ҰТҚАНЫМЫЗ ҚАНЕ, ҰТЫЛҒАНЫМЫЗ ҚАЙСЫ
ҰТҚАНЫМЫЗ ҚАНЕ, ҰТЫЛҒАНЫМЫЗ ҚАЙСЫ
Халықаралық қатынастар:
Сонымен 2012 жыл да аяқталуға жақын. Бір жыл ішінде Қазақстан экономикалық тұрғыда қандай жетістікке қол жеткізді? Жіберген кемшілігі қандай? Қордаланған қиындықтар түгел шешімін тапты ма? Ертеңгі күннің еншісіндегі мәселелер қандай?
ЖЕТІСТІКТЕР ЖЕТЕРЛІК, «ӘТТЕГЕН-АЙЛАР» ДА…Тікелей инвестиция тартуда Қазақстан ТМД елдері мен Орталық Азия мемлекеттері арасында суырылып алға шықты; «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңды бекітті; Кедендік одақ пен Еуразиялық бірқатар елмен мұнай және газ саласына қатысты көптеген шартқа қол қойылды; Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтудегі келіссөздер басталды, «EXPO-2017» тізгіні Қазақстанға бұйырды; «ҚазТрансОйл» компаниясының акциялары «Халықтық ІРО» бағдарламасы бойынша сатылымға шығарылды. Кедендік одақ құрамындағы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке биыл өту мәселесін шындап қолға алды. Осы мақсатта ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі жанынан арнайы сайт ашылып, жүргізіліп жатқан келіссөздердің нәтижелері, жалпы хабарлар жариялануда. Сауда және кәсіпкерлік ынтымақтастық пен серіктестік мәселесінде Қазақстан-Австрия, Қазақстан-Чехия, Қазақстан-Шри-Ланка, Қазақстан-Белоруссия, Қазақстан-Польша, Қазақстан-Түркия, Қазақстан-Германия, Қазақстан-Қытай, Қазақстан-Британия т.б. мемлекеттер арасында бизнес форумдар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Қазақстан әлемдік экономиканы тұрақтандыру шараларына үлес қосуға да мүдделі. V Астана экономикалық форумында Н.Назарбаев G-global жобасын ұсынды. «Әзірге не «G8», не «G20» әлемдік экономиканы тығырықтан шығарар жолды таба алар емес. Ал G-global шеңберінде бұл міндетті бүкіл мемлекеттердің үкіметтері өз мойнына алар еді» деген ол Біріккен Ұлттар Ұйымы мен бүкіл әлемді келешекте болуы мүмкін дағдарыстардың алдын алуға және банкирлер мен банктік шаруашылықтардың ашкөздігіне тұсау салуға шақырды. Қалың елдің қалтасына салмақ салған қымбатшылық туралы айтсақ, Үкімет бір жылдық инфляция (2011 жылдың қыркүйегі мен 2012 жылдың қыркүйегі) деңгейін 5 пайызбен шектесе, орташамерзімдік межені 6-8 пайыз дейді. Бұл болжаммен келісетін ХҚҚ сарапшылары 2012 жылдың желтоқсаны аяқталғанда елдегі қымбатшылық 6 пайыздан асып түсетінін айтып отыр.Биыл еліміз тәуелсіздік алғалы бері тартылған инвестиция көлемі 160 млрд. доллардан асқан. Жағымды сандармен бөліскен ҚР Президенті Н.Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында: «15 жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есе өсті. Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың саны 7 есе азайды, жұмыссыздар саны екі есе қысқарды. Біз әлеуметтік бағдарланған қоғамның негіздерін қаладық. Біз ұлт денсаулығын жақсарту ісінде едәуір ілгерілеуге қол жеткіздік. Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін оны ұйымдастыру, басқару мен қаржыландыру жүйесі реформаланды. Соңғы бес жылда ана өлімі ш амамен 3 есе азайды, бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті. Білім алуға тең мүмкіндіктер жасалуда. Соңғы 15 жылда білім алуға жұмсалатын қаржы 9,5 есе өсті», – деп мәлімдеді.Сонымен, биылғы жылдың басты экономикалық жаңалықтарына тоқталсақ, қазан айының соңында ҚР «2012-2014 жж. арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы мақұлданды. Құжатқа енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2014 жылға дейінгі бюджет жобасында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына – 11,8 млрд. теңге, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына – 36 млрд., өңірлерді дамытуға – 66,9 млрд, ауылшаруашылығына – 4,9 млрд., индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына –15,1 млрд. ал адам капиталын арттыруға 39,1 млрд. теңге қарастырылып отыр. Биыл мұнайдың жылдық орташа бағамы барреліне 90 доллар көлемінде белгіленді. Елдегі инфляция 6-8 пайыз аралығында болады деп болжанып отыр. Макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау үшін алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қорды арттыру көзделуде. Осы орайда, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Данияр Ақышев 2011 жылдың соңында Қазақстанның халықаралық қоры 73 млрд. АҚШ долларына жеткенін көлденең тартты: «Оның ішінде Ұлттық банктің халықаралық резервтері 29,3 млрд. долларды құрады. Ұлттық қор активтері 43,7 млрд долларға дейін өсті». Бюджеттік жобаны талқылау барысында мемлекеттік қазынадан мемлекеттік тілді дамытуға бөлінетін қаражат көлемі де сөз болды. Осыған байланысты қойылған сауалған ҚР Мәденит және ақпарат министрі Дархан Мыңбай: Бірақ 2012-14 жылдары оң динамика байқалып отыр, әр жылға 5 миллиардтан қаржы бөлінеді, бұл жаңа жобаларды іске асыруға бағытталатын болады», – деп жауап берді. Биыл «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2012-2014 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы да қабылданды. Құжатты талқылау барысында Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері нақтыланып, ол 8 млрд. доллар деңгейінде бекітілді. Негізі трансферт көлемі экономикалық жағдайға байланысты 15 пайызға азаюы немесе ұлғаюы мүмкін.Әлемдік қаржылық дағдарыстың алғашқы кезінде Қазақстан экономикасына жағымсыз болжам білдірген рейтингтік агенттіктердің беті бүгінде бері қараған. Мәселен үстіміздегі жылдың 30 қарашасында Standard&Poor’s рейтинг агенттігі Қазақстан Республикасының егеменді кредиттік рейтингі «ВВВ+» деңгейінде рейтинг бойынша «Тұрақты» болжамымен мақұлданғанын мәлімдеді. Standard&Poor’s агенттігінің пікірінше, бюджеттің екі есе профицитін және ағымдағы операциялардың шотын қамтамасыз ете отырып, шикізат ресурстарының өсіп келе жатқан экспорты бұрынғысынша Қазақстан Республикасы экономикасының өсуін сақтайтын болады. Сонымен қатар, қаржы секторының айтарлықтай шартты міндеттемелері, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік компаниялармен байланысты борыштың өсіп келе жатқан деңгейі рейтингтердің деңгейін шектеп отыр. Осыған орай, Standard&Poor’s ҚР-ның шетелдік және ұлттық валютадағы міндеттемелері бойынша ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді дербес несиелік көрсеткішін «ВВВ+/А-2» деңгейінде бекітті. Ауылшаруашылық сұраныс төмендегенАлайда, экономикалық өсім туралы кереғар пікір де бар. Мысалы ATFBank Research есебінде «экономикалық өсімді белсендіруде ақша мен бюджет саясаты жеткіліксіз. Жолдарды, электр стансаларын салу, темір жолдар мен мұнай өндіру қуатын жаңғырту мұнай өндіру көлемінің артуымен бірге экономика өсімін жеделдетуі мүмкін. Бірақ бұл 2014 жылға қарай байқалмақ» деп көрсетілген. Банктің сарапшылары: «Қашаған» кен орнындағы «қара алтынды» өндіру 2013 жылы қолға алынғанмен, мұнайға қатысты ірі көлемдегі кіріс 2015 жылға қарай түседі. Соған қарамастан, «Қашаған» кен орнына байланысты мәселелер түйіні әлі шешілген жоқ» дейді. Мысалы ConocoPhillips өзіне тиесілі үлестің 8,4 пайызын 2013 жылдың басында Үндістанның ONGC Videsh компаниясына сататынын ескертті. Сонымен қатар 20 млрд. доллар инвестицияға иек артып отырған «Теңіздің» «Келешек өсім жобасы» да алдағы алты жыл ішінде отандық экономикаға тартылатын қаражат көлемін арттыруы тиіс. Ресми деректерге сүйенсек, алғашқы кезеңде «Қашаған» кен орнынан тәулігіне 370 баррель мұнай алынса, уақыт өте келе бұл көлем 450 баррельге дейін өсірілмек. Ораз Жандосов: «Мұнайдың әлемдік бағасы өте жоғары деңгейде болса да, экономика қарқыны қатты бәсеңдеді. Үшінші тоқсанда экономикалық өсім (жылдық меже) 3-4 пайыздан аспады. Оның үстіне, бұл көрсеткішті тұтынушылыққа қатысты салалар құрады. Экономикамызды әлсіретуге бағытталған ешқандай сыртқы ықпал жоқ. Соған қарамастан қаңтар-қазан айларындағы қысқаша мерзімдік экономикалық көрсеткіш небары 101,4 пайыз көлемімен шектелді. Ал жан басына шаққандағы нақты кіріс биылғы қазанда былтырғы қазан айындағы көрсеткіштен төмен болды (99,66%)».�Елімізге танымал экономист Ораз Жандосовтың пікірінше, экономикалық қарқынның бәсеңдеуіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, экономиканың шикізаттық емес саласы сыртқы тұтынуға, әсіресе экспортқа есептелген бөлігі бәсекеге қабілетті емес. Екіншіден, 2009-2011 жылдар аралығындағы бюджеттік қаражаттың өте тез өсуі (бір бөлігі дағдарысқа қарсы шараларға, енді бір бөлігі дағдарысқа дейінгі көрсеткіштерді қалпына келтіруге жұмсалатын қаражат) биыл айтарлықтай бәсеңдеген: «Бюджеттің кірісі онша тез көтерілмеді, тіпті шикізаттық саладағы өсім баяулап, кейбір жерлерде өндіріс қарқыны төмендеді. Бұл бюджеттің зейнетақы, жалақы, басқа да әлеуметтік төлемдерге кететін шығындары тұтынушылық шығындар көлемін арттырған. Биыл біз мұндай өзара сабақтастықты байқамадық. Егер қазан-қараша айларындағы бюджетке енгізілген түзетулерді қарасақ, бюджеттік шығындардың 2010-2011 жылдардағыдай өспегенін, керісінше, қысқарғанын аңғарамыз».
Биылғы Жалпы ішкі өнім көлемін ҚР Үкіметі мен Ұлттық банк 6-7 пайызға теңгерсе, Халықаралық қаржы қорының Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдері жөніндегі департаменті директорының орынбасары Юха Кяхконен Қазақстанның 2012 жылды 5,5 пайыздық Жалпы ішкі өніммен жабатынын мәлімдеді. Оның пікірінше, Қап тауы елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық келешегі жарқын. Яғни, 2013 жылы біздің ЖІӨ 5,7 пайызға артпақ: «Дәл осы елдер әлемдік нарықтағы мұнай бағасының тым жоғары болуы арқасында Қазақстан, Түркіменстан, Әзірбайжан мен Өзбекстан сияқты мұнай мен газды тасымалдаушы мемлекеттер экономикасы үздіксіз өседі». Көмірсутегілерге бай Қазақстанның экономикасы шикізатқа тәуелді. Бүгінде экономиканың өзекті салаларын дербестендіру сияқты маңызды мәселенің күн тәртібіне шығуы сондықтан. ҚР Статистика жөніндегі агенттіктің хабарлауынша, 2011 жылы Қазақстан экспортына тиесілі жалпы көлемнің 77,8 пайызын минералдық қорлар құраған.
Банктер тағы да ашкөздікке ұрынбауы тиісБилік халықты жұмыспен қамту мәселесінде бірқатар жетістікке қол жеткізгенін мақтан тұтады. Бірақ отандастарымыздың үштен бір бөлігі әлі күнге – «өзін өзі жұмыспен қамтығандар», яғни, екі қолға бір күректі өз күштерімен тапқандар. Мұның кемшілігі сол, жалақы деңгейі төмен әрі жүйесіз, бюджетке салық төлемейді, зейнетақы жинақтаушы қорларына ай сайын ақша аудармайды. «Жығылғанға – жұдырық», ауыл шаруашылығы саласында тер төгетіндердің саны әлі де тым жоғары: 40-45 пайыз. Ал егер Жалпы ішкі өнім құрамындағы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі үлесті сараласақ, небары 4-5 пайыз. Осыған қарап-ақ, ауылдағы ағайынның аузынан ақ май ағып отырмағанын білесіз. Халықаралық қаржы қорының Қазақстандағы миссиясы 28 қараша мен 5 желтоқсан күні Алматы мен Астана қалаларында өткізілген отырыста Қазақстан экономикасының өсімі биыл бәсеңдегенін, алайда ахуал тұрақты екенін мәлімдеген. Саябырсудың себебі ең алдымен отандық ауыл шаруашылығындағы өнім өндіру көлемінің күрт қысқаруы мен ішкі сұраныстың төмендеуіне байланысты. ҚР Статистика агентігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2012 жылғы қаңтар-қарашада ауыл шаруашылығы саласына тиесілі жалпы өнімінің көлемі 1816,5 млрд. теңгеге теңгерілген. Бұл 2011 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 18,5% кем. Рас, Үкімет агроөнеркәсіптік кешендерді жаңғыртуға, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қыруар қаржы бөліп, түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр. Бірақ шаруалар қауымы мемлекеттік іс-шаралардың көпшілігі «әп-әдемі ән еді»-нің керін келтіретініне қынжылады. Мысалы фермерлерге арнап лизинг бойынша несие берудің пайыздық мөлшерлемесіне қатысты шаруалар тарапынан наразылық жиі білдіріледі. Екінші деңгейлі банктердің көкейін кепілдікке қоятын пәтерлер теседі екен. Яғни кепілге қойылатын зат ретінде жер учаскесі, шаруашылық нысан т.б. болса да, көп банк Алматы мен Астананың орталығындағы пәтерлерге құмар көрінеді. Банктердің ашкөздігі жайлы жалпы билік те көп айтып жүр. Мәселен әлемдік экономиканы тығырықтан шығаратын жолды табуға мүдделі әрі міндетті G-Global ұйымын құру туралы бастама көтергенде Н.Назарбаев келешекте банктердің ашкөздікке ұрынбауын қатаң қадағалау қажеттігін айтқан. «Базалық экономикалық көрсеткіштер салыстырмалы түрде жоғары деңгейде сақталғанына және рейтингтік агенттіктердің жоғары баға бергеніне қарамастан, ахуалдың нашарлап кету мүмкіндігіне байланысты күтілетін қауіп бар. Бұл әлемдік экономиканың жағдайы қайта төмендеп кету мүмкіндігін, ширыққан ахуал мұнай бағасы мен Қазақстанның басты сауда серіктесі саналатын елдердің жағдайына кері әсер етуі ғажап емес. Тәуекелге толы аймақта Қазақстанның банк саласы да бар». Қор сарапшыларының айтуынша, банк саласының осал тұсы әлі де жиі. Ал несиелеу өсімі – бір қалыпты. Қаражат пен өтімділіктің жоғары деңгейде болғанына, рентабельдік көрсеткіштердің жақсарғанына қарамастан, жалпы борыштың 30 пайызына тең қызмет көрсетілмейтін несиелер көлемі төмендемей отыр. Осындай келеңсіздік қайталанбас үшін ресми органдар пруденциялық реттеудің кейбір талаптарын енгізді. Енді жуық арада «Базель-ІІІ» жүйесінің жекелеген элементтерін қабылдауды көздеп отыр.Ал банктер тәуекелдерді басқару жүйесі мен несиелеу тәжірибесінің күшейтілгенін хабарлауда. Соған қарамастан, құзырлы органдар тарапынан банктік қадағалауды күшейтуге қатысты жұмыстар үздісіз жүргізілуі тиіс. Ең алдымен сырттан келетін тексеруді жиілетіп, банктердің өміршең бизнес-жоспарларды жүзеге асыруға деген құлшынысын арттыру қажет. Банктердегі ахуалға қатысты пікір білдірген Ораз Жандосов отандық екінші деңгейлі банктердің ұлттық компаниялар тарапынан түсетін депозиттерге өте тәуелділігін көлденең тартты: «Әлемде қалыптасқан тәжірибе, банктердің қаржылық қоры халықтың салымына байланысты. Біздегі жағдай керісінше. Банктердің негізгі қаражат көзі заңды тұлғалардың депозиттері, оның ішінде ұлттық компаниялардың депозиттері саналады. Түсінбейтінім, сонша мол қаржыны банктерде сақтаудың не қажеті бар? Демек, олар қолдағы артық қаражатты қайда жұмсарын білмейді. Мұндай депозиттер банктерге де тиімді емес. Өйткені олар ұлттық компаниялардан келетін ақшаға қатты тәуелді».
«Игерілмеген ақша – иесіз игіліктер»Бюджеттік қаражаттың игерілмеуі жылда «жыр» болатыны мәлім. Сандық көрсеткіштерге жүгінсек, мемлекеттік бюджеттің шығыны 6 трлн. теңгеге жуық. Ал игерілмей қалатын бөлігі бірнеше миллиард теңге. Оның себебі, жоспарлаудың дұрыс жүргізілмеуі. Мамандар қауымы бюджетті түзу барысында оған құрылысы толық жоспарланып бітпеген бірнеше нысанның енгізілуі салдарынан жыл соңында қаражат игерілмей қалатынын көлденең тартады. Осыған орай, үстіміздегі жылдың қарашасында өткізілген үкіметтік отырыстардың бірінде Мәжіліс депутаты Ерген Дошаев өз сауалында мемлекеттік органдардың жоспарлау, бюджет қаржысын пайдалану мен игеру мәселесінде кемшіліктерге жол беріп жататынын алға тартты. Мәселен, 2007 жылдың 1 қаңтары мен 2012 жылдың 1 қазаны аралығында игерілмеген бюджет қаржысының көлемі 270 миллиард теңге болғанын айтты. Ал соңғы жылдардағы жағдайға келсек, 2011 жылы игерілмеген ақша көлемі – 42,9 млрд. теңге.
Ләйла Храпунованың
«қара тізімі»Үш жылдан бері құзырлы орган қызметкерлерінің құрығына түспей жүрген ҚР Статистика жөніндегі агенттіктің экс-төрайымы Анар Мешімбаева тағы бар. Кезінде ұлттық санақ жүргізу үшін бөлінген 750 млн. теңгені жымқырған Мешімбаева алғашқыда Мәскеуде жүрген екен. Бірақ Қазақстан мен Ресей арасында қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісім жасалысымен, Біріккен Араб Әмірліктеріне табан жалтыратқан. Бүгінде арабтар елінде шалқып жүрген экс-төрайымды тұтқындауға Қазақстаннан арнайы делегация аттанатын болған. Негізі БАӘ-де Мешімбаевадан басқа да қашқындар бар екен. Олардың көпшілігі бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер мен бизнесмендер. ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоганн Меркель: Қазіргі таңда Араб Әмірлігінде оншақты Қазақстан азаматы жасырынып жүр. Олардың көбісі мемлекеттік тендердегі былыққа қатысы бар шенеуніктер мен кәсіпкерлер. Әріптестеріміз оларды ұстап бере ме, жоқ па, бұл жағын білмеймін», – деді.
Швейцария мен Ұлыбританияда із жасырған Алматының экс-әкімі Виктор Храпунов пен Мұхтар Әблязовті елге әкелу әзір мүмкін емес. Өйткені Еуропалық Одақ ЕО-ға мүше мемлекеттерді паналаған 1600 қашқынды ұстап беруге құлшынбайды. Себебі түсінікті: Қазақстаннан алып қашқан мол қаражатты олар сол елдердің қазынасына құюда. «Күлшелі бала сүймекке жақсы болғандықтан», біздің құқық қорғау органдары қылмыскерлерді құрықтауға қауқарсыз. Осы оқиғаға байланысты Иоганн Меркель: «Талай мәрте өтініш жібердік. Барлығы да аяқсыз қалды. Өйткені Еуропалық Одақ өзінің құрамына кіретін мемлекеттердің қылмыскерлерді қайтару бойынша Қазақстанмен келісім жасауын құптамайды», – деп ағынан жарылды. Прокурорлар осылайша пұшайман халге түссе, экс-әкімнің жұбайы Ләйла Храпунова сайт ашып, оған өзі, күйеуі және балалары туралы жағымсыз нәрсе айтқан БАҚ пен журналистердің, кейбір шенеуніктердің тізімін жасапты. Бір қызығы, «қара тізімге» қазақтілді БАҚ пен қазақ журналистері ілінбеген. Бұл сірә, Храпуновтар отбасының мемлекеттік тілге шорқақтығынан және Виктор Вячеславовичтің «қазақшасы» сол баяғы «Ассалаумағалейкум»-нан аса алмағандығынан болса керек. 2003-2007 жылдар аралығында Швейцария мен оффшорлық аймақтардағы шетелдік есепшоттарына 48 млн. доллардан астам (7,7 млн. еуро) қаражатты аударған Храпуновтар отбасына алданған кәсіпкерлер қатары артып келеді. Осынау отбасыға халықаралық іздеу жарияланып, Женева қаласының прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Басты мақсат – Швейцария экономикасына салынған мол қаражатты Храпуновтардың қайдан және қалай алғанын анықтау. Құзырлы органдардың құрығынан ағылшындар елін сағалаған Мұхтар Әблязов та құтылмады. Лондонның Жоғарғы соты қарашаның соңында экс-банкирдің қорындағы 2,1 млрд. долларды «ТұранӘлем» банкіне келтірілген шығындардың өтемақысы ретінде қайтаруға шешім шығарды. Әлбетте, мұндай шешімге Әблязовтің қарсы шыққаны анық. Ол сот шешіміне қарсы апеляциялық шағым түіретінін мәлімдеді. Ал «ТұранӘлем» банкіндегілер 2,1 млрд. Доллар қаржылық ахуалымызды жақсартуға жақсы көмек деп алақандарын ысқылап отыр.Шет елге
«қашқан» қаражатБиылғы жылдың басты экономикалық жаңалықтарының бірі – шекара асқан ақша. Ақша болғанда да, заңсыз ақша. Оның көлемі де қомақты – 148 млрд. доллар. Салықтан жалтарып, қыруар қаражатты шетелдік есепшоттар мен оффшорлық аймақтарға жасырған Қазақстан азаматтарының саны жыл өткен сайын артпаса, кемитін емес. Үстіміздегі жылы Tax Justice Network («Салықтық әділеттілік жүйесі») ұйымының тапсырысы бойынша дайындалған зерттеу халықаралық олигархтардың 21 трлн. доллары түрлі оффшорлық аймақта сақтаулы жатқанын анықтады. Аталған зерттеу жұмыстарын жүргізген The Price of Offshore Revisited («Оффшорлар бағасы туралы мәселе») тақырыбына есеп дайындаған McKinsey консалтингтік фирмасының бұрынғы бас экономисі Джеймс Генри қалталылар қауымы салықтан жалтарудың арқасында АҚШ пен Жапонияның ЖІӨ-не тең келетін бұл соманы 21 трлн. емес, 32 трлн. долларға дейін жеткізуі әбден мүмкін екендігін айтады. Оның басты себебі, Базельдегі Халықаралық есеп банкі, Халықаралық қаржы қоры, Дүниежүзілік банк пен ұлттық үкіметтер тарапынан берілген мәліметтерді пайдаланған сарапшының айтуынша, ол банктер мен инвестициялық есепшоттарда сақталған қаражатты ғана есепке алған. Ал жылжымайтын мүлік немесе яхта сияқты басқа активтерді қоспаған. Қомақты қаржыны дүние жүзінің түкпір-түкпірінен оффшорлық аймаққа аударуға жекеменшік банктер, инвестициялық, заңдық, бухгалтерлік қызмет көрсету саласының мамандары көмектеседі екен. Жер шарының 139 мемлекеті қамтылған Генридің зерттеуінде Қытай, Ресейден кейін Оңтүстік Корея ($779 млрд.), Бразилия ($520 млрд.), Кувейт ($496 млрд.), Мексика ($417 млрд.), Венесуэла ($406 млрд.), Аргентина ($399 млрд.), Индонезия ($331 млрд.), Сауд Аравиясы ($308 млрд.) тұр. ТМД елдері мен орталықазиялық аймаққа келсек, оффшорлық аймақтағы ақшасы көп мемлекеттер арасында Қазақстан мен Әзірбайжан топ жарған. 1990 жылдан бері елімізден 138 млрд. доллар шекара асса, әзірбайжандар елінен шыққан қаржы 48 млрд. долларға тең. 2012 жылдың жазында Мәжілістегі үкіметтік сағатта Сейшел аралдарына Қазақстанның 300 млн. доллар қарыз болғаны жайлы мәселе көтерген депутат Нұртай Сабильянов ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішевтен: «Ең қызығы, Қазақстан аралдар алдында да қарызға батқан. Сонда бұл не қылған қарыз? Меніңше, фирмалардан алған борыштар. Мәселен Бермуд аралдарына біз орасан зор көлемде берешекпіз. Мәселен сіз естімеген болсаңыз, Геримсей деген арал бар. Қазақстан осы аралға 32 млн. доллар қарыз. Яғни менің пайымдауымша, Қазақстан бұл аралдарға берешек болмауы тиіс», – деп сұрақты төтесінен қойған. Бұл сауалға министр: «Бүгінде шет елдерден қарыз алатындардың барлығы қандай да бір қаржылық құрылымдардың көмегіне жүгінеді. Аталған қаржылық құрылымдардың бір бөлігі оффшорлық аймақтарда, оның ішінде, аралдарда тіркелуі мүмкін. Әңгіме қарыз алудағы елдік құрылымдар туралы болып отыр. Мұндай құрылымдар оффшорлық аймақтарда тіркелген мекемелерге тиесілі. Бұдан туындайтын қиындық жоқ», – деп жауап берді. Жәмішевтің пікірінше, Қаржы министрлігі үшін елімізде жұмыс істейтін кәсіпорындардың кірісті сыртқа алып кетпегені, оффшорлық компаниялармен әрекеттесе отырып, салық көлемін төмендетпегені маңызды екенін көлденең тартқан. Ал қарызды кімнен алдың, қашан алдың, несие берушілер оффшорлық аймақта тіркелген бе, жоқ па деген сауалдар аса бас қатыратын шаруа емес. Өйткені Қазақстан экономикасына одан келетін зиян жоқ-мыс. Жәмішев қалай жақауратса да, «батпан құйрықтың» кезінде шетелдік қаржылық құрылымдардан бей-берекет несие алып, Қазақстанды қарызға белшеден батырған ұлттық компаниялар мәселесі күн тәртібіне шығардық. Сол берекесіздіктің салдарынан, бүгінде әр қазақстандықтың мойнында 7 422 долларлық борыш бар. Алдағы жылдар еншісінде тұрған басты міндеттердің бірі ел экономикасына кері ықпал еткен сол қарызды қайтарудың жолын табу және тағы да ашкөздікке ұрынбау.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ