Жаңалықтар

ЕЛБАСЫ ОҢТҮСТІККЕ ОҢ БАҒА БЕРДІ

ашық дереккөзі

ЕЛБАСЫ ОҢТҮСТІККЕ ОҢ БАҒА БЕРДІ

Өткен сәрсенбіде Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен барлық деңгейдегі әкімдердің жиынында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Елбасының және жиылған қауымның алдында сөз сөйлеп, облыста атқарылып жатқан шаруалар төңірегінде баяндама жасаған болатын.

ОҚО әкімінің сөзіне қарағанда облыс көлемінде өндірілген өнім соңғы үш жылда екі есеге өсіпті. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 1,7 триллион теңгеден асады деп жоспарланып отыр екен. «Үдемелі индустриялды даму бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту – 2020» сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жылдан-жылға көрсеткіштері артып, өңір экономикасының дамуына үлкен септігін тигізуде.

Үдемелі индустриялды даму бағдар­ламасы басталған алғашқы жылдары облыста жеті жоба іске қосылған болса, өткен жылы 24 жоба, биылғы жылдың қорытындысы бойынша 29 жоба қосылмақшы. Ал, жалпы индустрияландыру картасы бойынша 114 жоба картаға енгізіліп, осы жобалардың аясында 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарының ашылуы жоспарлануда.

Асқар Мырзахметов сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламаларының ОҚО-да орындалу барысына да тоқталып өтті. Соңғы жылдары 90 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылса, оның 60 пайыздан астамы жастардың үлесінде екен. Ал, аз қамтамасыз етілген азаматтардың саны 24 мыңнан 14 мыңға дейін азайып отыр немесе 70 пайызға төмендеген.

«Ауыл шаруашылығы саласына жа­салған мемлекеттік қолдаудың арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткіздік», – дейді облыс әкімі. Биылғы жылы ауа райының қолайсыздығына қарамастан озық технологияларды кеңінен пайдаланудың нәтижесінде бау-бақша өнімдерін жинаудан рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізілген. 1 миллион тоннадан астам бақша өнімдері жиналып, көкөністен де соңғы екі жылда 1 миллион тоннадан астам өнім алынған. Яғни көкөніс пен бақша өнімдерін жинау қорытындысы бойынша биылғы жылы 2 миллион 300 мың тонна өнім жиналып отыр. Бұл кеңес дәуіріндегі ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда төрт есеге артық көрінеді. Ол кезде жоғары көрсеткіш 600 мың тонна ғана болған екен.

Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі мақта өсіретін бірден-бір өңір екені белгілі. Биыл мақта бітік шықты. Мәселен, Мақтаарал ауданында гектарына 28 центнерден өнім алыныпты. Бұған әсіресе Елбасының тапсырмасына сәйкес салынған Шардара су қоймасынан су тартатын жаңа насосты стансаның көп септігі тиген. Осы насостың арқасында мақта алқаптарына 152 миллион текше метр су берілген болатын. Тамшылатып суару соңғы үш жылда 10 есеге өсіп, 20 мың гектардан асса керек. Жылыжайлардың көлемі жылына орта есеппен 550 гектарға артқан. «Енді осындай мол өнімді сақтау үшін қоймалардың саны артуда», – дейді облыс әкімі.

Осыдан үш жыл бұрын қоймалардың сыйымдылығы 35 мың тонна болса, қазір 172 мың тоннаға жеткізіліпті. Мемлекетіміздің дұрыс бағыттағы саясатының және кедендік одақтың арқасында экспортқа шығарылған өнім көлемі 30 есеге артып отыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында әлеуметтік салада да ауқымды істер атқарылған. Тек қана Білім мен денсаулық саласын алатын болсақ, соңғы үш жылда 340 нысан салыныпты. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 44 мектеп, 56 денсаулық сақтау нысандары іске қосылмақшы.

Өңірлердің дамуы тікелей әкімдердің жауапкершілігінде екені белгілі. Бүгінгі көтеріліп отырған мәселе де, берілген мүмкіншіліктерді тиімді пайдалануға келіп тіреледі. Бұл әрине уақыт талабы. Асқар Исабекұлы кеңейтілген отырыста: «Бізде әкімшілікке қарайтын басқармалардың саны 22 болса, ондағы мемлекеттік қызметкерлердің саны – 3488. Ал, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық басқармаларының саны – 35, ондағы мемлекеттік қызметкерлердің саны – 3 900. Сондықтан кейбір мәселелерде әкімшілік тарапынан қайталанатынын ескере отырып, мемлекеттік жауапкершіліктің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үшін кейбір функцияларды аумақтық құрамадан әкімшілікке беру мәселесін орынды деп санаймыз»,– деген ой айтты. Сонымен қатар, жергілікті өзін өзі басқару жүйесін одан әрі дамытуды ел экономикасының өркендеуіне, азаматтық қоғамның қалыптасуына да септігін тигізер шарттардың бірі екенін жеткізді. Сондықтан бөлініп жатқан қаржының теңдігін көтеру мақсатында да ұсынылып отырған ұсыныстарды толығымен қолдау қажеттігіне тоқталды. Сөз соңында ОҚО әкімі: «Бізге жүктеліп отырған міндеттерді толығымен орындауға атсалысамыз»,– деп қорытындылады.

Елбасы өз кезегінде Оңтүстік Қазақстан облысында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Жасалынған табысты істерге ризашылығын білдіріп, рахметін жеткізді.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ