Қазақстанға төнген он қатер
Қазақстанға төнген он қатер
ҚР Президенті халыққа Жолдауында ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатеріне айрықша тоқталды. «Қазіргі уақытта адамзат жаңа жаһандық сын-тегеуріндермен бетпе-бет келуде. Еліміз бен өңіріміз үшін мен он негізгі сын-қатерді бөліп көрсетемін. Егер біз өз дамуымызда жаңа табыстарға одан әрі қол жеткізуді жоспарлайтын болсақ, олардың әрқайсысын міндетті түрде ескеруге тиіспіз» деп мәлімдеген ол тарихи уақыттың жеделдеуін бірінші сын-қатер ретінде атады. Елбасының айтуынша, тарихи уақыт аса жеделдей түсуде. Әлем қарқынды түрде өзгеруде және болып жатқан өзгерістердің жылдамдығы адамды таң қалдырады. Сонымен қатар бүкіл Жер шарындағы демографиялық дүмпу де адамзат мойнына бірқатар міндеттерді жүктеді. Мәселен соңғы 60 жылда Жер тұрғындарының саны үш есе көбейді, ол 2050 жылға қарай 9 млрд. адамға жетсе, сол уақытта әлемдік ішкі жалпы өнім 11 есе өсті. «Бүкіл әлемдік тарихи процестің жеделдеуі қай кезде де мемлекеттер алдында жаңа шектеусіз мүмкіндіктер ашады, ал оларды толығымен пайдаланғанымызды мен мақтан тұтамын. Соңғы 20 жылдан астам уақытта біз қоғам өмірінің барлық салаларына өте жоғары қарқынмен жаңғырту жүргіздік. Көптеген басқа елдерге 100, тіпті 150 жыл керек болған нәрселерді атқардық. Дегенмен осы уақытқа дейін жалпы жаңғырту үдерісіне кірікпеген әлеуметтік топтар бар. Оның объективті себептері де бар. Қоғамда адамдардың моральдық жай-күйі мен қоғамдық аңсар-үмітіне әсер ететін бірқатар теңгерімсіздік әлі де орын алуда» деген пікірдегі Президент аталған теңгерімсіздікті жоя отырып, қоғамның барлық жіктеріне қоғамдық жаңғырту процесіне кірігу мүмкіндігін беруіміз керек. Олар қоғамда өзінің лайықты орнын табуы керектігін әрі жаңа саяси бағыт ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануға тиістігін атап өтті.
Ал жаһандық демографиялық теңгерімсіздік – екінші сын-қатер. Табиғаттың заңы сол, шыр етіп өмірге келген пенде уақыт өте келе қартаяды. Соңғы жылдары Жер шары тұрғындарының күрт қартайып кетуі, анығында, жастарға қарағанда кәрілердің көбеюі бірқатар мемлекеттің үкіметін алаңдатып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, енді 40 жылдан кейін 60-тан асқандардың саны 15 жасқа толмағандардан асып түседі екен. Бала тууға қабілетті әйелдердің дүниеге ұрпақ әкелуге құлшынбауы, яғни, туу қарқынының төмендеуі мен адамзаттың күрт қартаюы көп елдегі еңбек нарығының проблемасына, жұмыс күшінің тапшылығына әкеп соғады. Демографиялық тепе-теңдіктің бұзылуы жат жұрттан нәпақа іздегендердің санын арттырып, жаңа көші-қон ағынын күшейтеді. Мұның соңы бүкіл әлемдегі әлеуметтік тұрақсыздық пен шиеленісті тудырары анық. Осы қауіпті көлденең тартқан Президент: «Біз Қазақстанда заңсыз еңбек мигранттары жергілікті еңбек нарықтарын тұрақсыздыққа әкелген елдің жекелеген өңірлеріндегі көші-қон қысымымен бетпе-бет келіп отырмыз. Біз таяу болашақта кері процеспен – елдің шегінен тыс жерлерден бізге келетін еңбек иммиграциясымен бетпе-бет келуіміз әбден мүмкін екенін түсінуге тиіспіз. Біз жас ұлтпыз. Еліміздегі орташа жас – 35. Бұл біздің адамдық әлеуетімізді сақтауға, әлемде өзіміздің дұрыс орнығуымызға зор мүмкіндік береді. Бүгінгі күні алға жылжуға бізде жақсы негіз бар», – дей келе, Қазақстаннан әрбір азамат жұмыс таба алатынын, әркім өз күнін өзі көруге мүмкіндік бар екенін және бұл біздің үлкен жетістігіміз болып табылатынын айтты: «Мен сіздерді жалпыға ортақ еңбек қоғамына бастап келемін, онда жұмыссыздар жай ғана жәрдемақы алушылар емес, олар жаңа кәсіптерді меңгеретін болады, мүгедектер жасампаздық қызметпен белсенді түрде айналыса алады, ал корпорациялар мен компаниялар олардың еңбегі үшін лайықты жағдай жасай алады. Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек». Президенттің пікірінше, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер – үшінші сын-қатер. Өйткені Жер шары тұрғындарының саны шамадан тыс артуы азық-түлік проблемасын күрт шиеленістіріп отыр: «Бүгіннің өзінде әлемде миллиондаған адам аштыққа ұшырап, миллиардқа жуық адам тағамның ұдайы жетіспеушілігін бастан кешіруде. Тамақ өнімдерін өндіруде революциялық өзгерістер жасамаса, осынау үрейлі цифрлар тек өсе түспек. Біз үшін бұл сын-қатер астарында орасан зор мүмкіндіктер бар. Біз қазірдің өзінде астық дақылдарын аса ірі экспорттаушылар қатарына ендік. Бізде аса ірі экологиялық таза аумақтар бар және экологиялық таза тағам өнімдерін шығара аламыз. Ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде сапалы секіріс жасау толықтай қолымыздағы нәрсе. Бұл үшін бізге жаңа тұрпаттағы мемлекеттік ой-сана қажет болады». Бүгінде әлемде су тапшылығын тартқан елдер қатары өсіп келеді. Кейбір мемлекет тіпті су көзін саяси және экономикалық тұрғыда ықпал ету құралына айналдырған. Демек, төртінші сын-қатер – су тапшылығы. Соңғы 60 жылда жер шарында ауыз суды пайдалану 8 есе өсті. Осы жүзжылдықтың ортасына қарай көптеген елдер суды сырттан алдыруға мәжбүр болады. Өкінішке қарай, су – барынша шектеулі ресурс және оның көздерін иелену үшін күрес жер бетіндегі шиеленіс пен жанжалдар себептерінің бірі ретінде, қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторына айналып отыр. Осы орайда, Елбасы Қазақстан үшін де бұл проблеманың аса өзекті екендігін жеткізді: «Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауыз су жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда. Бұл проблеманың геосаяси астары да жоқ емес. Қазірдің өзінде біз трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда бірқатар мәселелермен бетпе-бет келдік. Аталған мәселенің күрделілігіне қарамастан, біз оны саясаттандыруға жол бермеуге тиіспіз». Ал бесінші сын-қатер – жаһандық энергетикалық қауіпсіздік. «Барлық дамыған елдер баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтуда. 2050 жылға қарай алғанның өзінде оларды қолдану барлық тұтынылатын энергияның 50 %-на дейін өндіруге мүмкіндік береді. Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатыр. Қазақстан жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады», – деп мәлімдеген Н.Назарбаев мұнай мен газдың әлемдік деңгейдегі аса ірі қорларын иеленетін Қазақстан өзінің энергетикалық саладағы сенімді стратегиялық әріптестік пен өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық саясатынан бір қадам да кейін шегінбейтінін айтты. Халықаралық ахуал ықпалынан туындауы мүмкін 10 сын-қатерге айрықша тоқталған Елбасының халыққа Жолдауында саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің жолдары көрсетілген. Әлбетте, жерасты және жерүсті байлықтары ерте ме, кеш пе түгесілетіні айқын. Яғни, алтыншы сын-қатер – табиғи ресурстардың сарқылуы. Жердің табиғи ресурстарының шектеулілігі, түгесілуі жағдайында адамзат тарихындағы теңдесі жоқ тұтынудың өсуі әр бағыттағы, келеңсіз де, оң да үдерістерді үдете түседі. «Біздің еліміз бірқатар артықшылықтарға ие. Жаратқан бізге көп табиғи байлық сыйлаған. Басқа елдер мен халықтарға біздің ресурстарымыз қажет болады. Бізге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарасымызды ой елегінен өткізудің принципті маңызы бар. Біз оларды сатудан қазынамызға кіріс құя отырып, оларды дұрыс басқаруды, ең бастысы, еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді үйренуіміз керек» деген пікірдегі Президент табиғи қорлардан түсетін кірісті ысырап етпеудің жолдарын қарастыруды тапсырды. Заманауи техника мен технологияның көз ілеспес шапшаңдықпен дамуы мемлекеттер арасындағы бәсеке көрігін қыздырды. Бүгінде жаңа технологиялардың құлағында ойнайтын елдер ғана әлемдік сахнада салмаққа ие. Н.Назарбаев айтқан жетінші сын-қатер – Үшінші индустриялық революция: «Адамзат Үшінші индустриялық революция табалдырығында тұр, ол өндіріс ұғымының өзін өзгертеді. Технологиялық жаңалықтар әлемдік нарықтың құрылымы мен қажеттіліктерін түбегейлі өзгертеді. Біз бұрынғыға қарағанда мүлде өзгеше технологиялық болмыста өмір сүріп жатырмыз. Цифрлық және нанотехнология, регенеративтік медицина және басқа да көптеген ғылыми жетістіктер қоршаған ортаны ғана емес, адамның өзін трансформациялап, күнделікті ақиқатқа айналады. Біз осынау үдерістердің белсенді қатысушылары болуға тиіспіз». «Қазіргі уақытта ең үлкен әлемдік проблемалардың бірі – күшейе түскен әлеуметтік тұрақсыздық. Оның негізгі себебі – әлеуметтік теңсіздік», – деген Елбасы соңғы кездері үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздықты сегізінші сын-қатерге жатқызды. Әлемдік экономиканы тығырыққа тіреген экономикалық және қарыздық дағдарыстың салдарынан бүгінде әлемде екі жүз миллионға жуық адам «екі қолға бір күрек таба» алмай, жұмыссыз қалған. Жер шарындағы қуатты одақтардың бірі – Еуропалық Одақтың өзінде жұмыссыздық соңғы онжылдықтардағы ең жоғары деңгейге жетіп, мұның соңы бірқатар елдегі жаппай тәртіпсіздіктер мен наразылық шерулеріне ұласуда. Осы орайда, Елбасы: «Мұның жанында Қазақстандағы ахуал біршама қолайлы болып отырғанын мойындау керек. Бүгінде біз бүкіл жаңа тарихымыз ішіндегі жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейіндеміз. Бұл, сөз жоқ, үлкен жетістік. Солай бола тұра, біз масаттануға тиіс емеспіз. Әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұласатын жаһандық экономикалық дағдарыс Қазақстанға сөзсіз қысым көрсетіп, біздің төзімімізді сынаққа алатын болады. Сондықтан күн тәртібіне әлеуметтік қауіпсіздік және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі қойылады. Біз үшін маңызды міндет – қоғамымыздағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту», – деп мәлімдеді. «Басына тартсаң, аяғына жетпейтін жоқшылық» пен кей елдердегі тоқшылық рухани және өркениеттік тұрғысынан тығырыққа тірелген. Тоғызыншы сын-қатерді «өркениетіміз құндылықтарының дағдарысы» деп түстеген Нұрсұлтан Әбішұлы төзімділік пен тұрақтылықтың егіз ұғым екенін айтты: «Әлем ауыр дүниетанымдық және құндылық дағдарысты бастан кешіріп отыр. Өркениеттер қақтығысы, тарихтың ақыры, мультимәдениеттің күйреуін жариялайтын үндер жиі естіледі. Жылдар бойы сыннан өткен құндылықтарымызды қорғай отырып, біз үшін осынау кертартпа көзқарастан тартынуымыздың принципті маңызы бар. Өз тәжірибемізден білетініміз, біздің «осал тұсымыз» деп атаған көпэтностылығымыз бен көпконфессиялығымызды өз артықшылығымызға айналдыра алдық». Саналуан мәдениеттер мен діндер иін тіресіп қатар өмір сүретін болса, толеранттықтың жолы ерекше. Бұл туралы Елбасы: «Біз мәдениеттер мен өркениеттер диалогына бейілді болуға тиіспіз. Тек басқа ұлттармен жарастықта ғана біздің еліміз болашақта табыс пен ықпалға қол жеткізе алады. ХХІ ғасырда Қазақстан өзінің өңірлік көшбасшылық ұстанымын нығайтып, Шығыс пен Батыстың үндестігі мен өзара іс-қимылы үшін көпір болуға тиіс» деді. Сонымен оныншы сын-қатер – әлемдік жаңа тұрақсыздық қаупі: «Әлемде не болып жатқанын біздің бәріміз көріп отырмыз. Бұл дағдарыстың жаңа толқыны емес, әлемдік экономика әлі еңсере алмай отырған 2007-2009 жылдардағы дағдарыстың жалғасы. Жаһандық экономикалық жүйе 2013-2014 жылдардың өзінде елеулі іркіліске ұшыратып, атап айтқанда, шикізатқа әлемдік бағаның құлдырауын туғызуы мүмкін. Біз үшін мұндай көрініс аса тиімді бола қоймайды». Жер шарының бір түкпірінде орын алған келеңсіздік егер уақытымен жойылмаса, мыңдаған шақырымдарда жатқан екінші бір мемлекетке кері әсер ететіні анық. Сондықтан «ЕО мен АҚШ-тағы ықтимал рецессия дамыған елдердің шикізат ресурстарына қажеттілігін төмендетуге әкелуі мүмкін. Еуроодақтағы жоқ дегенде бір мемлекеттің ықтимал дефолты «домино әсерін» тудырып, біздің халықаралық резервтеріміздің сақталуы мен экспорттық өнім беруіміздің тұрақтылығына күмән туғызуы мүмкін. Валюталық резервтердің қысқаруы валюталық бағамдар мен инфляцияның қысымын күшейтіп, бұл қайтадан әлеуметтік-экономикалық ахуалға кері әсер етуі мүмкін», – деп мәлімдеген Н.Назарбаев Қазақстанның халықаралық ахуал ушыққан жағдайда кез келген проблемаға дайын болуы үшін биліктің барлық тармақтарының, мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағытын тұжырымдау керектігін айтты.Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ