ЖЕР АСТЫНДАҒЫ ЖҮРГІЗУШІ
ЖЕР АСТЫНДАҒЫ ЖҮРГІЗУШІ
Автокөлік жүргізушілердің ішінде де жер бетінде және жеті қат жер астында көлік жүргізетін болып бөлінетінін бұрын талай естіп жүрсек те, дәл солай еңбек ететін азаматтармен кездесудің сәті енді түсті. Ол Батыс Жезқазған кенішінің №55 шахтасының №10 учаскесіндегі жер астында өздігінен жүретін машинаның жүргізушісі Ақаев Ержан Сәкенұлы еді. Ерекеңнің өзімен ауысымға түсер алдында кездестік.
Орта бойлы, шымыр денелі ширақ жігіт жұмыс барысы жайлы сұрағанымызда, бірден шешіліп сала қойған жоқ. Алғашқыда «Осындағы жігіттермен бірдей еңбек етіп келемін, осы жігіттерден озып кеттім дей алмаймын» деп қарапайымдылық танытқан Ержанды осы кеніштің «Кәсіп Қазақмыс» кәсіподақ комитетінің төрағасы Мұрат Бабақов: «Ерекең қарапайым, негізгі жұмысына қамшы салдырмайды. Осындағы озаттардың алдында жүрген азаматымыз», – деп және бір көтермелеп қойды. Кәсіподақ комитетінің төрағасы мақтаса да Ержан елп ете қалған жоқ. Қайта сәл-пәл қызарақтап, «Дұрыс қой, дұрыс» деп оны қоштағанымен, өзі туралы әңгімені іліп алып кетпеді. Оның мұнысы іске мығым, сөзге сараң, шаруаға берік жанның жарқын жүзін танытқандай еді. Әңгіме барысында оның өзін-өзі мақтаудан гөрі әріптестері жайлы осындағы жұмысты қыздырып жүрген жігіттер туралы сөз қозғағанда тосылмай төгілтіп кететінін де аңғардық.
Негізгі жұмыс кеншілердікі ғой. Ал, біз жер астындағы өздігінен жүретін автокөлік жүргізушілері оларға – кеншілерге қызмет көрсетушілерміз. Жеті қат жер астында бұрылысы тар, бұлталағы көп жартасты ойқыш-ойқыш жолмен тас қараңғыда жол тауып жүру айтуға да оңай емес. Жер бетіндегі автобус жүргізіп жүргендерге таң қалам. Қалай десе де, жер бетінде емін-еркін ғой. Ал, адымдай-адымдай жерде айналымы тар орында автобусты шыр көбелек айналдырып, ырқыңа көндіру, жартастың ішімен жүру әрі қауіпті, әрі жауапкершілігі өте жоғары, – деп Ержан Сәкенұлы өзінің атқаратын қызметі жайлы сыр шертті.
Оның осы шағын бір-екі ауыз сөзінен-ақ көп жайды ұққандай болдық. Ол он сегіз адамдық «Пауст» автобусын жүргізеді екен. Жер астындағы белгіленген жолдармен кеншілерді жұмыс орындарына жеткізеді. Тас қараңғы шыңырауда жол тауып жүру жаяу адамға да оңай емес. Ал, үлкен автобусты қалауынша бұрып, шыңның үстінде шыр көбелек айналдыру шын шеберлікті талап етеді. Ержан осы талап үдесінен тапжылмай көрініп келе жатқан жан. Ол бұл жетістікке оңай қол жеткізген жоқ. Еңбек жолын алғашқыда электр дәнекерлеуші болып бастаған екен. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгеннен кейін мектеп қабырғасында алған жүргізушілік және дәнекерлеушілік мамандығы бойынша жұмысқа орналасуды қалайды. Осы мақсатпен ол Батыс Жезқазған кенішіне жұмысқа келеді. Жас жігітті алғашқыда электр дәнекерлеушілікке қабылдайды. Бұл істе бес жыл еңбек еткеннен кейін кеніш әкімшілігі, шахта басшылығы тындырымды, тыңғылықты жігітті арнайы жолдамамен «Д» категориясын алу үшін автокөлік жүргізушілер курсына жіберіп алады. Аталған курсты ойдағыдай аяқтап, өзінің шахтасына қайтып келген Ержан содан бері он бес жыл бойы табан аудармай осы жер астындағы автобусты тоқтатпай, кідіріссіз жүргізіп келеді. Бір жерде, бір ортада жиырма жыл үзіліссіз төккен тері жемісті. Оны әріптестері де, қатарлары да, басшылық буыны да орынды мақтан етеді. Мақтан ететіні ол техниканың тілін жетік біледі. Өзіне бекітіліп берілген автобусты күтіп-баптап ұстайды. Осының өзінен-ақ үнемдеу мен ұқыптылықтың арқасында техникаға жұмсалар қаражатты айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал тоқтаусыз жүрген автобус негізгі кен өндірушілерді жұмыс орнына мезгілінде апарып, уақытында алып қайтады. Демек, кеншілердің керемет табысында Ержанның да елеулі үлесі бар екені дау тудырмайтын шындық. Жиырма жыл ішінде бірде-бір рет техникасына ақау түсірмей тұрақты жүріп-тұруын қамтамасыз етуі де – көпке үлгі. Орталарында осындай тындырымды жанның болғанына кеншілер де дән риза. Ұйымшыл ұжымның үстіміздегі жылды толымды табыспен аяқтауында Ержанның да еңбегі бар. Ендеше осындай озаттары көп ортаның тың табыстарға жете беретініне еш күмән жоқ.
Батырбек МЫРЗАБЕКОВЖезқазған қаласы