Жаңалықтар

АЗАТТЫҚТЫҢ БАСТАУЫ — АЛАШОРДА

ашық дереккөзі

АЗАТТЫҚТЫҢ БАСТАУЫ — АЛАШОРДА

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовтің бастамасымен Алашорда ұлттық үкіметінің 95 жылдығына арналған «АЛАШ ТУЫ АСТЫНДА: АЛАШОРДА. ЖЕЛТОҚСАН. ТӘУЕЛСІЗДІК» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтпекші. Желтоқсанның 13-і күні Шымкент қаласында өткелі отырған бұл конференцияға есімі елімізге кеңінен танымал ғалымдар қатысады деп жоспарлануда.

Мәселен, олардың арасында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Мәлік Асылбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, «Нұр Отан» ХДП-ның хатшысы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Ерлан Қарин, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы, “Әділет” тарихи-ағарту қоғамының президенті, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбай сияқты азаматтарымыз бар.

Аталмыш конференцияның 13-ші желтоқсан күні жоспарлануы тегін емес. Өйткені 1917 жылдың 5 мен 13-ші желтоқсан аралығында Орынбор қаласында жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы өтті. Аталған құрылтайда тұңғыш рет заманауи бағытта мемлекет құрылып, оның аты Алашорда деп аталды. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінде Әлімхан Ермеков «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды», – деп жазған еді. Ал Міржақып Дулатұлы «Автономия алу – мемлекет болды дегенмен бірдей. Біз енді өз алдымызға мемлекет боламыз деп тұрмыз» деген болатын. Алаш арысының осы сөзінен асып не айтуға болады?

Бүгінде әр-әр жерде Алашорданың 95 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымшылдықпен атқарылып жатыр. Сондай-ақ желтоқсанның 6 мен 8 күндері Алматы және Қарағанды қалаларында Алашорданың 95 жылдығына арналған конференция өтті. Міне осындай игі бастамалардың соңы оңтүстік өңірдің орталығы Шымкент қаласында жалғасын таппақ. Бұл туралы ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары – баспасөз қызметінің басшысы Берік Уәли: «Алаштың ардақты ұлы, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатындығына көзі жетпейді» деген екен. Тарихтан ғибрат алу әр бір азаматтың басты міндеті. Әйтсе де тарихтан тек ғибрат алып қана қоймай, оны жас ұрпаққа насихаттай білу керек. Осыны ескерген облыс әкімі Асқар Исабекұлы «АЛАШ ТУЫ АСТЫНДА: АЛАШОРДА. ЖЕЛТОҚСАН. ТӘУЕЛСІЗДІК» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізгенді жөн көрді. Жалпы Алашорданың 95 жылдығы аясында мұндай ауқымды істің біздің оңтүстікте өткені үлкен мақтаныш. Себебі қиын-қыстау кезеңде Алаш ардақтыларының кейбірі осы Шымкентті пана тұтқан болатын. Жалпы біздің бұл жасап жатқан ісіміз Алаш арыстарының алдындағы кішкентайда болса қарызымыздың өтеуі ғана. Әрбірден соң бұл әрбір азаматтың алаш арыстарының алдындағы парызы деп білемін», – дейді.

5 жылдан кейін, яғни 2017 жылы Алашорда мемлекетінің құрылғанына 100 жыл толады. Осынау айтулы датаны біз қалай қарсы аламыз? Сондықтан да «қыстың қамын жаз ойлап» әлден 100 жылдыққа қамдана беруіміз керек. Өйткені Азаттықтың бастауында Алашордашыл азаматтардың жасампаз идея­сы тұр.

Г.БЕКТАС