Серік Нұрмұратов, философия ғылымдарының докторы, профессор: АСЫЛ ҚАЗЫНАМЫЗДЫ ӘЛЕМГЕ ПАШ ЕТТІК

Серік Нұрмұратов, философия ғылымдарының докторы, профессор: АСЫЛ ҚАЗЫНАМЫЗДЫ ӘЛЕМГЕ ПАШ ЕТТІК

Серік Нұрмұратов, философия ғылымдарының докторы, профессор: АСЫЛ ҚАЗЫНАМЫЗДЫ ӘЛЕМГЕ ПАШ ЕТТІК
ашық дереккөзі

Кез келген елдің мемлекеттік тұтастығы мен саяси тұрақтылығы оның рухани-мәдени дамуына тікелей байланысты. Философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратов мырзамен өткізген бүгінгі әңгіме де Қазақ елінің рухани-мәдени дамуының негізгі мәселелеріне арналған еді.

– Серік Есентайұлы, философиялық тұрғыдан алғанда, Қазақты еуразиялық кеңістікте сапалы ұлт ретінде көрсететін басты қағидалар қандай?

– Адамзаттың өркениеттік кеңістігінде өмір сүріп жатқан әлемдегі барлық халықтар, әртүрлі қауымдастықтар өз рухани мәдениеті мен әлеуметтік болмысының үнемі өркендеп, дамып, кемелденіп, өскенін қалайды. Осы заңды талпыныстардың, мүдделіліктің арқасында әр қилы өркениеттер қалыптасып, олар жүйелі, ұйымдасқан әлеуметтік құрылымдар түрінде тарихи үдерісте көрініс беріп отырды. Олардың сан алуан кейіпте, әр қилы сипатта танылуы – заңды құбылыс. Дегенмен өзінің тарихи қалыптасқан рухани құндылықтары мен руханият әлемін қадірлемеген қауымдастық басқа халықтар алдында сыйлы болуға лайықты емес және олар өркениеттік тұрғыдан алғанда пәрменді даму жолына түсе алмайды. Осындай әлеуметтік кеңістіктер көбінесе барынша маргиналданған, рухани мәңгүрттенген әлеуметтік-этникалық топтар болып қана өмір сүрумен шектелуге мәжбүр. Өкінішке қарай, қазіргі замандағы объективті түрде көрініс беріп отырған жаһандану үрдістері осындай нигилистенген, тұтыну мүддесін ғана басты мақсат еткен, барынша бұқараланған мәдениеттің қалыптасуына ықпал жасауда. Жаңа тарихи кезең адамдарды ақпараттық деңгейде бір-біріне жақындатқанмен, жаңа заманның пенделерін психологиялық оқшаулануға, бір-бірінен қашықтатуға итермелейді. Бұл жаһанданудың өзіндік заманауи қарама-қайшылығы. Сондықтан еліміздегі барлық азаматтардың қазіргі таңдағы рухани дүниесінің сапасы, оның даму бағыты мен болашағы этноәлеуметтік кеңістік пен гуманитарлық сала үшін маңызды.

Жалпы, руханият әлеміндегі өзара мәдени әрекеттесуге, сұхбатқа, ықпалдасуға түспеген тарихи тәжірибені, өзіндік әлеуметтік деректі таза күйінде кездестіре қою тарихта сирек кездеседі. Ал, керісінше, әдеттегі тарихи тәжірибеде руханилықтың дамуының жеткілікті деңгейде көрініс таппауы салдарынан болған үлкен зұлматты, күйзелісті, зардапты жағдайларға көптеген мысалдарды келтіруге болады. Мәселен, тоталитарлық сипаттағы мемлекеттерде руханият өзінің шынайы табиғи-тарихи қызметінің түрін өзгертіп, барынша жалаң саясаттанған, прагматикалық, тіптен, материалдық игілікті ғана өзектендірген пайдакүнемдік кейіпте көрініс береді. Сөйтіп, руханилық құбылысының халықтың тағдыры үшін маңызы мен мазмұны сондай ерекше болғанымен оның құрылымы мен сипаты теріс ұстанымдармен көмкерілсе, онда қоғамдық үдерісті әртүрлі сағымдық, жаңсақ жолдарға түсіріп жіберетіндей рухани және әлеуметтік күштер басымдық таныта бастайды. Жалпы алғанда руханияттың өрбуі мен дамуының өзіндік тарихи күрделілігі мен маңыздылығы да осындай құбылыстардың өзара астасып кетуінен туындайды. Мұндайда «рухани құндылықтарымыздың бәсекеге қабілеттілігі немен өлшенеді, руханиятқа негіз болатын іргетастарды қайдан іздейміз?» деген заңды сауал да туындайды. Әрбір мәдениет үнемі өзіне рухани іргетасы болатын құрылымдарды іздейді, соны орнықтыруға тырысады. Әлемдегі басқа ұлттар мен ұлыстар сияқты қазақ халқының көп ғасырлық тарихында даналықтың озық үлгісі боларлық әлемді танып-білудің, зерделеудің өзіндік сипаттамалары, түркілік ерекшеліктерді танытатын философиялық ойлар мен тұжырымдар жеткілікті болғаны белгілі. Мәселе сол рухани інжу-маржанның қадірін біліп, қаймағын бұзбай қазіргі жаһандану заманында жүйелі түрде жинақтап алуда және оны әрбір жаңадан келетін жас ұрпаққа рухани сабақтастықпен жүйелі түрде бере білуде болып отыр.

Осы жауапты істі абыроймен жүзеге асырған жағдайда ғана еліміздің Еуразиялық кеңістіктегі өзіндік ерекшелігі бар халық ретіндегі мәртебесі өседі, басқа халықтар алдындағы құрметімізді асқақтата түседі. Өйткені өзінің тарихта қордаланған маңызды рухани құндылықтарын құрметтеген, аялаған, өрбіткен ел қана және оған жаңа заманда өзіндік жаңғырту бедерлерін, келбетін бере білген халық ғана адамзаттың өркениеттік майданында шынайы және лайықты бағаға ие болатыны сөзсіз. Енді, міне қазіргі уақытта жаңа заманның тарихи кезеңі келді, рухани дүние де демократиялана бастады, яғни ойлау еркіндігінің ұстанымдары қоғамдық санада беки түсуде. Сөйтіп, бұл басқа мәдени, саяси дәуір орыстың философиялық даналығының, қазақ халқының және басқа да халықтардың ой-тұжырымдарының тарих доңғалағының астында жоғалып кетпей, олардың халықтың рухының терең тамырларында бойлай орналасқанын, өмір сүргенін байқатты. Мәңгіге жабылған шығар, енді олар Ақиқат әлемінен орын теппес деген тарихтың «ақ таңдақтары» бірте-бірте ғылыми кеңістікте мамандар үшін ізденістер ауқымы, нысаны ретінде күн санап ашылу үстінде. Сол рухани күштердің, тарихи деректердің еркіндікке шығу кереметін, яғни басқаша айтқанда халық рухының шабыттық асқақтауын қазіргі заманда өз көзімізбен көріп, оның куәсі болып отырмыз.

Руханият – қоғамда тарихи қалыптасқан рухани әлем, қоғамның рухани өмірі мен мәдени кеңістігі. Сондықтан оған оң және теріс мағынадағы рухани элементтер мен түсініктер енуі толық мүмкін екені анық. Ал, енді руханият негізінен ерекше феномен ретінде қауымдастықтың, әлеуметтік субъектінің қалыптасу эволюциясының тарихи кезеңдеріне сай келеді, жалпы оның эволюциясына сәйкес кейіпте көрініс береді. Оны кез келген халықтың өткенінен көре аламыз. Жалпы, қазақ халқының өзіндік руханиятының тарихи бастаулары жөнінде, оларды тарихи кезеңдері жайлы соңғы кезде біршама нақты тұжырымдар айтылуда. Әсіресе, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» деген еңбегінде халқымыздың өткенімен байланысты алты мың жылдық тарихтың шеңберлерін зерделей келе төмендегідей маңызды кезеңдердің болғанын атап өтеді: Бірінші кезең. Ежелгі арийлердің сансыз көп тайпаларының бүгінгі Қазақстанның бүкіл аумағын игеруі. Екінші кезең. Сақ патшалары қалдырған қоныстар мен қорғандар арқылы айғақталады. Үшінші кезең. Көк Тәңірі мен Ұмайға сенген Ғұн тайпаларының рухани әлемінің таралуы. Төртінші кезең. Түркі қағанатының – Мәңгілік ел руханиятының қалыптасуы. Оғыз, қыпшақ тайпаларының жаңа түркі дүниесін құрай бастауы. Бесінші кезең. Орхон-Енисей құлпытастарында руникалық таңбалардың пайда болған түркілік дәуір. Алтыншы кезең. Қазақстан аумағында араб-ислам мәдениетінің тарала бастауы және әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари секілді ойшылдардың әлемге таныла бастау кезеңі. Жетінші кезең. Түркі халықтарына рухани ілім ретінде сопылықтың таралуы және Қожа Ахмет Иассауи сияқты рухани тұлғаның замандастары алдындағы беделінің асқақтауы. Сегізінші кезең. ХII–ХIV ғасырлардағы Шыңғыс әулетінің ықпалында болу дәуірі, түркі тайпалары арасында Алаш ұғымының беки түсуі мен қазақ ру-тайпаларының тұрақты этникалық құрылымдар ретінде қалыптасу кезеңі. Тоғызыншы кезең. ХV–ХVII ғасырларда қазақ хандығы құрылды, алғашқы рет жалпыхалықтық руханияттың негізі қаланды. Халық рухының ұшқыны ақын-жыраулардың, би-шешендердің, данагөй көсемдердің шығармашылығынан көрініс таба бастайды. Тәуке ханның тұсында қазақтың дәстүрлі құқығының өзіндік үлгісі – «Жеті жарғы» тарихи құжаты дүниеге келді. Оныншы кезең. ХVII–ХIХ ғасырларда қазақтың жауынгерлік рухының сынақтан өткен шағы. Қазақ руханияты өзінің тұтастығын шыңдай түсті, дүниетанымдық әмбебаптығын әрлей түсті, ұлттық бейнесін анықтай түсті. Шоқан, Ыбырай және Абай сынды қазақ ағартушыларының халық руханиятын жетілдірудің гуманистік жолдарын іздеген дәуір болды. Он бірінші кезең – ХХ ғасыр. Бұл қазақ руханиятының қайшылыққа толы кезеңі еді. Қазақ зиялы қауымы ұлттық ояну мәселесін алға ұсынып, тәуелсіздікті саяси мәселе ретінде халық санасына орнықтырады. Халықтың үштен бір бөлігі басқа елдерге қоныс аударып, тарихи отанында азшылыққа түскен ғасыр еді, тілінен, ділінен айрылып қала жаздаған заман болды. Он екінші кезең – 1980 жылдардың ортасынан басталады. Кеңестік империя құлағаннан кейін үлкен Еуразия аймағында тәуелсіз елдердің қалыптасу кезеңі келді. Руханияттағы түбегейлі өзгерістер ене бастаған дәуір туды. Жеке азаматтар мен тұтас қауымдастық үшін өмірдің мәніне айналған осы соңғы тарихи кезең туралы елбасы «Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарихтың толқынында өзінің ұлттық «Мен» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр. … Бірақ бұл мүмкіндік қана, ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. Алматы: Атамұра, 1999. – 2636.]», – деп мәдени сабақтастық жайлы тұжырымдар жасаған болатын.

– Мемлекеттің тұтастығы мен тұ­рақ­­­тылығын сақтауда мәдени-рухани мәселелер басты назарда болуы шарт. Сіздіңше, Қазақ елінің мәдени дамуында қандай бағытқа басымдық беріледі?

– Қазақтың ежелгі даласындағы түркітілді мәдениеттің терең астарлы тарихына үңілетін болсақ, онда әлемдік мәдениетке өзіндік үлесін қосатын талай мәдени мұраның қорына тап боламыз. Оның өзара түсіністікті құптайтын, өрбітетін рухани табиғаты бар екенін қазіргі заманның көзі қарақты гуманитарлық сала мамандары ерекше атап өтуде. Түркі мәдениетінің кеңістігі туралы сөз болғанда, онда оның аясында қазіргі кезде Орталық және Алдыңғы Азияның ауқымды аумағын мекен ететін отыздан астам этностың өкілдерін қамтитын түркітілдес халықтардың мәдениеті түсіндіріледі. Ежелгі уақыттарда түркі халықтары Қара және Каспий теңізінен Байкал көлі мен Хинган тауларына дейін, Қара теңіз жағалауы мен Қазақстанның географиясына жатқызылатын далаларға, Орта Азияның құмды шөлдеріне және Әмудария мен Сырдария өзен аралығы жазирасына, Алтай мен Оңтүстік Сібірге, Тянь-Шань мен Памирдің таулы алаптарына дейін созылып жатқан кең байтақ кеңістікте қоныс тепті. Бай табиғат жағдайларының алуантүрлілігі ежелгі түркілердің бай мәдениетінің қалыптасуына ықпал етті.

Қазақстанда Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы ұлттық дара­лығымызды барынша екшей түскеніне сенімдіміз. Бағдарлама ауқымындағы көптеген томдардың жалпы мазмұны мен құрылымы осы жетекші идеяға қызмет етті және оқырманды қазақ руханиятына бойлата отырып философиялық сұхбатқа шақырады. Жалпы әлемнің көптеген мемлекеттері мен қауымдастықтары өздерінің жарқын болашағы үшін қазіргі заманауи тарихи кезеңде ел бірлігі мен оның біртұтастығын сақтап қалу үшін пәрменді қадамдар жасап жатқаны белгілі. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген халықтың қанатты сөзінде терең даналыққа толы астар бар. Халық ретінде, ұлт ретінде, бір мемлекеттің азаматтары сипатында өзінің ішкі бірлігін, біртұтастығын жоғалтқан қауымдастық әлеуметтік дүниеде әртүрлі қиындықтарға душар болады, береке мен бірлікті ту еткен халықтың айрандай ұйып отырған жеріндегі әр қилы бағыттағы қатынастарына нұқсан келуі мүмкін. Оған әлемдік саяси тәжірибедегі мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мәселен, Араб елдеріндегі саяси жағдайлар соның көрінісі. Сондықтан өзінің бірлігін, ынтымақтастығын шынайы әлеуметтік маңыздылыққа, ерекше құндылыққа айналдырған халық қана өмірдегі талай асуларды алуға көбірек мүмкіндіктерге ие болады және басқалардың алдында өзінің біртұтастығы жарасқан қадірлі ұлтқа айналары хақ. Міне, осы бағытта Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіздік алған жылдары атқарған жасампаз қызметі орасан зор екені анық және ол Елбасы ретінде болашақтағы қазақ халқының, қазақстандықтардың тарихында ерекше ілтипатпен, құрметпен аталары сөзсіз.

– Н.Назарбаевтың Қазақ елінің ішкі тұтастығын, ел бірлігін сақтауда атқарған жұмысын қалай бағалар едіңіз?

– Бір жағынан, дүниені түгелдей өзара жақындатып, өзара ықпалдастырып жатқан жаһандану құбылыстары Қазақстанның Жер шарының түкпір-түкпіріндегі мемлекеттермен байланысын тереңдетуде. Әрине, олар объективті процестер ретінде еліміздің этноәлеуметтік кеңістігін айналып өтуі мүмкін емес еді. Біздің еліміз Шығыс пен Батысты жалғастырып отырған Еуразиялық кеңістіктегі мәдени, саяси және экономикалық көпір екені де белгілі. Екінші жағынан, осындай өзіндік әлеуметтік бірізділікті насихаттайтын үдеріске өзіндік өркениеттік қарсылық қадамдары да байқалып отырғанын жасыруға болмайды. Ол негізінен ұлттық ерекшеліктерді қорғауға бағытталған оқшаулану немесе локализациялану қадамдары сипатында көрініс беруде.

Міне, осындай қазіргі заманауи әлемдік процестерге тән қайшылықты үрдістердің ауқымында Қазақстан Республикасының өзіндік көзқарасын, стратегиялық бағытын анықтап алуы қажет болатын. Халық даналығының тілімен айтқанда, қазіргі замандағы бәсекелістікке толы әлеуметтік шындықта қалайда – «арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» бейтарап та шығынсыз қағидаға сүйену керек болатын. Міне, осындай қоғамдағы қиын-қыстау мәселелердің тоғысқан жерінен орнықты жол таба білудің өзі үлкен даналықты қажет етті және ол елдің саяси элитасы мен басқару жүйесі үшін заманауилық тарихи мағынадағы ерекше сын еді. Қазақстан Республикасының алғашқы президенті Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздік алған жылдардан бергі сындарлы қызметінің мазмұны осы маңызды проблемалар төңірегінде өрбіп отырғаны белгілі. Жалпы, Елбасының сіңірген еңбегінің негізгі бағыт-бағдары – Қазақ елінің ішкі біртұтастығын бекітуге, оның басқа халықтармен ынтымақтастықта болуға шақырудан тұратындығы қазіргі заманда халықаралық деңгейде мойындалып отырғаны айқын. Әрине, тәуелсіздіктің түпкі тамырын нығайта түсуде қатпарлы кезеңдермен қатар үлкен асулардан өтудің қажет болғанын және сонымен қатар кейбір қиындықтар мен өкінішті сәттердің де болғанын атап өткен жөн іспетті.

Бірақ дегенмен өткен күндердің оқи­ғалар тізбегі болашаққа сеніммен қарай­тын қазақстандықтарды уақыт тезінен өткізіп, олардың барлығын шыңдалтты, кемшіліктер мен қателіктерді жөндеуге және жетілген әлемге қарай ұмтылдырды. Жалпы, дамудың өзі қайшылықтарды шешуден, үнемі прогреске қарай қадам жасаулардан тұратыны белгілі.

Алға жылжудың өзі белгілі бір дәстүр­лер­ді, өмір салтын бұзуға алып келеді. ХХ ғасырдың аяғында бұрынғы кеңестік ке­зең­де қалыптасып қалған түсініктер мен тап­таурындардан бас тартып, жаңа заман ұсынып отырған жаңғырған дүниелерді, жаңа бағдарламаларды қабылдаудың уақыты келгендігін байқалтты. Міне, осы қайшылықты кезеңде ел басшысының мемлекеттің басқару жүйесімен бірлесе отырып шешімді қадамдарды жасауы қажет еді және осы бағыттағы сындарлы саясаттың арқасында пәрменді өзгерістер жүзеге асты және ол шын мәнінде қоғам дамуына қатысты көп нәрсені анықтайтынына көзіміз жетті. Өз жетістіктерін орнықты пайымдай алғанда ғана қауымдастық үшін алға қарай жылжудың мүмкіндіктері ұлғая түседі және адами капиталдың әртүрлі қырлары ұшталады.

– Тамыры тым тереңде жатқан тарихқа көз жүгіртсек, ел басына күн туған қысылтаяң шақта Атажұртты жат жұрттарға айырбастап, шекара сыртындағы елдерді бас сауғалауға мәжбүр болған жайттар бар. Бұл алыс-жақын шет елдердегі «қазақ диаспорасының» тағдырына қатысты. Жырақта жүрген қандастармен қатынас орнатуда Елбасы сүйенген басты қағида қандай?

– Қазақ халқының күрделі тарихының көп­теген көлеңкелі беттерінің айғағы ретінде отан­дастарымыздың өткен ғасырларда бір бө­лігінің еріксізден көршілес елдердің аза­маттарына айналуын жатқызуға бо­ла­ды. «Қазақ диаспорасы» деген ұғым барлық шетелдердегі қазақтар туралы айтыла бастады және сонымен қатар бұл ұғым ХХ ғасырдың басында шекараны анықтау кезінде арғы бетте өзінің ата-бабасының мекенінде қалып қойған және оны әлеуметтік ғылымда «этникалық ирредента» деп атайтын қандастарымызды қамтыды. Осы жалпы саны бес миллионға жақын исі қазақ ағайындардың тәуелсіздік нығая түскен жиырма жыл ауқымында бір миллиондайының өз тарихи Атамекеніне оралуына, онда толыққанды азамат болып тіркелуіне, көбісінің квота бойынша баспаналы болуына себепкер болған елбасының өзі болатын. Ол дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы ретінде өзінің басты стратегиялық бағдарламасын бірнеше заманауи әмбебап өркениеттік принциптерге сүйеніп негіздегенін байқаймыз.

Біріншіден, Қазақстан Республикасы Жер бетіндегі барлық қазақтар үшін қайталанбас жалғыз тарихи мекені, заңды Отаны екені көрсетілді және оған оралуға ниет еткен отандастарымызды қабылдауға түбегейлі бетбұрыс жасалып, көптеген жылдар бойы ұлттың ішкі бірлігін нығайта түсу үшін квота бойынша жан-жақты көмек көрсетіліп келді. Қазіргі тарихи кезеңде квотаның берілуінің уақытша үш жылға тоқтатылуының өзі жалпы қазақ репатрианттарының елімізге бағытталған көші-қонын жасанды түрде тежеу деген сөз емес. Керісінше, мемлекеттік жүйеден тыс еліміздің әлеуметтік және қоғамдық күштерінің, шетелдегі қандастарымыздың әлеуетін, әр қилы бағыттағы мүмкіндіктерін айқындауға деген қадамдар болып табылады. Еуропада әр жыл сайын өткізіліп келген кіші құрылтайдың соңғысы Дания елінде өткені белгілі. Міне, осы кіші құрылтайдың қатысушыларына арналған құттықтау сөзінде еліміздің Президенті «Құрметті бауырлар! Сіздерді қай уақытта да құшақ жайып қарсы алатын елдеріңіз барын, сүйенгенге тірек, іздегенге пана болар жерлеріңіз барын әрдайым естен шығармаңыздар», – деген болатын. Біртұтас қазақ халқының құрамдас бөлігі болып табылатын қазақ диаспорасының тағдыры мен болашағы еліміз үшін, Елбасы үшін маңызды мәселе болып қала бермек деген ойдамыз.

Екіншіден, өзінің тарихи отанынан жырақ кетіп, жаңа мекенде өмір сүріп, өздерін әлемге танытқан, тіпті мемлекет құрған әртүрлі ұлт өкілдері әлемде көптеп саналады. Өткен ғасырларда жаңа жерлерді бағындыруға ұмтылған ағылшындар мен португалдар, испандар мен француздар Жер бетінің көптеген елдерінде өздерінің тілдерін таратып, мәдениетін орнықтырып үлгергені белгілі. Қазіргі кезеңде қытайлықтар мен үнділіктер басқа этникалық кеңістіктерді игеруге ұмтылуда. Әрине, өздерінің тарихи мекендеріндегі демографиялық жағдайдың қысымы да осы процестерге әсер ететіні де тарихи дерек болып табылады. Қазақстан Республикасы өзінің шетелдердегі отандастарына қамқорлық жасау және сонымен қатар олармен өзара қарым-қатынаста болу саясатын ұстанады. Бұл қатынастар қазіргі дәуірдік өзіндік заманауи талабы десе де болады.

Қазақ диаспорасының жаңа легінің қазіргі жағдайда әлеуметтік жаңғыру үрдістеріне сәйкес үйлесімді сипатта өзіндік қисынмен қалыптасуынан үркуге болмайды. Оны кезіндегі қазақтардың жан сақтауы үшін іргелес елдере үдере көшуімен салыстыруға болмайды. Қазіргі кезеңдегі қандастарымыздың кейбір елдерді өмір сүруге таңдауының өзі және оның саналы түрде жүзеге аса бастауының өзі еліміздің азаматтарының өркениеттік деңгейінің арта бастағанын білдіреді, олардың шетел тілдерін жете меңгеріп, белгілі бір кәсіби саланың бәсекеге қабілетті мамандары болғандықтан ғана сіңісе алып жатқандығына көзіміз жетіп отыр. Нарық заманында адамға тек өзінің қабілетімен ғана орнықты орын табылады.

Үшіншіден, Қазақстан Республикасы азаматтары кейбір көрші елдердің азаматтарындай басқа мемлекеттердің территориясында жұмыс іздеп, топ-тобымен шоғырланып жүрген жоқ, еліміздің пәрменді инновациялық даму жолына бет бұруы және әлеуметтік жаңғыру саясатын ұстануы әлеуметтік тұрғыда біршама тұрақтылыққа іргетас болғанын атап өтуге болады. Әрине, шешімін әлде де тереңірек табуға тиісті мәселелер баршылық. Өткен жылдың аяқ жағында Жаңаөзенде орын алған оқиғалар қазақ жастарының арасында шеттеп қалған, мүддесі толық қорғала қоймаған өкілдерінің бар екенін көрсетіп берді. Осы бағыттағы қызметтердің пәрменденуі де өмір қажеттілігі. Шын мәнінде елімізден басқа жерлерге өздеріне тиісті емес материалдық және қаржылық игіліктерді ала қашқан қандастарымыз туралы естігенде олардың ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінбегендігі, өздерінің жеке бастарының қамдарын ғана ойлағандығы қынжылтады. Оларды қазіргі таңдағы қазақ диаспорасының шынайы өкілдері деп айтуға ауыз да бармайды. Қазақ халқының мүддесіне қызмет ету ар-ұждан алдындағы тазалықтан басталатындығын Абай мен Шәкәрім сияқты қазақ даналығының дүлдүлдері айтып кеткенін әсте естен шығармаған жөн іспетті.

Ал, енді қазақта айтылатын «Жұмыла көтерілген жүк жеңіл» деген даналыққа толы қанатты сөз бар. Осы сөздің мағынасын терең зерделесек, онда қазақ халқының болашағы және ұлттық біртұтастығы оның әрбір өкілінің жасампаз шынайы әрекетімен, шығармашылыққа толы еңбегімен астасып жататынын байқаймыз. Қазақ ұлтының кез келген өкілі қай елде өмір сүрсе де, қай елдің азаматы болса да өзінің бақытын негізінен өз қолымен жасайды, өз дарынын белсенді іс-қимылымен ғана паш ете алады. Сондықтан қазақ диаспорасының өкілдерінің басқа ірі ұлттарға жұтылып кетпей, мәдени ассимиляцияға ұшырамай, қазіргі әлемді жайлап келе жатқан тұтыну психологиясының тетігіне айналмаудың қамын ойлап, Қазақстан мемлекеті тарапынан көрсетілген көмекпен ғана шектелмей рухани және әлеуметтік даму жолында белсенділік танытуы қажет екені айқындалуда.

Әрине, тәуелсіз еліміз өз шамасына қарай отандастарымызға ақпараттық, білімдік, құқықтық және экономикалық тұрғылардан көмектерін аямауы тиіс. Бүкіл әлемдегі қазақ атаулының барлығы оқи алатындай «Егемен Қазақстанның» биылдан бастап нөмірлерінің – латын, кириллица және төте жазумен шыға бастағаны нағыз ұлттық топтасу мен ықпалдасудың жолына бет бұрғанымыздың нағыз дәлелі. Енді осы мысалды басқа ұлтжанды баспалар мен бұқаралық ақпарат құралдары, жоғары оқу орындары қолдап, өзіндік ұлттық қозғалысқа айналғаны абзал. Жалпы, руханияты кемелденген біртұтас халыққа айналудың тетігі көп екені анық. Басты мәселе ниетте.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ