Жаңалықтар

БАЙЛАНЫС ЖАСАУ — БҮГІНГІ УАҚЫТ ТАЛАБЫ

ашық дереккөзі

БАЙЛАНЫС ЖАСАУ — БҮГІНГІ УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Жуырда Бакуде Түркітілдес Ұлттық театрлар Директорлар кеңесінің кезекті ІІ халықаралық театр конференциясы өтті. Оған Қазақстаннан осы кеңестің мүшесі, М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі, ҚР халық артисі, профессор Есмұхан Обаев қатысып, баяндама жасады. Конференцияда келесі сөз болған мәселелер түркі тілдес халықтарды жақындастыра түсетіні бесенеден белгілі.

– Бакуде өткен халықаралық театр конференциясына көптеген елдерден көрнекті театр қайраткерлері қатысқанын білеміз. Бұған Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі де ерекше назар аударды. Конференцияда қандай өзекті мәселелер көтерілді?

– Әзірбайжан еліндегі алғашқы халықаралық конференция 2010 жылы өткен. Оған әлемнің елу сегіз мемлекетінің театр қайраткерлері қатысқан еді. «XXI ғасырдағы театр әлемінің проблемалары» тақырыбында өткен осы жолғы екінші конференцияға Сингапурдан, Франция, Жапония, Қытай, Литвадан, Латвия, Эстония, Әзірбайжан, Қазақстан және Ресейден – барлығы елу сегіз мемлекеттен театр қайраткерлері қатысты. Конференцияның атауынан көрініп тұрғанындай, «бүгінгі таңда әлем театрларының алдында тұрған нендей өзекті мәселелер бар, театр халыққа, көрерменге қайтсе жақын болады, бір бірімізбен қайткенде ынтымақтастықта жұмыс істейміз?» дегендей маңызды мәселелер қозғалған.

Өнер деген құдіреттің әманда достықтың, бейбітшіліктің және сұлулық пен парасаттың жаршысы екенін танытатын бұл басқосудағы ең маңызды мәселе – әр мемлекеттегі театр қайраткерлерінің театрға деген көзқарасы, театр және қоғам, саясат және театр, театр және көрермен, қазіргі театрдың ролі, театрдың идеологиялық құрал ретінде бүгінгі жалпы дүние әлемдегі болмысы қандай деген ауқымды тақырыптар болды. Сондай-ақ түркі тілдес мемлекеттер, мұсылман әлемі театрлары арасында ынтымақтастық орнату мәселелері де көтерілді. Тіліміздің түбі бір, дініміз бір, діліміз бір туыс елдер театрлары арасында репертуар, актерлік шеберлік, режиссура, сахна, сценография жөнінде байланыс жасау – бүгінгі уақыт талабы. Бұл үлкен форумға осымен екінші рет қатысуым. Осы жолы «Сахна – мұраттастар әлемі» деген тақырыпта баяндама жасадым.

– Баяндамаңызға арқау болған мәселелер қандай?

–Тарихтың жолы бұралаң. Әлемдік кеңістікте кейінгі кездерге дейін түркі өркениеті деген ұғым онша айқын болған жоқ. Ал осы өркениеттің бел балаларының бірі – Қазақ елі, Қазақстан бүгінгі таңда алдағы көп жылдарды қамтитын мақсатты стратегиясын белгілеп алғандықтан да жеткен жетістіктері аз еместігіне тоқталдым. Бұл еліміздің мәдениет және өнер саласына да тікелей қатысты. «Тәуелсіздік арқылы мәдениетіміз құлашын кеңге жа­йып, қарқынды дамуға зор мүмкіндік алды», – деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа биылғы Жолдауында. Құлашын кеңге жаю – өнердің үлкен саласы театр өнерінде де айқын көрінеді. Бүгінгі таңда елімізде халықтың рухани сұранысын орындап келе жатқан, белсенді жұмыс жасап отырған елу екі театр бар. Сөзімнің басында мен түркі тілдес театрлардың сахна өнері мен түркі өркениеті дегенді бекер айтқан жоқпын. Өркениет дегеніміз, бір есептен, мәдениет пен өнердің өнімі және оның ерекше қасиеті мен құрамдасы. Осы бір орайлардан алғанда жалпы түркі елдері театрларының шығармашылық байланыстарын, ынтымақтастығын арттыру мәселесі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе екеніне назар аудардым.

Түркі тілдес театрлардың өзара жақын танысып-білісуі, шығармашылық байланыстар орнатуына соңғы бес-алты жыл көлемінде ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы ықпал етіп келеді. Мысалы, Түркі тілдес опера театрлары орындаушыларының қатысуымен Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Әзербайжан опера театрларында «Көрұғлының» қойылуы өте жақсы тәжірибе болды. Түркияда өтетін фестивальдар, оның ішінде Конья қаласында жыл сайын өтіп келе жатқан «Мың тыныс – бір дауыс» фестивалі түркі тілдес театрлар жағрапиясын кеңейте түсіп отыр. Түркітілдес Ұлттық театрлар Директор кеңесі өткізетін шаралар өз алдына. Жалпы түркі тілдес театрлар Ассамблеясын құрып, нақты да нәтижелі жұмыс жасау керек пе деген ой туындайды. Сонда жекелеген бастамалармен қатар нақты да пәрменді ұйымдастыру жұмыстары жүргізілер еді, шығармашылық байланыстар күшейіп, режиссер, актерлер алмасу, жаңа драматургиялық шығармалар қою жанданар еді. Әлемдік театр кеңістігінде танылуға да жақсы мүмкіндік туар еді.

Қазіргі таңда Орталық Азия мен Қазақстаннан шыққан, шетелдерде спектакль қойып жүрген режиссерлер бар. Мәселен, түркімендік Какаджан Ашир, Овлякули Ходжакули, тәжік Барзу Абдуразаков, қазақ Болат Атабаев. Меніңше, бұлардың қатары молыға түсуі қажет, өйткені бізде талантты режиссерлер мен актерлер аз емес. Қазір Қазақстанда арт-менеджерлер, продюсерлер институты қалыптасып келеді. Жасөскін режиссерлер тырнақалды дүниелерін қоя бастады. Республика театрларының шетелдерге еркін шыға алатын, халықаралық үлкен фестивальдарға қатысатын кезеңі алда деп білемін.

Ал мен баяндамамда Қазақстанда көп­теген ұлттардың тұратынын және өзге де ұлттардың театры барын айтқан кезде, олар бір мемлекетте осыншама театрдың бар екеніне таң қалды. «Ол театрлар қалай күн кешуде, қоғамда алатын рөлі қандай, көрермені кім?» деген сауалдар қойды. Мен бізде Қазақстан Халқы Ассамблеясы бар екенін айттым. Мұндай Ассамблея дүние жүзінде ешқандай мемлекетте жоқ. Бұл біздің Елбасымыздың халықтар достығы үшін, еліміздегі тұрақтылық үшін, әр ұлттың өзінің мәдениетін сақтауы үшін ұстанып отырған көреген саясатының нәтижесі екеніне тоқталдым.

Кеңестік қитұрқы саясат кезінде Қазақ­станға жер аударылған бір миллионға жуық әзербайжандардың қазіргі таңда сегіз жүз мыңнан астамы елімізде тұрып жатыр екен. Әзірбайжан мемлекеті тарапынан соларға арнап бір театр ашса екен деген ұсыныстар айтылды. Егер ондай театр ашылса, олар бүкіл жағдайын жасауға, кәсіби мамандармен, режиссермен қамтамасыз етуге, ғимарат салып беруге дайын екендерін айтты. Мен мұның бәрі үкімет тарапынан шешілетін дүниелер екенін ескерттім. Бірақ қазіргі Қазақстандағы театрлар бүкіл халыққа қызмет етуге жетеді. Қазақстандағы елуден астам театрларды мемлекет қаржыландырады. Тіпті жеке меншік театрларға да үкімет қолынан келгенше көмегін беріп жатқанын да атап өткеніміз жөн. Ал, Әзірбайжанның өзінде театрларының жағдайы мүлдем басқаша, тамаша деуге болады.

– Мұны таратыңқырап айтсаңыз дұрыс болар еді.

– Онда халықтың театрға деген ықыласы, ұмтылысы ерекше және театрлардың жағдайы керемет. Театр өнерін Әзербайжан президенті Ильхам Алиевтің өзі ерекше қамқорлығына алып, қадағалап отырады екен. Театрларды тікелей президенттің өзі қаржыландырады. Әрбір театрға жеткілікті түрде қаржы бөліп береді және ол қаржыны театр өзі меңгереді, өз шешімі бойынша жұмсайды. Мысалы, пьеса жаздыра ма, өзге елден режиссер шақыра ма, фестиваль өткізе ме – өздері біледі. Театрда қанша штат ұстағысы келеді, оны да өз тарапынан шешеді, яғни оларда біздің театрлардағыдай шектеу жоқ. Басты айта кететін жайт – Әзірбайжан мемлекеті президент әкімшілігі тарапынан он жылға, яғни 2009-2019 жылдарға арналған бағдарлама қабылданған. Мақсаттары – театрларына мейлінше жағдай жасай отырып кәсібилігін арттыра түсу, өзге мемлекеттерге таныту, халықаралық дәрежеге көтеру. Жуырда болған конференция, бір есептен, осы мәдени перспективалы саясаттың жүзеге асырыла бастауының бір көрінісі деу орынды. Бұл конференция екі жылда бір рет тұрақты түрде өткізіліп тұрмақшы.

Әзірбайжанда президенттің тікелей пәрменімен театрлар бүгінгі күнгі технологиялармен, бүгінгі күннің мүмкіндігімен қайтадан жаңадан салынуда. Мысал үшін айтсам, екі жүз жылдық тарихы бар опера театрын жауып жаңадан салып жатыр. Біз театр опереттасына бардық. Құрылысы бітейін деп қалған екен, сахнасы ең соңғы жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа театр болады. Не деген акустика, не деген байлық?! Соңғы қатарда отырып, сахнада не болып жатқанын, тіпті қандай көрермен кіріп келе жатқанына дейін көріп отырасыз. Содан кейін көрерменге ыңғайлы болу үшін әр қабаттың бұрышында сусын ішетін орындар бар. Осының барлығына қаншама қаражат кеткенін ойлайсың, әрине. Қалай дегенде де мұнайдан түсетін байлығын халқы үшін, халқының өнері үшін, халқының мәдениеті үшін, халқының тұрмыс-тіршілігі үшін жұмсап жатқаны мені тәнті етті.

Ол елде театрларының үкіметтен өзге де қаржы көздері бар, яғни Әзірбайжанның бай адамдары, қалталы азаматтары театрларға қаржы жұмсайды, меценаттық жасайды. Ал бізде театрға қаржы салыпты, театр ашыпты дегенді естімейсіз, біздің байлар тым сараң, асыра айтсам ренжімес. Әзірбайжандарда ұлтқа деген, ұлттың тіліне деген, ұлттың театрына деген ғаламат сүйіспеншілік бар. Өздері негізінен тек әзірбайжан тілінде және ағылшын тілінде ғана сөйлейді. Түгел ұлттық дәстүрге, ұлттық менталитетке бағынып отырған тату-тәтті, бай мемлекет. Ондай жерде өнер өседі. Вокал өнері, профессионалды ұлттық аспаптар өнері жақсы дамыған. Олар классикалық туындыларды қойып жүргенімен, ұлттық тарихи пьесаларына көп көңіл бөледі. Қай театрына барсаңыз да репертуарының жартысынан көбі өзінің ұлттық тарихи драматургиясы. Осы сапарда Әзірбайжанның академиялық драма театрымен келіссөздер жүргіздік. Екі театр қосылып, Қорқыт туралы қойылым шығарсақ па дейміз. Сөз орайы келгенде, театрымыздың репертуарлық жан-жақтылығын айта келіп, әзірбайжан классигі Узейр Ғаджыбековтің «Аршын-Мал алан» мюзиклі табысты жүріп жатқанына назар аудардым.

– Бұдан басқа, тағы қандай келісім жасау ойларыңызда бар?

– Біз Әзірбайжанның академиялық драма театрының директоры И.Исрафиловпен келістік. Амандық болса, келесі жылдың күзінде сол театрды Алматы қаласына гас­трольмен шақырсақ па деп отырмыз. Олар Қорқыт туралы спектакльді сол сапарларында көрсетуі керек. Пьесаның он екі нұсқасы бар екен. Бізде Қорқыт туралы Иран-Ғайып жазды ғой. Олар бұл пьесамен де танысып көрмекші. Гастроль алмассақ, осындай бір ынтымақтастықты бастасақ дейміз. Әзірбайжан театрлары Иранмен, Түркиямен, Қара теңіз бойындағы басқа да мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас жасап отыр. Біз де шекарамыздың бір шеті Каспийдің жағалауындағы елміз ғой.

– Бұл үлкен форумда театрлар да өнер көрсетіпті. Олардың алған бағыты, қойы­лымдарындағы ерекшеліктер қандай екен?

– Конференцияда түркі әлемі және өзге де елдер театрының бүгінгі көркем тілі туралы сөз болды. Конференция кезінде екі-үш театр келіп, өнерлерін көрсетті. Мысалы, Африкадан келген театр моноспектакль қойды. Онда жалғыз актриса ойнайды. Бір жәшік және актрисаның бір өзі. Драмасын да ойнайды, плас­тикасын да жасайды. Бір сағат елу минут бойы ешкім орнынан қозғалмады. Араб театрының өнерін де тамашаладық. Олардың көбі репертуарды Құран сүрелерінен алады екен. Біздің театр олардан мүлдем бөлек деуге болар. Біз Еуропаға жақын театрмыз.

– Әуезов атындағы академиялық драма театры жаңа маусымын ашар алдында театр Қарағандыда және облыстың шағын қалаларында гастрольде болды ғой. Пікіріңіз қалай?

– Иә, бұл сапарымызда Қарағанды қаласының өзінде және Теміртау, Абай, Саран, Қарқаралы шағын қалаларында өнер көрсетіп қайттық.

Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен шағын қалаларды өркендету үдерісі жүріп жатыр. Осыған орай Республика Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Отаным – бақыт мекенім» атты бағдарламасы бо­йынша шағын қалаларды мәдени қызметпен қамту шаралары жүзеге асырылуда. Біздің театр Қарағанды облысындағы шағын қалаларға сапар жасап, көптен кездеспеген көрерменмен жүздесіп қайттық. Гастрольге бүгінгі күннің көптеген өзекті мәселелеріне арналған замандас драматургтеріміздің пьесалары бойынша қойылған спектакльдерімізді апардық. Олар: М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек», Т.Ахметжанның «Сұлу мен суретші», Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай», И.Сапарбайдың «Қыз мұңы» және классикадан Ғ.Мүсіреповтің «Махаббат дастаны» еді, барлығын да халық өте жақсы қабылдады. Актерлермен Қарағанды университетінде, колледждерде кездесулер өткізілді, олар радио-теледидарға шықты.

Студенттер мен ұстаздар спектакль­деріміздің белсенді көрермені болғанын атап айтуым керек. Ал гастроліміздің жабылуына Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов келді.

Қарағанды облысындағы шағын қалалар­дағы қойылымдарымыз да өте жақсы өтті. Жалпы ол қалалардағы Мәдениет үйлері анау-мынау шағын театрларға бергісіз. Халықтың өзі өнерге бейім, небір көркемөнерпаздар ұжымдары жұмыс жасайды. Ай сайын өнер жарыстары өтіп тұрады екен. Бұл, меніңше, үлкен мәдениет. Аудан-ауылдардағы кітапханалардың қоры жақсы, ғаламторға қосылған. Ұлттық мерекелерді халық бір кісідей өткізеді екен. Меніңше, мұндай жұмыс облыстың бүкіл ауданында жолға қойылған. Сапардың соңғы күні Қарқаралыда «Қыз мұңы» спектаклі көрсетілді. Ал Қарқаралыға бір күндік гастрольге баруды облыс әкімінің өзі ұсынған болатын. Ондағы кездесуді актерлер көпке дейін ұмыта алмай жүрді. Бұл сапардан ұжым көрерменге рухани азық беріп қана қоймай, өздері де үлкен шығармашылық азық алып оралды. Жалпы гастроль деген ұжымның шығармашылық тыныс-тіршілігіне, бағыт-бағдарына сын десек, ұжым бұл сындардан абыроймен өтіп келеді.

Қазір республикамыздағы барлық театрлар шағын қалаларға сапарға шығуды дәстүрге айналдырса болатындай, өйткені көп жерде залдары жақсы, сахналары ыңғайлы, жарық, дыбыс мәселелері де шешімін тапқан. Бұл ретте шағын қалалар ғана емес, аудандар тарапынан да театрлармен тығыз байланыс орнатуға, алдын ала келісіп, шағын гастрольдерге шақыруға әбден болады.

– Сіздер гастрольдерді алдын ала жос­парлап отырасыздар ма? Келесі гастроль қайда болады?

– Гастрольдік сапарлар, әрине, алдын ала жоспарланады Енді гастрольге жаңа, 2013 жылы шығамыз ғой. Көктемде Қырғыз еліне, ал жазға салым Атырау облысына баруды ойластырудамыз.

– Алда көрерменді қандай жаңа қойылымдармен қуантпақсыздар?

– Жаңа қойылым дегенде, жылдың соңына дейін екі жаңа спектакль шығарамыз. Оның бірі – «Шәкәрім». Премьерасы 30 қараша күні болды. Авторы әрі режиссері Ә.Рахимов. Жақсы дүние, өзге театрларда Шәкәрім жөнінде қойылған пьесалардан мүлдем өзгеше деуге болады. Шәкәрім ролін театрымыздың белді актерлері Б.Тұрыс пен Е.Біләл ойнайды. Әуезов театрына үлкен тақырып келді. Мен бұл қойылымнан үлкен дүние күтем. Келесісі, көрнекті жазушы-драматург Т.Әбдіковтің «Ардагерлер» пьесасы. Режиссері өзім және театрымызға осы маусымда жұмысқа қабылданған жас режиссер Ерлік Нұрсұлтан. Премьерасын желтоқсанның соңына жоспарлап отырмыз. Қойылымның басты идеясы – қоғам және адам. «Ардагер» – философиялық пайымы терең, ұрпаққа берері көп шығарма.

Театрда қызу жұмыс жүріп жатыр. Театрға қалтқысыз қызмет еткен, Әуезов театрына бар ғұмырын арнаған адамдар көп. Солардың бірі – отыз жылдай қара шаңырақ театрымыздың бас режиссері, көркемдік жетекшісі болған Ә.Мәмбетовтің туғанына 80 жыл толды. Осыған орай 24-25 қарашада көрнекті режиссерді еске алу кеші, ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ал, 21-22 желтоқсанда көрнекті актер, режиссер А.Әшімовтің 75 жылдық мерейтойына орай шығармашылық кеші өтеді.

Жылдың соңына дейін тағы бір үлкен жобаға кірісеміз. Ол – А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» пьесасы. Әлемде ең көп қойылатын Чеховтың бұл драмасы өте терең, бүгінгі күнмен үндес дүние. Бұл пьесаны Лермонтов театрының көркемдік жетекшісі Р.Андриасян мен өзіміздің Алма Кәкішева қояды. Тағы бір жобамыз – жазушы-драматург Р.Отарбаевтың «Бейбарыс» пьесасы. Оны Астана орыс театрының режиссері Ю.Ханинго-Бекназар келіп қояды. Бұл дүниелердің бәрі де репертуарымызды құнарландыра түсері сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет! Театрға және өзіңізге шығармашылық табыстар тілейміз.

Сұхбаттасқандар:

Әлия БӨПЕЖАНОВА,

Салтанат ӘБІЛҒАЗИЕВА