Жаңалықтар

ШАРУАЛАРДА ТҰҚЫМ ТАПШЫ

ашық дереккөзі

ШАРУАЛАРДА ТҰҚЫМ ТАПШЫ

Егер Үкімет тұқым тапшылығын жоюды қазірден бастап қолға алмаса, көктемде шаруалар қауымы тығырыққа тірелмек. Былтырғы қуаңшылықтың салдарынан зардап шеккен ауылдағы ағайын алыпсатарлар ішкі нарықтағы тұқым бағасын шарықтатып жібермей ме деп алаңдайды.

2013 жылдың көктеміндегі егіс алқаптарындағы жұмыс қиындықпен басталуы мүмкін. Өйткені себетін тұқым тапшы. Қазақстан Шаруа­лар одағының айтуынша, биыл көктемдік егістікке 67 мың тонна тұқым жетіспейді. Ал ауыл ша­руашылығы министрлігіндегілер болса, тапшылықтың орнын мем­лекеттік қор мен тұқымға бай облыстар көмекке шақырылатынын айтады. Былтырғы қуаңшылықтың салдарынан Қазақстанның батыс, солтүстік және орталық өңірлері зардап шегіп, тұқым тапшылығы туындады.

«Біздің есептеуімізше, 2012 жылы ауа райының қолайсыздығынан 1,5 млн. гектар жердегі егістік күйіп кетті. Қуаңшылықтан әсіресе, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстары қатты зиян шекті. Сонымен қатар Қостанай мен Ақмола, Қарағанды мен Павлодар облыстарының кейбір аумағында да дәнді-дақыл ысырап болды. Ресми мәліметтерде шығынға ұшыраған жер көлемі 1,1 млн. гектар жер деп көрсетілуі – жаңсақ. Оның себебі белгілі, аймақтық жергілікті билік өкілдері рейтингтерін көтеру мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірілген көлемін әдейі жоғарылатып көрсеткен», – деп мәлімделген Қазақстан Шаруалар одағының Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданған хатында тұқым тапшылығын жоюға өтініш білдірілген. Бұл хатқа жауап жазған министрліктегілер қуаңшылықтан күйіп кеткен жердің аумағы 1 млн. 406 мың гектарға тең болғанын көлденең тартады. Нақты сандық көрсеткіштер ҚР Статистика агенттігіне жөнелтілмек.

Ал тұқым тапшылығын жоюға келсек, Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, 2013 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына 2 млн. 112 мың тонна тұқым керек. Алдын ала есептеулер бойынша Ақтөбе облысына – 12,3 мың тонна, Қостанай мен Павлодар облыстарына 53 және 2 мың тонна тұқым жетіспейтіні анықталған. Осы тапшылықтың орнын толтыру үшін Азық-түлік корпорациясынан 50 мың тонна тұқымды қордан қарастыруға пәрмен берілген. Оның 21 мың тоннасы ендігі дайын тұрған көрінеді. Тұқымның қалған бөлігі облыстардың бірін бірі қамтамасыз етуі арқылы табылуға тиіс. Егер қажет болған жағдайда аймақтық жергілікті атқарушы органдар тұқымға керек қаражатты жергілікті бюджеттен табуға міндетті. Осылайша, көктемгі егіс жұмыстарына министрліктің сақадай-сай отырғанын мәлімдеген Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер шаруалардың алаң көңілін тыныштандыруға тырысуда. Бірақ Қазақстан Шаруалар одағының өкілдері ауылдағы ағайынға қол қусырып қарап отырмау керектігін ескертті: «Егер мемлекет Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан тұқым тапшылығына қатысты мәселені жіті қадағалап отырса және көктемде ешқандай қиындық тумаса, біз дән ризамыз. Бірақ қазір бұл мәселе толық шешілген жоқ. Демек, мемлекет пен фермерлер тез арада шара қолданбаса, көктемде тұқым бағасы күтпеген жерден шарықтап кетуі мүмкін. Бұған жол бермеу керек».

Былтыр жыл соңында Қазақстан Шаруалар одағы тұқым тапшылығын жою үшін сатуға арналған астықты пайдалануға ұсыныс айтқан. Үкіметтің аталған проблеманы шешуге және дағдарысқа жол бермеуге мүмкіндігі барын көлденең тартқан Одақ төрағасы Әуезхан Даринов: «Бұл мәселені ешкім жария түрде көтерген емес. Бірақ көктемдегі абыр-сабырда тұқым бағасы екі есеге көтерілуі ғажап емес. Бұл әсіресе, былтыр жазда қуаңшылықтан зардап шеккен аймақтардағы шағын шаруашылықтарға ауыр тиеді. Өйткені олардың қолында тұқым жоқ», – деген болатын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Батыс Қазақстан облысының шаруалары тұқым жетіспегендіктен сатуға арналған астықты сепкен екен. Бірақ ондағы егін орағы бітік шықпапты. Себеп, тауарлық астыққа сапасыз дән бөлінген. Шаруалар одағының басшысы осы қателік қайталанбас үшін зерттеу жұмыстарын жүргізуді қазір қолға алу керектігін айтады: «Ең маңыздысы, мемлекет Азық-түлік корпорациясы арқылы тұқымды қазір сатып алып, көктемде тұқым бағасы шарықтап кеткенде шаруаларға нақты бекітілген баға арқылы сату керек. Осылайша, мемлекет нарықтағы тұқым құнын ауыздықтаса, шаруалар көктемде себетін тұқыммен қамтамасыз етілер еді».

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ