Жаңа стратегия – жаңа бағдар
Жаңа стратегия – жаңа бағдар
14 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің 2050 жылға дейінгі өсіп-өркендеуінің жаңа стратегиясын жариялады.
Ұлық мерекеміз Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының әрбір тармағын жүзеге асыруда біз секілді жастарға артылатын міндет пен жауапкершілік зор.
Дана халқымыз: «Қиындыққа мойыма, ұмтыл-дағы да іспен жең, мақсатсыз жан өмірде қанаты жоқ құспен тең», – деген аталы сөзді санамызда қалдырса, саналы сөздің жалғасы бүгінгі күні іспен, Елбасы жолдауымен жалғасын табуда.
Президент Н.Ә.Назарбаев 1997 жылы халыққа арнаған алғашқы Жолдауында: «2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады» деп атап көрсетіп, ендігі дамуымыздың сара бағыттарын айқындап берген болатын. Арада өткен аз ғана уақыт ішінде егеменді Қазақстан экономикасы жан-жақты дамыған, әлеуметтік және саяси дамуы өркениет талаптарына сай іргелі мемлекеттердің қатарынан берік орын алды.
Елбасы Жолдауы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға, халықаралық қауымдастықтағы беделімізді одан әрі нығайтуға бағытталған. Бүгінде еліміз әлемде болып жатқан интеграциялау процестеріне белсенді түрде атсалысуда. Бүкіл әлем мойындаған беделді ұйымдарды басқаруды Қазақ елі өз еншісіне байлады. Бұл Елбасы ұстанған салиқалы, сарабдал саясаттың, жыл сайынғы Президент Жолдауларында берілген міндеттердің орындалуының жемісі.
Президент Жолдауының әр бағытының жүзеге асырылуына, мақсаттарының орындалуына біз, астаналық жастар, жарқын елдің болашағы ретінде бірегей болып атсалысуымыз қажет.
Еліміздің тірегі, мемлекетіміздің беріктігі өзіміздің қолымызда екені айқын. Осы мақсатта Жолдауда көрсетілген тапсырмалар мен міндеттерді, бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру үшін әрбір жас, әрбір қазақстандық жұмыла қызмет етсе, еліміздің берекесі артып, мәретебесі биіктеп, Отанымыздың болашағы баянды, келешегі кемел, әлемдік деңгейдегі қуатты мемлекетке айналары сөзсіз.
Елбасымыздың бұл Жолдауында үшінші он жылдыққа батыл да сенімді қадам басқан Қазақстанның алдағы уақытта да бәсекеге қабілетті, экономикасы қуатты ел болатындығына нық сенім білдіріп, Жолдауды қолдау – әрбіріміздің азаматтық борышымыз екенін естен шығармайық.
Елбасы жария еткен осынау ауқымды Жолдауды өз кезегінде жүзеге асыра алсақ – Қазақстан халқы өмірдің жаңа сапасына көтеріліп, дүниежүзілік қоғамдастықта абыройы арта түсері айқын.
Жолдаудың басты да бар мақсаты – халықтың рухын биік дәрежеде қуаттандырып, өркениетті, еркін, жасампаз елдермен тереземіз тең өмір сүру. Бәрі де өзіміз үшін. Ел үшін. Жер үшін. Өзіміз сүйген қасиетті Отанымыз үшін. Сол үшін Жолдаудың қозғалысына жұмылу әрбір қазақстандық жастар үшін қасиетті борыш болуы тиіс, құрметті астаналықтар!
Тәуелсіз елдің құрдасы ретінде осы жолдауда Елбасының: «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер» деген сөзі ойымызды жинақтауға, рухымызды қанаттандырып, алға қойған мақсатқа жетуде, бірлікті нығайтуға, еліміздің болашағы екендігімізді сезінуге серпіліс бере отыра, қолдаудың бар екендігін сезініп қана қоймай, қуанып та қалдық.
Біз – жастар тәуелсіздік құрдастарымыз! Жас, жасампаз елдің ұланымыз. Елбасымыздың бастамаларын жалғастырып, Қазақстанды одан әрі өркендетуіміз керек! Бағытымыз – айқын. Сондықтан, бар біліміміз бен қайрат-жігерімізді туған елдің мүддесіне жұмсайық. Елімізбен бірге өсіп-өркендедік, азамат атандық. Мұның бәрі Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясаты мен қамқорлығының арқасында.
Біз бүкіл елордалық жастарды «Жас Отан» Жастар қанатының төңірегіне топтастыра отырып, Президент жүктеген заманауи міндеттерді орындауға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Осынау бастаманы менің барша құрдастарым қолдайтындығына сенімім зор!
«Жас келсе – іске игі» демекші жолдауды қолдауда, алға қойған мақсаттар мен міндеттерді іске асыруда астаналық жасотандықтар, барша жастар Сіздермен бірге, ортақ жұмыстан қалыс қалмайтындығын хабарлаймыз!
Біздің тәуелсіз Қазақстанымыз гүлденіп, көркейе берсін!
Салтанат Али Файзуллақызы,
Астана қаласының «Жас Отан» Жастар қанатының
атқарушы хатшысы