Жаңалықтар

ТИІМДІ ТЕТІК ТУРАЛЫ СӨЗ

ашық дереккөзі

ТИІМДІ ТЕТІК ТУРАЛЫ СӨЗ

Жуырда Астанада Бас редакторлар клубы тағы бір игі шараның ұйтқысы болды. Бұл жолы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры басшылары мен отандық БАҚ жетекшілері өзара сұхбат құрды. Бір қуанарлығы, дөңгелек үстелде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ аппарат жетекшісі Ұлан Тәжібаев, кадр департаментінің бастығы Гүлмира Райысова, осы қор жанындағы әлеуметтік серіктестік орталығының директоры, белгілі саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов өндіріс ошақтарындағы кадр саясаты, әлеуметтік карта, еңбек дау-дамайын тиімді жолмен шешу мәселелері жөнінде өз ойын ортаға салды.

Нұрлан Ерімбетовтің айтуынша, ұлттық әл-ауқат қоры еліміздегі еңбек саласындағы дау-дамайды бағалау жүйесін өзгертпекші. «Мысалы, біз халықтың арасына барып, келіссөздер жүргізетін 180 медиатор дайындап жатырмыз. Тіпті қажет деген мамандарды шетелдерден шақыртып, сабақ аламыз», – деді ол жиында. Сондай-ақ, Нұрлан Кенжебекұлының айтуынша, біздің елде осындай түсінбеушілікті зерттейтін тетік жоқ. Ал Ұлан Тәжібаев«Самұрық-Қазына» қорының барлық деңгейдегі қарым-қатынастарды бір жүйеге келтіруге ниеттеніп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша өндіріс орындарындағы, аймақтардағы бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін арттыру керек. Бұл орайда, «ҚазМұнайгаз мұнай өндіру» АҚ-ның басшысы Алик Айдарбаевты үлгі етуге әбден болады. Өйткені, ол жұмыс кеңсесі Астанада болғанымен көп уақытын өндіріс орындарында болуға бөледі. Әрбір кен орнына барып, жұмысшылармен сөйлеседі. Ал, Гүлмира Райысова байқаулардың көптігіне қарамастан, маман тапшылығы өткір мәселе екеніне тоқталды.

Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай мұндай келелі кеңес еліміздегі ірі компаниялар мен БАҚ арасындағы қарым-қатынасты жандандыруға септігін тигізетінін атап өтті.

Мейір ДОСАН

Астана