БАҚЫЛАУ ҚЫЗМЕТІ БЕЛ АЛМАҚ
БАҚЫЛАУ ҚЫЗМЕТІ БЕЛ АЛМАҚ
Жуырда елордадағы Конгресс-Холл ғимаратында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының ХVII есеп беру-сайлау конференциясы өткен еді. Конференцияға партия Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев пен Астана қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов қатысқан болатын.
Астаналық нұротандықтардың есеп беру жиыны Тұңғыш президент күнімен пара-пар келуінің де өзіндік себебі бар. Өйткені Мемлекет басшысы бұған дейін әлеуметтік жаңғырту үдерістерін жүйелеу мен реттеуде «Нұр Отан» партиясының алар орны ерекше екендігін атап айтқан болатын.
Елордада өткен есеп беру жиынында соңғы кездері атқарылған ауқымды жұмыстар ортаға салынды. Кемшіліктер де назардан тыс қалмады. Әсіресе, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өткізуді Астананың жеңіп алуы – қазақ халқы үшін де ерекше жағдай. Осы орайда, есеп беру жиынына қатысқан делегаттар өздерінің ыстық лебіздерін жеткізді.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мырза: «Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халқымызды небір қиын-қыстау кезеңдерден, аумалы-төкпелі уақыттан аман-есен алып өтті. Табанды әрі жан-жақты ойластырылған шешімдері мен батыл әрі нық қадамдарының арқасында елімізді, міне, бүгінгідей дамудың жоғары деңгейіне жеткізді», – деп атап өтті.
Бүгінгі күні қалалық партия ұйымы 323 бастауыш партия ұйымына біріккен, олардың қатарында 37 мың адам бар. Астаналық нұротандықтардың жұмыстарының негізгі бағыттары – бұл қоғамдық-саяси қызметтер, мәслихаттағы «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясымен тығыз байланыс, сыбайлас жемқорлықпен күрес, сондай-ақ, жастармен жұмыс жүргізу болып табылады.
Партия қызметін ары қарай жетілдіре түсу қажеттігіне тоқтала отырып, Партия төрағасының бірінші орынбасары «Нұр Отан» партиясының алдында тұрған басты басымдықтардың бірі партия бақылау қызметін арттырып, партияның өкілетті органдар мен бастауыш ұйымдарының рөлін күшейту керектігі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ жиын барысында әлеуметтік саладағы мемлекеттік органдар қызметінің іс барысына мониторинг жүргізу жүйесін жасақтап, жетілдіру қажеттігі уақыт талабы екендігі де сөз болды. Партия төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, мұнымен көпшілікпен жүзбе-жүз көрісіп, халықтың хал-жағдайы мен тұрмыс-тіршілігін олардың өзінен естіп отыратын қоғамдық қабылдаулар айналысқаны абзал дейді.
Есеп беру жиынында партияның ішкі жұмыстарын жетілдіру, партияның қалалық және аумақтық филиалдары құрылымдарын қайта қарау, саяси жұмыс жүргізу мен партия мүшелерінің санын арттыруға байланысты жайттар да назардан тыс қалмады. Сонымен бірге, Астана қалалық филиалы құрылымы «Нұр Отан» ХДП Жарғысына сәйкестендіріліп Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандық филиалдары, сондай-ақ «Бірлік», «Нұр», «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ жанындағы филиал болып белгіленді. Сондай-ақ жиын барысында Астана қалалық филиалы бірінші орынбасары сөз алып, филиал жұмысының алдағы міндеттерін айқындап, арнайы баяндама жасады. Жиын соңында елордалық филиалдың саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы бекітіліп, айқындалды.
Есепті жиында әңгіме өзегіне айналған тақырыптың бірі – ЕХРО-2017 көрмесі болды. Бұл көрменің Астанада өткізілуінің өзі зор қуаныш. Бұл көрме 2017 жылы жазда үш ай бойы елорда төрінде өтетін болады. Кейбір деректерге сүйенсек, Астанаға келушілер саны 5 млн.-ға дейін жетеді деп күтілуде. EXPO-2017 көрмесіне елорданың оңтүстік-шығыс бөлігінен, Шәмші Қалдаяқов көшесі мен К-1 айналма автокөлік жолының қиылысындағы гольф-клуб маңынан жер бөлінген. Жер телімінің жалпы ауданы 113 гектар, оның 25 гектары – кешеннің өзі, ал қалған бөлігі автотұраққа, сыртқы құрылғыларға және EXPO-2017 қалашығына арналатын болады. Сонымен, әлемдегі ең беделді әрі ең ірі көрме қазақ елінде өтетін болды. Негізінде, EXPO көрмесінің тарихы 1851 жылдан басталады. Алғашы рет Лондонның Гайд-паркінде өткен. Содан бері, Халықаралық көрме көптеген елдерде өтіп, ең беделді көрмеге айналды. Көрменің берері де көп. Мысалға, Париждегі әйгілі Эйфель мұнарасы 1889 жылы осы көрмеге орай тұрғызылғаны да белгілі.
Қазақстан халықаралық көрме тақырыбын «Болашақ энергиясы» деп таңдауы да тегін емес. Өйткені мұндай тақырыптың таңдаудың да өзіндік ерекшеліктері бар. Әрі оның жаһандық өзектілігі де баршылық. Баламалы энергия көздеріне ізденістер проблемасы әлемдік қоғамдастық тарапынан қаншама жылдар бойы өзекті тақырыпқа айналып келеді. Жаңартылатын энергия көздерін дамытудың маңыздылығы да жылдан-жылға артып келетіні айтпаса да түсінікті. Сол себепті де, әлемдік ғылым үшін де, әлемдік экономика үшін де ең басты міндет – болашақ энергиясы болып табылары сөзсіз. Сондықтан Астананың «Болашақ энергиясы» тақырыбын таңдау арқылы жаһандық мәселені көтеріп отырғанын айтқанымыз абзал. Әрі бұл тақырып арқылы Қазақстан энергетиканы дамытуға өз үлесін қосуға және Астанада баламалы қуат көздері саласында таңдаулы ойшылдар мен жобаларды, инноваторлар, ғалымдарды жинауға ұмтылмақ.
Сонымен әлем назарын тігіп отырған бұл көрме «Нұр Отан» ХДП -ның да назарынан тыс қалмақ емес. Бұл көрменің Астана қаласында сапалы өткізілуіне «Нұр Отан» да мүдделілік танытып отыр.
Едіге БЕКТАС