Жаңалықтар

МЕН КӨРГЕН ҚАСІРЕТ

ашық дереккөзі

МЕН КӨРГЕН ҚАСІРЕТ

Бегдайыр ИМАНБАЙҰЛЫ

Қазақстанның халық жазушысы, марқұм Қалтай Мұхамеджан елінің құрметіне бөленген жан еді. Ол туралы естеліктер де аз емес. Солай бола тұра биік тұлғаның бізге беймәлім жақтары әлі де көп. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы күндерінде қоғам қайраткері, белгілі жазушы қасірет шеккен жастардың тағдырына қабырғасы қайысқан болатын. Бүгін оқырмандар назарына кезінде ол кісінің жүргізушісі болған жанның естелігін ұсынып отырмыз.

Сол бір ызғарлы желтоқсанның 17-18-і күндері Алматы қаласында болған қасіретті оқиғаларды ешқашан ұмыта алмаймын… Тіпті, ұмытуға тиіс те емеспін!..

Иә, сонда не көрдім, не болды? Енді осы сауалдарға жауап беру үшін еріксіз кері шегінейік.

1986 жылы 16-желтоқсан күні аяқ астынан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы өтетін болды. Мен ол кезде Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы Қалтай Мұхамеджановтың жүргізушісі едім. Қалекең ОК мүшелігіне кандидат болғандықтан әлгі пленумға міндетті түрде қатысуы керек-ті. Ертемен ол кісіні сонда алып бардым. Әдетте партияның мұндай мәнді жиындары ұзаққа созылып, біз сияқтыларды сарылтып қоятын. Қайран қалғаным – пленум тез бітті. Кейін газеттерде жазғандай, ол небәрі 18 минутта бітіп, қазақтың ғана емес, күллі қазақстандықтардың сүйіктісіне айналған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевты өз өтініші бойынша орнынан босатыпты. Ал, ол кісінің қастерлі креслосына ешкім білмейтін Геннадий Васильевич Колбинді бір ауыздан сайлапты. Қайтерсің, Мәскеудің дегені болып, бұйрығы жүріп тұрған уақыт. Әлгі жаңалықты сол сәтте-ақ радио мен теледидар жаһанға жайды, газеттер бет-бет қылып суретімен берді. Бірақ бұл елге қуаныш емес, қайғы алып келді. Әуелгі болып наразылық білдірген алматылық жастар болды. Халықтың дені арты не болар екен деп ішін тартып қалды. Алайда кім-кімнің де кеудесінде бір ой жатты. Әрине, «неге бұлай?» дейді. Осыны естіртіп айтады, іштей өз-өзіне қояды.

«Халықпен ойнауға болмайды» деген сөз бар. Расында, қасиетті саналатын ұғымға абай болу керек. Алайда халықтың ар-намысы, ұяты, ақыл-ойы деп дәріптелетін партия, соның ішінде Горбачев бастаған көсемдері қатты қателесті. Бұның ақыры мызғымастай, мәңгілік деп ұғынатын Кеңестер Одағының күйреуіне алып келді. Осылай дейтін мен емес, Желтоқсан көтерілісінің мән-мағынасын ұғынатын тарихшылар, саясатшылар, әлемдік ой иелері. Бұл араға жылдар салып барып жасалған түйін.

Біз енді тағы да кері шегінейік.

16-желтоқсан күні түс ауа алаңға ел шыға бастады. Кешке қарай олардың қатары көбейді. Әуелгіде бір-бірінен үріккендей болып, әр-әр жерде топтанып тұрса, бірте-бірте жұмылған жұдырықтай жинақтала түсті. Бұл бәрінің ойы бір екенін, мұңы ортақ екенін аңғартса керек.

17-желтоқсан күні таңертең Қалтай ағаны машинаға мінгізіп, жұмысқа қарай қозғалдым. Сол кезде Ленин даңғылының (қазіргі Достық даңғылы) бойымен төмен қарай көше бойымен жылжыған көп кісіні көзіміз шалды. Әуелгіде түсіне алмадық. «Артынан ілесші, қайда барар екен, кімдер екен?» – деді Қалекең. Қолдарында көтеріп алған ұран сөздері бар. Біреуіне «Долой Колбина!» деп жазып алыпты. «Е, түсінікті болды. Әйтеуір, арты жақсылық болса екен…» деді Қалекең тұнжырап. Бір байқағанымыз, қыз-жігіттердің райы бейбіт жағдайды сездіреді. Сөйлесіп бара жатыр, ара-тұра күліп қояды. Біз олардың соңынан біраз жерге дейін ілестік те, әдеттегідей ОК үйіне қарай бұрылдық.

Сол күні Колбин байқұс май ішкендей болыпты. Таң атпай жиын ашқан. Өйткені бұрын-соңды мұндай дүрбелеңді көрмеген бейбақ не істерге білмеген. Ішкені – ірің, жегені – желім… Ол заманда бәрі партияның уысында. Ақ үйден бір қоңырау шалынса, бітіп жатыр. Әйткенмен бұл жолы ол шіркін сан рет соғылса да, қуаты болмады. Қайта еселеп соғылған сайын алаң толыға берді, толыға берді. Жан-жақтан жұрт келіп жатыр. Билікті үрей биледі. Үсті-үстіне жиналыс жасалды, қайта-қайта тапсырмалар, нұсқаулар берілді… Бүкіл Алматының милициясы, прокурорлары мен комитетшілері келді алаңға. Олар да түк істей алмады. Алаңға қарай бет алған адамдарда есеп жоқ, келіп жатыр… Оларды келтірмеу үшін, алаңдағы жинақталған жұртты тарату үшін не демеді, не істемеді?.. Колбин ғана шыққан жоқ, әйтпесе сол үйде менмін деп кеуде керген бар дөкей, министрлер мінберге көтерілді. Заңды айтты, «зәкүнмен» қорқытты. Роза Бағланованы сөйлетсек, бәлкім, тыңдар ма екен деп дәмеленді. Апамызға рахмет, ойын жылап та айтты, сұрап та айтты, бірақ жастар илікпеді. Олар ұлтының намысын биік қойды. Мен соны Қалтай ағаны ақ «Волгаға» мінгізіп – ОК үйіне апара жатып та, қайтып келе жатып та көрдім, естідім, куә болдым… Машинамен тықсырсақ кететін шығар деді ме екен, алыстан заулатып келіп те көрді. Сол кезде иін тірескен жұмысшы, студент-жастар ығыса қояды да, өткізіп жібереді. Одан қайтадан әлгі орындарына келеді. Бәрінің түйінделіп, жұмырлана түсетін жері мереке күндері Үкімет басшылары тұрып, сөз сөйлейтін мінбер жақ. Бірақ ойынның да шегі болады екен. Зулатып келіп, өзімізше амалдап кетіреміз деген айланың ақыры ашуға итермеледі. Арандатушылардың бірінің тірлігі екендігі, я болмаса ызалана күйінген жастарымыздың әрекеті екені белгісіз, әйтеуір келген жеңіл машиналар тас боранның астында қалды. Терезелері быт-шыт болды. Шопырларына да жан керек екен, көлігін тастай қашты. Адам күйінішке бой алдырса бет қарата ма, алаңда қалған машиналарды жастар төңкеріп тастады, кейін солардың бәрі отқа оранды. Колбин осының бәрін терезеден көріп тұрғаны күмәнсіз. Қайта-қайта Мәскеудегі Михаил Сергеевичпен сөйлесті. Әрине, қандай әрекетке барса да, орталықтың келісімінсіз жасаған жоқ. Фурманов пен Сәтпаев көшесінің алаң жақ шетіне «КрАЗ» машиналарын көлденеңдетіп қойды. Бұнысы келетін елге бөгесін қойған түрлері. Сәтпаев көшесінің күн батыс жақ бетіне өрт сөндіргіш машиналарды қаздай тізді. ОК-ның алды-артының бәрі солдаттар, милиционерлер. Әлбетте олар жасанып алған. Бастарында дулыға, беттерін қорғаштайтын қалқандары қолында, сапер күрек белдерінде… Олардан кейін ит жетектегендер көбейді. Қасқыр иттер құлақтарын алаңдағы буырқанған елге тіктеп, құтырына жұлқынады. Бір жақ шетте БТР-лар… Құдай-ау, осындай болады десе, мүлде сенбейтін көріністер. Тура соғыс суретін көз алдыңа келтіреді. Мен жүргізетін машинаның сериясы «АТГ 0152». Бұны «Правительственная серия» дейді. Бізге тоқтау жоқ. Нөмірімізді көрген МАИ қызметкерлері өткізіп жібереді. Сондықтан мың рет кіріп, мың рет шықтым десем болар. Бастығым Қалтай аға «ЦК-ға кеттік», – дейді. Шақырттыратын – Колбин, оның айналасындағы жандайшаптар… Жиналыстан-жиналыс. Сол сабылысы желтоқсанның 22-іне дейін бір тынбады. Ішім қазандай қайнайды. Алаңдағы қырғын, қасіретті ойласам әлі күнге дейін түс көргендей шошимын. Несін айтайын, көзім жасқа толып, көмейім қанға толып жүрдім ғой…

Қалтай аға дәл сол кездері сырқаттан­ың­қы­рап жүрді. Соған қарамай, «ЦК шақырып жатыр» деп, жатқан ОК санаториясынан Алматыға амалсыз келеді. Ұмытпасам, тура 17-сі күні болу керек, әл-Фараби көшесімен алаңға қарай кетіп бара жатқан қыз-жігіттерді көрдім. Қолдарын көтергеннен кейін тоқтадым. Есікті ашқан жігіт: «Мүмкіндік болса, бізді алаң жаққа ала кетсеңіз», – деп өтінді. Мінгіздім. Не үшін бара жатқандарын сұрамай-ақ сезіп, жаным ашыған ниетпен: «Айналайындар, алаңда бір сұмдық болғалы тұр, абайлаңдар. Әсіресе, қарындастарым, сендерді ойлап отырмын…» – дегенім сол, әлгілердің бірі маған отты көзін қадап: «Аға! – деді ызаланып. – Сонда не дегелі тұрсыз? Қазақстанды басқаруға біреуді жібереді. Ол қазақтың кім екенін білмейді. Оған керегі – билік. Біз сонда кімбіз? Қазақпыз ба, жоқ әлде бейшарамыз ба? Намыс қайда? Сіздер неге шықпайсыздар? Неге қорқасыздар?..» «Айналайындарым-ау, не болып жатқанын көріп жүрмін. Сендермен біргемін. Ішім алай-дүлей болып зорға жүрмін. Қайтейін?..» – дедім. Одан ары да айтатын сөздер жалғаса беретін бе еді, біз Марков көшесіне келдік. Сол жерде машинадан түсіріп, амандықтарын тілеп, әрмен қарай кеттім. Одан арғы жол мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бақылауында. Енді менің де көзге түсіп қалмауым керек… Алайда көпке дейін өзім машинама мінгізіп келген қыз-жігіттердің намысты қамшылайтын әңгімесі ойымнан кетпей қойды. «Аға, өзіңіз қалай ойлайсыз, сонда бүкіл Қазақстанда Қонаевтың орнын алмастыратын дені түзу бір қазақ жоқ па?», – деп қадала сұрады-ау. Тіпті, қазақ жерінде туған, халқымыздың салт-санасын, дәстүрін білетін, сөзін ұғатын орыс, неміс, я болмаса басқа ұлт өкілін қойса да, дәл бұлай ашынбас едік дегенді де айтты…

18-і күні «Алматы» санаториясына барып, Қалекеңді машинасына отырғызып, сол кездегі Киров пен Красин көшелерінің қиылысындағы үйіне алып келдім. Бірге кіріп, шай іштік. Ұлы Алтай да үйде екен. Бәріміз бірге шықтық. Алтай ішкі істер саласында қызмет істейтін. Шені – майор. Ол машинаның ішінде біраз әңгіме айтты.

«Кеше, 17-желтоқсанда, алаңда жастар әбден көбейіп кетіп, оларды милиция мен солдаттар қуалайын деп аянбай әрекет етті. Кешке таман солдаттар «УАЗ» машинасына ракетницаларды тиеп, алаңға шығыпты. Сол машина жастардың қолына түсті. Есігін ашып, ракетницалармен ЦК-ның үй жағын атқылады. Бір терезе шағылып, пердесі өртенді», – дегенін құлағым шалды. Дәл сол көріністі мен де көрдім. Қалекеңді санаториге апарып салып, қайтып келе жатқанда болған оқиға еді.

Алтай ары қарай сөзін жалғады.

– Папа, кеше түнде мені Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жанына оққағар (телохранитель) етіп қойды. Ол алаңдағы жастардың алдына шығып сөйледі. Одан кейін халық әртісі Роза Бағланова апай сөйледі. Жастар ешкімді тыңдамады. Роза апайға: «Ал, енді «Ақ патшаңыз» келді!» деп шулады. Мінбеде сөйлейміз деп тұрғандарға мұз, тас лақтырды. Әлгі кісілердің бәрі әп-сәтте қалқа жолға түсіп қашып кетті, – деді. – Біздің арт жағымызда тұрған солдаттар мен курсанттарға лимонад берген екен. Солар босаған шыны құтыларын команда бойынша алаңдағы жастарға қарай лақтырды. Жастар оларға қарай лап қойды. Өздерінше Үкімет үйін қорғап тұрған әскерге де керегі сол екен, жазалау, қуу операцияларын бастап кетті. Ешкімді аямады. Сапер күректерімен де ұрды, резеңке сойылдарымен де соққылады… Тепкіледі, итке талатты. Бұл түнгі он-он бірдің арасында болған оқиға. Тұңғышбай Жаманқұлов пен Әзірбайжан Мәмбетов екеуі бірге келген екен. Алаңда не болып жатыр, көрейік десе керек. Әзірбайжан аға басынан қатты жараланды. Солдаттар мемлекеттің саясатына қарсы шыққан әлдекім деп, ол кісіні де аямапты. Тұңғышбай да жарақат алды. Мен Әзағаңды сапер күрегімен ұрғалы жатқан солдаттың жанына жүгіріп барып: «Не трогайте! Это – Азербайжан Мамбетов, член ЦК» деп арашаламақ болып қолымды соза беріп едім, күрегімен бір қойды. Әзекеңді МҚК-нің кісілері сүйрелеп, мінбенің арғы жағына қарай алып кетті…

Бұл әңгіме Қалекеңе қатты әсер етті. Түрі бұзылып отырып тыңдады. Басын шайқады. «Әзекең қазір қайда екен?» деді. «Совминнің ауруханасында деп естідім. Барып қайтасыз ба?» – деді Алтай.

Қалекеңнің Жәмилә деген қызы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Әзекеңнің қол астында жұмыс істейтін. Оның үстіне драматург, талай пьесалары сол театрда сахналанған. Екеуі жақсы қарым-қатынаста болатын. Сондықтан Қалекең екеуміз Шевченко мен Байсейітова көшелеріндегі кілең мықтылар қаралып, емделетін ауруханаға бардық. Мен сыртта қалдым да, ол кісі ішке еніп кетті. Бір топ ақ халатты кісілер темекі шегуге шықты. Қарасам, бәрі европа нәсілділер. Дауыстары жарқын-жарқын шығады. Біреуі: «Вот еще одни казахи приехали» деп қояды. Күлкілері мысқылды…

Жарты сағат шамасындай уақыттан соң Қалағаң келді. «Машинада Алтайдың айтқандары рас па екен?» – деп сұрадым. «Иә, рас екен», – деді қысқа ғана. Әңгімеге құлықсыз күйде отырды. Мен ұлының сөзін тағы да есіме алдым. Оның өзі де оңбай таяқ жепті. Олай дейтінім, екі қолы да ақ дәкемен таңулы еді.

Осындайда жел сөз гулейді. Біреулер шындықты айтса, енді біреулер қосып айтады. Содан күдік-күмән көбейеді. Тыңдап отырсаң, небір сұмдықты естисің. Сондай имансыз әңгіменің талайын әлдекімдер әдейі ұйымдастырды. Соның бірпарасын рациямен жібергені де рас. Тыңдап отырсаң – жаман, өте жаман… Тура алдында, алаңда қырғын оқиға болардан бұрын: «Ойбай, не дейсің, Бірінші Алматы жақта мектепті өртеп кетіпті… Пролетарский көшесіндегі балалар бақшасына барып, сәбилердің бастарын жұлып жатыр дейді… Көшеде кездескен орыстың шал-кемпірлерін ұрып-соғып кетіпті. Бәрін жасап жүрген қазақтың бұзақы жігіттері. Олар тек қана орыстарға тиеді екен…» Міне, еститінің кіл өңкей осы тақылеттес әңгімелер. Алаңда қазақ жігіттерінің жиналып, оларға қарсы Ресейдің түкпір-түкпірінен алып келген орыс тектес әскерлермен бетпе-бет келіп, тура соғыстағыдай майдан салып жатқанын көрген жұрт, әрине, иланады. Байқұс қазақтың қасіретін саудаға салған саясат әлемнің алдында ұлтымызды қарабет еткізгісі келді ғой.

18-желтоқсан күні алаңнан аман-есен кеткен жастар қайта бас қосады. Содан бір топ болып бірігіп, Фурманов көшесімен Абай даңғылына шығады. Тура өткендегідей Ленин даңғылына қарай қозғалады. Арттарынан милиция ілеседі. Осылай шерулеген күйі Калинин – қазіргі Қабанбай көшесіне дейін барып, оң жаққа бұрылып, Пролетарский көшесімен қиылыстағы балабақшаның сыртындағы қоршаудың ағаштарын қорғаныс құралы үшін жұлып-жұлып алады. Соның өзінде өкшелеп ілескен құқық қорғаушылар шеттерінен ұстап, сүйрелеп, машиналарымен әкетіп жатты. Жастар бүгінгі Төле би мен Бөгенбай көшелерінің ортасындағы мектептің жанында кезіккен қазақ балаларды орталарына қосып алғысы келеді. Олардың ойларынша, араларында кішкене балалар болса, милиционерлер тимейтін сияқты. Бірақ, ешбір баланы қосып ала алмады. Солай болғанын соңдарынан бақылап, ақырын қозғала жүріп байқадым.

Иә, горбачевшіл билік қазақ жастарын кінәлау үшін не істемеді, қандай айып тақпады? «Наркоман» қылу үшін араларына дәл сондай қылмыспен ұсталғандарды жіберді, «ішкіш» екендіктерін айғақтау мақсатында алаңның бүгінгі субұрқақ орнатылған жеріне машинамен жәшік-жәшік арақ апарды. Дәл сол уақытта айдаладағы алаң тұрмақ, азық-түлік дүкендерінің өзінде арақ-шарап тапшы еді. Міне, осының бәрін билік арсыздықпен жасалған әрекетін бүркемелеу мақсатында жасамаса, дәл солай болар ма еді?.. Қазақ жастарының әрекетіне ұлтшылдық сипатты да үстемелеген солар. Әйтпесе, қазақ қазақ болғалы сондайдың бірін жасап па еді? Біз білетін, айдай әлемнің көзі жеткен ақиқат – халқымыздың кеңдігі, имандылығы, ұят-миятты бәрінен биік қоятыны. Аққа Құдай жақ екен. Қанша қаралағысы келсе де, империяшыл билік ойлағанындай, дегеніне жете алмады. Ұсталғандардың арасынан нашақор да, ішкіш те, бұзақы да табылмады. Қайсысын кінәлі деп қамаса да – қызметі, оқуы, жұмысы болды. Халық сенген көсемдердің масқара болуы деген осы емес пе?!

Сол күндердің бірінде, күндіз Мир көшесімен жоғары көтеріліп бара жатып Шона ағаны көріп қалдым. Әйгілі Шона Смаханұлы! Жазушылар одағында талай рет жүздесіп, әзілдерін естіп жүрген сатирик ақын. Қолында қысқа сапты, он екі өрімді қамшысы бар. Әрине, ол кісі біреуді ұрайын деп емес, әлдеқандай жағдай бола қалса, қорғанайын деп алып шықса керек…

18-і күні-ау деймін, мен Орталық Комитет үйіне Қалағаң мен Ермек Серкебаевты алып бардым. Ғимараттың сыртындағы сол жақ алаңқайда тұрған машиналардың қатарына апарып машинамды қойдым. Анадай жерде қаптаған БТР-лар. Ақ үй жақтан күшті жарықтандыратын прожекторлар алаңды тілгілеп тұр. Оған тіктеп қарау мүмкін емес. Әдейі сол үшін және алаңдағы жастардың бет-бейнесін анық түсіріп алу үшін әкелген болу керек. Бір-екеу емес, әлденешесі әлденеше жаққа қарай бағытталған. Күні бойы алдыңғы жақта жүрген милиционерлерді кері шегеріп, әуелгі қанатқа әскерилер шығарылды. Барған сайын олардың белсенділігі күшейе түсті. Соның айғағы – ұсталғандар көбейді. Шетінен қолдарын қайырып, азаптап әкеледі. Қалталарында не бар, оларды анадай жерге үйіп жатты. Ақ қардың беті қызыл қанға боялды. Машиналар толған-толғанынша қамау орындарына қарай зуылдай жөнеледі. Бір «ЗИЛ» машинасы менен он шақты метрдей жерде тұрған. Соның жанындағы біраз солдаттың қасына аласа бойлы біреуі келіп қосылды. Қолында сапер күрегі, екінші қолында кәдімгі қазық, мал арқандайтын қазық. Оны қайдан алды десейші! Сол: «Я одному казаху в глаз воткнул, он упал, я хотел в другой глаз воткнуть… он «прости брат, я случайно оказался здесь…», и я не стал другой глаз ему колоть» – деп бөсіп тұр. Қолтығында қалқаны, басында каскасы. Расында, солай болса, солай шығар дедім. Төңірек жап-жарық болғандықтан, қазықтың ұшындағы қызарған қан көрініп тұрды. Ішімнен, бұл совет солдаты емес, нағыз фашистік жендет шығар деп күйіндім…18-желтоқсанда, уақытына дейін есімде, кешкі сағат сегізден жиырма минут өткенде Қалтай ағаны жастардың алдына шығарып сөйлетті. Ол кісінің сөзін де ешкім елең қылған жоқ. Арада бес минут өткен соң Ермек Серкебаев микрофонға барды. Оның гүр еткен баритон даусы елге әсер етті. Бәлкім, бір жақсылық болады деген шығар, бүкіл алаң бір сәтке тына қалды. Сондағы сөзінің соңында айтқаны:– Қарындастарым, бауырларым, енді жатақханаға қайтыңдар!

Ол кісі осы сөзін үш рет қайталады. Жастар жағынан ешқандай үн шықпады. Ерекең қайтыңдар деген әлгі сөзін төртінші рет айтқаны сол, арғы жағында апалаң-топалаң басталды да кетті. Алаң «Урамен» жаңғырықты. Арматуралар, сапер күректері мен сойылдайтын құралдарға ерік еркімен тиді. Шыңғырған жастардың үні, қыздардың ащы айқайы, жылаған даусы… Соларды тыңдап тұру мүмкін емес еді. Қашатындар жан-жаққа жосылды. Құлағандар құлап жатыр. Жан сауғалап кеткендердің біразы Ауыл шаруашылығы институтының жатақханасына тығылыпты. Арттарынан солдаттар есікті қирата-мирата, баса-көктеп кірген. Кезіккеннің бәрін ұра берген. Бөлме-бөлмені, этаж-этажды аралап жүріп, ұстайтынын ұстап сыртқа шығарған. Ұрып-соғып, тепкілеп әкеткен. Бір студент жігіт қашып құтыламын деп үшінші қабаттан секіріпті. Төменде оны көріп қалған екі солдат ұстайын деп жүгіріп барса, қимылсыз жатыр дейді. Сеніңкіремей бір-екі рет теуіпті. Содан «Он сдох» деп кері бұрылып ұзай бергенде, әлгінде ғана өтірік өлген сыңай танытып жатқан жігіт тұра қашыпты. Бірақ аналардың көзіне түсіп қалып, бәрібір ұсталыпты…

Алаңдағы жастарды қуып таратқаннан кейін бүкіл ОК-нің ақпараттындағылар мен мәдениет қайраткерлері қайта бастады. Ермек Серкебаев машинаның алдыңғы орындығына, ал Қалекең әдеттегіше арт жағына отырды. Ақырын қозғалып Фурманов көшесімен Құрманғазының қиылысына өте бергенімізде БТР-дан түсе салып жүгіріп бара жатқан солдаттарды көзіміз шалды. Олар бір жігіт пен қызды көріп, соларды ұстауға тұра ұмтылған екен. Екеуінің: «Пожалуйста, не трогайте нас, мы не казахи, мы уйгуры» – деп жалына айқайлап жатқанын анық естідік. Сонда да сен ұйғыр екенсің деп қарамай, екеуін де ұрып-соғып, БТР-ға сүйрелеп кіргізді. Шыдай алмай:

– Аға, аналардың не істеп жатқанын көрдіңіз бе?! – деп жанымда отырған Ермек ағаға қарадым. Ол үндемеді. Қалтай ағамыз да үнсіз…

Ең бірінші Калинин мен Төлебаевтың қиылысында тұратын Ерекеңді үйіне апардық. Қалтай ағаның үйіне жақындағанда: «Бегдан, мені үйге кіргізіп жіберші. Бойымда түк әл қалмады», – деді ол кісі. Сөйтіп, үшінші қабатқа дейін бірге көтеріліп, пәтеріне кіргізіп, әуежай жақтағы үйіме қарай кеттім. Жол-жөнекей көргенім тек қана милиционерлер мен солдаттар. Барлық жерде «оцепление». Ешкім қалаға кіре алмайды, ешкім қаладан шыға алмайды. Әсіресе, қазақтар… Сол күндері машинаға май құюдың өзі қиындады. Ол жерде де милиционерлер. Бәрі орыс тектестер. Қазақтардың көретіні қысымшылық. Әйтеуір, біздің нөміріміз АТГ болғандықтан кідіріс көрмедік…

Алматылық жастардың көтерілісі күшпен басылды. Адамдардан аласталған алаңда шашылған бөкебай, бас киімдер, қыз-жігіттердің сөмкелері қалды. Мұзды алаңның бетіндегі төгілген қанды кетіру үшін түнімен сыпырып, жуып шықты. Келесі, 19-желтоқсан – жазалаушыларға жеңіс күні болды. Қазақтардың жүзі төменшік тартып, есесіне ұлтымыздың ұлтшылдығын өздерінше дәлелдеген жақ кеудесін көтерді. «Міне, сендер сияқтыларға керегі осы!» дейтін сыңайлы. Сөйтіп табалағандар да ұшырасты. Солардың талайы «сыбағасын» алды. Себебі, намысын жауына жібермейтін өр қазақтың ұл-қыздары аз ба?!

Сол желтоқсанның 19-ы күні болар шамасы, Қалекең Колбинмен Жоғарғы Кеңесте кездесетін болды. Менің міндетім алып бару. Заулатып жеткіздім. Машинадан түсе берген кезімізде МАИ-дің сигналдатқан машинасы көрінді. Ортаңғы машинада Г.В.Колбин отыр екен. Арт жағындағы қара «Волгамен» МҚК-нің шенділері келді. Машиналар біз тұрған жерге тоқтады. Мен Қалекеңнің жанында тұрғанмын. Ол кісімен Колбин қол беріп амандасты. Анау мен жаққа қарады, бірақ амандаспады, мен де сазарып тұрдым. Арамыз бір-екі қадамдай жер. Көзім екеуінде. «Ойпырай, Қалекең мен Колбин қалай ұқсас!» – деймін қайран қалып. Мәселен, екеуі де жалпақ бет, жуан мойын, мұрындары – ол да айнымайды…

Жоғары Кеңестегі кездесуден кейін Кино үйіне келдік. Қазақстан Кинематографистер одағы сонда болатын. Қалекең алда, мен артында келе жатырмыз. Кіре берісте отыратын вахтердің жанында әдемі киінген, галстукті екі кісіні көрдік. Олар Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің адамдары екен. Сол күннен бастап әр мекемеде сондай қызметкерлер отыратын болды.

Вахтада кезекшілікте отырған орыс кемпірдің жасы жетпістің үстінде болатын. Оны білетінім, екеуміз үнемі әңгімелесетін едік. Мен – жүргізушімін. Кабинетім жоқ. Қалағаң шыққанға дейін біреудің жанында болып, уақыт өткізу керек. Әлгі кемпір сондайда серігім. Ол ылғи да «Бегдан, пойдем чай пить» деп үстеліне шақырып алып, ыстық шай беретін. Байқұс кемпірдің өресінің жеткені осы шығар, оның үстіне қасында МҚК-нің қызметкерлері отырғанда бірдеңе деп қалғысы келді ма екен, әйтеуір мүлде басқа райда. Мен әдеттегімше сәлем бердім. «Тетя Зина, здравствуйте!» деген шуақты үнім оған тікендей қадалыпты. Көзін шадырайтып:

– Какая я тебе тетя Зина? Я – Зинаида Пет­ров­на! Смотри!.. Баранов, сколько не учи, все равно баранами остаются, – деп зекіп тастады.Мінеки, күні кешеге дейін сыйласып, сырласып жүрген кісінің түрі. Бабаларымыз «Орыспен дос болсаң, айбалтаң қойныңда болсын» деп бекер айтпаған-ау. Мен мұны сол кездегі күйінген сәтте көкейіме келген ой болған соң айтып отырмын. Адамның аласы ішінде ғой. Бірақ біз жақсылыққа құштармыз. Сондықтан әлгі сөзді кейін алжыған кемпірдің аузынан шыққан бірдеңе дедім де, ұмытуға тырыстым. Алайда сөздің салған жарақаты кеудеде қалып қояды екен…

Алаңдағы басып-жаншудан кейін Колбин халықтың райын өзгерткісі келді ме, кездесушіл болып кетті. Ең әуелі Ауыр машина жасау заводына барды. Одан кейінгі бет алған жері – жазушылардың арасы. Өйткені зиялы қауымның ықпалын білді. Бәлкім, солай етейік деп ақыл-кеңес берушілердің әсері болған шығар. Не керек, «Қаламгер» залында иін тірескен ақын-жазушылар, журналистер, артистермен ұйымдастырылған ұшырасу нағыз тарихи мәнді болып өтті. Сол кездесу байқұс Колбиннің түсіне талай кіріп, өңінде мазасын алған шығар. Жиналған жұрттың арасында мен де болдым. Қаламгерлер қауымымен етене араласып жүретіндіктен Тоқаш Бердияровты да жақсы білетінмін. Майдангер ақын, оның үстіне мінезі шадырлау: «Товарищ Геннадий Васильевич, ты почему подавил наш молодеж?» – деді төтесінен. Колбиннің түрі бұзылып, қозғалақтап кетті. Жанында отырған Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов оған бұрылып: «Не обращайте на него внимания. Он наш контуженный», – деп ойын басқа жаққа аударып жіберді. Тоқаш ағамыз сол күні омырауына Ұлы Отан соғысының ардагері белгісі мен қан майданда ерлік жасап алған наградасын қоса тағып келіпті…

Алматыда аласапыран орын алып, қақтығыс бет қаратпай тұрған кезде оны жаймалап қайту үшін Горбачев Соломенцевті жіберіпті. Ол бұрын Қазақстанда облыс басқарған, бірақ абыройсыз болып кеткен екен. Енді сол ақыл айтуға келіпті. Екі-үш күн жүріп кездесулер өткізді, базарға барды, студенттермен сөйлесті. Сол аралықта өмір де өз ырғағына түсе бастады. Әрине, содан кейін бәрі қалпында, бәрі жақсы болды деп барған шығар. Мүмкін, кінәлілерді іздестіру, ұсталғандарды тергеп-тексеру, соттап, қамау науқаны ойдағыдай жүргізіліп жатқанын да жеткізген болар. Әйтеуір сол күндері Республиканың бас прокуроры Ғалым Елемесовтің басқаруындағы құқық қорғау органы үсті-үстіне жастарды қамауға ордер берумен болды.

Иә, қалай дегенде де Желтоқсан көтерілісі қазақтың жылдар бойы жинақталған ашу-ызасын шығарды. Одан әркім өзінше сабақ алды. Тіпті сабақ алмай, шовинистік пиғылын үстей түскендер де ұшырасқанын жасыра алмаймыз. Ондайлар тірі қазақты қойып, өлілерінен де айбынбады. Кеңсайдағы әруақтар жатқан жерді күңірентті. Қаншама зираттар қиратылды, ескерткіштер талқандалды. Мәрмәр тастарын сом балғамен күйретті. Кеңсайдың биік басындағы күллі қазақ қастерлейтін батыр атамыз Бауыржан Момышұлының ескерткішін де құр қалдырмады. Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткенін, даңқты қолбасшы болып Мәскеуді қорғағанын ұмытып, еңселі ескерткішінің өн бойын көк бояуға малды. Бұдан өткен қорлау бола ма?..

Желтоқсаннан кейінгі жазалау да екпінді жүргізілді. Жоғарғы оқу орындары мен мекемелерде, кәсіпорындарда сапырылыс күшейді. Партия, кеңес, комсомол ұйымдарында «тазарту» жүргізілді. Көп жерде бірінші басшылық орын ұлты орыс немесе орысқа қатысы бар қазақтарға меншіктелді. Осылай орыстандыру саясаты өрістей түсті. Дегенмен қазақ жастарының бой көтеруі ізсіз кетпеді. Ұлтымыздың мұң-мұқтажын, қайғы-шерін ұғатын, шынайы жанашырлық көңілдерін білдіретін ел жоқ емес екен. Бұл жазықсыз жазаланған жастарымызды арашалап, ақтау шараларын қолға алу кезінде айқын көрінді. Міне, осы жанкешті қозғалыстың қозғаушыларының бірі ғана емес, бірегейі болған әйгілі ақын Мұхтар Шаханов еді. Ол өміріне қауіп төнгеніне қарамай, күресті. Алған бетінен қайтпады. Мұқаңның Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматы қаласында болған оқиғаларға түпкілікті баға беру жөніндегі мемлекеттік комиссиясын құрып, жұмысын нәтижелі аяқтау мақсатындағы ерлігін ұмыту – өзіңнің қазақ екеніңді ұмыту деп білемін!

Мұхтар Шаханов ағамыз Комиссияның тең төрағалығы жұмысын белсенділікпен жүргізе бастаған кезде мен «Қазақтелефильмде» қызмет істейтінмін. Негізінен, деректі фильмдер түсірумен айналысатын шығармашылық ұжымның мүшелері көп. Мен фильм директоры болып жүрген едім. Бір күні жаңадан шыға бастаған «Алматы ақшамы» газетінен Желтоқсанға байланысты құрылған комиссия жұмысы туралы материал оқып қалдым. Авторы Алдабергенов деген кісі. Әсте газет тілшісі болу керек. Сұхбат берген жауапты азамат: «Комиссия құрғанымызға он бір ай болды. Осы аралықта бізге түскені небәрі 200 шағым ғана. Басқадай өтініш-шағым түспесе, құрылған комиссияны еріксіз жабамыз»,– деп жауап беріпті. Соны оқыған кезде орнымнан тұрып кеттім. Бойымды ашу-ыза кернеді. Қатты ренжідім. «Бұл не дегені? Неге жабады? Неге ешкім шағымданбайды? Бұлай болуы мүмкін емес!» – деймін күйініп. Ойбай-ау, алаңда қанша адамның өліп, қаншауының мүгедек болып қалғанын ешкім білмейді. Не болғанын, бейбіт мақсатта шыққан қазақ жастарына қарсы қандай хайуандық әрекеттер жасағанын шыққыр көзіміз көрді ғой. Неге айтпаймыз? Анау, басынан оңбай таяқ жеген Әзірбайжан Мәмбетов пен Тұңғышбай Жаманқұлов шағымданып па өзі? Жазықсыз түрмеде отырған, жұмыстан қуылған, оқудан шығарылған, үйдің кезегінен аластатылған адамдар қайда? Солар небәрі 200 ғана ма?.. Үшті-күйлі жоғалып кеткендер де көп деп естиміз. Солай екені рас болса, олардың әке-шеше, туған-туыстары неге ізденбейді? Тіпті, өтірік болса, өтірік екеніне көз жеткізу үшін де комиссияның жұмысы керек емес пе?..

Әрине, сол уақытта комиссияның жабыл­ғаны Мәскеуде отырған Горбачевқа өте керек болды. Ол мемлекеттегі нөмірі бірінші кісі. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұр. Комиссия жұмысын тоқтатса, ол ұйымдастырған қан-қасап қырғын ақталады. Қазақтың ұлтшылдығы, Қазақстандағы Қонаев билігі кезінде кінә болып көрінгеннің бәрі нақтыланады. Міне, гәп қайда?! Ақиқатында солай ма Жо-жоқ, мен бұған көнбеймін. Сондықтан көзбен көргендерімді ғана емес, құлақпен естігендерімді де жазып, комиссияға шағымдануым керек дедім де, осының бәрін баяндап қағазға түсірдім, төбесіне номері 201-ші шағым деп айқайлатып қойдым.

Енді сол кездегі шағым хатымның бір жеріне тоқталайын. Онда «Мұхтар аға! – дедім. – Менің өмірім алаңда қан төккен жастардың өмірінен артық емес. Бүгінгі кез тура 37-38 жылдарды елестетеді. Бірақ қорқудың қажеті жоқ. Мен де сізбен біргемін. Комиссия жұмыс істеу керек. Біздің халқымыз империяшыл билік айтқандай ұлтшыл емес. Іске сәт!» деп, астына қолымды қойдым да, конвертке салып Мұхтар аға отырған Жоғарғы Кеңес үйіне бардым. Есік аузында отырған милиционерге шаруамды айтып едім, ол тікелей телефонмен тілдестірді. Ішке ендім. Комиссия мүшелері екінші қабатта отырады екен. Үлкен креслода Мұқаңның өзі, орнынан тұрып сәлемдесті. Үлкен үстелде әрқайсысы әр саладан іріктелген комиссия мүшелері жағалай жайғасыпты. Ақырын көз жүгіртіп санап шықтым. Тура жиырма кісі. «Осы отырғандардың бәріне қол қойдырып әкел», – деді Мұқаң. Мен айтқанын жасап, шағымымды қолым дірілдей тұрып ұстаттым. Ол кісі ең соңында өзі қол қойды. Бұрыннан білуші еді: «Айналайын Бегдан, оқып шығып, ертең хабарласамын», – деді кетер кезде.

Содан ертесіне ешқайда шықпадым. Кетіп қалсам, іздеп қалатындай көрінді. Бұл 19- маусым еді. Қашан шырылдар екен деп қарай бергенім сол, телефонның ащы даусы бөлмені жаңғыртты.

– Бегдан, сен маған сағат 11-де келіп кетші, – деді Мұқаң сөзін қысқа қайырып. Тура шақырған уақытында барсам, ол кісі кіре берісте милиционердің жанында тұр екен. Кірген бетте құшақтай алып, бетімнен сүйді. – Бауырым, сенде жүрек бар екен, жастарды қатты аяп жазыпсың. Жазғандарыңды үш-төрт қайталап оқыдым. Енді өзіңе айтатын бір өтініш болып тұр.

– Аға, айта беріңіз, – дедім жұлып алғандай.

– Сен бұрын Ішкі істер саласында да журналистік қызмет атқарыпсың. Адам құқығы дегеннің не екенін жақсы білесің. Сендей азаматтардың бізге жәрдемі керек-ақ. Комиссияның құрамында жұмыс істейтін топқа кірсең қайтеді? Бұл жеке басың үшін емес, халқың үшін керек шаруа ғой, – деп өтіне қарады.

– Болсын, аға. Мен қолымнан келгенше жәрдемдесейін, – дедім.

Екеуміз сол бойда жоғары көтерілдік. Мұқаң құжат толтыратын қызға тапсырма беріп, бірден куәлік жасатты.

Мұқаң берген осы қағазбен комиссияның жұмысшы тобында жұмыс істедім. Негізсіз жазаланғандарды ақтауға атсалыстым. Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын ашуға өз үлесімді қостым. Әрине, қырып тас­тадым демеймін. Мәселе ниетте ғой. Солай болғандықтан да ширек ғасырдан астам уақыт бұрынғы ауыр оқиғаны боямасыз баяндадым, құрметті оқырман.