Жаңалықтар

Сахна саңлағына арналған кеш

ашық дереккөзі

Сахна саңлағына арналған кеш

«Театр – күрделі интеллектуалдық гармониядан тұратын, үш жақтан бірдей қиыннан қиысқан сахналық өнер», – дейді Сағат Әшімбаев. Осындай күрделі сахналық өнердің саңлағына айналған, қазақ театрының падишасы болған, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Хадиша Бөкееваның құрметіне арналған Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Дәрия Жүсіптің вокалдық өнер кеші М.Әуезов атындағы өнердің қара шаңырағында өтті.

Хадиша Бөкееваның бойындағы табиғи дарыны мен актерлік шеберлігі қазақ театрының сахнасында көптеген айшықты бейнелерді дүниеге әкеліп, талай көрермендердің мәдени-көркемдік талғамын қалыптастыруға септігін тигізді. Әлемдік классиканың, орыс және басқа халықтардың таңдаулы шығармаларындағы әр алуан бейнелерді дәл сол елдің таңдаулы шеберлеріндей сомдай білді. Актриса ең алғашқы шығармашылық жолын 1938 жылы Шымкент облыстық драма театрында бастады. Осы театр сахнасында М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлікті, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері — Ақтоқтысындағы» Ақтоқтыны, А. Островскийдің «Кешіккен махаббатындағы» Людмиланы кәсіби түрде сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Осылайша, 1942 жылы Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» Катарина рөлін сомдау үшін Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырту алады. Содан бері театр сахнасында Хадиша Бөкеева сан қырлы рөлдерді сомдады.

Актриса қазақ кино өнерінің де дамуына өз үлесін қосты. “Райхан”, “Асау Ертіс жағасында”, “Даладағы дарақ”, “Тұлпардың ізі” сынды фильмдерге түсіп, өзінің талантын көрерменге тағы да дәлелдеді.

1957 жылы Қазақстанның халық әртісі, 1964 жылы КСРО халық әртісі атанған өнер саңлағы ұстаздық қызметпен де айналысып, 1974 жылы профессор атағына ие болды. Елге танымал көптеген сахна шеберлерін тәрбиелеп, Ленин, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.

Сахна саңлағының шәкірттерінің бірі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіп ұстаз құрметіне өзінің вокалдық өнер кешін өткізудегі басты мақсаты – Хадиша Бөкееваның есімін ел есінен өшірмеу. Хадиша Бөкеева жайындағы әзірленген сюжетпен ашылған өнер кеші Дәрияның тамаша әндерімен жалғасын тапты. Екі бөлімді вокалдық өнер кешінде Дәрия Жүсіптің орындауында әр түрлі халықтардың әндері шырқалды. Дәрия – сан қырлы талант иесі. Дауысы әсем кәсіби әнші, мың бұралған биші, театр сахнасында көптеген образдарды сомдаған актриса. Өнер кешінде шырқалған әндердің барлығы да жанды дауыста орындалды. Дәрия Жүсіпті өнер кешінде сүйемелдеген «Қазына» вокалдық ансамблі, дирижер Ерболат Ахмедияров, гитаристер Владимир Сатылғанов пен Григорий Светниковтер болды. Кештің тізгінін Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов ұстады. Хадиша Бөкееваның шеберханасынан шыққан әртістер өнер кешіне келіп, Дәрияға қолдау көрсетті. Классикалық туындылар мен эстрада әндері қатар орындалған бұл кеш көрермендерді қуанышқа бөледі.

Әсел Әнуарбек