Өмір өткелдерінің ұмытылмас сабақтары

Алыстаған сайын кербез таулар бұрынғыдан биіктей түседі. Тап қасында жүргенде құдіретін аңғара бермейтін, көзің онша шала қоймайтын заңғарлар жырақтай түскеннен-ақ құздана биіктеп, шомбалдана көк тіреп құбылады, жұмбақ сырға толы кейпі еріксіз назар аудартады, тағатыңды тауыса өзіне сүйрейді. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өнегелі өмірі де әрбір адамды, оқырманды өзіне осылайша тартады. Таяуда «Фолиант» баспасынан жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабын ой көзімен оқыған адам ғибратты ғұмырдан көп тағылым алатыны талассыз. Өйткені Мемлекет басшысының өмірі – өзгеше, өнегелі өмір. Екі өркениеттің – Шығыс пен Батыстың қиюласқан жерінде, әлемнің екі бөлігінің – Азия мен Еуропаның тоғысқан тұсында, екі саяси жүйенің – тоталитаризм мен демократияның, екі экономикалық жүйенің – жоспар мен нарықтың от пен судай шарпысқан шағында шарболаттай шыңдалған, туған Қазақстанын бүкіл әлем құрметтейтін қуатты мемлекетке айналдырған тұлғаның тағылымды тағдыры әр уақытта да қызғылықты болып қала беретіні заңды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы кітаптың алғы сөзінде: «Менің тағдырым – бақытты тағдыр. «Блажен кто посетил сей мир в его минуты роковые» деп Тютчев жазғандай, менің маңдайыма мына жарық дүниеге тарихтың тар тұсында келудің, айналасы жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында бүкіл әлемді төңкеріп түсірердей ғажайып өзгерістерді көрудің, жаңа мемлекет құрудың, сол ұлы істің басында тұрудың бақытын жазған екен. Көп нәрсені көрдім, көп жайды өзегімнен өткердім. Өмір жолым төселген тақтайдай тегіс болған жоқ, алдымнан талай кедергілер кездесті, олардың кейбірін заман қойды, кейбірін қоғам қойды, кейбірін адам қойды. Шүкіршілік, бәрінен де өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырмын. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгіні бақытты, ертеңі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмын. Мың тәубе!», – деп жазуы ешкімді бейжай қалдырмайтыны айтпаса да түсінікті.

 «Өмір өткелдері» кітабының негізгі арқауы – Қазақстанның жаңа тарихының ең бір қиын да жарқын сәттері. Сұхбат кітабының тараулары қайсы бір кезеңдердегі қоғамның саяси көңіл-күйін түсінуге немесе еске алуға көмектеседі, ал экономикалық талдау неғұрлым зерделі оқырмандарға осы жылдардағы жағдайды ойша қалыптауға мүмкіндік береді.

Қазақстан жастарына, тіпті, ересек кісілерге де осының бәрінің қалай басталғаны, оқиғалардың қалай өрістегені, ел үшін сондайлық күрделі кезеңде қабылданған қандай да бір шешімдердің негізгі ой қисыны қалай тарқатылғаны жөнінде нақты фактілер мен әділ талдаудың жетісе бермейтін кезі көп. Осы орайда Елбасы: «Сондықтан мен бұл кітапты біздің еліміздің болашағын қалайтын, жерімізді аялайтын, қорғайтын жас қазақстандықтарға арнап әңгімелеп шықтым», – дейді.

Кітапта журналист Сауытбек Абдрахмановқа өзінің өмірі жайында әңгімелей отырып, Нұрсұлтан Назарбаев заман, қоғам, адам туралы терең толғанады.

Иә, аузы дуалы кемеңгерлердің бірі: «Уақыт – өткен күндер емес, есте қалған күндер», – деп ғибратты ой түйіндеген еді ескі замандарда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» сұхбат кітабы баршамыздың да есімізде қалған, болашақта да естен ешқашан шығармауға тиісті күрделі оқиғаларды жайып салған батылдығымен баршаның жүрегін жаулап алатынына күмән жоқ. Біз Елбасының осы кітаптағы түйінді-түйінді ойларының кейбірін газетіміздің ойлы оқырмандарының назарына ұсынуды жөн деп санаймыз.

Жаңабек Шағатай

ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ БАЛАЛЫҚ БАЛ ДӘУРЕН…

 – Әуезов «Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп атаған Сүйінбай мен Горький «ХХ ғасырдың Гомері» деп атаған Жамбыл бар қазақтың мақтанышы екенін айтудың өзі артық шығар. Бірақ ақындық ақындардың ұрпағына қона берсе, кейде сексен ақын тұрмақ, сегіз жүз ақын болып кетуі мүмкін еді. Олай болмайды ғой. Жалпы мен өзімді ақындық қонған адамдар қатарына қоса қоймаймын. Жүрегімді тербеген жайларды хал-қадірімше өлеңге түсіріп қоятыным бар. Оның бірнешеуіне әндер де жазылды. Ондай қасиет көп қазаққа тән емес пе? Ойды өлеңмен жеткізуге шебер кісілер менің әкем Әбіш пен анам Әлжан еді. Қарапайым адамдар болса да, той-томалақтарда, тіпті үйде отырғанда да ұйқастырып отыратын.

 * * *

– Мен ән шығарайын деп өлең жазған жоқпын. Кейде жүректі толқытатын бір оқиғалар болады, сол кезде бір нәрселерді жазасың. Алдымен сөзін қағазға түсіресің, ырғағы кейін келе жатады. Жаңағы ән мына Теміртауда, Қарағандыда ұзақ жылдар жүргенімде ауылды сағынып шығарғаным ғой. Шұбарат – ата-бабамыздың жайлауы. «Шұбарат Алатаудың етегінде, Шамалған тұрады екен жетегінде. Арқадан асыл жарды тапсам-дағы, Туған жер, сенен алыс кетемін бе?» деп те жазғанмын. Жаңағы сен айтып, мен толықтырып айтқан ән осыдан қырық жылдай бұрынғы сарғайған сәттердің сағыныш сазы ғой. Сондықтан, қазір мен ол өлеңді сол кезгі көңіл-күйдің көрінісі деп қана қарай аламын. Тегінде, ол кезде астананы Алатау бойынан Арқаға ауыстыруды әлі ойластыра қоймаған болсам керек… Теміртау, Қарағанды демекші, мына бір жайды айта кетейін. Осыдан он-он бес жылдай бұрын бір авторға бала күнімде ұшқыш болуды армандағанымды, Үшқоңырдың бір биігіне шығып алып, алысқа, ұзақ қарайтынымды айтқаным бар. «Тегі, Теміртауды көргім келген болар» деп әзілдегенмін. Соны пайдаланып, біреулер мені мақтағанның жөні осы екен деп, сол кезде болашақ астана жаққа қаратып, қиялдатып қоюдан да тайынбайды. Әр нәрсенің қисыны болуы керек қой.

 * * *

 – Ақындардың жыр жинақтарын мүмкіндік тапқанымша оқып тұрамын. Ал енді бабалар әсері дегенге келсек, біздің ауылдағы жиын-той бала күнімізде айтыссыз өтпейтін. Айқыш-ұйқыш айтысатын да жататын. Арасында ән де, күй де орындалып тұрады. Би биленетіні есімде жоқ.Тегінде, би отырықшы халықтарға көбірек тән өнер. Би өнері арғыдан тамыр тартуы үшін үлкен сарайлар қажет.

  * * *

 – Әкем Жамбылмен де, Кененмен де таныс болғанын айтып отыратын. Біздің ауыл Шамалған Алматы мен Ұзынағаштың ортасында орналасқан. Әрқайсысынан қашықтығы шамалас болар. Жамбыл ауылының төңірегінде тұратын туыстарға атпен де, атарбамен де бара беретінбіз. Үлкендердің айтуынша, Жамбыл атамыз да атқа мініп, тау бөктерін аралап жүреді екен. Менің әжем Мырзабаламен жақсы таныс болса керек. Мен ол кездерде 4-5 жастамын. Есімде бірі қалса бірі қалмайтын кез ғой. Жамбылдың Алғадай деген ұлы қайтыс болғанда анам (әжемді «апа» дейтінмінде, анамды «жеңеше» дейтінмін) мені Ұзынағашқа алып барған екен. Сонда атаға көңіл айту үшін Алматыдан, маңайдан көп адам келгені көз алдымда. Үйдің алдындағы мен бұрын көрмеген ұзын қара машина есімде қалып қойыпты. Анам айтып отырушы еді, атаның жанында үнемі бір жылтырбас кісі, бір толық денелі сары кісі жүрген еді деп. Кейін естідім – ол кісілер республиканың басшысы Жұмабай Шаяхметов пен жазушы Сәбит Мұқанов екен. Кезінде Сәбең біздің үйде де болыпты. Оны мен мектептің жоғарғы кластарында жүргенде ғана білдім. Біздің кезімізде мектептегі оқулықтарға еніп жүретін «Колхозды ауыл осындай» деген өлең болатын. Сол өлеңнің соңғы шумағын Сәбең біздің үйде жазыпты. Малшылар өмірімен танысуға бір топ жазушы келген екен. Араларында әншілер де бар. Әншілерінің ішінен жұрттың есінде Жамал Омарова ерекше қалыпты. Сонда біздің киіз үйге Сәбең түсіпті. Әкемнің «Мұндай үлкен кісі де осыншама қарапайым болады екен» деп айтып отыратыны есімде. Әкем інім Сатыбалды екеумізді шақырып, Сәбеңе сәлем бергізіпті.

img731

  * * *

 – Менің әкем мен анам бабаның басына түнеп, тілек тілегендері рас. Менің бала кезімде ол мола Алматының шетінде үлкен төбе болып көрінетін…

Райымбек бабаның басына түнеген түнде анам түс көріпті. Түсінде теңізге түсіп кеткен екенмін дейді. Судың түбінде демі тарылмай, кәдімгідей жүре беріпті. Теңіздің түбінен аппақ күмістен жасалған ұзын мылтық көріпті. Жаңағы мылтықты мойнына іліп алып, жүзгеннен жүзіп отырып жағаға шығыпты. Таңертең бейіттің шырақшысы түсін жорыпты. Ұл бала табасың, балаң мықты болады, жасы ұзақ болады, осы балаң сенің мақтанышың болады, ел қорғайтын адам болады депті. Мылтыққа байланысты жорығаны ғой.

  * * *

– Мұндайда қазақ «аузына құдай салған» дейді. Солай болған шығар. Әжем Аллаға сенетін, бес намазын ұстап, ораза тұтатын адам еді. Алланың 99 аты бар екенін білген болар. Мағыналық жағына да, әуезді естілуіне де көңіл бөлсе керек.

Әжем туралы айтайын. Мырзабала әжем мені бес жасқа дейін жұрттан жасырғандай етіп өсіріпті. Әрі тұңғыш, әрі әбден зарығып көрген немересімін ғой. Үйге біреу кірсе мені етпетімнен теріс қаратып жатқыза салады екен. «Немереңіз жүрді ме, әже?» деп сұрағандарға: «Құдай бір немере беріп еді, оның өзін де қауқарсыз етіп берді» дейді екен. Анам ол кісіге ренжіп, қайдағыны айтасыз дейді екен. Мені қашан шауып жүріп кеткенше қып-қызыл матадан киіндіріп қойғаны да өзінше қызық. Көз тимесін дегені. Бір күні қып-қызыл ғып киіндіріп қойған маған аспаннан бүркіт шүйіліп түсе жаздапты. Сөздің реті келіп тұр, менің бала күндерімді, мектептегі шағымды көрсететін «Балалық шағымның аспаны» деген фильмде Мырзабала әжемнің рөлін ойнаған Бибігүл Ахметқызы Төлегеноваға разылығымды бөле айтқым келеді. Әжемнің өзін көргендей болдым.

АНА ТУРАЛЫ

 – Кім айтса да анасының қадір-қасиетін жеткізіп айта алар ма? Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де ана парызы өтелмейді дейді ғой. Мен көп қазақтың балалары сияқты әкенің ісінен үлгі алып, оның қаталдығына шыдап, ананың тәрбиесімен өскен баламын. Әкем күндіз-түні жұмыста, мен анамның жанындамын. Анамның мені жанындай жақсы көретінін білетінмін. Сол шексіз ана махаббаттына оранып өстім. Баланы анасы шын сүйіп өсірсе, ол бала бақытты боларына мен сенемін. Баланы жалдаған әйел емес, анасының өзі тәрбиелегенін ұнатамын. Сондай бала дұрыс жолдан таймасына сенемін. Өзі қарапайым, сауаты жоқ адам болса да өмірден үйренгені, көрген-білгені көп анам әр уақытта көз алдымда, жүрегімді елжіретіп тұрады. Қиын шешімдер қабылдар кезде түсіме кіріп, ақыл беріп кетеді.

Менің анам Әлжан Жатқанбайқызы 1910 жылы туған. Құжаттағы 1905 жыл қате жазылған деп өзі айтып отыратын. Мен негізі анама тартқанмын. Нағашыларым да осындай дөңгелек жүзді болған екен.

Анамды еске алғанда кейде қиялдап отырып, ойлаймын ғой: ол кісінің жасы жүзге жетсе осы кезге дейінгіні көруі мүмкін еді-ау, тоқсанға жетсе елдің есейгенін, баласының Арқада жаңа астана салдырып жатқанын көрер еді-ау, тіпті сексеннен сәл асса да тәуелсіздік таңы атқанына куә болар еді-ау деп. Анам 1977 жылы дүниеден өтті. Менің ат жалын тартып, азамат болғанымды ғана көрді. Аз күн ғана ауырып, ағайын-туғанына аманатын айтып жүріп кете берген. Менің шетелден әкелген жеп-жеңіл қоңыр тоным бар еді. Соны Гүлжан келініне беріп: «Енемнен қалған көзі еді деп киіп жүрерсің», депті. Келіні: «Қойыңыз, әлі-ақ осы тонмен талай қонаққа барасыз» десе, айтыпты: «Тілімнің сайрап тұрғанына алданып қалмаңдар, дайындықсыз болмаңдар. Дүниеде болжаусыз нәрсе үшеу: толғақ болжаусыз, қонақ болжаусыз, өлім болжаусыз. Ажал айтып келмейді, айла таптырмайды. Алды сайран, арты ойран дүние осы», – деп. Осылай кесек-кесек кесіп сөйлейтін, тіліп айтатын адам еді.

ҚИЫН ТАҢДАУ

– Жалпы кешегі кеңестік кезеңнің сантүрлі ұлт пен ұлыстың басын қосып, бір шаңырақтың астында негізінен кейде күшпен, әкімшілікпен болса да ұлтаралық татулықты сақтағанын айтпауға болмайды. «Негізінен» дейтінім, тұтас халықтарға сенімсіздік көрсетіп, жер аударып, ұзақ жылдар коменданттық бақылауда ұстап, кей жерлерді бір рес­публикадан бір республикаға беріп, қайта алып, болашақ қақтығыстарға арқау жасап бергені де бар екенін де ұмытуға болмайды. Қалай дегенде де, кеңестік интернационализмді сол кездегі идеологияның ойлап тапқаны етіп көрсету әділетсіздік. Интернационализм болған, бар және бола да береді. Соның өзі жақсы да. Біздің Қазақстанның тәуелсіздіктің ең бір қиын жылдарында ауызбіршіліктен айрылмағаны негізі кешегі кеңестік кезеңде қаланған сол бауырмашылдық сезімнің адамдар бойында сақтал­ған­дығының да арқасы.

  * * *

– Теміртауға барып түскенде мен кеңестік идеологияның жоқты бардай, барды нардай етіп көрсететін сипатымен алғаш рет бетпе-бет келдім десем де болады. Баспасөз бетінде дүрілдетіп, дүңкілдетіп жатқан алып зауыттың орнында құрылыстың жұрнағы ғана бар екен. Қайда қарасаң да қазылған шұңқырлар, үйілген тас, құм, құрылыс материалдарының қалдықтары… Жол деген жоқ. Баспана деген жоқ. Әуелде үш күн бойы бір жертөледе түнеп шықтық. Одан кейін Нұраның арғы жағындағы бір поселкедегі жатақханаға жайғастырған болды. Ең қызығы – істейтін жұмыс жоқ. Әлі ештеңе басталмаған. Қазір ойлап отырсам, соның өзі жақсы болған екен. Жұмыс табылса, сол жұмысты істеп кете берер ме едік. Содан бізді жинап алды да, орта мектеп бітіргендердің (арамызда сегізінші класс қана бітіргендер де жетерлік) металлург мамандығына оқып келуге мүмкіндігі болатынын айтты. Бәріміз дерлік бірден-ақ келістік. Төрт жүздей жігіт іріктеліпті. Жастардың бір тобын Украинаға жіберетін болыпты. Мен Украинаға баратын топқа қосылыппын. Енді осыдан кейін қазақтың «дәм тартып тұр» деген сөзіне қалай сенбейсің? Мені расында да, Украинаның дәмі тартып тұрған болып шықты.

 * * *

– «Бас кеспек болса да, тіл кес­пек жоқ» деген мақал бар халықта демократия атымен жоқ деп ешкім де айта алмайды. Қазақ ханның алдына барғанда да «Дат, тақсыр!» дейді. Біз еліміз демократиялық қоғам құру жолында дейміз. Ал олар болса біздің демократияның еуропалық стандарттарына тез түсуімізді қалайды. Мұның біздің қоғамға қандай залалы боларында олардың шаруасы жоқ.

Жалпы, өзгеге жалтақтаудың түбі жақсылыққа апармайды. Жақында бір батыстың сарапшысы жазған М.Горбачев жайындағы пікірді оқыдым. Сонда Горбачев жас кезінен карьерист адам болған деп жазады. Мансапқор, өсу үшін, өзінен жоғары тұрған бастықтың адында ұпай алу үшін ұмтылып, жалпақтап, соның ойынан шығуды ойлайды дейді. Ал өзі бір күні үлкен басшы болғанда кімге жағынарын білмейді, жағынатын адам іздейді дейді. Әдеті ғой. Сонда Горбачев өз елінде жағынатын адам қалмағанда Америка, Еуропа басшыларының мақтауына ілінгісі келген болып шығады. Иә, ол шынында да солардың айтқанын тыңдады. Айтқанын істеді. Мұны айтып отырғаным – ел басындағы адам тек қана өз халқының, өз елінің қамын ойлап, соған ғана қарекет жасауы керек. Маған да батыстың жолына түсіңіз, осыдан артық жол жоқ дегендер аз болмады. Түспедің деп сынады. Олардың ақылымен жүрсек, онда өз дәстүр, өз тамырымыздан айрылып, ел ішінде дау-дамай көбейер еді. Нешеме түрлі-түсті революциялардың ішінде жүрген халықтың өмірі мүшкіл болар еді. Оның бәрін көріп отырған жоқпыз ба?

  * * *

– Жалпы, адамның өткенімен мақ­тана беруі оның бүгін мақтанатыны аз екен­дігінің белгісі де болуы мүмкін… Солай емес пе? Ата-бабаларың мақтануға тұрарлық тұлғалар болғанда да сенің өзіңнің оған нақты қатысың қандай? Сіңірген еңбегің қандай? Сенің ата-бабаларыңа еңбек сіңіруің мүм­кін емес. Сенің еңбегің сіңсе, бала­ларыңа, немерелеріңе сіңеді. Осындай балалар тәрбиеледім, осындай немерелер өсірдім деп мақтаныш етсең бір жөн. Әрине, халық үшін еңбек еткен адамдарды мақтаныш тұту керек. Егер олар сенің әулетіңнен шықса, тіпті жақсы. Бірақ, бұл арада мақтаныштан гөрі жауапкершілік сезімі алға шыққаны дұрыс. Мен сондай адамның ұрпағымын, қазір бәленшенің ұрпағы деген атты абыроймен алып жүрмін бе деген тұрғыда ойланған, қиналған жөн.

Ал енді «ақсүйектер емеспін» дегенімнің мәнісі былай. Қазақта бабадан атаға, атадан балаға, баладан немереге ауысып жататын ақсүйектік, яғни аристократтық титулдар жоқ. Мысалы, грузиндерде князьдің баласы князь болып шыға келеді. Ағылшындарда лордтың баласы да лорд. Орыстарда да бұрын солай болған. Дворян әулетінің балалары дворянин, графтың баласы граф деген сияқты. Мұның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Жақсы жағы әулет дәстүрін жалғастыру жауапкершілігінің өзі адамды ширатып тұратынында. Жаман жағы жаңағы атаққа адамның ерекше еңбек етпей-ақ дайын күйінде ие болатынында.

НАМЫСШЫЛДЫҚ ТУРАЛЫ

 – Жалпы, айналаға ақыл көзімен қарайтын әрбір адам ұлты туралы, өзінің халықтың бір өкілі екендігі туралы одан да жас күнінен ой түйе алады. Ал балалық шақтан көп ұлтты арада өскендерде бұл сезім басқаларға қарағанда басымырақ болатыны табиғи жай. Шамалғанда көптеген ұлт өкілдері тұрғанын бұрын да айттым ғой. Орыс, украин, неміс, әзірбайжан, түрік сияқты көптеген ұлттың балаларымен араласып-құраласып, жарыса, жағаласа өстік. Сабақ оқуда болсын, спортта болсын, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысуда болсын намысты бермеуге тырысатынбыз. Адамның бір парызы өз ұлтының, туған халқының намысын бермеуі, жақсы атын шығаруы. Ұлт та, халық та жеке адамдардан құралады. Егер әр адам елдің туы менің де қолымда деп санаса, онда елдің бағы жанады. «Ел намысы – ер намысы» дегенді қазақ содан айтқан. Халқымыздың «Жігітке жар қымбат, намыс пен ар қымбат» дейтіні де бар. Абай да қарасөзінде бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар деп, соның біріншісіне қазақтың ел басы, топ басы деген кісілерге екі тізгін, бір шылбырды беріп, сенетінін, екіншісіне намысшыл келетінін атаған ғой.

* * *

 – Қазіргі қазақ намысшыл болмаса, біз айналасы жиырма шақты жылда мұндай мемлекет құра алмас едік. Елді ұйыстырушы ұлт болып тұра алмас едік. Тәуелсіздік жолына қатар түскен елдердің кеуде тұсында, көш басында жүре алмас едік. Сол намысшылдығымыз бізді Днепродзержинскіде талай тығырықтан алып шықты. Сол намысшылдығымыздың арқасында біз біраз уақыттан кейін-ақ қазақ жастарының қабілетсіздігі деген сыпсың сөзді тыйғыза алдық. Оған біздің жігіттердің күрес секциясына қатысып, өздерінің күшін дәлелдеуі де әсер етті. Мұны әуелде мен бас­тап едім. Күрес секциясының залына алғаш барғанымызда-ақ белдесуге шақырған жігітті кілемге алып ұрғаным біраз жұрттың аузында жүрді. Басқалардың бізге көзқарасы кәдімгідей өзгере бастады.

* * *

– Мұны көшбасшылық қасиет, ұйымдастырушылық қабілет дегеннен гөрі намысшылдыққа көбірек жатқызған жөн шығар. Ол кезде одақтас республикалар жұрты бір бірін онша біле бермейтін. Днепродзержинскіде жүргенде бізді біреулердің қытайлар, біреулердің кәрістер деп жататынын талай естігенбіз. Қытайдан, Кореядан келген шәкірттер, жұмысшылар да бар еді онда. Мәскеудегілердің өзі республикалар астаналарын дұрыс атай алмайтынына да куә болғанымыз есімде. Оның үстіне Бибігүл Төлегенованың онша таныла да қоймаған кезі. Зал болса мың орындық. Қазақтың жас әншісін тыңдаймыз деп Днепродзержинскінің мың адамы жинала қалатынына сенім аз еді. Білгенімізше қолдан хабарландырулар жазып, ондайды «афиша» дейтінін кейін естідік, мектептерге, мекемелерге өзіміз барып, билет таратып, ақыры мың адамдық залды толтырып тындық. Үлкен гүл шоғын алуды да ұмытқан жоқпыз. Концерт біткенде сахнаға шығып, сол гүлді әнші апайымызға тапсырып, қазақша, орысша, украинша араластырып алғыс айтқаным да бар.

 * * *

– Күресіп, белдесіп өскен халықтың баласы емеспіз бе, көп ұзамай басқа жігіттер де сол секцияға жазыла бастады, бара-бара тіпті өзіміз жеке команда құрып алдық. Заводтық, қалалық жарыстарға қатысып жүрдік. Бұл біздің өзімізге деген сенімімізді күшейте түсті. Бірте-бірте қалаға да үйрендік, дала баласына тән болып келетін ұялшақтықтан да арыла бастадық. Спорттың адам рухын көтеріп жүретін сондай сиқыры бар.

 ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ ТУРАЛЫ 

– Қазір диванға жатып алып, футбол ойынын құр жібермейтіндердің талайы өзін спортты жақсы көретіндей санайтын болып барады. Шынтуайтында солардың көбі таңертеңгі жаттығуды да жасамайтын адамдар. Спорттан бұрын біз дене тәрбиесін айтуымыз керек. Жастарды алдымен соған бейімдеуіміз керек. Ал спорт жартылай кәсіби ұғым. Спортшы болу міндет емес, бірақ әр адам өз денсаулығын шыңдап отыруға тиіс. Оның мәні мына жанталас заманда бұрынғыдан да арта түсіп барады… Мен мектепте жүргенде-ақ күреспен де, бокспен де, спорттың басқа түрлерімен де айналысқанмын. Бокс секциясында былғары қолғаптармен тұрған бір фотомыз да сақталып қалыпты. Ол кезде ауылға спорт сарайларын кім берсін? Спорт кешені болмаған соң бізге далада да, мектепте де күрес, бокс, жүгіруден басқа спорт болған жоқ. Ауылда өскен қазақ баласының бәрі атқа шабады, ол да өзінше спорт емес пе? Ал еркін күреске барып жүргенім мектептің жоғарғы кластарында әкем қазақша күрестің біраз тәсілдерін үйретіп, қызықтырып қойғаннан ғой деймін.

* * *

– Днепродзержинскіде жүргені­міз­де туған жердің қадір-қасиетін біле түстік дей аламын. Бұрын домбыраны қолына алмай жүрген талай жігіттің сол жатақханада үйреніп, күй тартып, ән айтып кеткені есімде. Қазіргі біздің «Болашақ» бағдарламасымен шет елде оқып жүрген жастар да сондай. Бөлмелерінде біздің жалау, елтаңбамыз тұрады. Бұл патриотизм, еліне деген сүйіспеншілік. Қазақстанға қатысты әр сөзге құлақ түріп жүретінбіз.

* * *

– Адам, әсіресе жас шақта, еркін болуы керек. Бәрін көруі керек. Жақсыны да, жаманын да, озықты да, тозықты да қарап, өзі ой қорытуы керек. Ойыңдағыны орындау үшін кейде тәртіп бұзуға тура келуі де мүмкін. Мен өзімді, әсіресе жас күнімде, сондай бір ешқандай тентектігі жоқ, сонша әдепті, үлгілі болдым демеймін. Әрине, басбұзарлығым болған жоқ. Ата-ананың адал бол, темекі, арақтан аулақ жүр дегендей ақыл-өсиеті де бар. Мектепте де, кейін де үздік оқығанмын. Сонан қарап мені барлық жағынан түп-түгел, теп-тегіс дейтін болар. Мен талайды көрген адаммын. Өмір мені әртүрлі жағдайда сынға салып байқаған.

КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ 

– Жадымның мықты екені рас. Бір-екі рет оқып шыққан мәтіннің ұзын-ырғасы есімде қалғаны да рас. Бірақ, түгел жаттап алмайсың ғой. Мені ол арада алдымен құтқарған жағдай – сондай мәтіндерде бірінен-біріне көше беретін стандартты сөйлемдер, жаттанды болған ойлар.

Комсомол партияның көлеңкесін саялап жүргенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Тіпті комсомол жасады деп дақпыртталып, дәріптеліп жататын жұмыстардың өзі шынтуайтына келгенде тікелей партия комитеттерінің басшылығымен, күнбе-күнгі бақылауымен жүзеге асатын. Кей тұстарда комсомол жетекшілері қалайда жоғарыдағылардың көзіне түсу үшін көкейге қонымсыз, тіпті ұлтына обал жасайтындай қадамдардан да тайынбайтын. Ең бастысы – патриоттық бастама көтеріп, көзге түсіп қалу. Сәті түссе – өсіп қалу. Мысалы, бүкіл аудан жастарының мектептен кейін мал шаруашылығында жұмысқа қалуы, сөйтіп «екінші тыңды» игеру сияқты ұйғарымдар жасалып, жүз-жүздеген жастар амалдың жоғынан қойдың соңына түсуге мәжбүр болатын. Комсомолдың есебінен шығармаса, қолына аттестат бермесе ешкім де ешқайда кете алмайтын. Олардың арасында оқуға қабілеттілері, тіпті таланттылары аз емес-ау деп ойлап, қиналып жатпайтын.

* * *

 – Шынтуайтында, адам баласының түсініп болмайтындай бір ерекшелігі өзінің проблемасын көбіне өзі жасайтындығы. Өткен ғасырда тұтынушылық қоғам деген ұғым кеңінен тарады, бара-бара тұтас бір тұжырымдамаға айналды. Бұл тұжырымдаманың мәнін оңайлатып түсіндіретін болсақ, адамзат өзінің тұтынуына қажетті мөлшерден артық материалдық игілік өндіруге ауыс­ты. Сөйтіп, белгілі бір дәрежеде жетіспеушілікті өзі қолдан жасады. Қажетті мөлшерден артық материалдық игілік өндіру жаңа проб­лемаларды туындатты. Бұл идеология, тұтыну идеологиясы бүлдіруші болып шыққанын қазір бүкіл әлем көріп отыр. Мұның өзі мәселенің біржағы. Екінші жағы – бүкіл әлемге еңбектің, еңбек болғанда – нақты материалдық немесе рухани игілік жасайтын еңбектің рөлі төмендетіліп бара жатқаны. Мысалы, қазір дефолттың жарқабағына тіреліп тұрған Грекияда мемлекеттік мекемелердегі жұмыс уақыты 5 сағатқа дейін азайтылған еді, ондағылардың жалақысы Германия мекемелеріндегіден артық еді, тіпті кімнің кабинеті қай қабатта екеніне дейін ескеріліп, жоғары қабаттағыларға түсіп-шығудың қосымша қиындығына, лифтінің кейде тоқтап қалу қаупі бар екеніне байланысты жалақыға үстеме белгіленген еді.

* * *

– Сол астамсудың аяғы не болды? Ежелгі Эллада ерлерінің елі Грекия бүкіл Еуропаға қолын жайып, Еуроодақтың қаржылай көмегіне күні қарап қалды. Жасампаздық еңбек басым сипат алмаған елдің бәріне осындай қауіп төнуі мүмкін.

Біз әлеуметтік жаңғырту саясатын қолға алып жатырмыз. Ол саясаттың негізіне шынайы өндірістік еңбек алынуға тиіс. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруға шақыратыным сондықтан. Мен өз мақаламда еңбекті шешуші ұлттық фактор деп атадым. Мұның әсіресе жаһандық, бәсекелестік жағдайындағы маңыздылығын ерекше қадап айттым.

ЕҢБЕК ЕТСЕҢ ЕРІНБЕЙ…

– Бұғанасы қатпаған балаларға ауыр жұмыс істетіп, болмашы ақы төлеу бар. «Бала еңбегін қанау» деген сол. Оған заңмен тыйым салынған. Ал мектепте жүргенде оқу үдерісіне зияны тимейтіндей етіп жұмысқа тартудың жөні басқа. Оны қолдау керек. Бірақ бізде мектеп оқушылары тұрмақ, студенттердің де еңбекке тартылуы жоққа жуық. Ана жылы мен арнайы тапсырып, студенттік құрылыс отрядтарын қайта жасақтау қолға алынған болатын. Бұл жұмысты жалғастырған жөн. Жалпы, еңбекке ынталандырудың барлық жолдарын қарастыру қажет. Еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін жақсылап құрмайынша әлеуметтік жаңғыртудың мәселелері көңілдегідей шешілмек емес.

Мектеп оқушыларының, студент­тер­дің басты еңбегі, әрине,оқу. Біз елдегі білім беру жүйесін жаңғыртуды үш басты бағыт бойынша жүргізуді межелеп, соның бір бағытын оқу-тәрбие үдересін жаңғырту деп белгілеп отырмыз. Байқайсың ба, оқу-тәрбие үдерісі. Оқу мен тәрбие – бүкіл білім жүйесінің қос қанаты. Осы қос қанатының бірі кем болса, шәкірт мына дүниенің аспанына парлап ұша алмайды.

Мақаламда материализм инерция­сы, әлеуметтік инфантилизм деген мәселелер қозғалады. Өте күрделі мәселелер. Аға буынның «өкімет өлтірмейді», «үкімет үздірмейді» дегендей әлеуметтік масылдығына ендігі жерде жол жабылуға тиіс. Нарық заңдылығының өзі қабылдамайды ондай жүрісті. Сондықтан мектептерде тәрбие үдерісін ерте бастан егуді қатты тапсырып отырмыз. Мемлекет шетсіз-шексіз донор емес. Мемлекет азаматтардың әл-ауқатының артуына жағдай жасайтын әріптес. Әйтпесе патернализм инерциясы әлі де сақталуда екенін көріп келеміз. Қазіргі жастардың біразы оларды оқытуға да, үйлендіруге де, көлік алып беруге де ата-аналар міндетті сияқты көретіндей. Бұрынғымен салыстырғанда қазір нағыз бәсеке заманы. Кеңестік кезеңде көп нәрсеге оңай қол жететіні рас еді. Институтқа, университетке түссең оқу тегін, оны бітірсең жолдамамен әйтеуір бір жерге баратының анық, ол жерде пәтердің кезегіне тұратының анық, әйтеуір бір кезде кезегің келеді, балаңның саны көбейсе, әйтеуір бір кезде үйіңді кеңейтуден үміттенумен жүресің. Ал қазір осының бәріне бәсекелестік жағдайында жағаласпен, жанталаспен жетесің. Есесіне қадірін білесің. Қолың өз еңбегіңмен жететін нәрсенің бәсі де жоғары. Бәрі де салыстырмалы нәрсе ғой. Бүгінгі байлықтың, барлықтың бағасын білмейтін адамдар да аз емес арамызда. Мысалы, бір кездері «Жигули» мінгендер жолы болғандар саналса, қазір «Жигули» мінгендер шамасы жеткенге қанағат етіп жүргендер саналады. Бұл өсудің дәлелі емей немене?

Енді әлеуметтік инфантилизмге келейін. Инфант дегендер Испания мен Португалияның король үйлеріндегі ханзадалар ғой. Инфантилизм – бала күнге тән белгілердің есейгенде де сақталып қала беруі. Қазақша қара тілмен айтар болсақ, әлеуметтік инфантилизм деген адамның өз қара басын, өзінің отбасын алып жүре алмауы. Өзінің өміріне өзі жауапты бола алмауы. Уақтылы есеймеу, ересек өмірге дұрыс дайындалмау, жаңа белес­ке бейімделмеу үлкен бір дертке айналып барады. «Болар бала он бесінде бас болар, болмас бала қырқында да жас болар» деген біздің қазақ. «Отызында орда бұзбаған қырқында қамал алмайды» деген де сөз бар. Арғы замандардағы ата-бабаларымызды айтпай-ақ, кешегі өткен Алаш арыстарының бәрі де жиырмасында-отызында ұлы шаруалар тындырып үлгерген жоқ па еді? Оларды қойғанда, қазіргі орта, аға буынның бәрі дерлік өз ризығын өзі теріп жеп, өзінің игілігін өз қолымен жасағандар. Бәрін де еңбекпен жасағандар. Сондықтан отбасында балаларымыздың, мектептерде шәкірттердің, жоғары оқу орындарында студенттеріміздің, кәсіпорындарда, мекемелерде жас мамандарымыздың ерте есеюін, өзінің қамын,отбасының қамын, ата-анасының қамын, мемлекеттің қамын о бастан ойлайтындай болып өсуін қатты құнттауымыз керек. Адамның жауапкершілікті сезінетін азамат ретінде жастай қалыптасуы өте маңызды. Әсіресе кәмелет жасына толғаннан кейін де ата-атаның қолына қарай беретін әдеттен арылту керек балаларды.

* * *

– Онда тұрған не бар? Оқуға түскім келді. «Сондай ойым бар, қайдан тапсаңыздар одан табыңыздар, Киевте оқуға ақша тауып беріңіздер» деуім керек пе еді ата-анама? Шиеттей төрт баланың аузынан жырып алған сол ақшамен аттануым керек пе еді алыс жолға? Сен оны айтасың, менің тіпті жетінші кластан кейін ата-анамның жүгін жеңілдету үшін сабақты қойып, жұмысқа кіріссем бе деп ойлаған кезім бар. Абырой болғанда, әкем ол ойымнан тез-ақ бас тартқызды. Айтқандай, мен Киевтегі институттың емтихандарын ойдағыдай тапсырып, оқуға қабылданғанда да ауылдағы үлкен кісілер талабымды қолдамай, «жердің жеті түбіндегі» Киевке жібермей қойған болатын, ал алдын ала айтсам тіпті өре түрегелетін еді. Иә, үш айдай банкте күзетші болдым. Біраз ақша таптым. Қаланың тыныс-тіршілігіне бой үйретіп қалдым. Одан нем кетті? Менің өмірбаянымның сәнін қашырып тұр ма сол үш айдағы күзетшілігім? Тіпті де олай емес.

* * *

– Жалған намысты қою керек. Қазақтың ұл-қыздарының осы жалған намыстан көптеген мамандықтарға жоламай жүретіндері болады. Бұрын таксист қазақ, официант қазақ, етікші қазақ, сатушы қазақ, сантехник қазақ, шаштараз қазақ дегендер сирек кездесетін. Қазір де онша көбейіп кете қойған жоқ. Біреуге қызмет көрсетуге ұялған түріміз. «Ақылдың азабында» Грибоедов кейіпкерінің айтқаны бар емес пе, «Служить бы рад, прислуживаться тошно» деп. Лайықты түрде, қадіріңді қашырмай қызмет көрсетуге де болады, қалайда адамның қалтасын қағып қалу үшін қылмыңдап немесе бастығыңның алдында иіліп-бүгіліп, жылмаңдап, қасиетіңді кетіруге де болады. Бәрі адамның өзіне байланыс­ты. Жалпы, мына өмірде біз бәріміз бір-бірімізге қызмет көрсетіп жүреміз.

* * *

 – Жаман жұмыс болмайды. Жаман жұмысшы болады. Жаман мамандық болмайды. Жаман маман болады. Өзіңнің көңілің қалаған, қолыңнан келетін, бала-шағаңды бағып-қағуға, өмірден өз орныңды табуға мүмкіндік беретін жұмыстың бәрі жақсы.

Өткен ғасырдың аяқ шенінде, үлкен мемлекет тарап, бір қоғам қирап, бір қоғам жаңа құрылып жатқан кездегі «жабайы капитализм» белгілі дәрежеде еңбекке теріс көзқарас қалыптастыра бастағаны рас. Ол тұста әртүрлі жолмен несие алып үлгергендердің талайы әп-сәтте байып шыға келді ғой. Неге? Негесі сол, жаңағы несиені қайтару ақшаның құнсыздануының арқасында түк болмай қалды. Жастардың бір бөлігі «өмір сүре білетіндерге» қызыға бастады, ешқандай тер төкпей-ақ аяқ астынан байып кету мүмкін екенін көрді. Сол кездегі заңның олқылығын пайдаланып, мемлекет жерлерін үй саларлық, фермерлік қызметке қажетті құралдарсыз-ақ иеленіп, оны алып-сатумен айналысты. Қаражат саламыз деп кен орындарына да қол жеткізіп, артынша оларды да сатты. Аяқ астынан байып шыға келді. Содан барды да еңбектің қадір-қасиеті кеми бастағандай ұғым пайда болды талайларда.

Мұның бәрі өткінші, алдамшы. Мына дүниедегі игілік атаулының бәрі тек еңбектің арқасында жасалды. Қол еңбегі, ой еңбегі, шығармашылық еңбек. Бірақ, тек қана еңбектің арқасында. Ақша өздігінен игілік бола салмайды. Өткен дүниежүзілік дағдарыста ақшадан ақша жасағандар мықтап ұтылды. 12 миллион доллар күл боп құрыды. Ал өндіріс орындары қалды,тауарлар шығара берді.

* * *

– Балаларды қиындыққа қайрап салудың жөні бөлек. Жан Жак Руссоның айтқаны бар, «Балаңызды бақытсыз етудің таптырмас тәсілін білесіз бе? Жастайынан ешқашан бетін қайтармасаңыз бақытсыз етуге сол жетіп жатыр» деп. Керемет айтылған сөз. Баланы оқуға да, еңбекке де мәжбүрлеу керек. Бала деген кішкентай күнінен осының бәрінің соншалықты керектігін, пайдалылығын өздігінен терең пайымдай алмайды да. Оның бәрі заңды нәрсе. Баланың аты бала. Жақсы өмір, лайықты өмір тек біліммен, тек еңбекпен келеді деп баулу керек бала күннен. Тәтті нан ащы термен келетінін ұғындыру керек.

* * *

– Еңбекті тек жұмыс деп қарамау керек. Ол екеуінің айырмасы болмаса, екеуін екі сөзбен атамас еді. Адал еңбектің аздырмайтынын, арамдықтың бойды жаздырмайтынын біледі біздің халқымыз. Бейнеттің түбі зейнет екенін де айтады, біздің қазақ. Еңбек сені адам ретінде қалыптастырады, сенің мінезіңді шыңдайды, сенің дүниеге көзқарасыңды орнықтырады. Жұмысшылар ортасының ашықтығы, жанының мөлдірлігі сені де тазартып тұрады. Ол жерде бойыңа бітпеген қасиетті бардай көрсету деген, ойыңа сыймайтын сөзді айтып, өзіңді дардай көрсету деген болмайды. Барынша табиғи жүресің. Мынандай бір жағдай есімде. Магнитка парткомының хатшысы кезім. Комбинаттағы кран машинистері жұмыс істеуден бас тартыпты. Салқындатқыш аппарат істен шыққан екен. Мамандар уәде берген құрал-жабдықтарын дер кезінде жеткізбепті. Енді болмаса бүкіл комбинаттың жұмысына нұқсан келейін деп тұр. Оқиға орнына бардым. Бәрін көрдім. Не істеу керек? Кранға көтеріліп, кабинаға кірдім де жұмыс істей бастадым. Кәдімгі кабинеттегі киіміммен. Мені көріп машинистер орындарына оралды.

Еңбек адамының көңіл-күйіне қарау, жұмысқа қажетті жағдайды жасау да мәселенің мәселесі. Біз еңбек қоғамын құрамыз десек, әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асырамыз десек, осы жағына қатты қарауымыз керек.

Ұлы Абай: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген. Ол қазаққа мына жұмысшы, пысық, саудагер өзбек бауырлардан үйрен деді. Бұл сөздердің мағынасы әлі де жойылған жоқ. Үйрене беруіміз керек, үйрене беруіміз керек. Алыстан да, жақыннан да үйренетін нәрсеміз көп әлі. Өзгелерден үйрене жүрсек қана, өзіміз де үйрететін ұлтқа айнала аламыз.

 * * *

– Мен осы сұхбатты пайдаланып, жастарға мынаны ашық айтайын.

Бүкіл қазақ елі – сенің туған елің!

Сенің Отаның – бүкіл Қазақстан!

Осыны түсінейік әуелі. Қазаққа қазақ топырағының жаттығы болмауы керек. Өзге жұрттарға қарашы. Жүз-жүз мыңдап жұмыс іздеп әлемді кезіп жүр. Шет елдерге барып, гастарбайтер болып жүр. Сол жақтан ақша жіберіп, бала-шағасын асырап жүр. Ал біз өзімізде жаңа жұмыс орындарын құрып жатырмыз, жаңа өндіріс салып жатырмыз. Соларға жеткілікті білікті маман таппай, сырттан адам шақыруға мәжбүр болып отырмыз. Бұл жағдай бірте-бірте жөнделуге тиіс. Өзіміздің мамандардың күшімен өз байлығымызды игере алатын күнге жеткенде біз шетелдіктердің көмегінен, әрине, бірте-бірте бас тарта бастаймыз. Біздің мамандардың біліктілігі олардың мамандарынан кем түспейтін болған кезде, әрине, жалақы да теңесетіні түсінікті. Бұл мәселені шешудің бір жолы ел халқының жұмыс бар жерлерге, перспективалы өңірлерге орайлы көші-қонын ұйымдастыру.

Ішкі көші-қон деген қазақ үшін де қалыпты жайға айналуы керек. Біз онсыз да жинақы халық емес пе едік, көшпелі жұрттың ұрпағы емес пе едік? Онсыз да ұлтымыздың араласып-құраласуында кейбір мәселелер қордаланып келе жатыр. Жоғары оқу орындарын бітіретін студенттерді еліміздің әрқилы өңірлеріне жолдама бойынша жіберудің, жұмысқа орналастырудың тетіктерін қарастыру қажет. Алтайдың перзенті Атырауға барып, сонда үйленіп, бала-шағалы болуы, Қызылорданың қызы солтүстікке барып, сол жақта тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болуы әбден қалыпты көрініске айналуы керек. Қазіргідей коммуникация жоқ кезде де ата-бабаларымыз қым-қиғаш қатынасып, құда-құдандалы болып жатқан. «Қыз – өріс» дегенде соны айтқан.

Еңбек халықты да біріктіреді. Аянбай, адал еңбек етсең қай жерге де сиясың, қай жерде де сыйлы боласың. Кейбіреулер өз басын лайықты алып жүрмей, қадірін кетіріп жатады да қызметте өспесе, абыройы артпаса соның бәрін өзін «өзгелердің шеттетуіндей» көреді.

Сұлтанмахмұттың: «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен. Біреу қылды дегенді шығарамын сөзімнен» деп айтқаны бар. Адам жақсы болсын, жаман болсын – бәрі өзінен. Өзіңнен баста. Алдыңа зор мақсат қой, арманда. Сол арманға жету үшін талмай жұмыс істе. Жастарға осылай айтайық.

 * * *

Өмір болған соң оның асуы да, сайы да, әртүрлі бұрылыстары мен бұлтарыстары да болады, барлық жерде бірдей түп-түгел дұрыс шешім қабылдай беру де қиын. Бірақ өмірде ешқашан адастырмайтын, ешқашан қателестірмейтін, әрқашан абыройға бөлейтін бір жол бар. Ол жол – еңбек жолы. Еңбектің адам өміріндегі, қоғам өміріндегі алар орнын қалпына келтіру жолы. Біз осы жолмен жүретін боламыз. Мен өз басым өмір бойы еңбекті ту етіп ұстап келе жатқан адам ретінде халқымды да осы жолға шақырамын. Заманды өзгертетін де, қоғамды өзгертетін де, адамды өзгертетін де тек еңбек, еңбек және еңбек қана. Осыны ұмытпайық. Еңбек болғанда оның сипаты да қазір біршама өзгергенін, бұрынғы қара жұмыстың азабы әлдеқайда азайғанын да ескеруіміз керек. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында бүкіл Кеңес Одағында қол еңбегімен шамамен 50 миллион адам айналысқан екен.

* * *

– Мұнайы мен газы жоқ ел сияқты өмір сүруге үйреніп, шикізат бағасының әлемдік конъюктурасына тәуелсіз экономика құруымыз керек. Нағыз тәуелсіздік – экономикалық тәуелсіздік. Қазақстанның тәуелсіздігі – осындай тәуелсіздік. Ол тәуелсіздікті күн сайын, ай сайын, жыл сайын нығайтып отыруға тиіспіз. Мұның кепілі – жасампаздық жұмыс, еселі еңбек. Тағы да айтамын: біз үшін еңбек – шешуші ұлттық фактор. Қандай ұлт бола алатынымызды қалай жұмыс істейтініміз айқындайды. Еңселі елдікке еңбек жеткізеді.

КСРО неге күйреді?

– Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы әлемдік конъюктура Кеңес Одағына әбден қолайлы болды. 1973 жылғы араб-израиль соғысынан кейін мұнай экспорттайтын мұсылман елдерінің шешімі бойынша мұнайды өндіру де, оны сыртқа шығару да қатты шектелді. Сол-ақ екен әлемдік рынокта мұнайдың бағасы аспандап кетті. Бұрын барреліне 13 доллар төленетін мұнайдың 1 баррелі 34 долларға көтерілді. Ал Кеңес Одағы экспортының негізі көзі мұнай болатын. Тек мұнайды шетке шығарудың өзінен ел жылына шамамен 16 миллиард доллар пайда табатын. Ол доллардың нақты сатып алу қабілеті тіпті басқаша, әрине. Сол кезде біздің дүкендерімізге импорттық тауарлар қаптап түсіп жататын. Мұнай долларларына халық тұтынатын бұйымдарды көптеп сатып алу мүмкіндігі әл-ауқатты жақсарту жөнінде елде әжептәуір жұмыс жасалып жатқандай әсер де қалдырғаны бар. Алайда, сексенінші жылдардың ортасына қарай жағдай атымен өзгеріп сала берді. Сауд Арабиясы аз уақыттың аясында мұнай өндіруді үш еседен артық өсіруге қол жеткізіп еді, мұнайдың бір баррелінің бағасы 10 долларға құлдырап түсті де кетті. Мұның өзі Кеңес Одағын қаржылық тұрғыдан да, бюджеттік тұрғыдан да бірден сазға отырғызды. Мұнай қаражатын қылғытып жұтуға есептеліп қалған экономика күйреп түсті, өйткені, ел басшылығы шаруашылық механизмдерін қайтадан құру үшін нақты ештеңе де жасамаған болатын. Бұл – барша елдер сабақ алатындай тарих тағылымдарының бірі. Менің біз мұнайы мен газы жоқ ел сияқты өмір сүруге үйренуіміз керек, әлемдік шикізат бағасына тәуелділіктен құтылуымыз керек деп қайта-қайта айта беретінім, біраздан бері үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламасын қолға алып жатқанымыз содан. Жер астының байлығы ерте ме, кеш пе түбі бір таусылмай қоймайтынын ұдайы ұмытпауымыз керек.

Әбден қиғаштанып кеткен эконо­миканың бір үлгісі бізде еді. Мынаны ғана айтайыншы: біздің кәсіпорындарымыздың 95 пайызы Орталықтан басқарылатын. 95 пайызы!.. Бұған түсініктеменің керегі жоқ шығар. Орталық Комитеттің хатшысы қызметіне сайлана салысымен айналысқан бірінші ірі шаруам – Екібастұз электр стансалары шоғырының құрылысы кезінде бүкіл елдегі көкейге қонымсыз жағдайға көзім анық жетті. Құны миллиондық стансалар салуға ақша табылады, ал құны мыңдық балабақшалар салуға табылмайды. Сол тұста Қазақстанда халық тұтынатын тауарлардың алпыс пайызы өзге республикалардан жеткізілетін. Қырық миллионнан астам қойы бар (бір кезде оның санын 50 миллионға жеткіземіз деп те жанталасқанбыз) Қазақстанда жұрт қай жерде де еттің кезегіне шұбап тұрып жататын. Өйткені, бізде ет өңдеу кәсіпорындары ойластырылмаған. Содан кейін қой еті сол туша күйінде вагон-вагонымен сыртқа жіберіле беретін.

* * *

– Мен оның алдында кеңес экономикасын тұралатқан тағы бір жағдайды да айта кетейін. Ол – әскери-өнеркәсіптік кешеннің шығындары. Қазақтың «Аттыға еріп жаяудың таңы айырылды» деген сөзі осындайда еске түседі. Капиталистік жүйе, НАТО елдері «қырғи-қабақ соғыс» жағдайында қарулануды оңды-солды қарқындата берді, стратегиялық тепе-теңдікке қол жеткіземіз деп Кеңес Одағы да тапқан-баққанын қарулануға, әскерді жабдықтауға жұмсап жатты. Бар айырмашылығы жаңағы міндетті шешуге олардың бюджетінің шамалы бөлігінің өзі жетіп жататын, ал қарулану шығындары біздегі бюджеттің бел омыртқасын опырып түсіретін. Оның үстіне өте жоғары деңгейге көтеріген әскери технология жетістіктері азаматтық кәсіпорындарда атымен пайдаланылмады. Сөйтіп, көк жүзіндегі зымыраған ұшақтарды мүлтіксіз атып түсіретін техникасы бар ел (сонау алпысыншы жылдардың өзінде біздің ПВО америкалық Пауэрстің шпион ұшағын 10 мың метрлік биіктікте жайратып еді ғой) қарапайым ғана халық тұтынатын бұйымдарды сапалы етіп жасауды үйренбей-ақ қойды. Сонау ғарышта корабльдерді түйістіре алатын ел өзі жасаған мәшинелердің ішіне ауа реттейтін қондырғы – кондиционер орнатуды білмеген соң не айтуға болады? Әскери-өнеркәсіптік кешеннің не сұрағанының бәрі берілетін бюджеттен. Мұның өзі бейне бір экономика ішіндегі экономика сияқты еді. Сонша шығын жұмсалған әскери саланың шын шамасы Мәскеудің Қызыл алаңына бір әуесқой жігіт басқарған спорттық ұшақ тапа-тал түсте келіп қонғанда анық көрінген жоқ па? Әскери-әуе күштері ол ұшақты да, ұшқышты да аяған жоқ қой, атып түсіре алмады ғой. Ал енді осындай жағдайда жаңағы айтқан басқарушы аппараттың жөнсіз өсірілуі де экономикаға қосымша ауыр салмақ салды. 1985 жылға қарай КСРО-дағы үлкенді-кішілі бастық атаулының ұзын саны 18 миллион адамға жеткен екен. Сонда жұмыс істейтін алты-жеті адамға бір бастықтан келіп тұр ғой. Олардың жалақысына, аппаратты ұстауға жыл сайын бюджеттің 10 пайызы жұмсалатын. Компартияның қатары да ретсіз өсіп, партия мүшелерінің саны 19 миллионға барған еді. Партия мүшелерінің қатары қалыңдаған сайын­ партиялық аппараттың да үлкейе беретіні өзінен-өзі түсінікті. Мәскеудегі жолдастарымның бірі айтқан, КОКП Орталық комитетінің аппаратындағы жауапты қызметкерлердің санының өзі 1500-ге жетті деген сөз есімде қалыпты.

Партияның өз ішінде де іріп-шіру басталғаны жанымызға қатты бататын. Брежневтің естеліктер брошюралары үшін әдебиет саласындағы Лениндік сыйлыққа ие болуы, сөйтіп, жазушылығы жағынан Шолохов, Леонов, Әуезов сияқты классиктердің қатарына апарылып қолдан қойылғаны соның бір көрінісі еді. Оның инсульт алғанын, содан кейін-ақ дұрыстап сөз сөйлеуден қалғанын бәріміз де білетінбіз.

 * * *

– Кеңес экономикасының қиын кезеңге тіреле бастағанын сезіну үшін үлкен сұңғылалықтың керегі жоқ болатын. Кез келген дүкенге бас сұқсаңыз осыншалық табиғат байлығы, осынша жері, осындай елі бар мемлекетте мұндай жағдайдың орын алуы жөнсіз екендігі ойға келмей қоймайтын. Кейіннен «тоқырау» деген атқа ие болған келеңсіз кезең біздің босағамыздан сол тұста аттаған.

* * *

– Ел экономикасының қандайлық сырқаулы екендігін 1984 жылғы көктемде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметіне тағайындалған кезде бұрынғыдан да айқын сезіне түстім. Кеңес Одағының шаруашылық жүйесі кейде кездейсоқ факторларға тәуелді болатын. Шын мәнінде ол елде сөздің толық мағынасындағы жоспарлы экономика орнықпады деудің де жөні бар. Негізінде, жұмысты жоспарлап жүргізу жаман да нәрсе емес қой. Еңбек ресурстары артық жиналып қалса-ақ сол қалаға 10-15 мың жұмыс орны бар алып кәсіпорындар салына беретін. Ол не шығарады, ол өнім сұранысқа ие бола ма, өте ме, өтпей ме деп бас қатырудың қажеті жоқ. Өйткені, қай кәсіпорынның өнімдерін қай жер алатыны алдын ала белгіленіп қойылған. Алушының таңдау мүмкіндігі жоқ болғандықтан шығарушының сапаны жақсартуға ұмтылысы да жоқ.Өйткені, дәл сол тауарды дәл сол жер дәл сол бағамен сатып алуға тиіс екенін жұрттың бәрі біледі. Үлкен-үлкен мәселелердің өзі көбіне-көп сол мәселені шеше алатын адамның алдына кіре алуыңа, оған тиісті адамға телефон соқтыра алуыңа ғана байланысты болатын.

* * *

– Адам қоғамнан тыс тұра алмайды дегендей, әрине, бүкіл елдегі жалпы жағдай Қазақстанға да тән екендігі түсінікті. Істің бар мәні қалайда, қайткенде де жоспар орындауға тіреліп тұрған соң шаруашылықтар басшылары жоғарыға рапорт беруді ғана көздеп, кей жылдары тіпті совхоздар мен колхоздардың қамбасындағы соңғы дәніне дейін мемлекетке өткізіп жіберетінін, дәл сондай құрама жемді кейіннен мал азығы үшін үш есе қымбат бағасына сатып алуға мәжбүр болатынын бұрын бір айтқанмын. Мен Үкімет басына келгенге дейін ешқашан ауыл шаруашылығының мәселелерімен тікелей айналыспаған едім.

Совмин Төрағасы қызметіне кіріскен соң байыптап, бойлап қарасам аграрлық сала әбден былығып біткен екен. Көзбояушылық мұнда тіпті шектен шығыпты. Жеке малын отарға қосып қойып, шопанның айлығына, мемлекет дайындаған жемшөппен өсіре беру деген әбден белең алып кеткен, тіпті жұрт назар аудармайтын жайға айналған. Ондай жеке малдың көптігі сондай (бір совхозда есепте жоқ тоғыз жүзге жуық мал басы анықталғаны есімде қалыпты), санақ кезінде жалпы есепке қоса салады да, әр жүз саулықтан алынатын төлдің санын арттырып шыға келеді. Бұл жағынан ондай мал шаруашылық басшыларына тиімді де болып шығады. Ал шын мәнінде мемлекет меншігіндегі мал талан-таражға түсіп, әбден азайып кеткен. Мысалы, мал санағы қайта жүргізілгенде бір ғана бұрынғы Семей облысында 330 мың бас малдың жетіспейтіні анықталғаны бар. Ақыры, бұл мәселені Бюроның алдына қойып, бүкіл республикадағы мал басын қайта санатуды ұсындым. Алғашқыда қолдау таппаған соң қайтадан жазбаша ұсыныс жасадым. Таңғаларлық жағдай – мәселенің мәнін анықтауға үзілді-кесілді тыйым салынды. Сөйтсем, республикадағы жағдай туралы Мәскеуге беріліп жатқан ресми ақпараттарды жоққа шығаруы мүмкін қадамдардың ешқайсысына да рұқсат етілмейді екен. Ақыры, біз бұл шаруаны Халықтық бақылау комитетінің көмегімен құпия түрде атқарып шықтық, көп, тіпті көп былықтың бетін аштық.

Дайындаған Жаңабек Шағатай

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button