ДҮНИЕ – ЖАЛҒАН
ДҮНИЕ – ЖАЛҒАН
Арамыздан тағы бір асылдың сынығы алыстады. 72 жасқа қараған шағында белгілі қаламгер, аудармашы Бақытжан Момышұлы дүниеден озды.
Ол 1941 жылы 3 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Некрасов атындағы №10 орыс орта мектебін, шет тілдер педагогикалық институтын бітірген. Әр жылдарда Жамбыл облысының Жуалы аудандық газетінде тілші, Жамбыл облыстық газетінде аудармашы, «Ленинская смена» газетінде редактор болып жемісті еңбек еткен. Әрдайым абырой биігінен көріне білген.
Шығармашылық жолын аудармашылықтан бастаған. Ш.Мұртазаның «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай» повестерін, Ж.Молдағалиевтің, Д.Досжановтың, О.Бөкеевтің, Қ.Найманбаевтың, Б.Бодаубаевтың, Б.Тоғысбаевтың, Ш.Шаваевтың, М.Айымбетовтың, К.Тоқаевтың, т.б. жазушылардың шығармаларын асқан шеберлікпен, сәтті аударған.
Бірнеше әңгіме, повесть, романдар жинақтары жарық көрген.
Қаламгердің қаламынан туған «Добрые мосты», «Раскаленные камни», «Прозрачные льдины», «Тихие голоса», «Я еще ребенок», «Когда ты рядом», «Мен әлі сәбимін», «Восхождение к отцу», «Дети-Великаны», «Жанымның жарық жұлдызы», «Во имя отца», «Звезда брата», «Турксиб – земля полководца», «Сыновья Великого Волка», «В поиске света», «Путь Огненного Орла», «Сердце Волка», «Орда алая и Мечеть белая», «Преломление Света» сияқты кітаптары қалың оқырман қауымнан, сыншылардан жоғары бағасын алып, әдебиеттің алтын қорына қосылған көркем дүниелер. Оның прозалық шығармаларын адам тағдырына деген сүйіспеншілік пен өмірге құштарлықтың асқақ үлгісі ерекшелендіріп тұратын. Ол көне түркілік бастауларға ден қойып, ұлттық танымды, көркемдік қалыпты дамытуға бар жазушылық таланты мен күллі күш-қуатын жұмсады.
Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты. Бірнеше мәрте Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болып сайланған. Медальдармен, «Құрмет» орденімен марапатталған.
Қазақтың даңқты батыры, майдангер-жазушы Бауыржан Момышұлының соңындағы ізін жалғастырар ұрпағы болған, аяулы жар, ардақты әке бола білген сабырлы қалып, сырбаз мінезді, өмірде қарапайым, адамгершілігі мол қаламгер-аудармашы үлкен қажыр-қайратпен талмай еңбек етіп еді. Әдебиеттер достығына алтын көпір бола білді.
Қазақтың бекзада болмыс, талантты қаламгері, аудармашы, елін сүйген азамат Бақытжан Момышұлының аяулы бейнесі ел жүрегінде ұзақ сақталады.
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және ақпарат министрлігі,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы
Сәкен Иманасов
Қазақ әдебиеті орны толмас ауыр қазаға ұшырады. 75 жасқа қараған шағында қазақ қара өлеңінің ерен жүйрігі, көрнекті ақын Сәкен Иманасов өмірден озды.
Ол 1938 жылы 2 мамырда Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Талапкер ауылында туған. Қазіргі Үшарал қаласындағы Абай атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін темір жол құрылысында қатардағы жұмысшы, аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы болған. Аудандық, кейін келе «Лениншіл жас» газеттерінде, облыстық партия комитетінде, Қазақстан Жазушылар одағында жауапты қызметтер атқарған. «Балдырған» журналында, «Қазақ мемлекеті» газетінде, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында жұмыс істеген. «Жазушы» баспасында редактор, редакция меңгерушісі, бас редактор болып жемісті еңбек еткен. Алматы облыстық әкімдігінде жауапты қызметте болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.
Алғашқы өлеңі 1956 жылы жарық көрген. Содан бергі кезеңде: «Туған ауыл», «Ақ айдын», «Ақ дариға», «Жайдарман», «Ғашық дүние», «Алтын аймақ», «Ғашықпын саған», «Бел-белес», «Адырна», «Жебе», орыс тілінде «Созвучие», «Тетива» атты кітаптары, 1993 жылы шығармаларының екі томдығы жарық көрді. 1998 жылы бір томдық таңдамалысы, 2001 жылы «Қаламдастарым мен замандастарым» атты эсселер, пайымдамалар, арнау өлеңдер кітабы шыққан. 2003 жылы «Елорда» баспасынан соңғы он шақты жыл ішінде жазылған өлеңдері «Өткірдің жүзі», естеліктері «Жазушы» баспасынан «Қалам мен заман» деген атпен жарық көрді. «Жазушы» баспасынан 2007 жылы шығармаларының екі томдығы, 2008 жылы таңдамалы шығармаларының 5 томдығы, балаларға арналған «Жәнібек пен атасы» атты кітабы шықты.
Көркем аударма саласында оның тәржімасымен Шығыс шайыры Жалаладдин Руми, орыс ақындары А.Кольцов, В. Маяковский, ангола ақыны А.Нетто, саха ақыны М.Ефимов, қырғыз ақындары А.Рысқұлов, С.Жусуевтердің кітаптары басылып шықты.
Бірқатар республикалық бәйгелерде жүлделі орындарға ие болған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысының және Алакөл ауданы мен Үшарал қаласының құрметті азаматы.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы