Жаңалықтар

МАҚТАЛЫ ӨҢІРДІҢ МЫҢ-САН ТІРЛІГІ

ашық дереккөзі

МАҚТАЛЫ ӨҢІРДІҢ МЫҢ-САН ТІРЛІГІ

Елді асырайтын да, табысқа кенелтетін де – жер. Ал жерді пайдаға асыратын – диқан. Диқанның маңдай терімен, табан ақысымен келген байлық – елдің ырысы, несібесі. Оңтүстік Қазақстан облысының «ақ алтынды» аймағы – Мақтаарал шаруаның да, диқанның да ыстық мекеніне айналған.

Оңтүстікті жанды организмге теңесек, Мақтаарал – оның жүрегі. Мұны біз айтқан жоқпыз, аузы дуалы, қазақтың сөзін ұстаған абыздарымыз айтқан. Қазақтың қолын тоқыма кластеріне жеткізетін кең қыртысты өңіріңіз 80 жылдық торқалы тойын тойлағалы жатыр.

Биыл Мақтаарал ауданының Ж.Ералиев ауыл округінің диқандары жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Мәселен, 4580,3 гектар мақталықтан 14 мың 201 тоннадан астам өніп жинап, гектар өнімділігін 32 центнерге жеткізді. Бұл аудан бойынша еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі кезеңдегі ең жоғарғы рекордтық көрсеткіш десек артық емес. Кеңестік кезеңнен атақ-даңқы дүркіреген ауылды аяғынан тік тұрғызып, өндірісін өрге бастырған есімі елімізге танымал азамат Жолдасбай Ералиевті білмейтін жан жоқ мұнда. Бар ғұмырын мақта шаруашылығын көтеруге, ауыл тұрмысын жақсартуға үлес қосқан еңбек озатының есімі ауыл округіне берілуі де заңдылық. Бүгінде басшылық тізгінді тәжірибелі, іскер азамат Қалмахан Ақышев қолға алғаны сол-ақ еді, былтыр рейтингтік көрсеткіштер бойынша көш түзеген болатын.

Үстіміздегі жылы округі бойынша 7869 гектар суармалы жердің 4580,3 гектарына мақта, 2034 га. бақша, 260 га. жүгері, 214, 6 га. жоңышқа, 62, 2 га. көкөніс, 8, 1 жүзім, 9, 8га. күнбағыс егілген. Округ аумағында 6 іріленген ұжым бар. Оның ішінде тасы өрге домалағаны «Нұралы Жол-Ж» атты шаруа қожалығы.

Айта кету керек, биыл жылыжайлардың көлемін 14 га ұлғайту тапсырмасы берілсе, бүгінгі таңға 14,01 га жылыжай салынды. Яғни, 100 пайыз орындалған. Ал агроқұрылымдарды нақты қолдау мақсатында қаржы институттары бюджет есебінен «Максимум» АИО ЖШС-ы «Ырыс» МКҰ арқылы 240,8 млн. теіңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы арқылы 57,6 млн. теңге, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 124.9 млн. теңге берілді. Нәтижесінде ауданда барлық агроқұрылымдардың саны ағымдағы жылдың 9 айында 13 533 бірлікті құраса, ірілендірілген бірлестіктердің құрамына кірген агроқұрылымдар саны 3 534 бірлікті құрады.

Аудан өнеркәсібі тек қана мақта зауыттарына тәуелді болып қалмау мақсатында биылдан бастап бірнеше жобалар іске асырылмақ. 2012 жылы ауданда мақта қосапаясы мен қамыстан плита шығару цехын іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ ауданда кірпіш шығаратын және тас майдалайтын шағын зауытты іске қосу жөнінде жұмыстар кеңінен жүргізіліп, 2013 жылы пайдалануға берілмек.

АУЫЗ СУ ­МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ

Мақтаарал ауданы Өзбекстан респуб­ли­касыынң үш облысымен шекаралас. Республикамыздың халқы ең тығыз орналасқан 300 мыңға жуық халық тұратын ауданның даму бағыттарын айқындау мақсатында экономиканың барлық салаларына талдаулар жасалып, бірінші кезекте тежеуіш факторлар анықталуда. Екі мемлекеттің арасында шекараның делимитациялауы және демаркациялануынан кейін байланыс экономикалық себептерге байланысты төмендеді. Алайда егістік науқаны кезінде көрші елден еңбек етуге халық көптеп келеді. Бұл диқандарға да үлкен көмек. Ауданда орналасқан суармалы жерлердің барлығына ағын су 2011 жылға дейін тек қана Достық каналына Өзбекстаннан босатылып отырған және науқан кезінде қажетті судың уақтылы алынуына түбегейлі кепілдік болмаған еді. Толық су ала алмаған уақыттар да өтті бастан. Бұл жағдайды қалыпқа келтіру мақсатында Елбасының қолдауымен ауданымыздың 86,7 мың га егістік алқабын Шардара су қоймасынан су насостары арқылы суғару кешені құрылғаны белгілі.

Мақтаарал ауданы аудан болып құрыл­ғалы, яғни егіс алқаптарын суғарумен айна­лыс­қалы бері су тапшылығын көріп келеді. Бұл қиыншылықтан шығу үшін Өзбекстан Республикасының ағын суға байланысты мәселе шешетін басшыларының барлығымен айрықша құрметтесіп, сыйласып, адамгершілік қарым-қатынасты жан-жақты жетілдіріп, жұмыс істесіп келеді. Олармен жоғарыда айтылған қарым-қатынастарды бұзу, болдырмау ағын су жетіспеушілігінің басты себебі болып табылады.

Сондай-ақ халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Үстіміздегі жылға Мақтаарал ауданын ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесін дамытуға 946 млн. теңге бөлінген. Оның 25 млн.астамы жергілікті бюджеттен. Яғни, ақша жеткілікті. Енді тек «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасын дәйектілікпен жүзеге асыру қажет. «Нұр Отан» ХДП Мақтаарал аудандық филиалының бақылау комиссиясы ауыз сумен қамтамасыз ету барысында материалдық ресурстарды, бюджеттік қаржыларды мақсатты пайдалануына, жұмыс сапасына және жаңадан салынып, пайдалануға берілген нысандарды күтіп ұстау мүмкіндігі аясында тиісті мекемелердің жұмысына талдау жүргізілді. Ауыз су жүйелері кімнің балансында? Суды пайдалануға арнайы рұқсаты бар ма? Тәулігіне неше сағат су беріледі? Судың сапасы қандай? Залалсыздандыру, профилактика шаралары жүргізіле ме? Ауыз су операторларында санитарлық кітапшалар бар ма?

Бүгінгі таңда Мақтаарал, Иіржар, Жаңа жол ауылдық округтері мен Атакент кентіндегі су жүйелері күрделі жөндеуді талап етеді. Бірақ су жүйелері жекеменшіктің пайдалануында болғандықтан мемлекеттік қаржы бөліну мәселесі соңғы үш жылда шешімін таппай келеді. Аудандағы қала, кенттер және елді мекендерде меншік түріне қарамастан, ауыз су беру уақыты әр түрлі ­– тәулігіне 2 сағаттан 20 сағатқа дейін.

Ауыз судың тапшылығынан немесе сапасы нашарлығынан суды басқа ауылдардан тасымалдайтын елді мекендер аз емес. Атап айтқанда, Атамекен ауылдық округіне қарасты Талапты, Жемісті, Қоғалы елді мекендері, Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Құрбан ата елді мекені, Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Еркіншілік елді мекені ауыз суды тасып ішуде.

ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚҚА АЙНАЛУДЫҢ БАСПАЛДАҒЫ

Мақтаарал ауданының тұрғындары негізінен ауылшаруашылығы саласында еңбек еткендіктен, өздері өндірген тауарын нарыққа шикізат түрінде шығарады. Қазіргі таңда аудан көлеміндегі мақта тазалайтын зауыттардан басқа жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары мүлдем аз. Ал ауданның қала және кенттерінде баяғы шоғырланған өндіріс орындары, мысалы Жетісай қаласындағы темір-бетон өнімдері зауыты, асфальт зауыты, нан және сыра зауыты, т.б. өндіріс орындарының тозығы жеткен.

Алайда, жетістіктер де аз емес көрі­неді. Мақтаарал ауданының әкімі Серік Орда­бекұлының мәліметінше, аудандағы 33 өнеркәсіп орындары ағымдағы жылдың 9 айында жоспардағы 4 млрд.500 млн. теңгенің орына 4 млрд. 114,9 млн. теңгенің өнімдерін өндіріп, орта мерзімдік даму жоспары 91 пайызға орындалды. Ал заттай өнімге шағар болсақ, былтырғы көрсеткішпен салыс­тыр­ғанда мақта талшығы 5 560 тоннаға артқан.

Бүгінде аудан еліміздегі мақта, бақша, жеміс-жидек пен көкөніс өндіруде алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі. Алайда, аталмыш шикізаттардан дайындалған көптеген тауарларды: мақтадан дайындалған киім, жіп, мата бұйымдарын, сондай-ақ консервіленген көкөністерді, оның ішінде томат пастасын, қайта өңделген жеміс-жидектерден дайындалған тосаптар, сусындар сияқты өнімдерді әлі де өзге мемлекеттерден сатып алуға мәжбүрміз. Өйткені біз мұндай өнім түрлерін өз елімізде шығарып отырған жоқпыз. Аудандағы тауар өндірушілер тек қана аталмыш өсімдік өнімдерін өндіріп, оны шикізат түрінде ғана сыртқа сатумен шектелуде.

Осы тұрғыда айта кету керек, ауданда өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерін тек қана аудан мен облыста ғана емес, еліміздің өзге де аймақтарында сатылымға және шетел нарығына шығаруға болады. Ол үшін ауданға бірінші кезекте инвестиция тарту арқылы заманауи технологияларды әкеліп, бәсекеге қабілетті тауарларды жасап және олардың нарықта барынша өнімді көп табыс­ты нәтиже алатындай етіп жылжыту қажет.

Мақтаарал ауданының әкімі Серік Ордабекұлының айтуынша, ауданда қазір шаруалардың өсірген өнімдерін әрі қарай өңдейтін кәсіпорын жоқтың қасы. Осыған орай, әкімдік аудан тұрғындарын тұрақты жұмыс орындарымен, сапалы өніммен және салық көздерін ұлғайту мақсатында индустриалды аймақ құрып, инвестиция тартуды көздеп отыр. Мақтаарал ауылдық округі аймағында орналасқан «Қазақстан мақтасы» АҚ-ның мақта зауыты жанындағы жер асты суының жақын болуынан пайдаланусыз қалған 27,8 га жер аумағы әкімшіліктің қаулысымен индустриалды аймақ ретінде белгіленді. Аймаққа инвестиция тарту есебінен мақта және басқа да ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуді дамытуға қол жеткізу мақсатында тиісті іс-шара қолға алынған. Бұл аймаққа инвестиция тартылған жағдайда «Бизнестің жол картасы — 2020» бағларламасының аясында өндірістік инфрақұрылымды дамытуға мемлекет тарапынан қаржы қарастырылған. Яғни индус­триалды аймаққа салынатын кәсіпорындарға мемлекет қажетті инфрақұрылым нысандарын (электр жарығы, табиғи газ, жол, су, байланыс) жеткізуді өз еншісіне алып отыр.

Бекітілген жоспарға сәйкес, аталмыш аймаққа инвестиция тарту есебінен тоқыма фабрикасын, сонымен қатар тұрмыстық қатты қалдықтарды, оның ішінде полиэтилен, плас­тик қалдықтарын қайта өңдеу зауытын салу, қойдың жүнін қайта өңдеу, көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерін терең өңдеу, қызанақтан томат пастасын өндіру үшін өндіріс орындарын ашу көзделуде. «Қажетті жобалық сметалық құжаттамаларды дайындау үшін коммерциялық тапсырыс түсуде. Заманауи құрал-жабдықтарды әкеліп, аталмыш жобаларды іске асыру үшін Венгрия респуб­ли­касынан ауданға 3-4 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарда бар», – деді аудан әкімі Серік Ордабекұлы. Сол сияқты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру үшін Түркия кәсіпкерлерімен келіссөздер жүргізіліп, бұл бойынша жаңа технологиялардың жетістігіне сүйеніп, ауданда тұрмыстық қалдықтарын қайта өңдейтін кәсіпорын ашу жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркия мемлекетінде шығарылған құрал-жабдықтарға тапсырыс беріліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл шағын зауыттың күнделікті өндіріс қуаттылығы 5 тонна қалдықтарды өңдей алады. Бастапқы кезде кәсіпорын қалдықтарды нығыздап, Түркияға қайта терең өңдеуге жібереді. Екінші кезеңде құрал-жабдықтар орнатылып, синтетикалық талшықтар ауданда өндірілетін болады.

Осылайша, жаңа технологияларды пайдаланып, индустриалдық аймақта инвестициялық жобаларды іске асыруға, аудан экономикасына айтарлықтай үлесін қосуға және шетелдік әріптестермен бірлесіп жұмыс істеуге сақадай-сай мамандарды тарту басты мақсат. Бір сөзбен айтқанда, Мақтаарал ауданы өндірістік көлемі және болашаққа қойған жоспарлардың тиімділігі жағынан облыста көш бастап тұр.

Мира БЕРІКБОЛОВА

Оңтүстік Қазақстан облысы