Жаңалықтар

Бизнестің дамуы — елдің дамуына сеп

ашық дереккөзі

Бизнестің дамуы — елдің дамуына сеп

Халықтың әлеуметтік ахуалы жоғары елдің ғана ұйқысы тыныш. Өйткені саяси тұрақсыздықтар экономикалық қиындықтар мен әлеуметтік наразылықтардан бастау алады. Демек, әлеуметтік ахуал – бұл мемлекеттік қауіпсіздік пен ұлттық тұтастықтың кепілі. Елбасы тарапынан ұсынылған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы осы маңызды мәселені негізге алған.

ҚР Президенті «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» тақырыбындағы халыққа Жолдауында «Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау» деп баса назар аударып, отандық шағын және орта­ кәсіпкерліктің экономикалық бағыты­мыз­ды айқындайтын әрі қозғаушы күш бо­лып табылатынын көлденең тартты.­ Елбасының айтуынша, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есе өсуге тиіс: «Біріншіден, біз адамға ол үшін мемлекет барлық проблемаларын шешіп беруін күтпей, өзін бизнес­те сынап көруге, елде жасалып жатқан эко­номикалық өзгерістерге толыққанды қа­тысушыға айналуына жағдай туғы­зуы­мыз керек. Іскерлік мәдениетінің деңгейін көтеру мен кәсіпкерлік бастаманы ынталандырудың маңызы үлкен». Аталған мәселелерді жүзеге асыру үшін шағын және орта кәсіпкерліктің бірлестіктер мен кооперацияларға ұмтылысын көтермелеу, оларды қолдау мен көтермелеудің жүйесін жасау керек. Сонымен қатар жергілікті бизнес-бастамаларды көтермелеу және мейлінше аз, бірақ қатаң реттеу есебінен ішкі нарықты дамыту, кәсіпкерлік жолындағы қолдан жасалатын кедергілерді болдырмау үшін мемлекеттік шенеуніктерге арналған жаңа, әлдеқайда қатаң жауапкершілік жүйесін енгізуді қарастыру, жаңа жағдайларды, соның ішінде біздің Еуразиялық экономикалық кеңістікке қатысуымызды, алда Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіретінімізді ескере отырып, отандық кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру және олардың мүдделерін қорғау мен ілгерілету үшін қажетті барлық шараны қабылдау да өте маңызды. Бұл орайда «Бүгінгі күннің міндеті – ұсақ кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерді орта деңгейге көшіру үшін жағдай және алғышарттар қалыптастыру. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта шағын және орта бизнеске салық салу жүйесіндегі қиғаштықтар олардың дамуы мен өсуіне кедергі келтіруде. Сондықтан Үкімет 2013 жылдың соңына дейін заңнамаға микро, шағын, орта және ірі бизнес ұғымдарын айқын жіктеуге бағытталған өзгерістер енгізсін. Бұл тұста біз шағын және орта іскерлік сегменттеріне түсетін күшті ауырлатпауға тиіспіз» деп ашық айтқан Президент 2013 жылдың бірінші алғашқы жартысында Қазақстан азаматтарының өмір-тіршілігі қауіпсіздігіне тікелей ықпал етпейтін барлық рұқсаттар мен лицензияларды қайтарып алып, оларды хабарландырумен ауыстыру туралы Үкіметке тапсырма бергенін жеткізді. Ол үшін «заңнамалық негізде бизнеске ұсынатын тауар, жұмыс және қызмет сапасын бақылау мәселелерін өзі реттейтін жағдай тудыру қажет. Бізге тұтынушылар үшін сот шешімдерін қабылдаудың көпдеңгейлі жүйесін алып тастап, олардың құқығын қорғаудың жаңа жүйесін әзірлеп шығу керек. Екіншіден, Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі принципіне негізделген сенімді диалог құру үшін бизнесті топтастыруды жалғастыру керек, ол бұл жаңа стратегияны жүзеге асыруда кең ауқымды және барлық кәсіпкерлердің тартылуы міндетін шешіп береді».

Халықаралық тәжірибелерге сүйенсек, кез келген мемлекетте кәсіпкерлердің палаталарға топтасуы экономиканың тиімділігінің маңызды факторының бірі саналады. Сонда ғана «мықты кәсіпкерлік – мықты мемлекет» қағидасы іс жүзіне асырылмақ. Осы себепті Қазақ Үкіметі «Атамекен» Одағымен бірлесіп, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасына міндетті мүшеліктің тұжырымдамалық үлгісін әзірледі. Бұл кәсіби-техникалық білім, әсіресе, ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы шағын кәсіпкерлікті кешенді түрде сервистік қолдау, сыртқы экономикалық қызмет салаларында мемлекеттік органдардың кең өкілеттіктері мен функцияларын құрылатын Кәсіп­кер­лердің ұлттық палатасына беруді қамтамасыз етеді. Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы Үкіметтің сенімді және білікті серіктесіне айналады. Осыған байланысты Елбасы Министрлер кабинетіне тиісті заң жобасын әзірлеп, оны Парламентке 2013 жылдың бірінші тоқсанында енгізуді тапсырамын. Н.Назарбаев халыққа Жолдауында мемлекеттің жекеменшік кәсіпкерлікке деген ролін өзгерту жайлы да сөз қозғады: «Бізге кең ауқымды жекешелендірудің екінші толқыны қажет. Бұл оңай қадам емес, өйткені, мемлекет пен нарық арасындағы жауапкершілікті қайта бөлісуді білдіреді. Бірақ біз экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтау үшін соған баруымыз керек. Жеке бизнес әрқашан және барлық жерде мемлекеттен гөрі тиімдірек әрекет етеді. Сондықтан біз стратегиялық емес сипаттағы кәсіпорындар мен қызметтерді жеке қолға беруге тиіспіз. Бұл – отандық кәсіпкерлікті нығайту үшін аса маңызды қадам. Бұл жолдағы алғашқы қадам «Халықтық ІРО» бағдарламасының сәтті бас­талуы болды. Бұл – ең алдымен ұлттық байлықтың халықтың қолына таратылып берілуі. «ҚазТрансОйл» компаниясы тарапынан 28 миллиард теңгені орналас­тыру туралы хабарланды және қазірдің өзінде тапсырыстар ұсыныстан екі есе асып кетті. Отандық шағын және орта кәсіп­кер­­лікті дамыту мәселесінде арнайы қабылданған құжаттар бар. Мыса­лы «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы. Президенттің үстіміздегі жыл­дың 27 сәуіріндегі Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сө­зінде: «Бизнестің жол картасы-2020»-ны­ орындау қарқынды жүруде. Әлемде кә­сіпкерлікке қолдау көрсетудің мұндай бағдарламасы еш жерде жоқ. Ал бізде бұл бағдарламаға тек 2012 жылы ғана шамамен 37 миллиард теңге бөлінеді. Жұмыс істейтін адамдарының жалпы саны 130 мыңға жуық бір мыңнан астам кәсіпорындарға барлық бағыттар бойынша қолдау көрсетілуде», – деп мәлімдеген болатын. 2010 жылдан бастап Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының басты мақсаты – Қазақстанда мақсаты экономиканың шикізаттық емес секторындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және тепе-тең дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ қазіргі барларды сақтап, жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру. Аталған құжат іске қосылғалы бері өткен екі жыл ішінде бизнеске қолдау көрсету құралдарының табыстылығы мен қажеттілігі айқын білінді. Ең маңыздысы, «Бизнестің жол картасы-2020» еліміздегі кәсіпкерлермен, қаржыгерлермен бірлесіп, жергілікті атқару органдарын тарта отырып әзірленген еді. Демек, бұл тәжірибе оның тиімділігін арттыруға жағдай жасауы тиіс. Ресми деректерге сүйенсек, «Бизнес­тің жол картасы-2020» шеңберінде қазір­дің өзінде 2,2 мыңнан астам жоба субси­дия­лауға қолдау алды, 335 кәсіпорын үшін инженерлік инфрақұрылымдар тартылды. 30 мыңнан астам кәсіпкерлер нақты қолдау алды. Түрлі кездесулер, кеңесулер ме басқосулар нәтижесінде бағдарламаға толықтырулар қабылданды, ол арқылы алғаш рет жаңа бастаған кәсіпкерлерге 3 млн. теңгеге дейін гранттар беріледі, лизингтік мәмілелер субсидияланады, несиелерді кепілдендірудің жаңа жүйесі жүзеге асырылады. Ірі қарыз алушылардың несиелері бойынша 60-тан 750 млн. теңгеге дейін, 750 млн.-нан 4,5 млрд. теңгеге дейін, сыртқы сарапшы ұйымдарды тарта отырып, жұмыс істеп тұрғандар үшін (несиелер бойынша 60 млн. теңгеге дейін) және жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін (сомасы 20 млн. теңгеге дейін, бұл ретте кепілдіктердің ең жоғары мөлшері несиенің 70%-ын құрайтын болады) дербес кепілдіктер енгізілді. ҚР Экономикалық даму және сау­да министрлігінің мәліметтеріне сүй­ен­сек, «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы бойынша жаңа бизнес-бас­тамаларды, экспортқа бейімделген өн­ді­рісті қолдау және кәсіпкерлік сектор­ды сауықтыру шеңберінде жалпы несие сомасы 585,387 млрд теңге болатын субсидияланған 2093 жоба мақұлданған. Оның ішінде бизнес-бастамаларды мақұлдау бойынша 1714 жоба, кәсіпкерлік секторды сауықтыру бойынша – 223 жоба, экспортқа бейімделген өндірісті қолдау бойынша – 156 жоба мақұлданған. Мақұлданған жобалар саны бойынша Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласы алдыңғы қатарда екенін айта кету қажет. Несие қоржыны бойынша мақұлданған жобалар саны жағынан Алматы қаласы, Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары алдыңғы орындарда. Шарт бойынша бағдарламаны жү­зеге асыру төрт бағыт бойынша жүр­гі­зі­леді: жаңа бизнес-бастамаларды қол­дау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, экс­порт­қа бағдарланған өндірістерді қолдау, кәсіпкерлік әлеуетті күшейту. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлерге, бірінші кезекте Кеден одағы елдерінен инвестициялар тарту бөлігінде «Бизнестің жол картасы-2020»-ның бесінші бағыты әзірленуде. Агроөнеркәсіп кешені, кен өндіру өнеркәсібі саласындағы техникалық қызметтер, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру, металлургия, металл өңдеу, машина жасау, көлік және қоймалау, туризм, ақпарат және байланыс, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет, әлеуметтік сала бағдарламаға ықтимал қатысушылар үшін экономиканың басымдықты секторлары болып табылады. «БЖК-2020» – бұл біздің еліміздегі іс­керлік белсенділікті ынталандырудың нақ­ты жолдары көрініс тапқан құрал. Үкімет отандық бизнестің өзінің дағдарыстан кей­інгі алға басуында «тың» күштер алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бағдарлама жүзеге асырылған үш жыл ішінде барлығы 136 мың жұмыс орнына қол­дау көрсетілді, 31 мың жұмыс орындары құрылды және 8 мың жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ