АҚЫРЫП ТЕҢДІК СҰРАҒАН...
АҚЫРЫП ТЕҢДІК СҰРАҒАН...
Алматыда 1986 жылдың 17-18 желтоқсан күндері болған жастар көтерілісі КСРО тарихында өшпестей із қалдырды. Бұл көтеріліс алпауыт елдің саяси бұғауы үзіліп, біржола күйреуінің бастауы болды. Шетелдік саясаткерлер түбінде осындай көтеріліс болатынын алдын ала болжап білген және оны Балтық жағалауы елдері мен Кавказ республикаларынан күткені анық. Бірақ көтеріліс олар мүлдем күтпеген жақтан, Қазақстан астанасы Алматыдан бұрқ ете қалғанда, әлемдік зерттеушілер мен білгір саясаткерлер сене қоймапты. Бұл қазақ жастарының отаршыл, әміршіл-әкімшіл тоталитарлық жүйеден арқырап теңдік сұраған күндері болды. Республика алаңына жиналып, «Әр ұлттың өз көсемі болсын!» деген талаптарын қоя білді. Әскери қарулы күштермен бетпе-бет қарсы келіп, қақтығыста қайтпас қайсар ерліктің үлгісін көрсетті. Ұлттың рухын көтерді.
Алайда олар билік тарапынан қатаң жазалауға ұшырады. 1164 жас комсомол қатарынан шығарылып, 266 студент жоғары оқу орнымен қоштасып, түрмелерге жабылды. 99 жас сот үкімімен 5-7 жыл аралығында бас бостандықтарынан айырылды. 2 адам ату жазасына кесілді. Республикада Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырған деген желеумен жауапты қызметте жүрген 707 адам әкімшілік қамауға алынып, біразы бірнеше жылға сотталған. Коммунистік партия қатарынан 57 адам шығарылды. Бұлар ресми деректер берген мәліметтер ғана. Ал былайғы ар-намыстары тапталып, жапа шеккендері қаншама. Қаншама жастар ауыр соққыдан мүгедек болып қалды. Біразы ауруға ұшырап, өмірден ерте озды. Қазақ жастарын жоғары оқу орнына қабылдауды мейлінше шектеді. Мәскеудегі Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы ОК-нің Саяси Бюросы кезекті мәжілісінде қазақ халқын «ұлтшылдар» деп қаулы қабылдады.
1990 жылы 24 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Желтоқсан көтерілісі бойынша құрылған комиссия төрағасы М.Шахановтың қорытындысын тыңдай келіп, алаңға шыққан жастар әрекетінде ұлтшылдық сипат болмаған және олардың бейбіт шерулері заңға қайшы келмеген деген анықтамамен қаулы қабылдады. Кейіндеу Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшысы Н.Назарбаевтың тікелей араласуымен қазақ халқына таңылған ұлтшылдық таңбасы алынып тасталып, желтоқсаншылар тегіс ақталды. ХХ ғасыр тарихында желтоқсан көтерілісінің жастары отансүйгіштік патриотизмнің асқан үлгісі болып қалды.
Көлбай Адырбекұлы