Жаңалықтар

ТАСТАНДЫ БАЛА

ашық дереккөзі

ТАСТАНДЫ БАЛА

Жаратушы Иеміз барша ғаламатының ортасындағы оймақтай ойшыл адамзатына ерекше ғажайыпты дарытқан. Бойына ұлы аманатын жасырып, ойына киелі қасиетін тұндырған.

Негізі, адамдарды бір-бірінен ажыратып, тағдырларды ерекшелейтін Алланың тылсым қасиеті. Сондықтан, адамзат үшін қасиет жоғалту – ең үлкен қасірет. Адамзат жүрегінен ешқашан бас тарта алмайды. Өйткені, оның қағысы мен тынысы құлшылыққа бағыт. «Алланың ұлы бақыты бала емес пе» деп үзілген ана, «Біреулер Құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан Құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?» деген Абайдың «Адам болып келу оңай, адам болып кету қиын» дегеніне ден қойсын. Бәріміз де анадан тудық. Сахих хадистегі үш қараңғыны яғни аққан су – нұтфа, ұйыған қан – ғалақа, кесек ет – мұдғаны басымыздан өткердік. Бір қызығы, ана жүрегінен бәріміз өзектенсек те, мейірімділікті білмейміз. Тіпті, адамнан адам шығарған Жаратушының бақытынан есеңгіреп, қуыс кеуденің қаңыраған жанына өзгені таңсық етеміз. Кезінде шаңырағында жыпырлаған қара домалақ балаларынан қазағымның басы айналғанымен, бақытынан айрылмаған еді. Жайлаудағы азан-қазан болған малымен қоса шуласқан күс-күс алақан мен табандар сол кезеңнің нағыз өмір жолын шаңдатушылар болатын. Қазір шуылдақтар бастан да, бақыттан да ажыратылды. Алланың бағытынан адаспай анасының жүрегіне жеткенімен, алдағы жарығын көрмей, өз шаранасына тұншығып, өз ішегіне оратылып, өліммен қауышып жатыр. Тіпті, қара жерге аруланбай немесе мылжалана дәретхананың тесігіне тасталуда, болмаса жетімдер үйінің есігінде, қатігездің тырнағына ілінуде. Біле білгенге, тіршілігін үзіп, ғұмыры қиылған шарана қайтадан Алланың алақанына өткенде періште күйінде қалады. Жүрегінен жұлған анасы орнына Алла тағала мейірімге алып, жұмаққа жібергенде, «Жаратқан Ием, менің жер басып жүрген әкем мен шешем бар. Олардың қателігін кешіре гөр. Жұмаққа бірінші солар енсін» деп, сұрана әрбір бұрыштан сығалап, әке-шешесін күтіп жүреді екен. Ал, алды-артына қарамастан тайраңдаған анасы мен әкесі болса, ол періштені есіне де алмайды. Енді ойлаңыздар, кімнің кімге өкпесі бар, оның ішінде заманын тарылтып, жалаңаштанған мұсылман қыз-келіншектерінің ары кімге керек?

«Біреудің жанын қимаңдар, бір адамды өлтірудің күнәсі – барлық адамды өлтірумен тең, қиямет күні күнәсіз өлтірілген балалардың есебі сұралғанда…» дейді қасиетті Құран. Америка елінің белді бір дәрігері әйелдер емханасында өмір бойы жасанды түсік /аборт/ жасаумен келген. Ісіне аса мән беретін әлгі әйел кезекпен жасалынатын түсікті ультра дыбыстық жүйеге түсіруді ойластырыпты. Кейіннен бұл ісіне өкінуге шамасы жетпей қалады. Себебі, іштегі шарана сырттағы жамандықты бірінші сезіп, өзіне қарай төнген қауіптен қашып, анасының жүрегіне ұмтылады. Бәрінен бұрын таспаға жазылған сол баланың шырқыраған жан дауысы дәрігердің тұла бойын түршіктіріп, түйсігіне ауыр әсер етеді. Осылайша бес аспап дәрігердің құлағынан өтіп, жүрегін шымырлатқан уыз баланың обалы қалған ғұмырын ес-түссіз етіп, құсалықпен күні өткен. «Жерде жатқан нанды көтер, қарғыс атады» деген ата-әжелеріміздің ұлы дінмен ұласқан тәрбиесі біздерге жердегі нанды көтертеді. Бұл ұлағат та қазір ұрпаққа ұмыт қалып барады. Дегенмен, бүгінде жердегі нанды да, Алланың бақытын – баласын да көтеру кейбір мұсылман әйелі мен еріне қиындық болып жүргендей. Неге, себебі баба тәрбиесі үзілген, соған қарай Жаратқан Алла да берерін азайтқан тәрізді. Өйткені жердегі нанды көтеруге белі бүгілмей қалған қыз-қырқынның ойы далада, арманы қалада, жаны жағада, тәрбиесі айдалада. Ошақ анасы болуға жаратылған санасын жыртып, бала бітер белін қымша белдікпен буып тастаған. Осы келбетіне орай, мұсылман ері де қарақан басын ойлауға көшкен. Жеңіл жүрісті шақырып, жауапкершілікті қашырып, алдап соғуды асырып, ақылды қысқартып, сезімді өткінші етуде. Тіпті, тән ләззатын бір күндік ермекке айналдырған. Ал, қыздарымыз «Алданып қалдым» дейтін бір ғана себеппен өзін ақтап алмақ. Сонда, болған істің бояуын сіңдірген екі жастың ата-анасы қайда? Қазіргі тастандының ауыр тағдыры қате істеріне қымсынбай, үлкеннен өтірік ұялған, ардан безінген, өмірін қорлаған жастарымыздың тірлігінде жатыр. Бұған кім кінәлі? Ұрпақ ұясын тырналатып, жатырын күрекпен күреткен жас өрім қыздарымыз ақсақ денсаулығымен келешекті жалғастыра ала ма. Ұрпақ қайда, қыз қайда, жалғастырар ұл қайда? Тіпті, шырылдатқан шала жансарын балмұздақ етіп, жауыздыққа бет алған қыздарымыз болашағын тоңазытқышқа қатыра бастады. Бұл нәубетті басымыздан тыныш қана өткізіп, қыздарымыздың ауыр қылмысына немқұрайлы қарап, жасырғанымыз аздай, тіпті ақтауға көштік. Рас, болашақ ананың өміріне қауіп төнсе, баланы алдыртуға дініміздің рұқсаты бар. «Өз балаларыңды бағып-қағудан қорқып, ризығын тауып беруді қиынсынып, оны өлтірмеңдер» деген ардақты (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың хадисі бар. Бәріміз дүниеге келгенде Алланың несібесін арта келгенбіз. «Сен туған жылы қар көп, көктем көкорай, шүйгін шөп, алқапқа егін сыймаған. Күздік сиырымыздың өліп қалғаны болмаса, қырқалар киікке толы, етіміз дәмді болған» деген атамның сөзі әлі күнге есімде. «Бір қозы туса, бір жусан артық шығады» деген нақыл бар. Сол сияқты, әр баланың өзімен келетін бір қуанышы мен жарты қиындығы болады. Отбасыға қиындықсыз қуаныш, баласыз бақыт орнамайды. Түйсіктіге, бала қиындық емес, ол бақыт. Бақытты асырау жеңіл болса, жетілдіру әлбетте оңай емес. Қазір қызық пен күйіктің заманы. Бақытымыз азайып, ізгі жолымызды қуатындар қалмай барады. Жаһилетте, яғни ислам діні келерден бұрын адамдар қыздарын тірідей жерге көмсе, бүгінде ана жатырындағы сәбидің өмірін қидырғаны сонау жаһилдіктегі озбырлықты жандандырғандай. Өмірде еліне «Тастанды» атанған баланың ызасы жөргегінде өсірген жалғыз атасының мейірімін сезбестен, қатігездігімен туған әкесі мен анасын іздеп, бірін өмірге жығып, бірін өлімге құлатқан кезеңдер де өткен. Ана мейірімі мен әкенің тәрбиесін көрмеген жүрек қасіретті келеді. «Қолыма қалай келдің, солай кеттің» деп, сол тастандысының өліміне тіпті, қарт көңіл жас шығара алмаған. Арада қарғыс деген бар. Алланың қарғысын алғыс етіп, Одан жасыратын айланы еш адам ойлап таппас. Қазіргі иманынан жұрдай болған қатігез адамның улы санасынан заман бұзылды. Балауыз сезімдер бақытын табытқа айналдыруда. Халқымыздың көбеюіне жағдайлар елімізде жасалынған. Туғанынан балиғат жасына дейін қамқорлыққа алған мемлекетіміздің ауқымды шаралары тіпті, үйіндегі үлкенін, ішіндегі баласын асырауға ерінген немесе ұят көрген тастандысына жетімдер мен қарттар үйін, иманына ерген жастарға мешіт пен медреселер ашылуда. Ана мен балаға қамқорлық, мектептегі ыстық тағам, үлкен оқу орнындағы жеңілдіктер мен жаңа отбасыларға алғашқы көмек көрсетіліп келеді. Сондықтан, қазіргі жастарға, әсіресе болашақ аналарымыз, мұсылман қыздарына айтарым, ойнақтап жүріп от бассаң, бақытыңды өлтірме, оған өмір бер. Оны әр түпке лақтырма, құрығанда жетімдер үйіне өткіз. Баба тәрбиесін алған ел басындағы басшыларымыз бен еліміздің жетімін жылатпауға қауқары мен мейірімі, Аллаға шүкір, жетеді. Асырауға қиналарсың, бірақ өткінші қиындыққа мойыма, оған бола еңсеңді түсіріп, бақытыңнан айрылма. Перзент «Фитра» яғни таза пәкиза. Некелі яки некесіз дүниеге келгені де баланың бетіне ешқашан басылмайды. Сондықтан, Алланың қалауына қарсы келме, себебі бүгінгі сендер ертеңгі ел басқаратын азаматты немесе дін ұйытатын тақуаны дүниеге әкелетін, әлем тербететін анасыңдар!

Нұрлан Асанов,

Шығыс Қазақстан облыстық мешітінің бас имамы

Өскемен