиспін. 80-жылдары қазақша үйренуге ден қойған бастапқы кездерде маған қазақтардың өзі күлетін «өйтіп сөйлегенше, сөйлемей-ақ қоймайсың ба?» деп. Қазір Құдайға шүкір, қазақшам түзелді, емін-еркін араласатын деңгейге жеттім.