Жаңалықтар

РУХЫМЫЗДЫ ЖАНДАНДЫРАР СӘТ ТУДЫ

ашық дереккөзі

РУХЫМЫЗДЫ ЖАНДАНДЫРАР СӘТ ТУДЫ

Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын еліміздің жарқын болашығының кепілі ретінде санаймын, оның бар жақсылықтың бастауы болатынына сеніммен қараймын.

Елбасы жаңа стратегиялық жоспардың Қазақстанның ғана емес, әлемнің бағдарлаған уақыттық даму межесі екенін алға тартады, ХХІ ғасырдың елеулі сын-қатерлерінен сақтануға, жастар мәселесіне, патриотизмді қалыптастыруға, салауатты өмір салты мен мәдениетін дамытуға баса назар аударады.Құжатта 2025 жылға қарай қазақ тілінің қоғам өмірінің әр саласында үстемдік етіп, қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшуі туралы сөз қозғалады. Латын әліпбиін қайта қолданысқа енгізу жайлы Елбасы ойы тіл жанашырларының ғана емес, бүкіл қазақ тілді қауымның көңілінен шығып жатқаны айдан анық.Осы тұрғыдағы мақсат-міндеттердің нәтижелі болуына халықтың бір кісідей атсалысуы қажет. Ал «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы ел азаматтарын осынау қарымды істерге жұмылдырып отыруға қашанда дайын.Осы ретте айта кететіні, «Нұр Отан» партиясы Жолдауда сөз болған мәселелерді талқыға салып, Елбасы сөзін халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында біршама шараларды қолға алып үлгерді. Жекелеген іс-шаралардың ұйымдастырушылық, идеологиялық және бақылау жоспарларын түсіндіру төңірегіндегі ақпараттық-насихат жұмыстарының жоспары әзірленіп, әдістемелік құралдар шығару мәселесі арнайы партия жиындарында талқыланды.Алматы облыстық партия филиалына қарасты 363 бастауыш ұйымында Жолдау­ды түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізіле бастады. Бұл іс-шаралардың барысында «Нұр Отан» партиясының Үкіметпен бірлесе атқаратын жұмысының қай арнада өрбуі керек екені егжей-тегжейлі айтылып, аумақтық филиалдардың міндеттері айқындалды.

Облыстық, аудандық және қалалық партия филиалдары жанынан құрылған 350-ге жуық адамнан тұратын 20 топ және облыстық әкімдік жанынан құрылған 3000-нан астам адамды қатарына қосқан 19 топ білек сыбана кірісіп кетті.

Бұл арада елге танымал, сөзі өтімді де беделді тұлғаларды насихат жұмысына тарту қарастырылған. «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшелері – Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары облыстың елді мекендерін аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге атсалысуда. Олар жұмыс жоспарларына сәйкес түсіндіру жұмыстарына қатысып қана қоймай, халықпен арада кері байланыстың болуына жіті көңіл бөлуде. Яғни, облыстық партия филиалының қолдауымен қыруар жұмыс жасалуда.

Күні кеше аталған филиал шаңырағында кеңейтілген Саяси кеңес отырысы болып өтті. Сондай-ақ, партия қызметкерлері, белсенді партия мүшелері мен бастауыш партия ұйымдарының төрағалары республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға өз пікірлерін ұсынып жатыр. 100 мыңға жуық адамның басын біріктіріп, республика бойынша алдыңғы шепке шығып отырған Алматы облыстық партия филиалы саяси, қоғамдық маңызы бар бірталай іс-шара өткізуге дайындық үстінде.Кез келген кедергіні еңсеріп, жеңіс тұғырынан көрінген сайын бейне бір мұнар тауды бағындырған жолаушының алдынан жаңа белестер көрінгендей адам баласының алдында жаңа мүмкіндіктер көкжиегі шыға келеді. Жаңа заман талаптарымен жарысып жеткен өзгерістердің ыңғайына қарай жасалған жаңа жасампаз жоспар бұрын-соңды белгісіз тың перспективалар ұсынып отыр. Оларды игеру мемлекеттің керегесін кеңейтіп, қалыпқа салатын, дамытып, өркендететін еңбекқор ел азаматтарының еншісіне бұйырмақ. Елбасы ұсынған құжат Үкіметтің шығарған заңы жүзінде ғана қалмай, әрбір қазақстандықтың санасына тұқым боп егіліп, түйін тастап, нәтиже берсе – болғаны. Ендеше, іргемізге қауіп төнген шақтарда да құлазып көрмеген рухымызды жандандырып, бар күш-қауқарымызды ел болып, Елбасы атап өткен игілікті қарымды істер арнасына бұрайық дегім келеді.

Ерғазы ҚОШАНБЕКОВ, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары