Жаңалықтар

АЛАШ АЗАТТЫҚ АЛҒАНДА...

ашық дереккөзі

АЛАШ АЗАТТЫҚ АЛҒАНДА...

16 желтоқсан!

Қазақ үшін ең қадірлі де қастерлі – Ұлы күн. Ұлы мейрам. Қазақтың абыройы асқақтап, рухын тіктеген, жер жаһанға өзін дербес ел ретінде жар салған күн.

Содан бергі 21 жылда қазақтың санасында қандай өзгеріс бар? Тәуелсіз ел бар да – тәуелсіз тіл неге жоқ?

21 жасқа толған тәуелсіздік құр­дастарының санасында қазақтық рухтан гөрі, жаһандық рух неге басым? Қазақстанда осы 21 жыл ішінде отарсыздандыру саясатының жүргізілуі неліктен бәсеңсіп қалды?

Мемлекеттік тіл туралы әңгіменің айтылғанына да 21 жыл! Алайда одан өзгерген ештеңе жоқ. 2020 жыл деген меже қойдық алға. Алайда ол да халықты, әрі-беріден соң, өзімізді алдарқату секілді. Жаңа Үкімет ауысқан сайын, ұлттың жанды жері – тіліне бір соғып өтеді. Кәрім Мәсімов осыдан бес жыл бұрын Үкімет тізгінін қолға алғанда, «осыдан былайғы мемлекеттік маңызды жиындардың бәрі қазақша өтеді» деп жар салды. Жар салды, бөркімізді аспанға атып қуандық. Алайда қыр асқан жоқ. Бірер жиыннан кейін, Премьер-министрдің уәдесі туралы ұмытып кеттік.

Серік Ахметов Үкімет басшысы бола салысымен, өзінің алдындағы әріптесінің сарынын қайталады. Сөйтіп, «мемлекеттік маңызы бар жиындардың барлығын қазақша өткізуге» уәде берді. Оның қаншалықты орындалатынына біз кепіл бола алмаймыз. Әзірге көптеген жиындар бәз-баяғыша орыс тілінде өтіп жүр. Соған қарағанда, осыған дейін өткізілген жиындардың мемлекеттік маңызы бола қоймаған секілді. Әйтпесе, әлемдік дағдарыс қыспағы үдеп тұрған қазіргідей күрделі уақытта Үкіметтің әрбір жиыны мемлекеттік маңызы бар іс-шара екенін әрбір есті азамат біледі емес пе?!

Коммунизмнің бас идеологы Карл Маркс: «Өзі тұрып жатқан елінің тілін білмеген адам – бәлкім қонақ, бәлкім нақұрыс немесе өз тілін енгізуді мақсат еткен оккупант» деген екен. Біздегі мемлекеттік тілді үйренуге құлықсыздар жайында үшінші тұжырым жасауға тура келетін сынды. Ал 20 жылда бір ауыз қазақша сөйлеуден арланатын, өзіміздің қағынан жерігендерге қандай анықтама сай келеді. Бұны айтудың өзі қиын.

Сонымен тәуелсіздік біздің ұрпақтың зердесіне не сыйлады? Тәуелсіздік құндылықтарын, оның қадірі мен қасиетін жас ұрпақтың жүрегіне ұялата алдық па? Бұл – әрбір саналы қазақты бүгін де, ертең де, болашақта да ойландыратын сауал болуға тиіс. Өзімізге өзіміз осындай сауал қоюға мүмкіндік алғанымыз да тәуелсіздіктің арқасы екенін ұмытпасақ, шүкір!

Есенгүл Кәпқызы