Жаңалықтар

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ЖАҢА СИПАТЫ

ашық дереккөзі

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ЖАҢА СИПАТЫ

Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі – ол сол елдің жоғары өмір сүру стандарттарымен қарқынды дамуы болып табылады. Бүгінгі күні қоғамның қазіргі заманғы халықаралық талаптарға сай келетін әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты көзқарасы артуда. Осыған байланысты көптеген елдердің әлеуметтік қорғау жүйелерінің алдында уақытында шешуді қажет ететін жаңа мәселелер туындауда.

Экономиканың циклдік дамуының құлдырау кезеңі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің ерекше маңызы туралы тезисті растады, сонымен қатар оның жақсы жақтары мен жекелеген кемшіліктерін де айқындап берді. Жұмыссыздықтың өсуі көптеген елдерде салықтың түсуін қысқартты және жәрдемақылар төлеуге жұмсалатын қосымша шығындардың шығуын туындатты. Соған қарамастан көптеген елдердің үкіметтері әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дағдарыстың әлеуметтік-экономикалық салдарларымен күрестің маңызды құралы және экономиканың құлдырау кезіндегі тұрақтандырудың тетігі ретінде қолдана білді.

Тәуелсіздік жылдарындағы халықты әлеуметтік қорғау және халықтың әл-ауқатын жақсарту саласында жүргізілген реформалар Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық басым бағыттарының бірі болды.Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің ағымдағы жылдың 10 шілдесіндегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: «Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында да әлеуметтік жаңғырту мәселесі басты назарда болды.

Мақалада ол: «Менің назарымдағы басты мәселе — әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету. Және бұл қажеттілік болып табылады, өйткені, әлеуметтік мәселелерді шешуге еліміздің барлық азаматтарының өмірі мен күн сайынғы өзін-өзі сезінулері тәуелді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда әлеуметтік мемлекеттің берік іргетасы қаланды», — деп атап көрсетті.

Мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты басымдықтары Қазақстанның барлық азаматтарының өмір сүру деңгейін арттыруға және жақсартуға бағытталған. Осыған байланысты жаңа әлеуметтік саясат ең алдымен Жұмыспен қамту -2020 мемлекеттік бағдарламасы мен 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде экономикалық белсенді халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған.

Егер Қазақстанның әрбір азаматы өз отбасының әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз ету үшін өзіне жұмыс табуға тырысса, онда әлеуметтік тұрақтылық пен масылдықтан арылу нығаятын болады.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда құрылған халықты әлеуметтік қорғау жүйесі атаулылық пен жұмсалатын қаржыны тиімді пайдалану мақсатын көздейді. Осыған байланысты мемлекет, жұмыс беруші және азаматтар арасындағы әлеуметтік қамсыздандыру үшін жауапкершілікті бөлу көзделген.

Мемлекет Қазақстан Респуликасының Конституциясы мен заңнамалық актілер шеңберінде халыққа еңбек қызметін жүзеге асыруына байланыссыз заңнамамен белгіленген әлеуметтік тәуекелдер туған жағдайда мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен әлеуметтік жәрдемақыларға кепілдік береді. Яғни, бұл мемлекеттік жәрдемақылар мүгедектігіне, асыраушысынан айрылуына, балалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек, базалық зейнетақы төлемі және арнайы мемлекеттік жәрдемақылар.

Азаматтардың жауапкершілігі ай сайынғы еңбек ақысынан міндетті зейнетақы жарналарын аудару және әлеуметтік тәуекелдерден ерікті сақтандыру болып табылады. Сонымен қатар әрбір азаматтың ең маңызды міндеті бүгінгі күнгі еңбек нарығында талап етілетін тиісті білім мен біліктілік алу.

Әлеуметтік қамсыздандыру үшін жұмыс берушінің жауапкершілігі мемлекеттік бюджетке еңбек ақы қорынан 11 % мөлшеріндегі әлеуметтік салық аудару болып табылады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептелген әлеуметтік салық сомасы міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамаға сәйкес есептелген әлеуметтік аударымдар сомасына азаяды. Сонымен қатар жұмыс берушілер, оның ішінде жеке кәсіпкерлер жыл сайын сақтандыру ұйымдарымен «Қызметкер еңбек (қызмет) міндеттерін атқарған кезде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» ҚР Заңы аясында белгіленген тарифпен жұмыс берушінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу қажет.

Қазақстан Республикасындағы міндетті әлеуметтік сақтандыруға келетін болсақ, ол «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңының аясында жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша түрі ретінде 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді.

Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу мақсатында жарғылық капиталына мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ (бұдан әрі – Қор) құрылды. Қордың активтерi әлеуметтiк аударымдардан, әлеуметтiк аударымдарды төлеу мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн алынған өсiмпұлдан, Қордың қызметiн қамтамасыз етуге арналған комиссиялық сыйақылар шегерiлген инвестициялық табыстан және заңмен көзделген өзге де көздер есебiнен құралады.

Жұмыс iстейтiн зейнеткерлердi қоспағанда, қызметкерлер, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және табыс келтiретiн қызметтi жүзеге асыратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоса алғанда, өзін-өзi жұмыспен қамтыған адамдар міндетті әлеуметтiк сақтандырылуға жатады.

2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік аударымдардың ставкасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін ең төмен жалақының (ЕТЖ) 10 еселенген мөлшері шегіндегі қызметкердің ай сайынғы табысының 5 пайызы мөлшерінде болады. Мысалы, қызметкердің ай сайынғы табысы 200 мың теңге болса, онда әлеуметтік аударымдар былайша төленеді: 5 % *10*ЕТЖ= 5 % *10*17 439 теңге = 8 719,5 теңге (01.01.2012 ж. бастап ЕТЖ = 17 439 теңге).

Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамаға сәйкес өзiн-өзi жұмыспен қамтыған тұлғаларға жеке кәсiпкер, нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат ретінде салық органдарында ресми тіркелген тұлғалар өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларға жатады (1-диаграмма)1-диаграммаМіндетті әлеуметтік аударымдар төленетін ай сайынғы табыс мөлшеріне шектеу белгілеу әлеуметтік тәуекел туған жағдайда қызметкер сақтандырылған табыс ескерілген әлеуметтік төлеммен қамтамасыз етілетінімен байланысты. Осылайша, Қордан әлеуметтік төлем тағайындағанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының орташа айлық табысына 10 еселенген ЕТЖ мөлшеріне дейінгі табысы ескеріледі. Бұл ретте сақтандырылғаннан жоғары табысы бар халықтың өмірді сақтандыру бойынша жеке компанияларда өзінің болашақта болатын әлеуметтік тәуекелдерін ерікті түрде сақтандыруға мүмкіндіктері бар.

Төлеушілердің (жұмыс берушілердің және (немесе) өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалардың) әлеуметтік аударымдарды толықтай және уақытында төлеуі әлеуметтік тәуекел туған жағдайда қызметкерге тағайындалатын әлеуметтік төлем сомасының мөлшеріне әсер етеді.

2012 жылдың 1 қаңтарына әлеуметтік аударымдар бойынша қарыз бен уақытында төлемегені үшін өсімақының жалпы сомасы 753,8 млн.теңгені құрап отыр.Міндетті әлеуметтік сақтандыру қатысудың шектелген ынтымақтастығын көздейді, яғни ай сайынғы әлеуметтік аударымдар барлық жалдамалы қызметкерлер үшін төленеді, бірақ Қордан әлеуметтік төлемдерді әлеуметтік тәуекел жағдайы туған адам ғана алады. Осылайша әлеуметтік қатер туғанға дейін олар үшін Қорға 24 ай ішінде әлеуметтік аударымдар түспеген тұлғалар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етілмейді.

Егер әлеуметтік тәуекелдер туралы айтатын болсақ, олар «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңында жан-жақты айтылған (2-диаграмма).2-диаграмма

2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2012 жылдың 30 қыркүйегі аралығында Қордан төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы 263,2 млрд.теңгені құрады, оның ішінде 2012 жылдың 9 айында – 63,5 млрд.теңге. Төленген әлеуметтік төлемдердің негізгі үлесі аналық пен балалықты қолдауға жүргізілген.Қордан әлеуметтік төлемдер жүргізілгеннен кейінгі активтер Қазақстан Республикасының Үкіметі рұқсат беретін қаржылық құралдарға салынады. Осылайша жұмыс істейтін халықтың шоғырландырылған әлеуметтік аударымдарының сақталуы, оның ішінде Қордан ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдер міндеттемелерін жүзеге асыру үшін инвестициялық табыс қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты Қордың активтері республика халқын әлеуметтік қамсыздандыруда стратегиялық маңызға ие және Қор қаржы рыногында жинақтаушы зейнетақы қорларымен қатар институционалдық инвестор болып табылады.

Бүгінде міндетті әлеуметтік сақтандыру әлеуметтік тәуекел туған жағдайда жұмыс істейтін халықты қосымша қорғауды қамтамасыз ететін, қазіргі заманғы Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық қатынастардың қажетті және маңызды элементі болып отырғанын атап өткен жөн.

Халықтың әлеуметтік тұрақтылығы, оның әлеуметтік қорғалуы кез-келген мемлекеттің экономикалық жандануының ажырамас шарты, қазіргі заманғы демократиялық қоғамның дамуы болып табылады.

Осыған байланысты әлеуметтік қамсыздандыруды инвестициялау – бұл әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық дамуды инвестициялау деген сөз.

Гүлбағила БОЛАТБЕКОВА,«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Департамент директоры