Жаңалықтар

БІЛІМ ҰЯСЫНДАҒЫ МЕРЕКЕ

ашық дереккөзі

БІЛІМ ҰЯСЫНДАҒЫ МЕРЕКЕ

Тұңғыш Президент күніне орай, еліміздің түкпір-түкпірінде мерекелік шаралар болып өтті. Алғаш рет аталып өтілген мереке, әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасында кеңінен насихатталды. Осындай игі шарадан Алматы қаласы, Әуезов ауданындағы

№13 мектеп-гимназиясы да тыс қалған жоқ.

«Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты тақырыпта өткен семинарды ашып берген мектеп директоры Нұржамал Дүйсенбекова жиналған көпшілікті мерекелерімен құттықтап, бұдан әргі сөз кезегін оқушылардың өзіне берді. Мінберге көтерілген әрбір оқушы кәдуілгі зерттеуші ғалымдар сияқты сапалы баяндама жасады. Олар бұл семинарға дайындық кезінде Елбасы хақында қаншама оқу құралдарын ақтарғаны көрініп тұр. Мәселен, мектептегі «Зерек» ғылыми қоғамының мүшесі Садан Дархан «Елбасының балалық шағы мен қызметі» тақырыбында қызықты мәліметтерді паш етсе, Айжарық Әйгерім «Жаңа әлемдегі Қазақстан» атты баяндамасында бүгінгі таңда еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен биік асулары туралы сыр шертіп, оқушы қауымды бір серпілтіп тас­тады. Ал 11-сынып оқушысы Әлия Арынтаева «Үш тұғырлы тіл» тақырыбын өзі арқылы дәлелдегісі келіпті. Ол мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қоғамдағы рөлі мен маңызына тоқталып, туған тілді әр азаматтың құрметтеу керектігін жеткізді. Сондай-ақ жас өрендердің жан-жақты білімді болуы үшін көп тілді меңгеруге деген ұмтылыстарына қолдау көрсету қажеттігін тілге тиек етті. Көпшілікке аталмыш мерекенің мән-мағынасын түсіндіріп, баяндама соңын өзінің қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі өлең шумақтарымен тәмамдады.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Әсерлі кеште оқушылар Елбасы, Тәуелсіздік жайында жырдан шашу шашса, бір баспалдаққа көтерілген оқушылар «Жас қыран» ұйымына қабылданды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ