Жаңалықтар

КҮЗЕТ КҮШЕЙМЕСЕ, ҚЫЛМЫС АЗАЙМАЙДЫ

ашық дереккөзі

КҮЗЕТ КҮШЕЙМЕСЕ, ҚЫЛМЫС АЗАЙМАЙДЫ

Өткен аптада Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің мәжіліс залында ОІІД бастығының орынбасары Әмірбек Шаймағамбетовтың төрағалық етуімен семинар кеңесі болып өтті. Кеңестің негізгі мақсаты облыс көлеміне орналасқан жанармай бекеттері мен компьютерлік клубтарда орын алған ауыр қылмыстардың себептері мен мән-жайлары және аталмыш мекемелердегі қылмыстардың алдын алу, оған жол бермеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды саралау болып табылады. Аталмыш басқосуға ОІІД Әкімшілік полиция, Экстремизмге қарсы күрес басқармалары, Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы және Жеке күзет субъектілерінің басшылары және компьютерлік клубтар мен кафе-мейрамханалардың иелері қатысып, қылмыстардың алдын алу мәселесі бойынша жан-жақты пікір алмасты.

Семинар кеңестің өткізілуіне себеп болған негізгі жайт, соңғы уақыттарда облыс көлеміндегі жанармай құю бекеттері мен компьютерлік клубтарда, сондай-ақ көпшілік көңіл көтеру орындарында қылмыстардың көптеп орын алуы болып отыр. Жыл басынан бері кафе-барларда – 230, базарларда – 126, компьютерлік және бильярдтық клубтарда – 46, жанармай құю бекеттерінде – 6 қылмыстық оқиға тіркелген.

Жиында сөз алған ОІІД Әкімшілік басқармасының бастығы Ғ.Тұрсекеев «Күзетілетін аймақтарда террорлық іс-әрекеттердің алдын алу тәртібі» тақырыбында баяндама жасап, күзет агенттіктерінің басшыларын қылмыстардың алдын алу жолдарымен қанықтырды. Мұнан соң да бірқатар басқармалардың басшылары сөз алып, күзетілетін аймақтарда орын алатын қылмыстардың алдын алу мақсатында өз ойларын ортаға салды.

Өз кезегінде кеңес төрағасы Ә.Шайма­ғам­бетов облыс аумағындағы күзет агенттік­терінің жұмысын қатаң сынға алды.

– Қоғамдық орындар мен ойын сауық орталықтарындағы бүгінгі таңда қызмет атқарып жүрген күзет қызметкерлерінің берісі өздерін жұмыс уақытында қалай ұстау керектігін білмейді. Сондай-ақ олардың көбіне іс қимылдарының жүйесіздігі байқалады. Онымен қоса көптеген жанармай құю стансалары мен компьютерлік клубтар, ойын-сауық орталықтарындағы бейнежазбаларды жазатын бейнебақылау құрылғылары жоқтың қасы, өте сапасыз. Күзет қыметкерлері алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуді де білмейді, – деп Әмірбек Бердібекұлы күзет агенттіктері қызметіндегі біраз кемшіліктерді айтып, мәселенің шешу жолдарын қарастыруды ұсынды.

Сөз соңында ОІІД-нің барлық басқар­ма­лары мен жекелеген күзет агенттіктері бір­лесіп жұмыс атқаруға күш салатын болып, алдағы уақытта қылмыстардың алдын алу ортақ міндет екендігі айтылды. Оған қоса ОІІД бастығының орынбасары Әмірбек Шаймағамбетов қала аумағындағы қолма-қол сауда жасау орталықтарының қауіпсіздігін күшейту мақсатында жол полиция басқармасының қызметкерлерінің қызметтік орнын жанармай құю стансаларының маңына жақындатуды тапсырды. Ал, қалааралық, облысаралық жолдардың бойындағы жанармай құю стансаларының қауіпсіздігін сақтау үшін үлкен жолдын бойындағы жол полициясы қызметкерлері әр 2 сағат сайын аталған нысандарды аралап, қауіпсіздігін тексеріп тұрмақ. Семинар кеңес төрағасы Ә.Шаймағамбетов бұдан бөлек тағы да өзекті мәселелерді ортаға салды.

– Қазіргі таңда қалада орналасқан жанармай құю стансаларының барлығында дерлік, сауда орындарында, тағы басқа да көпшілік орындарда автокөлік қоятын автотұрақ жоқ. Қауіпсіздік бекінісі күшейтілмеген. Күзет агенттіктері ақпаратты өте баяу қабылдайды, кешіктіріп береді. Осының салдарынан қылмыскерлерді құрықтау қиынға соғады, – деп тағы бір мәселені тілге тиек етті. Аталған мәселелерді шешу үшін Ә.Шаймағамбетов облыстық прокуратура жанындағы құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесіне бірнеше ұсыныс жолдайтынын жеткізді.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ