ӘН МЕН «ӘЛӘУЛАЙДЫҢ» АРАСЫ

Абай атамыз «Қайран сөзім қор болды!» деді. Сол айтқандай, ән туралы әңгіме көп. Әсіресе, фонограмма жайы. Бұл ән өнерін өсірмейді, керісінше – өшіреді. Бұл туралы мерзімді басылымдар мен электронды бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып та жатыр, жазылып та жүр. Өкініштісі сол – тыңдар құлақ жоқ.

Жақында Еуразия ұлттық университетінде көпшіліктің көкейінен шыққан әсерлі кеш өтті. Бұл Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбайдың «Кәусар» атты рухани –танымдық орталыққа жетекші болып келгелі өткізген екінші іс-шарасы. «Саз-сұхбаттың» бұл жолғы қонағы – Қазақстан мен Қырғызстан республикаларының еңбек сіңірген әртісі, композитор, музыкатанушы, жазушы, суретші Илья Жақанов. Басты ерекшелік – орындалған әндердің барлығы жанды дауыспен шырқалды. Сазды кешті композитордың өзі жүргізіп, әрбір шырқалған әннің тарихына қатысты әңгімелер айтылып отырды. Көрермендермен тығыз байланыс орнап, саз араласқан мәнді де сәнді кеш сұрақ-жауап түрінде өрбіді.

Айтайын дегеніміз бұл емес, әлгі жасанды дауыстың «жыры». Жасанды дауысқа әу бастан қарсы Кенжеғали Мыржықбай «әр әнші фонограммаға қарсы «соғысты» өзінен бастауы керек» деген сөзін осы жолы іс жүзінде тағы бір дәледеді. Илья ағамыз: «Адамның жан дүниесін тоздыратын Батыстың бәлесінен біз аман өстік. Қазір кейінгі толқынға аянышты көзбен қараймын, солар жазған әндердің түріне, сиқына қарап отырып, енді ешқашан қазақтың классикалық әні жазылмайтындай көрінеді маған», – дейді күрсініп.

Өз кезегінде сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков университет ректоры Ерлан Бәтташұлына тағылымды кешті ұйымдастырғанына алғыс сезімін жеткізе келіп:

– Даңғыр-дүңгір, жұртты жынды­ қылатын, неше түрлі әуенге салған сұмдықтар шығып жатқан кезде мына жас ұрпақты қуантып жатқандарың игі іс, – деп мақтау айтты. – Оларды өнерге баулып, тәрбиені қолға алғандарыңа қатты риза болдық. Тойларға барамыз, тойдан тентек қой секілді теңселіп қайтамыз. Дыбысын жәй ғана қойып жатса мақұл ғой, күшейтіп жібереді. Міне, табиғи, жанды дауыспен жаныңды баурайтын осындай кештеріміз көп болсын. Кенжеғалиға шын жүректен алғысымды айтамын. Болашақты басқаратын элита осы жерден шығады. Соларға өнерімізді дәріптей бер, – деген тілек білдірді.

– Біз Илья екеуміз Қаратау деген қалада бірге оқып, бірге өстік. Илья сал-серілердің тұяғы, – деп жалғастырды сөзін көрнекті ғалым. – Туып-өскен жерінің өзі әнші, күйшілердің мекені: Қаратаудың баурайында Қырықбаба жатыр, Ар жағында Ақтас әулие жатыр, төменірек түсетін болсақ, өзінің бабасы Қарабура, Қарабураның жанында ұлы Сүгір, Сүгірдің жанында Төлеген жатыр. Сондықтан Ильяның талантты болмауға қақысы жоқ, ол табиғи нәрсе.

Жастарға тілегім: ағаларыңның кітап­та­рын оқыңдар. Бір ғана «Аққу әнін» түй­сініп оқысаңдар жетеді. Ахмет Жұбанов ағамыздан кейін әннің тағдыры, әннің тарихы туралы мұндай кітап жазылған жоқ: ән тарихы туралы үлкен мағлұмат аласыңдар.Жандарың сұлулансын. Кеш қонағына 75 жылдығыма шығарылған 7 томдық кітабымды сыйға тартамын, – деп аяқтады сөзін Мырзатай Жолдасбеков.

– Жанды байытатын бір нәрсе болса, ол – музыка. Ең нәзігі, ең тереңі – ән, – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Жабайхан Әбділдин. – Бағанадан бері рахаттанып отырдым. Бүгін жаным байыды. Ильяның әндерін нәшіне келтіре орындаған, Абай тағылымын бойына сіңірген әнші Кенжеғали бауырыма рахмет.

Кештің түйінін университет ректоры Ерлан Сыдықов қорытты:

Қымбатты ағайындар, құрметті студенттер! – деп бастады сөзін ол.

Бүгін сіздердің аттарыңыздан, Еуразия ұлтық университеті ұжымының атынан құлақтан кіріп бойымды алған, жанға ләззат сыйлаған Илья ағамызға рахмет. Біздің мақсатымыз, тек қана білікті, білімді дипломды кадр әзірлеу ғана емес, кемеліне келген, толық адам әзірлеу. Олай болса, толық адам қалыптастыруда рухани тәрбиені жүйелеп жеткізу міндетіміз. Оның ішінде эстетикалық тәрбиенің орны мүлде бөлек. Бүгін бір тамаша, ләззатқа бөленген күн болды. Ләззатты сәт сыйлағандарыңыз үшін қонақтарға үлкен алғысымызды білдіреміз.

Сөйтіп, жасанды дауыстан рухани зардап шегетінімізді дәлелдеп жеткізген кеш екі сағат жиырма минутқа созылды. Сол екі сағаттан аса уақыттың ішінде компьютердің тілімен жазылған «плюсовкамен» сахнаны жаулап алған «жалған» әншілердің қазақ жастарының санасын улап жатқаны, оған көп болып тоқтам салмай болмайтындығы айтылып қана қоймай, жанды дауыстың жан жадырататына көз жеткізілді.

ҚАЗАҚ ӘНІ ҚАЙДА

КЕТІП БАРАДЫ?

Расында да қазіргі қазақ әні қайда кетіп барады? Қазіргі ән деп жүргеніміз жалпы Қазақстанның әні. Бірақ оған орыс, неміс, кәріс, өзбек, қырғыз, ұйғыр жұртының, шетел халықтарының әні де сыналап кіріп барады ғой. Ұлттық әніміз, қазақтың әні қашан, қалай, қайтіп көгереді? Қазақтың халық әні кешеден бүгінге жетсе, олар халықтың жадынан мәңгі орын алғаны ғой. Ата-бабамыздан бізге қадір-қасиетін жоймай жеткен өнерді қайтсек сақтап қала аламыз? Халқымыздың рухани азығына айналып кеткен төл өнерімізге бүгінде қандай талап қойылады? Талап болса, оны кім қояды?

Ән мен әншінің, ақын мен композитордың аражігін әлі күнге айыра білмей жүрміз. Айыра білуіміз керек, ажырата білуіміз керек. Олардың арасында жер мен көктей айырмашылық жатыр. Бір ән орындап әншімін, екі ән айтып «жұлдызбын» дейтіндер көбейді. Әншілерге келетін болсақ, қазір сахнаға шығудың әдіс-тәсілін әбден игерген, сахна тілін меңгерген, арнайы оқуын бітірген әншілер жетіп артылады. Оған жолдан қосылған «жолбикелерді» қосыңыз.Кез келген концертіңе шығады, радиодан әндері күнде беріліп, теледидардан күні-түні түспейді. Бір қарағанда жақсы, айтуын айтып-ақ шығады. Сауатты әнші көрінеді. Алайда, әнді жасанды дауыспен орындап беру бір бөлек те, оны жанды дауыспен: өзінің түйсік, түсінігімен сезініп айту, әр сөзді сөйлетіп, әуезбен әсерге бөлеу ол бөлек нәрсе. Біз осыны ажыратып алуымыз керек. Біз не істеп жүрміз – сахнаға шығып алып, фонограмманы қосып қойып, аузы-басын жыбырлатқандарға мәз болатын күйге түстік. Дәл осындай күйініш әншілерді «әпенді», «дәлдүріш» деген атқа әкеліп отыр: әйтпесе әнді компьютерге қосып қойып, дауыс зорайтқыш дыбыс­тармен ән салған «бұлбұлдарды» көрмей жүрміз бе? Сорлылығы сол – соны рахаттанып тыңдайтын болдық.

Бұл не? Бұл жерде тыңдаушының сауаты, мәдениеті де ақсап жатқанын айта кеткен дұрыс. Сосын әнді өңдегенде домбыраны тасаға тығып тастап, гитара, скрипка, дауылпазды алға шығаратын әдет таптық. Бұл не, шетелге еліктеу ме? Сонда деймін-ау, концертті ұйымдастырушылар қайда қараған, көркемдік жетекшілер не ойлаған, телерадиодағы музыкалық редактор қайда?

Әрине, бүгінгі күннің ыңғайына қарай әнді өңдегенде заманауи аппаратуралар мен қондырғылардың, компьютердің көмегіне сүйену керек те шығар. Бірақ қазақ әндері, ең алдымен, домбыраның қатысуымен ойналуы керек емес пе?! Бүйте берсек, ұлттық әннің табиғатынан мүлдем айырылып қаламыз. Сосын айтатын тағы бір мәселе, қазір «Ел іші – өнер кеніші» деп конкурстарды, байқауларды қайтадан қолға алып, жүйелі түрде өткізе бастадық. Дұрыс. Құптайсың. Бірақ ол да ертеңгі күні ақша табудың, жүлде үлестіру, көлік алудың, пайда табудың жарысына айналып кетпесе екен дейсің.

Тағы бір жаман әдет пайда бола бастады. Кәсіби ақындар шетке ысырылып қалды. Өзі ақын, өзі композитор, өзі әншілер көбейді. Бір өкініштісі, сазгер дегеніміз кім, композитор дегеніміз кім деген сауалға да жауап іздейтін болдық. Бұл не?

Бәрінен сорақысы, кәсіби емес сазгерлердің арасында «жүз ән шығардым» деп бөсетіндері бар. Ән шығарма, күй шығарма, ән айтпа демейсің, Ән шығарсаң Шәмшідей шығар, Ильядай шығар, Әсеттей шығар, күй шығарсаң Нұрғисадай шығар, ән айтсаң Розадай айт дейміз. Қайткенде де өнерді сыйлау керек қой. Өнердің киесі бар. Сондай «сүйкімсіз» әндерді ешкім айтпаса да сүйретіліп қалмайтынына таң қаласың: концерттерде сол ән, халық көп жүретін базарларда, көліктерде айтылып жатқан сол ән.

Сонда мәселенің түп-төркіні қайда жатыр? Меніңше, бұлардың бәрі әнді бір жерден қабылдап, қадағалап отыратын тым құрығанда «Кәусар» секілді рухани-танымдық бір орталықтың жоқтығынан.Композиторлар одағы соттасудан көз ашпайды. Көркемдік кеңес дегендердің аты бар да заты жоқ. Атамыз қазақ «Әннің жаманы жоқ» дейді. Турасын айтсақ, әннің жаманы жоқ емес, дәл қазіргі күні талабы жоқ деп. Иә, дәл солай, талабы жоқ!

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Илья Жақановпен өткен «Саз-сұхбат» кеші осындай-осындай ой салған «Саз-сұхбат» ғана емес, үлкен «Саз-сабақ» болды. Егер осыны біздің телеарналарымыздың қай-қайсысы болмасын басынан аяғына дейін түсіріп алып, көпшілікке ұсынғанда көрермендер үшін нағыз рухани байлық болар. Сөз десең сөз бар, ән десең ән бар, ой десең ой бар: тәлім-тәрбиелік мәнін айтсаңызшы.

Енді мұндай кеш қашан болады?!.

САЗДАН АЛҒАН САБАҚ

Әлгінде «Саз-сабақ» деп қалдық қой. Ендеше сабағы мол «Саз-сұхбатымызға қайта оралайық. Илья Жақанов жазған «Қайта оралған ән», «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Кертолғау», «Ықылас», «Қобыз» сынды кесек туындылары осы айтқанымызды анық дәлелдейді. Сөзі менен нотасы, сүйемелдейтін компанент бірге жазылатын клаверлері «Ән болып төгілемін», «Ғашықтық әндер», «Достар вальсі» ән жинақтары кәсіби әншілердің репертуарынан кеңінен орын алып, шалқыта шырқайды. Илья Жақановтың қазақ теледидарының алтын қорында Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естай, Жаяу Мұса, Мәди, Майра, Балуан Шолақ, Қазақстан композиторлары Латиф Хамиди, Сыдық Мұхамеджанов, Қапан Мусин, Бақытжан Байқадамовтың портреттері, сондай-ақ «Шоқан және музыка», «Сәкен және музыка», «Жамбыл және музыка» сияқты телесериалдары бар. Қазақ радиосының алтын қорында «Бурабайдың баурайында», Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып», Біржан сал, Гете мен Лермонтов, Чайковский, Штраус, Шопенге бағышталған радиоинсценировкаларының өзі бір төбе.

Илья Жақанов жиһанкез композитор. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ: республикамыздың төрт құбыласын түгел аралап, іргедегі Ресей, Қытай, Моңғолия, Иран, Ауғанстан, Түркия қазақтары атырабында болмаған жері шамалы. Илья Жақанов ел аралағанда – іздегені өлең-жырлар; осы ұзақ жылдар бойы зерттеулерінің нәтижесінде қазақ әндерінің арғы-бергі тарихын қозғайтын еңбектер және әлем қазақтарынан ғасырлар бойы ән жыр, қиссалар жинақтап, тиянақтап жұмыс жүргізіп келеді. Композитордың «Жан жолдас», «Жан сәулем», «Нені ойладың?», «Жаз қайда?», «Елегізу», «Әсел», «Даниярдың әні», «Жайлаукөл кештері», «Осы кеш», «Еділ-Жайық» секілді екі жүзден астам әні ең сырлы сезімдерден құрылған: олар сала-сала болып, ең іргелісі «Түркістан», «Балқантау» «Атырау» секілді циклдарға бөлінсе, вокалды шығармаларының шоқтығы да биік. Солардың бірі Лермонтовтан Абай аударған «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз» деген хор капелласымен жеке дауысқа арнап жазған поэмасы. Әйгілі дирижер, КСРО халық әртісі Анатолий Молотов Ілекеңнің бұл шығармасын жоғары бағалап, «Шетел классикалық шығармаларына тепе-тең келетін теңдес дүние» деп үлкен баға берген.

Сәкен Сейфуллиннің сөзіне жазылған «Жан жолдас» әнінің өзі неге тұрады! Тыңдап отырсаң тарихы да қызық: аласапыран төңкеріс, қазақ зиялыларына жазықсыз жала жауып, жер аударып, түрмеге жабу. Екі жан жолдас еріксіз айрылысуға мәжбүр болады. Бұл әнде осы екі ғашықтың соңғы қоштасу сәтіндегі тебіренісі берілген. «Дегенде мені ұмытпа жан жолдасым» деп басталатын ән мәтіні «…ерінге ерін тиген шақта, бетіңе тамды-ау аққан қанды жасың» деп аяқталуы көп сырды аңғартады.

Илья Жақанов сөз реті келгенде­ көрермендердің көптеп жиналғанына ризалық білдірді: – «Бүгін, дәл осындай сәтте, дәл осылай жан тебірентерлік әсерде өздеріңізбен қауышамын деген ой менде болған жоқ еді. Соңғы жылдарым Атырауда, Ақтауда, Ақтөбеде, Оралда өтіп жатыр. Бүгінгі таңда сәулеттеніп, керемет өсіп келе жатқан жәннат дүние сияқты Астанаға шақырып, сіздермен дидарластырып отырған университет ұжымына үлкен рахмет, қырғызша айтқанда шоң рахмет»!

Жалпы, маған «Сіз осы қандай компо­зи­тор­сыз?» деген сұрақты көп қояды. Мен айтамын, менің бүкіл жан дүниемде қандай әуез болса, соның барлығын мен қазақтың «Елім-айларынан», «Еркем-айларынан» алдым, «Екі жирен», «Жиырма бес», «Ақбақай», «Назқоңырлардан» алдым. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұсалардан алдым. Мен сол халық композиторларының шығармаларынан анамның ақ сүтімен қалай нәрленсем, солай сусындадым. Мені кең тынысты романс әндерге жеткізген кешегі қазақ совет композиторлары Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусин, Сыдық Мұхамеджанов. Міне, солардың таңғажайып ән романстарымен өстік. Осылардың кез келген әнін үйде де, түзде де, қай жерде жүрсем де айтып жүремін. Бүгін «Саз-сұхбат» болып отырған сәтте де, сонымен қатар музыка мамандарына да айтамын: мен туралы көп бас қатырудың қажеті жоқ. Менің болмысымда музыка, әуез, мелодияның үш қайнары бар: бірі – өз халқымның «Елім-айы», екіншісі – Біржан, Ақан сері әуелеткен әндер, сосын Жетісудың қоңыр желіндей болған Жамбыл, Кененнің шығармалары. Мен солардың барлығын еркін меңгердім. «Бұлбұл» секілді керемет әндерді қалай шалқытса, мен де дәл солай шырқай аламын. Содан кейін, менің бойымдағы тағы бір қасиет – ол қырғыз ағайындардың әні. Қазақ әнімен қалай тыныстап, қалай зерттеп, қалай соның сырына енсем, қырғыз әуеніне де солай ендім. Енді соның бәрін көріп, біліп өскен адам нашар дүние жазуы мүмкін бе?! Сосын кешегі Мұқан Төлебаев немесе Бекен Жамақаевтардың барлық шығармасы советтік ән классикасы. Солардың рухымен әніміздің өрісі кеңейді. Құрылысы байыды».

ТАЛАНТ ТУДЫРҒАН ӘН

Илья Жақановтың «Әсел» әні кең тараған ән. Ал енді осы Әсел қазақ қызы ма, қырғыз қызы ма? Композиторға қойылған көп сұрақтың бірі де осы. Мәтінге көз жүгіртейік:

Самалы жұпар жазғы бір кеште,

Ойласам болды Ыстықкөл жақты.

Айтылған сырлар түседі еске,

Оятқан сонда ақ махаббатты, – дейді ән мәтіні.

– «Бізде Әсел деген ат ұмытылмаған: қыз туса есімін Әсел деп қояды. Батыста «Әсел» деген халық әні бар. Көрші өзбек, қырғыздарға барсаң, дастарқанға әсел әкеліп қояды. Әндегі Әсел – кәдімгі дастарқанға қоятын тәтті бал, – дейді Илья Жақанов. – Бірақ Шыңғыс Айтматовтың прозасы маған қозғау салғанын жасыра алмаймын: «Жәмиләнің әні», «Даниярдың әні», «Шырайлым», «Әсел», «Асылым» – осы бес ән қырғыз бен қазақтың ортақ дүниесіндей болды. Кенжеғалидың ең сүйікті әні осы «Әсел». «Әселді» Айтматов тыңдаған кезде «абдан жақшы» деп бас изеп, таңдай қаға тамсанып отыратын. Жазушының 75 жылдық салтанатына барғанда осы ән орындалды. Ал өзбек, қырғыздар конкурс болса осы «Әселді» орындайды, шетелге шықса осы әнді алып барады. Керек десеңіз, өзбектің Фарух дейтін дирижері «бізде бұған теңдес жоқ» деп бұл әнді әлемге жайды, – дейді композитор.

Үш ұлтты ұйытқан «Әсел», автордың өзі айтқандай, шынында да тек балға ғана қатысты ма? Мәтінге тағы бір зер салайықшы.

Алыссың, жатсың білемін сәулем,

Тағдырға нала не керек айтып?

Өмірде сол бір жарқ еткен дәурен,

Әселім, сірә, келер ме қайтып.

Мәтінге қарап отырып бал дейсіз бе, ал… дейсіз бе, ерік өзіңізде. Қалай десеңіз де, тарих тудырған ән қанша жылдар өтсе де әннің де, махаббаттың да мәңгілік екенін дәлелдейді. Бір анығы: «Әсел», «Әселім», «Әселім-әнім», «Әселім-жаным» деп ел арасында аты мың құбылып кеткен ән қалай десе де өміршең. Осыдан кейін талант тудырған ән демей көріңіз.

– Қазақтың даусынан артық нәрсе жоқ, – дейді Илья ағамыз Кенжеғали Мыржықбайдың орындауындағы «Әселді» тыңдап. – Ерте кезден дамыған елдердің өзінде дәл осындай әншілер жоқ. Адамның даусымен адамды ләззатқа бөлеп, күйзелген жан дүниені қалпына келтіретін музыка құдіреті. Биік әндерді тыңдағанда бойыңа қан жүгіреді. Осындай сәтте өзіміздің әуезімізден алыстатып бара жатқан Батыс Еуропаның сиықсыз музыкасынан қалайда құтылу керек деген ой мазалайды. Одан бізді құтқаратын Кенжеғали сияқты нағыз әншілер. Несін жасырайық, біз соңғы жылдарда, анығы қайта құру басталғаннан бас­тап, өзіміздің іштей ұйыған әуезімізден айрыла бастадық. Әуезден айрылу деген тілден айрылу деген сөз. Қазір ұлттық әуезді бұзатындар көбейді: ар, намыс, ұяттың бәрін жинап қойдық. Шындығында сұлулыққа тәрбиелейтін, сұлулықққа құштар ететін, ол – классикалық музыка».

ТАРИХ ТУДЫРҒАН ӘН

Илья ағамыз айтады: – «Әлі есімде. 1958 жыл. Москвада үлкен спартакиада өтті. Сол спартакиададан кейін күзде Алматыға Владимир Прошин деген өте сұлу, өте көрікті бір әнші келді. «Подмосковные вечера» деген әнді орындады. Зал сілтідей тынып тыңдады. Оның себебі, совет әндерінің ішіндегі ең бір таңғажайыбы еді: мөлдір, тұнық, махаббат сәттерінің сондай бір қимас сәтін жеткізген ән болды. Сонда менің ән жазғаныма екі жылдай ғана уақыт болған. Жанның сұлулығы, романтикалық сезімнің байлығы болар, сонда «Шіркін, бізде де осындай бір әдемі ән болса», – деп ойладым.

Содан 1971 жылы Ықылас туралы дерек жинау үшін Шудың бойын аралауға шықтым: Жамбыл облысының, Сарысу ауданы мен Талас ауданында Жайлаукөл деген жер бар. Орталығы – Сарысу совхозы. Бұл – Мырзатай Жолдасбеков екеуміздің өскен жеріміз. «Жайлаукөл кештері» деген ән туды. Кейін бұл ән жастардың арасында кеңінен тарап кетті. Студенттерден құрылған құрылыс отрядының мүшелері «Жайлаукөл деген керемет жер бар, біз соны көреміз» деп барғаны, Жайлаукөлге келіп тұрып, «Міне, Жайлаукөл осы» дегенде сенбей, «жоқ, бұл Жайлаукөл емес, ол ғажайып – Көкшетау, Бурабай, Баянауыл сияқты жер» деп, мінген машиналарынан түспей қойған қызықты сәттер де болған».

Міне, композитордың өзі айтқандай, ақырында ән солай ел арасына тез тарап кетеді. Бір күні араларында Шәмші Қалдаяқов бар төрт композитор Алматының төріндегі бір мейрамханада отырады. Әр түрлі әндер бірінен кейін бірі орындалып жатады. Қазақ музыкасының болашақ алыптары «Ана жерін дұрыс айтпады, мына жерін былай еткенде» деген сияқты өз ой-пікірлерін ортаға салысады. Бір кезде әлгі «Подмосковные вечера» деген ән орындалады. Сонда Илья Жақанов өткен күндерді еске алып: «Бір кезде осындай ән жазсақ деп армандаушы едік», – деп қалады. Сонда Шәмші: «Илья, сен өзіңнің «Подмосковные вечераңды» жазып қойдың. Ол – «Жайлаукөл кештері» деген екен.

«Жайлаукөл кештерін» алғашқы орын­дау­шылардың бірі Игілік Омаров. Оның Илья Жақановпен арадағы шығармашылық байланыстары қалай болды? Енді соған келейік.

– «Игілік Омаров Жаңаарқаның қазағы, менен екі жас үлкен болатын. Дүниеден ерте қайтып кетті. Оның әндері былтырдан бері ғана насихаттала бастады, – дейді Илья ағамыз. – Игілік екеуміздің Жаңаарқада ән салуымыз бір дала театры болып өтетін. Игіліктің әншілік құдіреті болмаса Қайрат Байбосыновтар шықпас еді. Ол кешегі Біржан салдың «Жанботасы» мен Ақан серінің «Сырымбет», «Балқадиша», Естайдың «Құсни Қорланын» айтқанда Жүсіпбек Елебековтің өзі тамсана отырып тыңдайтын.

Менің таңғажайып өмірім Алматыда өтті. Өмірге қалыптасқан кезіміз сол қалада басталды. Шәмші бәріміз шалқытып ән шығарған кезіміз болды. Әйелім алғаш келін болып түскенде Шәмші «Бәрінен де сен сұлу» деп ән шығарып, тойымызға тарту еткені бар…»

ТЫҢДАРМАНЫН ТАПҚАН ӘН

Ілекеңнің шығармашылығындағы классикалық туынды «Еділ мен Жайық». Сөзі «Мен қазақпын» деген бір-ақ сөзімен тарихта қалған ақын Жұбан Молдағалиевтікі. Қасымды білу үшін «Өзім туралы» өлеңінің жиырма шумағын оқыса жетіп жатыр. Сол сияқты Илья Жақанов десе «Еділ мен Жайық», «Еділ мен Жайық» десе Илья Жақанов еске түсетіні сөзсіз. Осы ән алғаш рет Алматының сарайында орындалғанда қасында отырған композитор Мыңжасар Маңғытаев: «Сарыарқасы», «Саржайлауы», «Елім-айы,» «Еділ-Жайығы» бар қазақ өнері ешқашанда өлмейді» деген екен.

Тыңдарманын тапқан әндердің бір парасы «Балқантау» циклдары. Кенжеғали Мыржықбай 1984 жылы Илья Жақановтың шығармашылық кешінде осы әнді алғаш орындап, жарқ етіп әншілік беті ашылған кезде Фариза Оңғарсынова «Балқантауға ешқандай ән тең келмейді» деп баға беріпті.Балқантау қазір Қарқаралыға қосылып кеткен Тәттімбеттің, Мәдидің, Айтбай әншінің, Әміре мен Қали Байжановтың туған мекені. «Сол Балқантауды зерттеп жүріп төрт ән жаздым», – дейді Илья ағамыз. – «Балқантау баурайында», «Балқантау күндері», «Балқантау таулары», «Балқантау». Осы циклдың бәрін Кенжеғали біледі, бірақ бүгін соның екеуі ғана орындалды.

Тағы бір дерек: «Даниярдың әні» бірден Өзбекстан мен Қырғызстанның драма театрына қабылданып кеткен. Қарақалпақстанның бір әншісі осы әнді орындап, лауреат атанса, «Аңсадым сені» туралы да айта жүретін әңгіме көп. « Әди Мұсаханов дейтін өте кішіпейіл, мен деп кеуде соқпайтын ақын болды, – дейді Илья ағамыз. – Жай ғана сөйлеп, өзімен өзі жүретін кісі еді. Бір күні маған өлеңдерін көрсете бастады. Екі-ақ шумақ өлең. Сөйтіп жүргенде көшіп-қонып жүріп қағаздарымның арасынан таппай қалдым, шындығы – жоғалтып алдым. Арада біраз уақыт өткеннен кейін оны Жарасхан Әбдірашев қайта жазды. Әдидің ойын өзіне айтып бердім, Әдиді жоқтатпай жазып шықты, бірақ зорға жазды…»

« Қыз Жібекке» дайындалып жатқанбыз, – дейді Кенжеғали Мыржықбаев. – Ғабит Мүсіреповтің мерейтойы болу керек. Үш алып кіріп келді. Әдебиеттегі алып – Ғабит Мүсірепов, музыкадағы алып – Сыдық Мұхамеджанов, әдебиеттегі дауылпаз ақын Ғафу Қайырбеков.Мен таң қалдым. Ән айтып жатқам, сасып қалдым. «Тағы бір орындап берші» деді. Орындап бердім. Сосын Ғабең сөзін сұратты. Оқып шықты да «тағы бір орындашы» деді. Тағы орындап бердім. Бұл елегізу ғой деді. Сонда Сыдық Мұхамеджанов тұрып: «Бұл бұдан былай элегия болып орындалсын», – деді. Содан кейін бұл шығарма элегия болып кетті.

Кеш соңында Илья Жақанов Еуразия Ұлттық университеті Астанадағы ең сүйікті оқу орны екенін айта келіп: – «Еліміздегі бірден бір іргелі оқу орнына жастарды эстетикаға тәрбиелеп, музыкаға баулитын Кенжеғали Мыржықбай келіпті. Ініме айтарым, бізде тамаша суретші, ғажап кинорежиссер бар, керемет ғалым, айтулы ақын-жазушылар бар, енді соларды жастармен бетпе-бет тілдестіріп, «Саз-сұхбатыңды» жалғастыра бер. «Саз-сұхбатың» «Саз-сабаққа» айналсын. Менің тілегім сол»! – деп ақ батасын бергендей болды.

«Саз-сұхбат» дейміз бе, «Саз-сабақ» дейміз бе, қалай десек те, халық үшін қажет нәрсе: осындай тәлімі мен тағлымы мол басқосулар көп болса екен.

Базарбек ТҮКІБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Астана

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button