Жаңалықтар

Қуандық Бишімбаев, «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары: Ақтөбе облысы алда келеді

ашық дереккөзі

Қуандық Бишімбаев, «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары: Ақтөбе облысы алда келеді

Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының еншілес және тәуелді ұйымдары акцияларының пакеттерін бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасын әзірлеген еді. «Халықтық ІРО» бағдарламасы 2015 жылға дейін есептелген және біршама ірі әрі тұрақты мемлекеттік компаниялардың акцияларын қор нарығына кезең-кезеңмен шығаруды көздейді. Осы бойынша алғаш болып «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын ағымдағы жылдың 6 қарашасынан бастап сатылымға шығарған болатын. Қор нарығынан табыс тапқысы келетін азаматтар сол күннен «Қазпошта» бөлімшелеріне лек-легімен ағылған. Ал шын мәнінде, акцияны сатып алуға ниет білдіргендер кімдер? Жаңа бастамаға халықтың көзқарасы қандай? Біз осы мәселелер жөнінде «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ Бас­қарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаевтың пікірін білгенді жөн көрдік.

– Қуандық мырза, «Халықтық IPO» – халыққа арналған бағдарлама екені белгілі. Шын мәнінде, акция сатып алуға халықтың қолы жетімді болу үшін Қор тарапынан қандай шаралар жасалынды?

– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев осы бағдарламаны әзірлеуге тапсырма бергенде, ұлттық компаниялардың акциялары халқымыздың барлық санаттары үшін қолжетімді болсын деген басты мақсат қойған. Елбасы бұл бастаманың халқымызға жасалып отырған жақсылық екенін, жобаны жүзеге асыруда атүстілікке жол берілмеуі керектігін үнемі айтып келеді. «Самұрық-Қазына» Қоры Үкіметпен бірлесіп, осы бағытта барлық қажетті шараларды қабылдады.

Бірінші кезекте, қор нарығындағы жұмыс белігілі бір тәуекелдермен байланысты екенін және ол халықтың қаржы сауаттылығын талап ететіндігін ескеріп, азаматтарымыздың қаржы мәдениетін арттыруға екпін жасадық. Мақсатымыз – тәуекелдерді барынша азайту және халықтың осы бағдарламаға саналы түрде қатысуын қамтамасыз ету.

Екінші маңызды мәселе – бұл акцияның бағасы. Бөлшек инвесторлар үшін бағалы қағаздарды «арзандату» үшін, яғни максималды қолжетімді ету үшін біз қолымыздан келгенін жасадық. Шілде айының соңында «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларының сплиті (бөлшектенуі) жүргізілді – акциялардың саны 10 есеге дейін артты. Осы мөлшерде олардың бағасы да арзандады. Өздеріңізге белгілі шығар, акцияның бағасы – 725 теңге болып бекітілді.

Тағы да бір маңызды шара – акцияларды иемденуге өтінімдерді беру үшін мүмкіндік туғызу. Қор нарығының өз ережелері бар, инвестор акцияларды жай ғана сатып ала алмайды. Барлық іс-әрекеттер делдалдар, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары, яғни брокерлер арқылы жүзеге асырылады. Бұл лицензияланған қызмет түрі.

Негізі брокерлердің көпшілігі Алматы қаласында шоғырланған. Сондықтан Қор нарығының инфрақұрылымына қолжетімділіктің жоқтығы азаматтарымызға «Халықтық ІРО» Бағдарламасына қатысуына басты кедергі болар еді. Осы мәселені шешу үшін біз «Қазпошта» инфрақұрылымын жақсарту және бағдарламалық қамтамасыздандыруды жаңғырту жөнінде бағдарламаны әзірлеп, жүзеге асырдық. Өйткені «Қазпошта» еліміздің әр өңірінде өз бөлімшелері бар ұйым болып табылады. Осылайша, республика халқын толығымен қамту мақсатында қолданыстағы 17 трансфер-агенттік секторларға маусым айында пошта байланысының барлық аудандық тораптарында қосымша 177 трансфер-агенттік орындар ашылды. Акциялардың орналастырылуы басталған кезде трансфер-агенттік пункттер 3049 бөлімшелерде ашылды. Осы қызметтерді көрсету үшін «Қазпоштаның» 4 мыңға жуық қызметкерлері арнайы оқудан өтті.

Техникалық жабдықтауға қажетті құрал-жабдық сатып алынды, ол жабдықтармен инвесторлардың құжаттарын өңдеу үшін барлық пошта бөлімдері қамтамасыз етілді. Бұдан өзге инвесторларға қызмет көрсету кезінде қолайлы және ыңғайлы жағдайларды барынша жасау мақсатында брокерлік және трансфер-агенттік қызметтерді көрсетуде бизнес-үрдістерді автоматтандыру үшін бағдарламалық қамсыздандыру әзірленді.

Сондай-ақ, бөлшек инвесторлардың шығындарын азайту мақсатында «Самұрық-Қазына» Қоры және мүдделі брокерлік компаниялар арасында ағымдағы жылдың тамызында өзара түсіністік туралы Меморандум әзірленіп, қол қойылды. Меморандум «Халықтық ІРО» бағдарламасына кіретін компаниялардың акцияларын жеке тұлғалар сатып алған кездегі брокерлік қызметтері үшін, сонымен қатар кейін оларды бағалы қағаздар нарығында сату кезінде комиссиялардың төмендетілуін қарастырады.

200 000 теңгеге акция сатып алсаңыз, брокерлік компаниялардың комиссиясы 1 500 теңгеден аспайтын болады. Бұдан басқа, біз акцияларды сату бойынша белгілі бір шектеулерді қабылдадық. «ҚазТраснОйл» жағдайында акциялардың орналастырылуы өтінімдер кітабын қалыптастыру жолы арқылы жүзеге асырылады. Өтінімдер еліміздің мүдделі азаматтарынан бір ай бойы қабылданатын болады. «ҚазТрансОйл» акциялары бойынша бөлшек инвесторлардың өтінімдері 7 000 000 теңге көлемінде өтеледі. Яғни бір адам 7 000 000 теңгеге дейін акция сатып алуға құқылы. Әлемдік тәжірибеде төменгі шектеу де қойылады, бірақ біз, байқасаңыз, Бағдарламаға қатысуға тілек білдірушілерді шектемеу үшін ондай шектеу қоймадық.

– Сатылымға жалпы саны 38 миллион 463 мың құнды қағаз шығарылыпты. Негізінен акцияны сатып алғандар кімдер?

– Бағдарлама бойынша акциялар бірінші сатылымда тек еліміздің азаматтарына және олардың мүдделерін көздейтін зейнетақы қорларына ғана қолжетімді болды. Яғни, желтоқсанның 5-не дейін өтінімдер тек еліміздің азаматтарынан және еліміздің зейнетақы қорларынан ғана қабылданды.

Нәтижесі өздеріңізге белгілі болғандай, алғашқы компания акцияларына сұраныс 55,9 млрд.теңгені құрады, олардың ішінде жеке тұлғалардан 18,6 млрд. теңге сомасына 29 678 өтінім келіп түссе, 11 зейнетақы қоры 37 млрд. теңгеге акциялар сатып алуға ниет білдірді. Осылайша сұраныс ұсыныстан 2 есеге немесе 200 пайыздан асып түсті.

– Зейнеткерлер де акция сатып алуға құқылы. Алайда олардың әрі кетсе он, жиырма акция сатып алуға ғана мүмкіндігі бар. Ал «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Қайыргелді Қабылдин мырза бір пікірінде халық тек 50 мың теңгеден жоғары ақшаға акция сатып алғанда ғана ұтады деп еді. Бұған не дейсіз?

– Сіздің табысыңыз акцияларды сатып алған кездегі комиссия мөлшеріне байланысты болады. 20 акция сатып алғанда, комиссия мөлшері 1500 теңгеден аспаған болса, онда дивидендтер 2014 жылға қарай бұл соманы өтейді. Қосымша табыс акцияларға деген бағалардың өсімінен құралады. Алайда акцияларды сатып жіберу туралы шешім қабылдаған уақытта акциялардың сатылымы кезінде жаңа комиссиялар пайда болатынын ұмытпау қажет.

– Кейбір сарапшылар «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның қарызы көп дегенді айтады. Яғни компанияның еншілесі «ҚазТрансОйлға» салған ақша құмға сіңіп кетеді деген болжам жасалуда. Сіз мұндай пікірге не айтар едіңіз?

– Қазақстанның заңнамасына сәйкес «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның қарыздары «ҚазТрансОйл» компаниясына еш қатысы жоқ.

– Белгілі қаржыгер Ораз Жандосов бағдарлама байларға арналған деген пікір айтты. Бұған не айтар едіңіз?

– Бұған дейін айтып кеткендей, Бағдарламаның басты мақсаты ұлттық компаниялардың акцияларын халқымыздың барлық санаттағы азаматтары үшін қолжетімді жасау. Бұл үшін тиісті шаралар жасалынды.

– Жалпы, акция сатып алуда қай облыс озық көрсеткіш көрсетті?

– Тап қазір облыстар мен қалалар бойынша нақты ақпаратты бере алмаймыз. Себебі акцияларды үлестіру және есептерді жүргізу биылғы жылдың 24 желтоқсанында аяқталады, толыққанды ақпарат сол уақытта беріледі. «Қазпоштаның» мәліметтеріне сүйенсек, өтінімдер саны бойынша ең озық көрсеткіш Ақтөбе облысына тиесілі. Одан кейін Павлодар, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды және Алматы мен Астана қалалары. Ал қомақты сатып алынған акциялар көлемі бойынша бірінші орында Алматы мен Астана қалалары. Одан кейін Қарағанды, Маңғыстау, Атырау облыстары.

– Бағдарлама 2015 жылға дейін жалғасады екен. Оған дейін басқа да компаниялар акцияларын сатылымға шығармақшы. Бұл бағдарламаның толыққанды қорытындысы сол кезде ғана белгілі бола ма?

– Әрине, жалпылама Бағдарламаның нәтижесі 2015 жылдан кейін белгілі болады. Алайда казір Бағдарламаның бірінші сатысы өтті, акцияларды үлестіру және есептерді жүргізу биылғы жылдың соңында аяқталады. Біз осы бойынша тиісті қорытынды жасап, Үкіметке өз ұсыныстарымызды жолдаймыз.

– Қуандық мырза, сіз бір пікіріңізде: «Әрбір азамат инвестор бола ма, жоқ па, өзі шешеді. Әрине, акция сатып алу тек кіріс көзін ғана емес, курстық бағамның түсуіне байланысты шығын да әкелуі мүмкін. Бұл жерде тәуекелшіл болу керек» деп едіңіз. Бұл пікіріңіз халық арасында сенімсіздік тудырмай ма?

– Айтылған пікірімнің басты мақсаты – әрбір азаматқа акцияларды сатып алмас бұрын осы мәселені жіті зерттеп, оны саралау қажет деген ой тастау.

– Ұлттық банк төрағасы Марченко «Акцияны бар болғаны 10-20 мың адам сатып алады. Бұл халықтың 0,1 пайызы ғана» деді. Бас қаржыгер мұнымен не айтқысы келді?

– Бағдарламаның нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Біздің ойымызша, алдағы уақытта Бағдарламаға қатысатын азаматтарымыз жеткілікті болмақ. «Халықтық ІРО» Бағдарламасының төрт жыл мерзімі ішінде 10 ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алуға 160 мың адамның қатысуын жоспарлағанымызды ескере отырып, бірінші ІРО нәтижелі болды деп айтуға болады. Мәселен, егер де бірінші компанияға Үкіметтің жоспары бойынша 16 мың адам қатысуы керек болса, бұл көрсеткіш бір жарым есе жоғары. Жалпы, Бағдарлама шеңберінде шыққан компания листингінің барлық ережелерін сақтай отырып, Қор нарығына шықты деп есептеймін. Ал кемшіліктер туралы бірінші кезеңнің қорытындылары шыққан кезде ғана айтуға болады.

– Әрине, бұл бағдарлама шетелдік тәжірибеден алынғаны белгілі. Қай мемлекеттің осы жүйе арқылы халқының әлеуметік-экономикалық жағдайын көтеріп әкеткенін айтып беріңізші…

– «Халықтық IPO» бойынша дүниежүзілік мысалдар өте көп. Мысалы, 1970-1980 жылдары Малайзияда жаппай жекешелендіру жүргізілді. Нәтижесінде елдің қор нарығына 8 млн.-нан астам адам тартылды. Мемлекеттік компаниялардың акциялары бүгінгі күнге дейін жоғарғы сұранысқа ие және Малайзияның қор нарығында ең өтімді нәрсе болып табылады.

Германияда алғашқы «Халықтық IPO» 1930 жылдары іске қосылды. Сол кездері ірі неміс компаниялардың акциялары сатылды. Бірнеше жыл ішінде неміс өнеркәсібі қажетті қосымша қаражатты және инвестициялық ресурстарды жинап алды. Бұл экономиканың алға жылжуына өз септігін тигізді. Екінші мысалды келтірейік, 2004 жылдың басында мемлекеттік Deutsche Postbank IPO жүргізді: неміс банкінің акцияларын орналастыру сәтінен бастап екі еседен артық қымбаттады. Өз кезінде Польшадағы инвесторларға 750-ге жуық мемлекеттік кәсіпорындардың бағалы қағаздары ұсынылды, осылайша үкімет елдің өсіп келе жатқан бюджет дефицитін және шетел қарыздарының жоғарғы деңгейін өтеу үшін кең ауқымды жекешелендіру науқанын жүзеге асырды.

АҚШ-тың халқы осындай инвестицияларды банк депозиттеріне қарағанда, аса табысты және пайдалы балама таңдауы деп қарастырады. АҚШ халқы акцияларға инвестиция салуды салыстырмалы түрде тәуекелдері аз салым ретінде қарастырады. Өйткені эмитенттерге өте қатал талаптар қойылады, міне АҚШ тәжірибесі осынысымен ерекшеленеді.

Батыс капитал нарықтарындағы «Халықтық IPO» шеңберінде орналастырылатын акцияларға деген сұраныс әдетте жоғары болады. Орташа есеппен, нарықтық экономикасы дамыған елдерде ересек адамдардың ширегіне жуығы акционер болып табылады. Халық бос ақша қаражатының 95 пайызына дейінгі бөлігін салым мен бағалы қағаздар түрінде сақтайды.

– Халық «ҚазТрансОйл» акциялары бойынша бірінші кампанияға қатысуға үлгермесе, басқа компания акцияларының сатылымына қатыса алады ғой…

– Халықтық IPO бағдарламасына Қордың аса тұрақты деген 10 компаниясы таңдалды. Бағдарламаның алғашқы компаниясы «ҚазТрансОйл» АҚ-ы. Кейінгі кезеңдерде – «Kegoc» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «Қазақтеңізкөлікфлоты» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ. 2014 жылы «Қазақстан Темір жолы» және «Қазақтеміртранс» компанияларын шығаруды көздеп отырмыз. Соңғысы болып «ҚазМұнайГаз» бен «ҚазАтомПром» компанияларының акцияларын шығару жоспарлануда. Еліміздің азаматтары осы компаниялардың ішінен кез келгенін таңдап, оның акцияларын сатып ала алады.

Сұхбаттасқан

Динара Мыңжасарқызы