Жаңалықтар

Тәуелсіздік жылнамасындағы кітаптар

ашық дереккөзі

Тәуелсіздік жылнамасындағы кітаптар

ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай осы жылы жарыққа шыққан кітаптарды халыққа таныстыру мақсатында ашық есік күні өткізілді.

Ашық есік күні аясында «Қазақстан Тәуелсіздігі жылнамасындағы кітаптың рөлі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге 2012 жылы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарық көрген қазақстандық кітаптар мен Алматы қаласындағы «Алматыкітап», «Мектеп», «Көкжиек», «Атамұра» сынды еліміздің жетекші баспаларынан шыққан кітаптар қойылды. Аталған көрмені ұйымдастырудағы негізгі мақсат – елімізде соңғы бір жыл ішінде дүниеге келген жаңа кітаптармен оқырманды таныстыру, кітаптың авторлары, баспагерлер және оқырмандар арасына көпір орнату. Жазушының жазған кітабын қабылдайтын да, қабылдамайтын да халық. Ендеше, кітапты жазушы жазып шығарғанмен, шын тағдырын шешетін төреші де сол халық. Сондықтан, бір жыл ішінде жарық көрген құнды дүниелерді оқырман назарына ұсыну дұрыс қабылданған шешім. Көрмеде жұртшылыққа ұсынылған туындылар қатарынан ақын-жазушылардың мерейтойлық әдебиеттері, балаларға арналған шығармалар, діни кітаптар орын алған. Сонымен қатар, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік белестері», «Бейбітшілік кіндігі», «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында» сынды еңбектері де көрмеден табылды.

Тәуелсіздік күні қарсаңында өткі­зіл­ген ашық есік күні барысында ұйымдастырылған келелі істің бірі – «Мәдени дәстүр мен инновация кеңістігіндегі баспа ісі» тақырыбындағы дөңгелек үстел. Дөңгелек үстелде кітап шығару ісі, баспа ісінде стандарттарды дұрыс пайдалану, кітап нарығын дамыту мен қолдау мәселелері көтерілді. ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы мен қазақстандық баспагерлер дөңгелек үстел барысында соңғы уақытта жарық көріп жатқан кітаптардың шығару мәліметтерінің дұрыс болмайтындығын, стандартқа сай емес екендігін айта келе, баспа ісінде белгілі бір мемлекеттік жүйе мен стандарттар енгізу қажет деген шешімге келді. Дөңгелек үстел соңында ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы ҚР Ұлттық кітапханасы мен еліміздің біршама баспаларын кітап шығару ісін дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс хаттармен марапаттады.

Шара барысында елімізге белгілі ақын-жазушылар Қуандық Түменбай, Амантай Ахметов, Алмат Исаділ жас оқырмандармен кездесті. Жастарға бар білгендерін үйреткен аға буын өкілдері өз туындыларын оқырман назарына ұсынды. Ағаларының ізін басамын деген жас ақындар да жиналған қауымға жыр жолдады. Кездесу соңында ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы қаламгерлерімізге «Кітап мәртебесін арттыруға қосқан үлесі үшін» арнайы мақтау қағаздарын табыс етті. Ал, көпшілік алдында өнер көрсеткен мектеп оқушыларына түрлі кітаптар үлестірілді.

ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті ұйымдастырған шара соңында Алматы қаласының бірқатар кітапханалары мен М. Мақатаев атындағы №13 орта мектепті, №159 көпсалалы гимназиясын, Ш. Уәлиханов атындағы №12 көпсалалы гимназияны, №161 қазақ гимназиясын арнайы мақтау қағаздарымен марапаттап, мектеп кітапханаларына еліміздің баспаларынан шыққан кітаптарды тегін таратты.

Әсел Әнуарбек