Жаңалықтар

ЖЕЛТОҚСАННЫҢ КУӘСІНДЕЙ... НЕМЕСЕ БІР ЕРЛІКТІҢ ТАРИХЫ

ашық дереккөзі

ЖЕЛТОҚСАННЫҢ КУӘСІНДЕЙ... НЕМЕСЕ БІР ЕРЛІКТІҢ ТАРИХЫ

Біз 1916 жылы қазақ жерін шарпыған ұлт-азаттық көтерілісін көзімізбен көрген жоқпыз, халқымыздың бетке ұстар қаймағын сылып тастаған 37-нің де тірі куәсі бола алмадық, оны тек оқулықтан оқып, көңілге тоқып өстік. Ал, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін өз көзімізбен көріп, оның тірі куәсі болып қана қоймай, қантөгістің қақ ортасында жүрдік. Тәуелсіздік жолындағы ата-бабамыз басынан кешкен қиындықтың болмысын ішінара біз де сезіндік.

Сезіндік дегеннен шығады, ол КСРО аталатын «тоталитарлық машинаның» үстемдік саясаты шектен шығып бара жатқан кезең еді. Қазақ жері «интернационализм», «теңдік», «достық» бетпердесімен бүркемеленген орыс империясының қан қасап талауына түсті, жойдасыз ядролық сынақ алаңына айналды, тілі мен ділі кім көрінгеннің мазағына ұшырап, қолдаусыз, қорғансыз қалды, ұлттық кадрларды кемсіту белең алды. Қазақтың басына осындай қиын күн туған кезде еліміздің жас қайраты ұрандап алаңға шықты. Теңдікті талап етті, әділет, шындық іздеді. Бірақ империялық жазалау әдісінің арадан қанша жыл өтсе де түк өзгермегенін Желтоқсан көтерілісі тағы бір дәлелдеді. Билік қазақ жастарын аяусыз басып-жаншыды, қанға бөктірді, қуғын-сүргінге ұшыратты. Тіпті, «қазақ ұлтшылдығының» ерекше көрінісі ретінде қара күйені аямай жағуға тырысты. Алайда бойында еркіндік сүйгіш көшпенді-қондыгердің қызу қаны ойнаған қазақтың рухын сындыра алған жоқ. Қайта барынша қайралып, шыңдалды. Мәселен, сол бір ызғарлы желтоқсандағы қаралы күндердің менің жаныма салған жарасы әлі жазылған жоқ. Жүректе шемен болып қатып қалған бітеу жара қалай ұмытылады? Қалай жазылады?!. Сондықтан біздің толқын тәуелсіздіктің төбеден түспегенін, әлдекім айдаладан келіп сый-сыпыраға тартпағанын, тарих көшіндегі қазақтың үш ғасырлық арман-аңсарының толық жүзеге асатынын сол кездің өзінде-ақ түсінген және солай болатынына сенген ұрпақтың өкілі болып табылады. Өз басым Бостандық үшін басын бәйгеге тіккен, Тәуелсіздік үшін күрескен біздің толқынды сол үшін де мақтаныш тұтамын!

Халықтың басына күн туған сол бір қиын-қыстау шақта жүрегінде намыс оты бар талай қазақ баласы алаңнан табылды. Сол алаңнан табылғандардың арасында ағайынды Құлменовтер де бар еді. Айта кететіні, бүгінде Құлменовтер есімі елге «ағайынды үш ұста» атымен көбірек танымал. Тұрсынжан, Махмұт, Айтберген Жетенұлылар халқымыздың ежелгі замандардан келе жатқан темірші-ұсталық өнерін қайта қалпына келтіріп, көшпелілердің әскери жорықтарда қолданған қару-жарақ, сауыт-сайман үлгілерін жаңғыртумен айналысып жүрген өнерлі жандар.

Алайда, біздің айтайын дегеніміз бұл емес, біздің айтпағымыз осы жігіттердің Желтоқсан көтерілісіне қатысы, анығырағы Құлменовтердің бұрын ешкімге мәлім емес бір ерлік ісі жайында болмақ. Ағайынды ұсталардың ерлігі сол – олар тек алаңдағы қақтығыстың бел ортасында болып қоймаған, сонымен бірге қазақ жастарына қарсы жазалаушылар қолданған суық қарулардың келешек үшін маңызды болатынын сезіне білген. Сөйтіп оның бірнешеуін алаңнан шегініп бара жатқанда үй қалтарысындағы бір шұңқырға жасырып кеткен. Басқа түсер қауіп-қатердің соншама жақын екендігіне қарамастан осылай істеген. Мұны ерлік демей, не дейміз?! «Шындық тәуекелге қарыздар» деп осындайда айтса керек. Неге тәуекелді тілге тиек етіп отырмыз? Себебі, тәуекел іс мұнымен аяқталмаған болатын. Арсы-гүрсі алашапқын саябырлап, «қазақ ұлтшылдығын» жазалау біршама тыныштала бастаған шақта ағайынды үшеу баяғы қанды алаңға қайта оралып, бір кезде өздері бетін топырақпен жасырып кеткен темір қаруларды шүберекке орап алып шығып, оларды ұзақ уақыт жұрт көзінен тасада сақтаған. Өйткені қауіптің аяқ астынан айтпай келетінін ағайындылар сезбей қалған жоқ. Тек арадан көп жыл өткен соң Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы қарсаңында ғана өз олжаларын Алматы қаласының тарихи мұражайына тапсырды. Мұны азаматтық демей, не дейміз?!.

Жасырып, жабатыны жоқ, менің бұл хабарды естігеніме бір жылдай уақыт болды. Алматы аспанын рух шарпыған сол бір күндері ақырып теңдік сұрап алаңға шыққан, екі жендеттің қолына қапыда түсіп, сапер күректің салмағын өз денесінде салмақтап көрген желтоқсаншы ретінде қатты толқығаным есімде. Содан бері сол айғақ заттарды бір көрер ме еді, шіркін, деп армандап жүргенімді несіне жасырайын. Бірақ күнделікті қым-қуат тіршілік оған мұрсат бере ме? Бермейді. Әйтсе де, мың естігеннен бір көргенге не жетеді! Міне, «ештен кеш жақсы» демекші, көптен арман етіп жүрген ниетімді жүзеге асыру үшін және желтоқсаншыларға қарсы жазалаушы-карательдер қолданған қару түрлерін өз көзіммен көру үшін Алматы қаласының тарихи мұражайына ат басын арнайы бұрған едім.

***

Рас екен, оқиғаны ауызша жеткізу бір бөлек те, оған байланысты айғақ заттарды көзбен көрудің әсері тіпті басқаша болады екен. Сөреде тізіліп тұрған суық қаруларды алғаш көргенде денемді бір суық ызғар қарып өткендей болды. Өзімнен өзім тітіркеніп кеттім. Тұп-тура қарсы алдыңнан әлдебір суық көз тесірейе қарап тұрып алса, үрейленбей көр… Бір-бірімен айқасып жатқан қысқа сапты қос сапер күрек… Ұзындығы бір құлаш, сабы резина шлангімен мұқият қапталған екі бірдей арматура қару… Оның жоғарғы жағында тісі кетік темір балта мен айыр ұшты (айыр тілді жылан сияқты) істік темір… Қасында сабы мойнынан морт сынған кәдімгі күрек… Кімнің кім екенін әйгілеген сол бір аласапыран күндерден хабар беретіндей. Әттең, тілі жоқ. Егер алда-жалда ғайыптан тайып тіл біткен болса, Желтоқсан шындығы жайында сайрап берер еді. Айтылмай жатқан қаншама құпияның түйіні шешілер еді…

Осындайда еске түседі. Баршаға белгілі, алаңда алаңсыз тұрған бейбіт шерушілерді күш қолданып, қуып таратты. Қуып таратушылар ешкімді аяған жоқ. Жасты да, жасамысты да, ақсүйекті де, қарасүйекті де, ананы да, баланы да кешірмеді. Қолға түскенін шетінен сабады, шашынан сүйреді, жанды жерден тепті, қысқасы білгенін істеді. Бірақ шерушілерді қуып-тарату барысында жазалаушылар оларға қарсы қандай қару түрлерін қолданды деген мәселеге келгенде… пікірлер бір жерде тоғыса бермейді. Неге? Оның себебі көп, әрине. Дегенмен, Желтоқсанға байланыс­ты естеліктердің бәріне жастарға қарсы түрлі қарулар қолданылғаны жөнінде ашық айтылады. Тіпті әскери иттер мен әскери ауыр техникаларды да көрдік деушілер бар. «Желтоқсан – 86» ісі бойынша арнайы құрылған комиссия қорытындысы да мұны растайды. Сөйтсек, жазалаушылар сапер күректермен, резина тоқпақ, қалқан және кас­калармен қаруланыпты. Ал, Желтоқсанның бас жендеті Г.Колбиннің тікелей нұсқауы бойынша орыс жұмысшыларынан құрылған жасақшылар аң аулауға арналған ұшы айыр істік темірлермен, арматурамен, кабельдермен қамтамасыз етілген. Оларды Алматыдағы зауыт-фабрикаларда арнайы дайындатыпты. Айтып өтейік, қазақ жас­тары әсіресе осы темір істіктер мен сапер күректерінен қатты зардап шекті. Мұның өзі шерушілерді өзін өзі қорғау үшін тастармен, мәрмәр плиталармен, ағаш кесінділерімен «қарулануға» мәжбүр еткен болатын.

Желтоқсан туралы айта бастасаң, өзекті өртейтін әңгіме көбейген үстіне көбейе түседі. Өйткені Желтоқсан қазақтың жан жарасы. Жараның ауызын тырнай беру де оңай шаруа емес. Олай болса, айғақ заттарға байланысты әңгіменің егжей-тегжейін ағайынды Құлменовтердің өздері айтсын.

Тұрсынжан ҚҰЛМЕНТЕГІ,

ағайынды ұсталардың үлкені:

– Біз алаңға саналы түрде өз еркімен барған, ондағы айуандықты өз көзімен көрген куәгерлерміз. Бейбіт тұрған жас­тарды күштеп қуып таратып, сонсоң көше бойлап ылаң салған карательдердің айғай-сүреңін, соққысын өз көзімізбен көрдік. Сол күні биліктің қолшоқпарына айналған адам деуге ауыз бармайтын екіаяқтылардың арсыз, жойдасыз бассыздығына өзіміз де ұшырадық. Бірақ аруақ қолдаған шығар, біз жазалаушылардың қолына түскен жоқпыз, алаңнан аман-есен сытылып шықтық. Есе жібердік деп те айта алмаймын. Мынау мұражайға тапсырған айғақ заттар соның бір мысалы ғана.

Желтоқсан десе менің жадымда жатталып қалған бір оқиға мынадай. Желтоқсан көтерілісін күштеп басқан соң, енді оларды «ұлтына қарай аулау», «жазалау» науқаны қатты қарқын алды емес пе. Билік, оның ішінде өзіміздің қазақ атқамінерлері де бар, қазақ ұлтына жала жауып, «ұлтшыл, қанішер» деп жаппай қаралай бастады ғой. Сол кезде армян халқының белгілі әйел ақыны Силвия Капутикян мен «Наш современник» журналының бас редакторы Станислав Куняевтің «Правда» газетінде қазақ жастарын шырқырай қорғап жазған мақаласын оқып, қатты толқығанымыз есімде. «Бізді де түсінетін, бізді де қорғайтын ел бар екен-ау»,– деп тебіренгеміз сонда. Оны ұмыту енді мүмкін емес.

Ұмытпау керек дегеннен шығады, КСРО империясының ыдырауына себепкер болған Желтоқсан қозғалысының тұңғыш рет біздің елімізде жүзеге асқаны көпшілігімізді мақтаныш сезіміне бөлейтіні рас. Ол түсінікті де. Бірақ, меніңше, бұл мәселенің бір жағы. Екінші жағынан, Желтоқсанды – орыс өктемдігінен қазақ жастарының жазықсыз жәбір көріп, жапа шегуіне, қайсыбірінің беймезгіл өмірден озуына, көптеген жандардың қиянаттың қыл арқаны үстінде ар-намысының аяққа тапталуына себепкер болған қасіретті оқиға екендігін бір сәтте естен шығармауымыз керек. Тек ол ғана емес, Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызы мен тағлымын ұмытпай, оның сабақтарын кейінгі өкше басар ұрпаққа ұғындырып отырудың мәні одан да зор. Осының бәрі өткенді ұмытпау керек дегенге саяды. Өткенін ұмытқан адам, болашағын жасай алмайды. Айғақ заттарды мұражайға өткізудегі негізгі мақсат та, осы өткенді ұмытпау идеясынан туындаған болатын.

Айтберген ҚҰЛМЕНТЕГІ,

темірші-ұсталардың кенжесі:

– Желтоқсан көтерілісі орыс империя­сының іргесін шайқалтып қана қойған жоқ, сонымен бірге қазақтың сыртқы жауы кім, ішкі жауы кім, зиялылық деген не, зияндық деген не деген сияқты ақиқаттың күрделі сырын ашып берді. Ол-ол ма, бұл көтеріліс қазақ халқының тәуелсіздік тағдырының шешуші қадамы болумен қатар, қазақтың ежелден еркіндік сүйгіш, қорқуды білмейтін ержүрек батыр екендігінің де айғағы болды. Алаңда қоян-қолтық ұрыс салып жүргенде қазақ жастарының талай қаһармандық іс-әрекетінің куәсі болдық. Өкініштісі, тек қазақ жастарының қаһармандығын ғана емес, айуандықты да, сатқындықты да, арсыздықты да көрдік. Олардың бір-екеуін ұстап, қолындағы қаруларын тартып алып, шықпырта сабап, шындарын айтқыздық. Жазалаушылардың құлап жатқан демонстранттардың қалталарын тіміскілеп, блокнот, ақшаларын арсыздықпен тартып алғандарын да көзбен көрдік. Ең бастысы, осындай қиын-қыстау жағдайда қазақ баласының бір жұдырық болып бірігіп, жоқ жерден шешім тауып, әп-сәтте жойқын күшке айнала алатынына көзіміз жетті. Бойы­мызда еркіндіктің қаны рухтанып, атойлап шығатынын сезіндік.

…Енді мұражайдағы айғақ заттардың сырына үңілейік.

Қас қарайып, қараңғы түскенде Үкімет көз қарықтыратын күшті прожектор шамдарын пайдаланды. Осы кезде арнайы дайындықтан өткен, сапер күрегі, істік темірлер, қалқан, каскалармен қаруланған еңгезердей-еңгезердей жазалаушы солдаттар бейқам тұрған жастарға лап қойды. Шыны керек, алаңдағыларға ең ауыр тиген сәт осы еді. Ә дегенде сасып қалғанымен, бірте-бірте жастардың оған еті үйреніп алды. Сонсоң күш жиып, бірнеше рет солдаттардың өздерін тықсырып, қаруларын тартып та алдық. Бірақ түнге қарай әскерилердің саны шамадан тыс көбейіп, ақырындап күш алып кетті. «Береке» дүкеніне қарай шегінген топпен бірге жылжып отырып, төменге қарай ойыстық. Тап осы кезде солдаттардан тартып алған қаруларды тығып тастау туралы оқыс ой келді. Сөйтіп тез-тез қимылдап, соларды үй қалтарысындағы бір шұңқырға үйіп, үстін шала-пұла топырақпен жасырып, өзіміз әрі қарай шегініп кеттік. Осы жерде қысқаша анықтама бере кетейін. Біз тұратын мекен-жай Брежнев алаңынан көп алыс емес еді, өзіміз күнделікті әрі өтіп, бері өтіп жүрген жер. Сондықтан бұл төңіректің ұңғыл-шұңғылы бізге жақсы мәлім. Желтоқсан дүрмегі біраз саябырсып, тыңшылардың тіміскісі басылды-ау дегенде әлгі жерге еппен келіп, тығулы жатқан заттарды шүберекке орап алып шығу аса қиын болмағанымен, оңай да болған жоқ. Бір өкінетін жағдай, мұражайға тапсырған заттардан басқа бір қалқан, резина тоқпақ, өрт сөндірушінің бір каскасы және бір күрек жоқ болып шықты. Оны кім алды, неге алды, ол жағы бізге белгісіз. Біздің олжамыз оңайлықпен келмеген олжа екенін ағайынды үшеуміз де іштей жақсы түсіндік. Сөйтіп, оны апарып бір таныс ағайымыздың үйіне тығып тастадық.

Шындығында, бұл қарулар бізге желтоқсанға қатысты даулы жағдайларды дәлелдейтін айғақ зат ретінде керек болады деп есептедік. Бірақ мәселе біз ойлағаннан басқаша өрбіді. Ақ түйенің қарны жарылып, еліміз тәуелсіздік алып шықты. Ал соншама қиындықпен олжалаған айғақ заттарды Желтоқсан көтерілісінің тірі куәсіндей құнды зат ретінде мұражайға табыстауды ұйғардық. Ақыры мұражайға тапсырады екенсіңдер, мұны неге ертерек жасамадыңдар деген сұрақтың қойылуы заңды. Оған жауабым былай: біз Желтоқсан көтерілісіне арналған жеке мұражай ашылады деп үміттендік. Бірақ Желтоқсанға байланысты мұражай ашу ресми орындар тарапынан қолдау таппады. Сөз бар, ұсыныс бар, уәде бар, алайда нақты іс жоқ. Ақыр соңында ағайынды үшеуміз ақылдаса келіп, бұл айғақ қаруларды Алматы қаласының тарихи мұражайына өткізуді жөн көрдік. Тәуелсіздік үшін қасық қанын аямаған қазақ жастарының ерлік істерін ардақтап, насихаттауда мұражайдың орны бөлек екенін кім білмейді. Маңызы зор екенін кім білмейді. Енді оның игілігін ел көрсін, келер ұрпақ көрсін, Тәуелсіздіктің келуі оңай болмағанын сезінсін, оның қадіріне жетсін деген тілектен туған болатын.

Тәуелсіздікке жетудің жолы қаншалықты ауыр, азапты болса, тәуелсіздікті баянды етудің жолы да соншалықты жауапты екенін соңғы уақытта қатты сезіне бастадық емеспіз бе?.. Өкше басар ұрпаққа тәуелсіздіктің тағлымдарын танып, қастерлеп, құрметтеуге үйретуіміз керек. Тәуелсіздік – бізге бәрінен қымбат. Сондықтан да оны көздің қарашығындай қорғау бір басқа, еліміздің болашағы үшін еңбектеніп, кемелдігі үшін қызмет істеу екінші басқа нәрсе.

Махмұт ҚҰЛМЕНТЕГІ,

ағайынды ұсталардың

ортаншысы:

– Әскери жүйенің негізін жасаған ежелгі көшпелілердің ержүрек жиһангер болғаны тарих беттерінде ізі сайрап жатыр. Оны орыс идеологиясы ашық айтқызбады. Оған мүмкіндік бермеді. Содан тарихымызға орыстың көзімен қарауды үйрендік. Соған мәжбүр етті. Міне, Желтоқсан көтерілісі иіле берудің, икемделе берудің орынсыздығын көрсетті. Егер отаршылықтың шын тарихына үңіліп қарайтын болсақ, қазақ жұрты бастан өткізген қорлықтан төбе шашыңыз тік тұрар еді.

Желтоқсанның 17-і күні алаңда қара-құрым жұрт көп болды. Сонда біреулер, егер алаңды үш күн, үш түн ұстап тұрсақ, БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдар көмекке келеді екен, адам құқын қорлауға жол бермейді екен дегенді айтты. Алайда ешкім келмеді. Ал 18-і күні қойнымызға бір-бір таяқ тығып баруды ойладық. Форма кигендер бізден кәдімгідей сескенді. Сосын аярлыққа көшіп, «жағдайды күрделендірмеңдер, таяқтарыңды тастаңдар, өздеріңе қиын болады» деді. Көпшілік оған сеніп қалды. Таяқтарын ортаға үйіп, от қойып жіберді. Қателік жасағандарын кеш түсінді. Қараңғы түсе жазалаушылар күректері мен бір құлаш темірлерін көтеріп, уралап лап қойғанда, бармағымызды шайнадық.

Меніңше, алаңға шыққан жастарда «Қазақ елін қазақ басқарсын!» деген жалғыз-ақ талап болды. Бірақ бұл талапқа тоталитарлық жүйе құлақ аспады. Бұл ұлттық намысты аяқ асты етумен бірдей еді. Қателескен жері де осы болды… Қазір өткенге ой көзімен қарап отырсаңыз, алаңдағы жан алысып, жан берісу тек ерліктің ғана емес, елдіктің де алғы шарты болған екен. Яғни Желтоқсан елдікпен бірге бірліктің де, тұтастықтың да бастамашысы болыпты. Ал, айғақ заттар жастардың патриоттық сезіміне кішкентай болса да тамыздық құйса, ол біздің еңбегіміздің текке кетпегені.

Түйін: КСРО империясының іргесін шайқалтқан қазақ жастарының көтерілісіне тікелей қатысы бар атпалдай үш ағайынды жігіт осылай дейді. Рас, Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Жас Қайраттың қаны тектен текке төгілген жоқ.

Алаңда қазақ жастарының намысы, қаракөз қыздарымыздың ары аяққа тапталды. Сондықтан да олардың бойынан Желтоқсанда шеккен сергелдең азаптың, көрген қорлықтың сызы әлі кеткен жоқ. «Біз Тәуелсіздіктің құнын түсінетін толқынның өкіліміз, – дейді олар. – Желтоқсан мен Тәуелсіздік егіз ұғым. Бұларды бірінен бірін бөліп қарауға болмайды. Оны бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру үшін игі шаралар көптеп жасалса, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз». Бірақ билік басында отырған кейбір аға-апалардың Желтоқсан көтерілісіне немқұрайлы көзқарасын сезінбеу мүмкін еместей. Қарап отырып, қарның ашады. Неге бұлай істейді? Өйткені қазіргі биліктің «майлы жерінде» маңқиып отырған шенеуніктердің біразы сол аласапыран кезде өзіміздің қазақ жастарын жазалауға қатысы бар жандар болса, біразы солардың үрім-бұтағы. Олар істеген ісіміз ашылып қалса, көретін күніміз не болады деп үрейленеді. Үрей екіжүзділікті, екіжүзділік аярлықты, аярлық сатқындықты тудыратыны әлімсақтан белгілі. Олай болса, бізге Тәуелсіздікті жақындатуда ерен үлесі бар Желтоқсан көтерілісі мен желтоқсандықтар туралы бір тоқтамға келетін уақыт жетті. Ләйім, Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, ғұмыры мәңгілік болғай!

Болат ШАРАХЫМБАЙ

ЖЕЛТОҚСАНДЫҚТАР

Айқай сап,

Дауысы жер жарып,

Теңдігін сұраған,

Тар қолтық астынан оқ тиіп

құлаған.

Төгілген қандардан,

Кек пенен ызадан,

Өзінің ішінде тұншығып

жылаған.

Қаншама дұшпанның меселін

қайырған,

Атағы жаһанға жайылған.

Мәскеудің нан піскен кеудесін

бастырып,

Жағасын айырған.

Жаралған қара жел өтінен,

Желтоқсандықтар – қаһарман

шетінен.

Қарға тамырлы қайран қазақтың

қамы үшін,

Ет кесіп берген ол етінен.

Жалынды жүрекпен көкке қол

созғандар,

Жеңіске жетелеп әлемнен

озғандар.

Күн текті Қыранқұс Бостандық

туралы,

Көк мұзға қып-қызыл қанымен

жазғандар.

Күл-талқан армандар,

Сонда да қыңбаған,

Біреулер сияқты шытынап

сынбаған.

Күлкіден кілкілдеп қан тамып

тұрса да,

«Менің Қазақстанымды»

қосылып жырлаған.

Қорқау қасқырлар

Ашқарақ көздері қанталап,

Қырам деп, жоям деп жеткенде

анталап,

Жан беріп, жан алған майданның

ішінен,

Жолдасын ап шыққан арқалап.

Жүз жылдық наладан,

Жазықсыз жағылған жаладан.

…Сыздаған жарасын жалаған.

Кеудесін тік ұстап тайсалмай

тесіліп,

Ажалдың көзіне тұп-тура

қараған!

Есігін шындықтың қаққандар,

Аспанда рух боп аққандар,

Алматы үстінде алдаспан

ойнатып,

Азаттық алауын жаққандар!

Ар туған арландар,

Тас бекем тарландар,

Бостандық жолында қан жоса

болғандар.

Ұлтым деп ұран сап,

Сорғалап жасындай

Қызыл империяның жүрегін

жарғандар.

Күллі әлем баласын ұйқыдан

осылай оятқан,

Қазақта қандай арман бар!

Болат ШАРАХЫМБАЙ