Жаңалықтар

«БАБАЛАР АМАНАТЫ»

ашық дереккөзі

«БАБАЛАР АМАНАТЫ»

Тегінде, салт-дәстүрсіз ұлт жоқ. Ал, дәстүр, салт – тамыры тереңге кеткен тарихтың аманатын арқалаушы.

Кеңестер Одағының батыры, ұлы қол­басшы, қаламгер Бауыржан Мо­мышұлының келіні, Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты естелік-эссесі (Алматы. 2012. 388-бет) тап осы ұлттық салт-дәстүр тағлымы, әдеп-ғұрып ғибраты жөнінде мәні зор мол мағлұмат береді. Бала кезімізден естіп өскен ұлттық салт-дәстүр туралы дерегіміз қаламгер апамыз Зейнеп Ахметованың баяндауы бойынша берілген батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының өмірдегі көргені мен тіршіліктегі түйгені арқылы толыға түседі. Шығарманың әр бетінен есетін есті сөздер сиқыры сізді өзіне тартып, тарихтың талай қатпары мол құпияларына қанықтырары сөзсіз. Бүкіл қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленген біртуар тұлғаның ұрпаққа ұлағат боларлық дана сөздері мен ұлттық салт-дәстүрден туындап жататын тәрбиелік маңызы зор әңгімелері сөз жоқ оқушысын ойлантады. Аузы дуалы дара да дарынды жанның мұхиттың тереңіндей ұлан-ғайыр мол білімі мен кемеңгерлігі бұл кітаптың өн бойында өріліп жатыр. «Атаның қысқа қайырмалары» мен «Атаның маған айтқан ақыл сөздерінде» ұлы тұлғаның бұрындары баспасөзде жарияланбаған тәлімдік-тәрбиелік сабақтары шежіреліктің шынайы көрінісі. Әдептіліктің әліппесіндей көрінген бұл кітап кіші мен кәріге де берер кеңесі мол дүние. Әрбір әңгімені халықтың өмір тәжірибесінен тұжырымдалған мақал-мәтелдерімен әдіптеп, ажарлап отыратын баяндаушы кітапты «Сөз анасы-сәлем», «Атаның қысқа қайырмалары», «Жетілік ұғым», «Ұлыстың ұлы күні-Наурыз», «Бір үзік сырлар» деген бірнеше тарауларға бөліп, ой тарқатады. Автор «Сөз басында» бұрындары атасының адами қасиеттері мен әңгімелері келіннің күнделігі ретінде жазылған «Шуақты күндер» шығармасының заңды жал­ғасы болған «Бабалар аманатының» айырмашылығын атап көрсетеді: «…тәуел­сіздіктің арқасында тілімнің шешіліп, ешкімге жалтақтамай еркін сөйлегенім әрі бір кездегі талай уақиға, әңгімелерді бүгінгі күннің көзімен өрем жеткенше жіктегенім дер едім….кешегі мен бүгінгінің алма-кезек ауысып, қатарласа өріліп ой түйінделгені өзім үшін қажеттіліктен туған әдістер екенін ескерткім келеді. Тағы бір баса айтатын айырмашылық – «Шуақты күндерде» әңгіме тек атамен байланысты өрбісе, енді атамен қарым-қатынаста болған адамдар жайлы да сөз болады» (6-бет). Лев Толстойға А.Пушкинді танытып, талантына тәнті етіп, мойындатқан В.Белинский екенін еске алсақ, З.Ахметованың тұтанбай жатқан талантын тұтатқан Бауыржан атасы екендігі осы мысалдан-ақ мәлім. Ұлылардың ұясына келін болып түсіп, қазақтың бір туар батыр ұлы Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөздері мен кейінгі ұрпаққа ұсынар ұлан-ғайыр өсиет сөздерін өз өресі мен көрген тәлім-тәжірибесінен жиып, түйіп, түртіп қағазға жазып жүрмесе осындай зердеге тоқырлық даналығы, парасат пайымы, құнарлы ойға толы туынды туар ма еді. Бауыржан атамыз арқылы бүгінгі ұрпаққа ұсынылып отырған даналық дәнегі – «Бабалар аманаты». Өмірден көргені көптің, айтары аз болмасы ақиқат. «Нағыз бақ еңбектіге бітеді, өмір үйретіп данышпан етеді. Ақылым – атам, білімім – бабам» деп кезінде Киікбай деген би айтқан екен. Сол айтқандай көргені мен көңілге түйгені көп, ұлттық құндылықтардың қадірін терең түсініп,білетін, қанжарынан қан шашырап тұрған кеңестік кезеңнің өзінде таза ұлттық болмысты өзінің сөзінен де, ісінен де , ірілік қасиетінен, тіпті туабітті табиғи жаратылысымен де танытып өткен ұлы тұлғаның тұнып тұрған тұжырымдарын тыңдап, көкірегіне түйе де білген кіп-кішкентай келіннің сол жауапкершілігі мен жүгі ауыр «Бабалар аманатын» бүгінгі ұрпаққа жеткізуін үлкен ерлік десек те болады. Атасының саясатқа, қоғамдық құрылысқа, әділетсіздікке, құдайдың құдіреті мен тылсым күштерге байланысты сыртқа айтуға болмайтын талай батыл пікірлері мен өткір сөздері, т.б сөз жоқ оқушысын қызықтырары хақ. Айталық, елдің бәрі «ов», «ева» болып жүргенде жалғыз өзі «Момышұлы» болуы, басынан қазақы тымақты тас­тамауы, өзі қан кешіп жүріп те қазақ тілінің қамын жеп 1943 жылы наурыздың 8-інде Қазақстан Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа, 1944 жылы ақпанның 25-жұлдызында Қазақстан Орталық Комитетінің хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовқа хат жазып, ана тіліміздің өзінің тиесілі тарихи тұғыры-мемлекеттік дәрежесін берудің ұлттық жобасын ұсынуы нағыз ұлтжандылықтың озық үлгісі. Бауыржан десе қазақ деген ұғымның қатар жүруі ұлы батырдың: «Мен өлген соң да, тірілердің арасында жүремін» деген даналығына дөп келеді. Бүгіндері бүкіл баспасөздерде үлкен сынға ұшырап жататын тарих пәнінің оқулықтарына қатысты олқылықтардың түпкі сыры мен кемшіліктерінің кілтін тапқандаймыз осы кітаптан. Қай халықтың тарихын зерттеуде ең бірінші олардың тіршілік түйткілдері, табиғи болмыс бейнесі, өзіндік табиғаты мен менталитеті, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы, әр кезеңнің дәуірлік ерекшеліктері егжей-тегжейлі қарастырылмаса, қателіктерге жол берілетіні сөзсіз. Өйткені әр халықтың салт-дәстүрінсіз ұлт тарихы түзілмейді. Оған Бауыржан атамыздың мына сөзі толық дәлел: «Кейбір зерттеуші тарихшылар Кенесарыны марксизм идеясын білмегені үшін кінәлайды, бұдан өткен көрсоқырлық болмас» (5-бет). Кенесарының кезеңі мен санасы марксизм идеясымен уланған кеңес кезеңінің ерекшеліктерін анықтауға зер салмаған зерттеушілерді кім дейміз? Екінші мысал атасының қонақтары қазақтың белгілі жазушысы Сапарғали Бегалин, академик Ақай Нүсіпбеков, полковник Мейман Екешевтерді асқа шақырғанда жіберген төрт қателігінің осы тарихпен тікелей байланыстылығы. Ұлттық дәстүрге жүйрік Бауыржанның келініне берген кеңесінде: «Біріншіден, есі дұрыс қазақтың әйелі қонаққа бас көтеріп кірмейді. Жаман-жақсы болсын басиең аман. Екінші қателігің – басты шүйде жағымен әкелгенің. Қой шүйдесі емес, тұмсығын алға беріп жүреді. Үшінші қателігің – қойдың тісін қақпай әкелгенің. Бұл – ең алдымен тазалық… Ал төртінші қателігің – басты қасқаламай әкелгенің. Талайлар мұның мәнін ұқпайды. Ол – «төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын» деген ізгі тілек», – дейді (113-бет). Халықтың салт-дәстүрімен байланысып жатқан тарихи танымды көкейіне алған тәрбиелі келін кейін осы кемшіліктердің Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументінің қаптал тастарының үшіншісіндегі бейнеден көріп, таңырқайды. Осы орайда кітап авторы ашынып, мынадай ой айтады: «Сонда бұл не? Білместік пе, әлде әйелдің хан алдына қошқардың басын мүйізімен тартуын ерекше құрмет санаған мүсіншілердің далбаса қиялы ма? Атақты болсын, басқа болсын, ғасырлардың аржағынан келген дәстүр-салтты өз беттерінше жамбасқа басып бұза берсе, қазақтың ұлттық қалпынан не қалады?! Айта-айта ауыз талды, халықтың ұлт болып сақталып қалуы, ең алдымен-тіліне, содан кейін өзіне тән ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпының жойылмауына байланысты» (116-бет). Халқымыздың сонау Сақ дәуірінен бастап, еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі тарихи бейнеленген сәулет ансамбліндегі осынау ағаттықты жіберген өзге ұлт өкілдері емес, өз қандастарымыз екендігін естіп, қаны басына тепкен апамыз кезі келгенде ескерткен сөзіне олардың жауабын оқып көрелік: «Сіз мұндай күрделі композициялық құрылымның өзіндік ерекшелігін, сәулет өнерін түсінбеуіңіз мүмкін. Бұл – үлкен шығармашылық ойдан туған образдар мен аллегориялық пішіндерден тұратын мүсіндер. Ол қазақтың салтын көрсетуге арналған жоқ, тарихи маңызы бар кезеңдерді қамтыған дүние. Сондықтан майда-шүйде салт-малтты айтып қайтесіз?» (117 б). Қазақтың егемендікке ие болып, төл тарихымызды түгендеп, салт-дәстүрімізді дәріптер Тәуелсіздік монументінде осындай олқылыққа орын берілсе, сәулет өнері арқылы ұлтын ұлықтар мүсіншілеріміздің рухани мүгедектігіне, ұлттық рухының әлсіздігіне «әттеген-ай» демеске шара жоқ. Өзіміздің тарихи өмірімізді өрнектей отырып, ұлттық болмысымызды бейнелер салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың ғибраты осы ғимаратта көрсетілмегенде қай жер де танылуы тиіс? Тарихшы мамандар неге бұған мән беріп, кеңес бермеген? Елдік символды танытар тұста осылай аузын тұмшалап отыру ұлт зиялыларына жараса ма? Елдің ертеңі мен ұлт пен ұрпақтың тарихи танымын тереңнен тартып, танытудағы ұлттық салт-дәстүрден айрылудың арты қауіпті екендігіне неге мән бермеске? Бауыржан атамыз айтқандай: «Халықтың ізгі дәстүрі-біздің ең асыл мұрамыз… Халықтың әдет-ғұрыптары, үдіріс-дағдылары заман өзгерісіне бейімделіп отырады. Бірақ ежелден келе жатқан ұлттық қасиеттер, ұлттық белгілер жоғалса, онда жеке атауға ие болатын халық ретінде күні бітер еді. Ол-қасірет. Ол-соры қайнап, сормаңдай болған халық» (59-бет) екендігін, естен шығарсақ, ертең не төл тарихы жоқ, не ұлттық бейне-болмысы жоқ, ұлттық салт-дәстүрі жоқ, мәдениеті, әдебиеті, өнері, әдет-ғұрпы, киімі, т.б жоқ болып, жан-жақтан жұтамаймыз ба? Сол тарихшылар мен мүсіншілердің өздері бейнелеп отырған Сақ дәуірінен кешегі Тәуелсіздікке дейін бізді жоғалтпай алып келген де сол салт-дәстүріміз екендігін, тіпті жазу-сызу жоқ көнеден күні бүгінге дейінгі тарихымызды ұрпақтан ұрпаққа ұластырып отырған ұлы жолда адастырмаған да әлемге танытқан да, тіпті тарихымызды түзеген де осы дәстүріміз екендігін қалай естен шығарады?.. Міне, осынау кемшіліктерді түзеп, жас ұрпаққа, ең бастысы олардың көзқарастарын дұрыс қалыптастыруға көмегі көп тиер бұл кітапты тарих пәнінің оқытушылары оқыса оңды болар еді. Жас ұрпақты адастырып жүрген талай тарих тағлымын осы салт-дәстүрмен байланыс­тырып, өзіміздің табиғатымызды танытар әдет-ғұрыптарымыздан ғибрат ала отырып, ғылым жасаудың кезі келгендей. Әрбір қазақтың кітап сөресінде тұруға лайық «Бабалар аманатының» өз оқушысына айтар ақиқаты, ой салар тәрбиелік тұжырымдары әлі талай талдауларға арқау болары хақ. Гүлзия ПІРӘЛІ, әдебиеттанушы