Нұрлан Дулатбеков, «Болашақ» университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы: Алаш идеясы ұлттық идеологияға айналуы керек
Нұрлан Дулатбеков, «Болашақ» университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы: Алаш идеясы ұлттық идеологияға айналуы керек
Биыл Алашорда қозғалысына 95 жыл толып отыр. Елбасымыз Алаш қайраткерлерінің тарихи қызметіне зор баға бере келіп: «Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Жүзжылдықтың алғашқы жартысындағы қазақ зиялыларының жеке басының қасіретімен қатар өрілген қызметі өзінің бірегей құбылыс ретіндегі тұжырымды деңгейімен ғана емес, азаттық һәм адамгершілік деңгейімен де осы заманмен үндес», – деген еді.
Егемендікті, елдің азаттығын аңсаған қазақтың қайраткер ұлдары құрған бұл үкімет – Қазақстанның тәуелсіздікке бастаған алғашқы қадамдарының бірі болды. Олардың басы-қасында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сияқты көптеген алаштың қайсар ұлдары жүрді. Олардың мақсат-мүддесі де, аңсаған арманы да біреу еді: ол азаттыққа қол жеткізу. Биыл 95 жылдық қарсаңында еліміздің бірқатар өңірлерінде, Астанада, Шымкент және Қарағанды қалаларында арнайы ғылыми-практикалық конференциялар өтуде. Осыған орай, Қарағанды «Болашақ» университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбековке бірер сауал қойған едік.
– Нұрлан Орынбасарұлы, жуырда Парламентте депутат Нұрлан Жазыбеков: «Алаштың ордасы «Алаш қаласы» аталған қазіргі Семейде Ертістің сол жағалауындағы Алашорда өкіметі мен партиясы жайғасқан үйге ескерткіш тақта орнатып, ол үйді мұражайға айналдырсақ игі» деген мәселе көтеріп еді. Осыған орай, нақты шаралар қолға алынып жатыр деп ойлайсыз ба?
– Бұл сұраққа нақтылы жауап бере алмаймын. Депутат Нұрлан Жазыбековтің кім екендігін, оның мұндай мәселе көтергенінен хабарсыз екенмін. Ол үшін ғафу өтінемін. Ал жалпы Алаш өкіметі, қозғалысын еске алуға қатысты нақтылы шараларға тоқталсақ, ол – аса игілікті іс, бүгінгі таңда күн тәртібінде алдыңғы қатарда тұрған күлбілтелі мәселе. Қазір Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай қандай іс-шаралар тындыру керек дегенде, ең алдымен тілге оралатыны – Алаш идеясын терең талдап түсіндіру, ел санасына сіңіру болып табылады деп білемін.
– «Қазақстан тарихы» оқулығында Алаш туралы дерек бар болғаны бір жарым бет қана. Тарих оқулықтарында Алаш тарихына қатысты дүниелерді қайта жазу керек сияқты. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Алаш тарихы ғана емес, қазақ тарихының көлемі бір елі ғана болған кезінде… Қадыр ақын айтпақшы: «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы…» Кезінде, кеңестік кезеңде СССР тарихы, КПСС тарихы дегендер қандай көлеммен өтуші еді? Ал Қазақстан тарихы бір ғана семестрмен шектелетін. Бұл да болса сандаған жылдар бойы сананы сансыратқан коммунистік идеологияның еліміз тарихына салған қаралы таңбасы.
Қазірде ХХ ғасыр басындағы Алаш партиясына, ұлт-азаттық қозғалысына, оның ұстанған идеяларына Тәуелсіздік тұрғысынан жаңаша баға беріліп жатыр. Түптеп келгенде, Алаш идеясы қазақ мемлекетінің қуаттылығын қолдайды. Ендеше, осы мәселені терең талдап түсіндірер кез жетті. Сонау 1917 жылы алғашқы құрылтайын шақырып, тарих сахнасына шыққан «Алаш» партиясы қазақ үшін, халық үшін қажет түйінді мәселелерді қозғаған болса, сол айтылғандар күні бүгін де маңызын жоғалтқан жоқ деп білеміз. Демек бізге сол идеяларды жаңғырту – ұлы міндет. Осы орайда мемлекеттік деңгейде бірқатар мәселелерді атқаруды қызу қолға алған жөн. Мәселен, Алаш арыстарының рухын жас ұрпақ бойына сіңіру үшін Алаш ілімін алдыңғы қатарға шығару қажет. Жоғарыда айтқанымыздай, «Қазақстан тарихы» оқулығында Алаш қозғалысы жөнінде тым жұтаң жазылған. Соның салдарынан, мектеп оқушылары Алаш ардақтылары жайында тым аз біледі. Сондықтан оқулықтардағы олқылықтың орнын жылдам толтыруымыз керек. Ол үшін «Алаш» партиясы, олардың көсемдері өмірінен жазылған мақала, танымдық-зерттеу материалдарына бәйге жарияласа да артық болмайды. Соның нәтижесінде, кітаптар, оқулықтар, зерттеулер жазылып, қысқаметражды фильмдер түсіріліп, жоғары оқу орындары мен мектептерге таратылса, құба-құп болар еді. Алаш ардақтыларына арнап ескерткіштер орнату, мұражайлар салу да – бүгінгі күннің кезек күттірмес міндеті. Бұл арада айта кететін бір жайт, ендігіде бұрынғыдай жауырды жаба тоқып, сипай жазу, сыпыра мақтауды қойып, нақтылы дерек-дәйектерге сүйене отырып, ағын ақ, қарасын қара деп жадылау қажет. Олай болмаған жағдайда тұмса тарихымызды тағы да лозунгқа айналдырамыз.
– Жоғары оқу орындарында Алаш идеясын оқыту жүйеге айналуы керектігі де жиі қозғалып жүр. Жоғары оқу орнының студенттеріне арнап, арнайы Алаш оқуларын өткізу керек сияқты. Бұл идеяны «Болашақ» университетінде жүзеге асыру ойларыңызда жоқ па?
– Бұл идеяны әлбетте қолдаймыз. Тоталитарлық жүйе үстемдік құрған кеңес дәуірінде қоғамдық және ғылыми өмірдің шектен тыс идеологияландырылуы ұлттық тарих, халықтық салт-сана, т.б. сияқты маңызды мәселелерді зерттеуге өзіндік теріс ықпал етті, бұл салаларға қатысты сыңаржақ тұжырымдар қалыптастырды. Ал бүгінде егемен ел атанып, тәуелсіздік туын тұғырына берік орнатқалы бергі ұлттық санамыздың оянуы өткен жолдарымызды қайта шолып, сараптап, қаз-қалпында көрсетуді талап етуде. Бұзылмас, қаһарлы Кеңес одағының бір бөлшегі ғана болып саналып келген Қазақ елі еншісін бөлек алып шыққанда оның болашағына күмәнмен қарап, бұлыңғыр баға бергендер де аз болмады. Өркениет көшінде аты озған, өр кеуде мемлекеттер Қазақстан өз күнін өзі көре алуға қауқарсыз, басқа әлеуетті елдердің ағымына жұтылып кетеді деп ойлады. Құдайға шүкір, Елбасының ұтымды ұстанған сындарлы, сара саясатының арқасында жолымызды жылдам тауып кеттік. Аз жылдардың иінінде дүниежүзілік қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Ендігі жерде ұлттық идеологияны саралап, нақтылап алу қажет. Ал Алаш идеясы, түптеп келгенде – Тәуелсіздік идеясы. Демек, Алаш идеясын жоғары оқу орындарында оқытуды жүйеге айналдыру да аса маңызды іс. Бұл мәселеге қатысты біз, «Болашақ» университеті, бірқатар конференциялар ұйымдастырдық, семинарлар өткіздік. Осы барыста болып жатқан басқа да іс-шараларға белсене атсалысып келеміз. «Алаш оқуларын» ұйымдастырып, оны дәстүрге айналдыру да ой-жоспарда бар.
– Нұрлан аға, Әлихан Бөкейханов пен Нығмет Нұрмақовтың басына ескерткіш тақта қойып келгеніңізді білеміз. Былтырғы жылы Смағұл Сәдуақасовтың сүйегінің күлі Сарыарқаға әкелінді. Осы орайда, Мәскеуде Дон қабірстанында жатқан өзге арыстарымыздың денесін елге алып келуге мүмкіндік жоқ па? Қалай ойлайсыз?
– Иә, Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлының сүйектерінің күлі жерленген Мәскеудегі Дон қабірстанындағы бауырластар зиратына өткен жылы ескерткіш-тақта орнатып қайтқанымыздан көзі қарақты қауым жақсы хабардар. Екі арысқа қойылған бұл ескерткіш – бабаларға ұрпақтарынан тағзым. Ал олардың сүйектерін, сүйектерінің күлін елге әкелу деген мәселеге келсек… Ресейдегі саяси қуғын-сүргіндердің тарихын зерттеумен айналысатын «Мемориал» ұйымының деректеріне сүйенсек, қабірстандағы бар болғаны 2,5 шаршы метр жерге 5065 адамның сүйегі, сүйегі болғанда, өртеліп күлі жерленген. Ол жерде аталған Алаш зиялыларынан басқа, Мирозян және тағы басқа көптеген адамдардың сүйегі жатыр. Қабір басы қара жерге, топыраққа айналып кеткен. Сондықтан да олардың сүйегін табу, елге әкелу жөніндегі әңгіме негізсіз, мүмкін емес шаруа деп білемін.
– Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді 1927-1932 жылдар аралығында жүрген сот істерінің материалдарының әлі де жарыққа шыға қоймағанын айтады. Ғалым ол құжаттардың ҰҚК-нің мұрағат қорларында жатқанын айтады. Бұл құжаттарды тарихшы ғалымдар неге ала алмай отыр? Оның себебі бар ма?
– Бәрі де жабық жатыр деуге болмас, ептеп болсын алынып, жарық көріп жатыр. Қауіпсіздік комитеті қызметкерлері негізінде «құпиялық белгісі бар» дегенді алға тартады. Меніңше, аталмыш құжаттардың құпия ештеңесі жоқ. Тек техникалық тұрғыда тежеу салынып отыр. Бұл істе де баяғы енжарлық, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыра беру сияқты солақай саясаттан аса алмай келеміз. Әйтпесе, мұрағат қорларында тарихымызға қатысты материалдардың тұнып жатқаны ақиқат. Бір ғана мысал, біз тарихымыздың тағы бір қара таңбасы іспетті Қарлагтың тарихымен көптен бері жүйелі шұғылданып келеміз. Сол сонармен, еліміз көлемімен шектелмей, шетелдердің мұрағаттарында да жұмыс жүргіздік. Нәтижесінде ірілі-ұсақты 15 кітап жарық көрді. Оларда Қарлаг тұтқыны болған көптеген зиялы тұлғалардың, жазықсыз жандардың тағдыр-талайы сөз болады. Ал сол еңбектер Қарлагқа қатысты мұрағат материалдарының 100-ден 5 пайыздайын ғана құрайды.
– Алаш арыстарынан бөлек, қазақ даласында қаншама адамдар жазықсыз атылып кетті. Олардың бар жазығы – Алаш арыстарының туысы, досы, ағайыны болғаны ғана. Біз осындай белгісіз атылған жандар туралы нақты деректер жинай алдық па?
– Бұл да бір сұрапыл тақырып. Қуғын-сүргін жылдары елдің бетінде, желдің өтінде жүрген арыс азаматтармен қатар, олардың жанында жүрген, жақындығы бар мыңдаған, тіпті миллиондаған адамдардың жазықсыз айдалып, атылып кеткені ақиқат. Бір ғана зиялы қауым өкілдерінің әйелдерін ұстаған «Алжир» лагерінің өзі неге тұрады? Ал олардың деректерін анықтап, мәңгілік есте қалдыруға қатысты Қазақстанда, басқа елдерге қарағанда, көптеген жұмыстар атқарылды деп білемін. Бірқатар «Зерде» кітаптары, ескерткіш-мемориалдар соның дәлелі.
– Ғалымдар Алаш арыстарын насихаттау әлі де кемшін түсіп жатқанын айтады. Алаш арыстарының ұлттық идеясын жүзеге асыру үшін тағы қандай шаралар атқарылу қажет деп ойлайсыз?
– Алаш қозғалысы – ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. Алаш қозғалысының, оның жетекшілерінің басты мақсаты – қазақ елінің өзін-өзі басқару, яғни ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, сонымен қатар егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, рыноктық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқын және басқа демократиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Көріп отырғанымыздай, арада бір ғасырдай уақыт өткенде осы ұлы мұраттар егемен қазақ елінің мемлекеттік ұстанымдарына айнала бастады. ХХ ғасыр басындағы Алаш идеясы ұлттық идея ретінде алға шығып келеді. Алашты әлі де болса тереңдетіп зерттеу – болашақтың еншісінде. Бір сөзбен айтқанда, «Алаш» идеясы – қазақ тұтастығының ұстыны, тірегі, рухы. Ұлттық намыс, ұлттық рух, ұлттық сана ғана бізді сақтап қала алады. Ұлттық рух өлсе, мемлекет қуатты бола алмайды. Сондықтан да әрбір өңірде Алаш тарихын зерттеу, Алаш идеясын насихаттау нақтылы бір жоспарларға негізделіп, жүйелі түрде жалғастырыла беруі керек.
– Қарағанды қаласында Әлихан Бөкейхановқа байланысты арнайы конференция өтті. Бұл мәселеде нақты қандай мәселелер талқыға салынды?
– Конференция тақырыбына Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың қоғамдық-саяси қызметін арқау етіп алдық. Оның да өзіндік сыры бар. Әлихан Бөкейхан – халқымыздың тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі, XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық автономиясы Халық кеңесінің төрағасы. Терең зият білім, ұлт тарихына құрмет, қазақ халқының азаттығы мен құқығы үшін күрес – «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның кісілік келбетінің бір қыры ғана. Ол – бір бойына сан өнер, қарым-қабілет дарыған ерекше дарын иесі. Ол – күрескер, қайраткер, қаламгер! Міне, осындай ұлы тұлғаның өмірі мен қоғамдық саяси-қызметін жан-жақты зерттеу де бүгінгі күннің кезек күттірмес келелі мәселелерінің бірі. Осы барыста өз тарапымыздан бірқатар жұмыстарды қолға алып, атқарып жатырмыз. Ең алдымен, алдағы уақытта Ә.Бөкейхан өмірі мен қызметін жан-жақты, толыққанды зерттеп, үлкен энциклопедиялық тұрғыдағы еңбек шығармақ ойымыз бар. Бұл конференцияны ұйымдастырудағы негізгі мақсаттың бірі де сол. Еліміздің көрнекті ғалымдары, зиялы қауым өкілдері ерекше ықылас білдіріп, белсене қатысқан, маңызды баяндамалар жасап, маңызды ұсыныс-тілектер айтқан конференция өзінің мақсатына жеткен сияқты.
Сондай-ақ Ә.Бөкейхан есімін мәңгі есте қалдыру барысында да атқарылатын жұмыстар баршылық. Айталық, Қарағанды қаласындағы орталық, негізгі көшелердің бірі Ленин көшесіне Ә.Бөкейхан есімін беру. Жалпы, Ленин есімінің осы уақытқа дейін жадымыздан өшпей келе жатқанының өзі қатты ойландыратын мәселе. Бұл жерде әңгіме күн көсемде ғана емес, біздің салғырт санамыздың да да әлі күнге жаңғырмай, жаңармай келе жатқанында. Көз үйреніп, көңіл сеніп қалған, тұра берсе де ештеңе етпейді дегендей жалтақ көзқарастан құтылатын күн болар ма екен?! Бұл да болса, көріңде өкіргір кешегі социалистік режимнің бүкіл ой-сана, жұлын-жүйкемізді бір тәртіппен, бір қалыппен матап-шырмап тастаған біржақты саясатының көрінісі!
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА