Жаңалықтар

Бір махаббат хикаясы

ашық дереккөзі

Бір махаббат хикаясы

Менімен сұхбаттасып отырған жас келіншектің бақыт ұшқындаған көздеріне қарап, Татьяна Овсиенконың «Әйел бақыты» атты өлеңін еріксіз есіме алдым. Шындығында да, Ертіс кенішінің экономист маманы Эльмира Сұлтанованың өз сөзімен айтқанда, егер тұрмыс құрудың осыншалық бақыт пен қуаныш әкелерін алдын ала білгенде, сүйген жігітін екі жыл күттірмей-ақ ертерек келісім берер еді. Әзіл-қалжыңсыз, шыны осы. Әйткенмен де, жаңадан бас құраған жас отбасы бүгінгісіне тәубе айтып, бақытты тіршілігін кешіп жатыр.

Бұл махаббат хикаясы күнделікті тұрмыс күйбеңінен басталған: «Қазақмыс» компаниясына геологтар керек деген хабар құлағына жетісімен, Талғат Нұрмұхамбетов өз резюмесін жолдауға асықты, ақыры ол жұмысқа қабылданып, Ертіс кенішінде өз міндетін атқаруға кірісті. Тағдырдың мың-сан күре тамыр жолдарының шебер қиюласқанын қараңызшы, дәл осы кезде Эльмира Сұлтанова кадр бөлімі маманының міндетін уақытша атқарып жүрген болатын, жас геологтың құжаттарын тездетіп дайындап берді. Талғаттың ерекше болмысы мен табанды мінезін бойжеткен бірден-ақ аңғарған. Алайда кеншілер отбасынан шыққан, жұмысшы жастардың көшбасшысы, өз қызметінде абыройлы, қоғамдық қызметте алда, спортта да айрықша белсенді Элмира қызмет барысында әлдеқандай махаббатпен басы шатылуына әуел бастан қарсы еді. Сондықтан да ол жас жігіттің көңіл білдіруіне көпке дейін мән бермеуге, тіпті елемеуге тырысты. Оның үстіне, бойжеткеннің қиялындағы болашақ жары жасы өзінен әлдеқайда үлкен, өмір көрген кісі болуы тиіс еді. Өзінің әкесі анасынан он жас үлкен болуы да осындай ойға жетелесе керек.

Біраз уақыттан соң Талғаттың та­бан­­­­дылығының арқасында Эльмира аздап жібігендей болған, сонда да қыз өз көңілінде олардың өмір бойы қол ұстасып бірге өтуіне күмәнді болатын.

Ал Эльмираның әдемі нәркес көздері мен­ ашық-жарқын күлкісін көре сала оған ғашық болған Талғат оның Құдай қосқан адал жар екеніне еш күмәнданған жоқ. Бұған дейін жүріп өткен өмірлік жолы осы кездесуге арнайы дайындағандай еді. Кәсіби әскери маманның ұлы арнайы математикалық мектепті тәмамдаған соң әскери мамандықты таңдауы керек сияқты еді. Оның үстіне, Талғат спорттық ойындарға жақын болатын, бала кезінен темірдей тәртіпке үйренген. Алайда Талғат әкесінен де, ағасынан да бөлек жолды – геологиялық барлау қызметін таңдады. Дип­ломын ала салысымен, Ақтау мұнай кен орнында қызмет жолын бастаған жас маман өз таңдауының дұрыс екенін түйсінген. Осы кен орнында қызмет еткен төрт жыл ішінде Тлағат біліктілігін арттырып, кәнігі маман әріптестерінен көп нәрсе үйреніп, өзі де абырой-беделге ие болды. Жұмыс істей жүріп, Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың сырттай бөлімін бітірді.

«Қазақмыс» корпорациясының атынан геолог ретінде Ертіс кенішіне аттанған Талғат жаңа қызметтің қыр-сырына біртіндеп қаныға берді. Бұған дейін тек жер бетіндегі қазба-барлау жұмыстарымен айналысқан маманға бұл жерде жан-жақты өсу, қызмет бабымен көтерілу мүмкіндіктері мол.

Күннен күнге күшейе түскен сүйіспен­ші­лік сезімі оған ендігі тағдырын Шығыс өңірімен біржола байланыстыру керектігін сездіргендей еді.

Уақыт өткен сайын Талғат Эльмираны жақынырақ тани түсті: сырт көзге асау көрінетін мінезден – жаны нәзік, жүрегі жұмсақ болмысты көре білген, ал өжеттік пен қайсарлықтың ар жағында – өзіне сүйеу болар ер-азаматқа деген ішкі іңкәрліктің тұрғанын сезінген. Тағдырдың талай қитұрқысын қайыспай көтеріп келе жатқан Эльмира жас жігіттің бойындағы азаматтыққа, адалдық пен даналыққа тәнті болды, бұған дейін ешкім оны дәл осылай түсінген емес, дәл осылай еркелеткен емес… Оның бойындағы зиялылық, қайсарлық, жұмысына деген адалдығы мен адамдарға деген сыйластығы бойжеткеннің көңіліне ұялай берді. Екеуі «Көңілді тапқыштар клубында» бірге өнер көрсететін, ойын барысында жас жігіттің әзілге жүйріктігі де көңілден шықты. Эльмира енді өзін шын мәнінде нәзік жанды әйел заты ретінде сезіне бастаған. Талғатты ол дүниедегі ең жақын, ең абзал жан ретінде жақын тартты. Екі жылдан соң жігіт тұрмыс құру туралы ұсыныс жасағанда, бас тарта алмаған. Әйтсе де, өзінің Сұлтанова деген фамилиясын Нұрмұхамедовке ауыстыруға қарсы болды. Ал Талғат болса, тағы да табандылығымен, сыпайы сырбаздығымен ақыры өз дегеніне көндірді…

Нұрмұхамедовтер отбасы осылайша сүйіспеншілік пен сенімге құрылған өмір шежіресін бастады. Отағасы өзара сенімнің алдында алынбас қамал болмайды деп санайды. Ерлі-зайыптылар қай шешімді де ақылдаса отырып, бірге қабылдайды. Қазір жас отбасы корпорация сыйлаған пәтерде жөндеу жұмыстырын жүргізіп, болашаққа жарқын жоспар құру үстінде. Ең аз дегенде үш баламыз болса дейді.

Жоспары көп жас отбасы өз дегеніне жетсін дейміз.

Анна САБЕЛЬФЕЛЬД

Қарағанды облысы