Жаңалықтар

Жекеменшік оқу орнына — 15 жыл

ашық дереккөзі

Жекеменшік оқу орнына — 15 жыл

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін бой көтерген жекеменшік оқу орындарының алды аяғынан тік тұрып, үлкен белестен өтті. Соның бірі – Орталық Азия университеті бүгінде 15 жылдығын атап өтуде. Оқу орнының салтанатты шарасына Парламент Мәжілісінің депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысып, жүрекжарды лебізін білдірді.

Жекеменшік оқу орындарының көшбасында келе жатқан Орталық Азия университеті бүгінде еліміздің саяси-әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосатын жас мамандарды дайындауға шындап кірісіп кеткен. Университет ректоры Мақаш Тәтімов өз сөзінде: «Жоғары оқу орны Елбасының қолдауымен ашылып, қазірге дейін әр түрлі салаға ауадай қажетті 40 мыңға жуық маман иелерін ұшырды. Ондаға оқу ғимараты мен кітапханасы, зертханасы мен жатақханасы бар заманауи жоғары оқу орындарының қатарында. Шетелдің көптеген оқу орнымен тығыз байланыста жұмыс істейді» деп оқу орнының жетістіктеріне тоқтала кетті.

Бұдан соң оқу орны ұстаздары мен студенттерін құттықтаған Мәжіліс депутаты Гүлмира Есімбаева еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орнының бірі әрі бірегейі болып саналатын Орталық Азия университетіне бұдан да биік жеңістер тілесе, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл: «Тәуелсіздік таңын таразылай білетін, іліммен терезесін тең ететін, керегемізді кең ететін, қазақты ұлы дала жер ететін, жалынды Тәуелсіз елдің төр перзенттері! Қазір еліміз үшін тамаша заман туды». Мемлекетіміздің тағдыры үшін қара санынан ет кесіп берген ата-бабамыздың рухын бағалауымыз керек. Бізді қиындықтан, ауыртпалықтан құтқаратын жол – білім. Ендеше болашақ үшін білімді ұрпақ тәрбиелеу біздің борышымыз», – деп жүрек тебірентер пікірімен бөлісті.

Оқу орнының бірқатар оқытушылары Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың бұйрығымен арнайы марапатқа ие болып, бір марқайып қалды. Ал әсерлі кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласып, әннен шашу төгілді.

Д.Дүрмән