ЖЕТПІС ЖЫЛДЫҒЫНА — ЖЕТІ ТОМ
ЖЕТПІС ЖЫЛДЫҒЫНА — ЖЕТІ ТОМ
Жуырда белгілі жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің жеті томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Кітапсүйер оқырманға жазушының жеті томын «Атамұра» баспасы ұсынып отыр. Осыған орай, Алматыдағы Ұлттық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен жеті томдықтың тұсауы кесілді.
Тұсаукесерге жиналған қауым жазушы шығармашылығын талдап, жарты ғасыр көлемінде ұлт әдебиеті мен мәдениетіне зор үлес қосқан Дулат Исабеков әлемінің сан қырын сөз етті. Тағы бір айта кетерлігі, «Атамұра» баспасында бұған дейін жазушының «Қарғын», «Гауһартас» атты еңбектерін жарыққа шығарған еді. Бұл жолы аталмыш баспа қасиетті 7 санымен қаламгердің таңдаулы туындыларын топтастырып, 2 мың данамен оқырманға ұсынып отыр.
«Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед тұсаукесер рәсімінде: «Жеті деген санның қазақ үшін киелі екенін ескерсек, жазушының өзі айтып өткендей, осы «жеті қазынаның» жазушы ағамыздың 70 жылдығына орай жеті томдығының біздің «Атамұрадан» шыққанын өз басым қазақтың бір баласы ретінде жақсылыққа баладым. Жалпы, Дулат ағамыз сонау 60-жылдары әдебиетке келісімен бірден елді елең еткізген үлкен талант иесі десем, артық емес. Бұл жинаққа, ағамыз айтқандай, бұрын жарық көрмеген тың да шығармалар еніп отыр. Мысал үшін Ф.Достоевскийден аударған «Ақ түндер», «Қараңғылық» т.б. сынды шығармалары, А.Чеховтың әңгімелері мен Д.Исабековтің көптеген пьесалары оқырман үшін тың туынды болары сөзсіз. Мен өзім Дулат ағамыздың «Бекет», «Дермене», әсіресе «Гауһартас» шығармаларын бала кезден жастана оқып, үлкейгенде осы кітаптардың авторымен кездесуді армандап өскен болатынмын. Енді бүгін сол арманға жеткенімді баршаңыздың алдыңызда мақтанышпен айта кетуді жөн көріп отырмын», – деді.
Жеті томдыққа жазушының әр жылдары жарық көрген таңдаулы шығармалары еніп отыр. Оқырман іздеп жүріп оқыған, әлі күнге сағына аңсап отыратын шығармаларының дені осы жеті томдыққа топтасқан екен. « Кітап та жазушы үшін бір перзент болғаннан кейін оның да тұсауы кесілуі керек демесек, әйтпесе алашапқын болып, ел назарын өзіме аударуға өзім аса құмар емеспін», – дейді жазушы Дулат Исабеков. – Бірақ Рақымғали сынды інім мен қазақтың осы бір қара шаңырағы 70 жылда шығарған жеті томның тұсауын кесейік деген ұсыныстарын айтқанда, риза болып қалдым. Кітапқа келер болсақ, қазір бұл облыс-облыстарға жетті, жалпы, бұрындары да шыққан шығармалар ғой. Ал енді өзіме ең ұнаған ұсыныстың бірі – «интернеттен жеке сайтыңызды ашсақ» деген болып отыр. Кеше ғана қоңырау шалып, әсіресе «Қарғынға» сұраныстың көп екендігін айтты. Мен бұған қатты қуандым. Себебі біз, қазақ жазушылары, жаңа заманға ілесе алмай келеміз. Орыстың барлық жазушыларының шығармасы бүгін жазылып бітсе, ертең сайттарда тұрады. Содан кейін де олар бізден гөрі тезірек танылып, шет тілдеріне аударылып жатады. Ал біздің осыған әлі мән бермей келе жатуымыз – біздің үлкен қателігіміз»,– дейді.
Қазақ қаламгерлерінің бар-жоғы екі мың таралыммен шыққан кітаптары барлық оқырманның қолына жете бермейтіні тағы бар. Бір кездері жиырма-отыз мың тиражбен басылған кітаптар қазір екі мыңның айналасынан аспай қалды. Бұған қаламгердің реніші де жоқ емес. «Өңіміз түгіл, түсімізге кіріп пе еді, 2000-мен ғана кітабымыз шығады деген» дейді Дулат аға. Расында да, екі мың таралыммен шыққан «Гауһартасқа» екінің бірінің қолы жете бермейтіні тағы бар. Оның өзінде бұл кітаптардың көбі ең әуелі мемлекеттік кітапханаларға таратылуы тиіс. Одан қала берді, мектеп кітапханаларына жетуі қажет. Мектеп кітапханаларына таратылмаса, мектеп жасындағы балалардың кітап оқудан қалып қоятынын ескергеніміз де жөн шығар. Қалай десек те, бір кездері 24 мың таралыммен жарық көрген Дулат Исабековтің бүгінгі кітаптары 2 мың данамен шығып жатуы – көңілді жабырқатады. Бұл бір ғана Дулат Исабековке қана тән болып отырған жоқ. Мүйізі қарағайдай жазушылардың шығармалары енгізілген кітаптардың да таралымы екі мың данадан аспай қалды. Оқырманның сұранысын арттыру үшін кітаптың таралымы да көбейгені дұрыс шығар. Не болмаса, ақын-жазушылардың шығармаларын жеке-жеке веб сайт арқылы жариялауды қолға алғанымыз дұрыс шығар. Сонда ғана оқырман мен жазушының арасындағы дәстүрлі сабақтастық үзілмес еді. Алтын арқау жалғанар еді деген ойдамыз.
Биыл Алаш жұрты, қазақ оқырмандары Дулат Исабековтің 70 жылдығын тойлау үстінде. Сол жетпіс жылдыққа шашу ретінде ұсынылған жеті том – жазушының жетпіс жылдық ғұмырының барынша сығымдалған шырыны іспеттес дүние деп қабылдағанымыз абзал.
Гүлзина БЕКТАС