ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІ ТУРАЛЫ АЙҒАҚ-КІТАП
ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІ ТУРАЛЫ АЙҒАҚ-КІТАП
Биыл Желтоқсан көтерілісіне – 26 жыл. Бұған дейін Қазақ мемлекетін Тәуелсіздікке бір адым жақындатқан көтеріліске қатысты тың деректер мен мақалалар басылым беттерінде жарияланып келеді. Ал әр жерде шашырап жатқан дүниені жинастырып, арнайы кітап етіп құрастыру үлкен еңбек.
Белгілі журналист Талғат Айтбайұлы «Алматы 1986 Желтоқсан» атты айғақ-кітапты құрастырып, жарыққа шығуына мұрындық болып келеді. Биыл бұл кітаптың 6-томы тұсауын кесті. Айғақ-кітаптың 6-шы томына енген материалдардың дені көтерілістің ширек ғасырлығы аталып өткен жылы жазылып, республикалық, облыстық мерзімдік басылымдарда жарық көрген дүниелер. Қатысушы қаһармандардың аузымен айтылып, боямасыз үлгіде қағазға түскен естеліктердің бәрінің арғы жағында қазақ халқының басынан өткен сол бір сұрқай шақтың ащы шындығы жатыр. Уақыт – емші, ол бәрін жазады дейміз ғой. Алайда жазылмайтын жан жарасынан айығу қиын екен. «Неге олай?» дерсіз сіз де. Міне, осы сауалдың жауабын, себеп-сырын сексен алтының желтоқсанында ұлтының намысы үшін алаңға шыққан қыз-жігіттердің ашына айтқан, жазған әңгімелерінен анық аңғарасыз. Бір өкініштісі, «Тоғанай Т» баспасынан жарық көрген құнды кітаптың таралымы 100-ақ дана. Оқырман жүрегінің қылын шертетін еңбек еліміздің кітапханаларына да жетпейтін түрі бар. Желтоқсан көтерілісіне қатысты тың дүниелерден тұратын кітапты жеке адамдар емес, мемлекеттің арнайы қолдауымен жарық көргені құба-құп болар еді деген ой да жоқ емес.
Д. ДҮРМӘН