Жаңалықтар

Жаңа жыл – Отбасылық мереке

ашық дереккөзі

Жаңа жыл – Отбасылық мереке

Дидахмет Әшімханұлы

Ассалаумағалейкум,

жаңа күн басы Жаңа жыл!

Қош келдің,

ордалы жұрттың ортақ мерекесі!

Алланың құлы,

қазақтың ұлы ретінде бұл күнді, міне,

«ассалау…»-дан бастадық,

«қош келдің»-мен қоштадық.

Бүгінде жұмыр жердегі бүкіл жұрт, бүкіл ұлт осынау жарқын күнді ақжарылқап қуанышпен, ас та төк дас­тарханмен қарсы алып, думандатып-тойлатып жатқаны анық. Өйткені жер бетіндегі барша адамға басқасы бөлек болса да, Ай – ортақ, Күн – ортақ, Жер – ортақ. Сонан соң… келісіп пішіп, кеңесіп шешкен Мереке-Мейрам Күн – ортақ. Сондай Күннің Төресі – Жаңа жыл екенін мойындасақ керек.

Өмір, дүние атаулының бәрі үнемі өзгеріп, дамып отырады. Ұғым мен түсінік, мазмұн мен түр, заң мен ереже, негіз бен түбір де солай – уақытпен бірге құбылып, заманмен бірге жаңарып, жаңа маңыз, тың сипатқа ие болады. Міне, бәріміз тойлап жатқан Жаңа жыл да бір-ақ күнде жалпыжұрттық мереке бола салмаған.

Қалай? Қалайын білу үшін мынадай жыл санау шежірелеріне қараңыз. Бұның өзі де әр елде әртүрлі. Қытай, Жапон, Корей сияқты Шығыс елдері мен Азия халықтарының күнтізбесі туралы әңгіме өз алдына, қазіргі сөзді алдымен күн сайын алдымыздан шығып отыратын Юлиан және Григориан жылсанауынан бастаған орынды сияқты. Өйткені кейбір кереғар түсініктердің түпкі мәніне үңілу де керек-ақ.

Біріншіден, Ескі жылсанау, Жаңа жылсанау деген не? Осы екеуінің арасындағы 13 күндік айырмашылық қайдан шыққан? Мәселе мынада.

Біздің дәуіріміздің 45-жылы Юлий Цезарь негізін қалаған жылсанауда қателік кеткен. Яки Жердің бір жылда Күнді қанша уақытта айналып шығатыны дәл есептелмеген. Нақты айтқанда, 11 минут 14 секунд артық кеткен ғой. Бұл қателік, бұл айырмашылық бір жарым мың жылда 10 тәулікке жеткен. Сондықтан 1582 жылы Рим папасы, XIII Григорий күнтізбеден осы 10 күнді алып тастауға бұйырады да, «жаңа стиль» деген дүниеге келіп, оны алдымен Батыс Еуропа елдерінің көпшілігі, сосын Америка өз өмірлеріне кіргізеді. Бірақ, бір қызығы, дүниежүзі мойындаған ақиқатты Ресей ғана қаперге алмай, тағы да 500 жыл бойы «ескі стильмен» жүре береді. Бұл аралықта баяғы 10 тәуліктік айырмашылық 13 күнге жетеді. Ақыры 1918 жылы Ленин қол қойған декретпен Ресей де «жаңа стильге» көшеді. Алайда… Ресей аймағында бұл реформаға мойын ұсынбаған – жалғыз ғана Орыс православ шіркеуі. Олар күні бүгінге дейін өз есебін «ескі стильме-ен» (Юлиан күнтізбесі бо­йынша) жүргізіп отыр. Және бір қызығы, кешегі 7 қаңтарда бізде де мереке ретінде аталып өткен Рождество күнін осы Орыс православ шіркеуінен басқа барлық хрис­тиандар 25 желтоқсанда тойлап өткен. Жыл да солай.

Бүгінде бүкіл дүниежүзі Жаңа жылды 1 қаңтардан бастайтыны белгілі. Бұл – бәрімізге заң болғалы қай заман! Бұны елемейтін, ескермейтін тағы да Орыс православ шіркеуі. Олардың Жаңа жылы бүгінге дейін 1 қыркүйекте аталып өтіледі. Бұның басы ХІV ғасырдан басталған-ды. Бұған дейін көне Русь жерінде шіркеулік Жаңа жыл – 1 наурыз, жалпыхалықтық Жаңа жыл – 1 қыркүйек болған. Осы қойыртпақты қойғызу үшін 1342 жылы Феогност деген митрополит наурыздық Жаңа жылды жойып, шіркеуге де, жалпыхалыққа да ортақ 1 қыркүйекті заңдастырған ғой. Дегенмен…өзгермейтін дүние жоқ. 1699 жылдың 15 желтоқсанында әйгілі 1 Петр жалпыхалықтық (азаматтық) Жаңа жылды қазіргі 1 қаңтарға ауыстырып бір-ақ тынған. Орыс православ шіркеуіне бұл заң да жүрген жоқ…

Ендеше, қараңыз, 1 қаңтардың христиандық пен орыстыққа қандай қатысы бар? Ешқандай! Иса пайғамбардың туған күні – «жаңа стильмен» 25 желтоқсан, «ескімен» 7 қаңтар (Рождес­тво). Ал орыстардың Жаңа жылы – ХІV ғасырға дейін 1 наурыз, одан кейін төрт ғасырға жуық (1700 ж.) 1 қыркүйек. Демек қазіргі Жаңа жылға жатырқайтындай жөніміз жоқ шығар.

Рас, біздің байырғы жаңа жылымыз 14 наурыздан басталады. Оны ұмытқамыз жоқ. Жыл сайын тойлап та жүрміз. Сол күні тұлабойы қазақтығымыз, ұлттық болмысымыз, қазақы дәстүр-салтымыз дүр сілкініп, қайта жаңарып, жасарып шыға келгендей болады. Тамаша! Олай болса, Наурызды Ұлттық мерекеміз, ал қазіргі Жаңа жылды Отбасылық мейрамымыз деп неге қабылдамасқа! Тіпті солай қабылдап та, түсініп те, тойлап та жүрміз ғой. …Жоқ десеңіз, еске түсіріп көріңізші, Жаңа жылға қараған түні біз қай уақытта да өз шаңырағымызда, өз бала-шағамыз бен туған-туыстарымыздың ортасында отырмаймыз ба?! Отбасылық мейрам деген осы емес пе!

Осындай ұғым, осындай дәстүр әлем халықтарының көбінде бар сияқты. Араб елдерінің Жаңа жылы – Мухаррам айында, қытайлардікі – қыстың соңында, моңғолдардікі – қаңтар мен ақпан аралығында (дәл белгіленген күні жоқ), бирмалардікі – сәуірде, жапондардікі – наурыздың басында, еврейлердікі – қыркүйектің алғашқы күндерінде. Бұлардың бәрі де осы жаңа жылдарын ұлттық мереке ретінде өткізеді. Ал 1 қаңтарды олар да біз сияқты өз үйінде, отбасында қарсы алатынын көгілдір экраннан көріп жүрміз.

Әдетте ең жақсы сөз, ең әдемі тілек, жүректі жарып шыққан ең жылы лебіз отбасында, отбасылық қуаныш үстінде айтылады. Егер Жаңа жылды отбасылық мереке десек, осы мерекеде айтылған барлық жүрекжарды тіле­гімізді, аппақ ниетімізді Алла қабыл қылғай! Әркімнің отбасынан бастап, ордалы Отанымызға дейін береке-бірлік, мамыражай тыныштық болғай. Бұл жылда халқымыз тағы да ырыс-несібеге кенеле бергей! Жақсы сөз айтудан, жақсылық жасаудан, жақсылықты көре білуден жалықпайық, ағайын!

2013 – «Түркістанның» жылы. Яки, биыл – Қалтай ағамыз негізін қалаған газетіміздің ресми құжат бойынша дүниеге келгеніне – 20 жыл және 1000-ыншы саны жарық көретін жыл.

Той-томалақ, қуаныш-қызық, бәрімізге ортақ болсын, оқырман!