Жаңалықтар

СЫНШЫ

ашық дереккөзі

СЫНШЫ

Әлия Бөпежанова туралы сөзӘдебиетте, әдетте буын-буынға бөліп жатады. Бұл шартты нәрсе болғанымен, осының бір заңдылықтары да бар. Әдебиетке 80-жылдары келген біздің буын көркем өнердің жақсы дәстүрлерін құнарландырып байытқан, көркем өнердің өнерлік һәм қоғамдық мақсат-мұраттарын тел ұстаған буын. Сыншы Әлия Бөпежановамен ұлттық ойдың қазаны болған «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке сонау 80-жылдың маусымында араға бір күн ғана салып (мен – 9-ында,Әлия – 10-ында) келіп, Әлия сын, кейіннен өнер бөлімінде, мен Ғылым және әлеуметтік мәселелер бөлімінде он екі жылдай бірге қызметтес болыппыз. Біздерді қызметке шақырған Сайын аға Мұратбековтің, көп ұзамай бас редактор болып келген Шераға, Шерхан Мұртазаның мектебінен өттік. Мен 1992 жылы «Заман-Қазақстан» газетіне ауысып кеткен соң да Әлия «Қазақ әдебиетінде» ұзақ жыл қызмет етті. Бір атап айтарлығы – Әлия мүмкіндіктері мол бола тұра мансап қумады – іштей өсті. Ол жылдар, Әлия үшін де, байыптап қарағанда, газет үшін де текке кеткен жоқ. Әлия «Қазақ әдебиетінде» сыншы болып қалыптасты, жақсы ұстаздардың тағлымын алып, өсіп-шыңдалып, қалың жұртшылыққа танылса, «Қазақ әдебиеті» де Әлияның қолтаңбасы, ұшқыр да байыпты мақалалары, толғамдары, сұхбаттары арқылы байыды, құнарланып, оқырманға рухани олжа әкелді. Саналы ғұмырында ұлттық руханиятымызға қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан сыншының шығармашылығы туралы да бір мезет ой тоқтатып, тұжырымдар жасап көрудің кезі келген сияқты. Оқырман назарына бүгінде белгілі сыншы, мәдени сарапшы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі Әлия Бөпежанованың «Жібек жолы» баспасынан шыққан «Өнер – жеке тәжірибе» және «Мәдениет – жасампаз сана» жинақтарын талқылау кезінде айтылған әріптестерінің пікірін ұсынамыз. Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ Мұрат ӘУЕЗОВ, мәдениеттанушы-философ, қоғам қайраткері, Мұхтар Әуезов қорының төрағасы: – Бүгіндері біз күрделі заманда күн кешіп отырмыз. Ал қоғамда өтіп жатқан процестерді кең аяда зерделеуде және қоғамдағы жасампаз идеялардың өміршеңденуінде интеллектуалды шығармашылықтың рөлі өте үлкен. Әлия БӨПЕЖАНОВА – осындай шығармашылықтың көрнекті өкілдерінің бірі, қазіргі сыншылар арасында шоқтығы ең биігі. Мен осыны қадап айтар едім. Мұхтар Әуезовтің «Сын түзелмей – мін түзелмейді» деген сөзі бар. Әлия болса, қай салада жазсын мейлі, әдебиет, театр, кино туралы жазсын ерекше тереңнен, философиядағы, әдебиеттегі терең білімділігімен кәсіби жазатын санаулы адамдардың бірі. Алдыңғы буындарды айтпағанда, қазақ әдебиетінде кезінде сын саласында ұлы топ жұмыс істеді. Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, содан соң Сағат Әшімбаев секілді суреткерлер болды. Сол кезде Әбіш Кекілбаев та осы қатардан табылды. Ал, қазіргі сыншылар көркем туындының атын атап, түсін түстегенмен, рухты, форманы талдау жағынан кемшіндеу. Осы жерде Ә.Бөпежанованың орны бөлек. Біз бұған қуануымыз керек. Ол – жоғарыда аталған азаматтар бастап кеткен дәстүрді адал жалғастырып келе жатқан бірегей тұлға. Әлияның кітаптарын оқып, шығармашылығын біртұтас қа­растырғанда байқалатыны – ол тек әдеби сынмен шектелмейді, сыни мақаланы эссе деңгейіне көтереді. Ал бұл үшін өнерді жете біле отырып, философиялық дайындығы мықты болуы керек. Осы жерде Зекең, Зейнолла Серікқалиев бастаған, жоғарыда есімдері аталған ұлы сыншылар тобы елестейді. Әдебиет, өнер – біздің рухымыз. Сыншының міндеті осы рухты айшықтап, бірінші кезекке шығару. Әлия еңбектері – сол рухты көтеру, соны ұғындыру миссиясын атқарып отырған бірегей туындылар, яғни оның интеллектуалды сыны осы миссияға қызмет етеді. Сыншының өзге әріптестерінен ерекшелігі де осында. Меніңше, Әлияның шығармашылығы жалпы руханият саласына келіп жатқан жастарға үлгі болуға тиіс. Қалихан ЫСҚАҚ, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты: – Кейінгі кезде қыздарымыз журналистикада болсын, әдебиетте болсын белсенді. Батыл-батыл ойлар айтады. Әлия да еңбек жолын журналис­тикадан бастаған. Бүгінде әдебиеттегі сын мен театр сынын қатар алып жүр. Мен жастардың жазғанын қадағалап оқып жүремін. Әлия алғашқы кезеңде әдебиет сынында көп жазса, соңғы кезеңде әдебиеттен гөрі театр өнеріне көбірек қалам тартып жүр. Бұған оның жұмысы театрмен тығыз байланысты болуы себеп шығар. Ол әйтеуір театр­ды, актерлер мен режиссерлер әлемін көбірек зерттеп, еңбек етіп жүр. Ол театр сынын терең талдаудан бастайды. Театр өнерін екінің бірі түсіне бермейді. Білімі, арнайы дайындығы жоқ адам театрға кіре алмайды. Мен Әлияның біліміне, көрегендігіне, өнерді шынайы түсінетініне ризамын. Бұған мысалды Әлияның біз сөз етіп отырған жинақтарындағы мақала, портреттерден мол табасыз. Сейфолла ОСПАН, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты: – Мен Әлияның жазғандарын сүйсіне оқитындардың бірімін. Өйткені әрбір мақаласына жанының сәулесін төгіп жазатын сыншы. Ол кешегі ұлы сыншылардың көзін көрген, солардың соқпағынан айнымай жүріп келеді. Кітаптарының атауы­на дейін сыншылық қасиетін танытады. «Дүние – имани құбылыс» дейді. Дүние – имани құбылыс. Қандай пәлсапа! «Өнер – жеке тәжірибе» атты келесі кітабында көрнекті жазушылар Шерхан Мұртаза, Қалихан Ысқақов, Дулат Исабеков, тағы да басқалар туралы мақалаларынан бастап бүгінгі жас буын Дидар Амантайға дейінгі қаншама ақын-жазушы, сыншының шығармашылығы туралы сөз қозғайды. Әр жазған қаламгерінің дара бітімін, дүниетанымдық жүлгелерін өнер талаптарымен талдайды. Әлияның осы кітабындағы сахна өнері туралы мақалалары, театр тұлғалары туралы портреттері оның театр сыны саласында да жүйріктігін көрсетеді. «Мәдениет – жасампаз сана» дейді. Қандай мағыналы. Осы жинағындағы мақалалар, сұхбаттар қоғамымыздағы рухани ахуалды талдап-саралайды. Сыншының ой-өрісін, ауқымын айқын байқататын дүниелер. Әлия өте еңбекқор, бірнеше шаруаны қусырып қатар алып жүреді. Ол өз шығармашылығымен қатар Асқарға сіңірген еңбегі өлшеусіз. Қазақтың текті ұлы, халық мойындаған суреткер Асқар Сүлейменовтің мемлекет тарапынан бағасын алуы үшін Мемле­кеттік сыйлыққа ұсыну, қоғамдық пікір қалыптастыру, баспасөздегі қыруар жұмыс, тағы да басқа шаруалар жолында Әлияның қаншалықты күш-қажыр жұмсағанын бір білсек, марқұм Зейнолла екеуміз білеміз. (Бүгінгі заманда артында іздеушісі жоқ қаншама асыл азаматтарымыз ұмыт қалып барады.) Аз күн болса да Әлиядай жар, дос тауып, көңілі орныққан менің Асқар досым бақытты. Әшірбек СЫҒАЙ, театртанушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор: Әлия қарындасымыз еңбек етіп жүрген сын жанры – теперішті көп көрген, қиын сала. Кейінгі кезде әдеби процесс өзінің тиісті бағасын толық алып отырған жоқ. Өйткені сыншыны қолдайтын орта болмай тұр. Дегенмен де кешегі Зейнолла Серікқалиев, Асқар Сүлейменовтер қабырғасын қатайтып, жаңа соқпақ салып кеткен сын саласын Әлиялар абыроймен көтеріп келеді. Әлияның есімін ауызға алғанда Асқар Сүлейменов есіме түседі. Әлияның қаламгер қыздардың ішінде шоқтығы биік. Оның қалам қарымымен қатар азаматтық бітімін атап айтуымыз керек. Небір фестивальдарда жұмыстас болып жүргенде байқағаным: ол жақсылыққа қуана біледі (рухани кеңістігімізде болып жатқан жаңалыққа қуанып отыру – жақсы қасиет), әділ пікір айтады, жазуы қандай орнықты да мазмұнды болса, мінез-болмысы да сондай орнықты, ұстамды. Рухани процестерді, даму мен іркілістердің объективті, субъективті себептерін зерек таниды. Бұл біліммен ғана емес, білікпен, текпен келетін жайттар. Мен оның өнердің әр саласы, соның ішінде сахна өнері туралы жазғандарын жақсы білетін азаматтардың бірімін. Ерекшелігі сол – ол шығармашылығы туралы жазған, зерделеген, насихаттаған әдебиет пен өнер адамдары іріленіп, әдебиет пен мәдениеттің ол сөз еткен мәселелері, сондай-ақ қоғамдағы процестер іргеленіп шығады. Ойы ұшқыр, қаламы жүрдек қарындасыма жазарың көп болсын тілеймін. Айгүл ІСІМАҚОВА, филология ғылымдарының докторы: – Әлиямен қатар құрбы, замандас болғандықтан да шығармашылық жолы көз алдымызда. Екеуміздің ұстазымыз бір, ол – қазақ әдебиеттану ғылымындағы орны ерекше тұлға Зәки аға Ахметов. Сонау кеңес кезінде жасы отызға толмай жатып-ақ докторлығын қорғаған көрнекті ғалым, теорияның, тарихтың білгірі Зәки аға Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтында (қазір университет) әдебиет теориясынан дәріс оқыған, бірнеше жыл сонда кафедра басқарған, декан болған. Әлия осы институттан кейін ҚазМҰУ аспирантурасына түсті, бірақ қорғамады. «Кандидаттық диссертация қорғауға тақырыбыңды бекіт» деп Әдебиет институтының тео­рия бөлімі тарапынан кезінде біздер де бірнеше рет ұсыныс жасадық. Өйткені бізге білімді кадрлар керек болды. Сонда ол: «көрерміз» дейтін де қоятын, «маған жанды, тірі процесс» ұнайды дейтін. Ол шындығында да жанды процестің, коммуникацияның адамы, қай салада да жанды жазады. Әлия әдебиет табалдырығын сыншы болып аттады. Алғашқы мақалаларымен-ақ назар аудартты, әсіресе «Қазақ әдебиеті» газетінің сын, кейіннен өнер бөлімдерінде қызмет еткен жылдары жақсы танылды. Оқырман оның осы әдеби басылымда 80-90-жылдар аралығында жарияланған мақала, портрет, шолулары мен сұхбаттарын күтіп жүріп оқитын. Әлияның сыншылық талантын жоғары бағалаған академик сыншы Мұхамеджан Қаратаев кезінде «Жалын» журналында оған ақ жол тілеген болатын. Бүгінде Әлия шын мәніндегі сыншы – теориялық білімі терең, әлем әдебиетіндегі процестер мен көркем контекстерді жақсы саралайтын, эстетикалық талғамы жетілген, ойшыл тұлға. Оның «Дүние – имани құбылыс», «Өнер – жеке тәжірибе», «Мәдениет – жасампаз сана» атты кітаптары әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық категорияларын, әдеби процесс заңдылықтарын, қазақ көркем прозасының даму деңгейін жете зерделеген, зерттеген танымды туындылардан тұрады. Көрнекті сыншылар З.Серікқалиұлы, Т.Тоқбергенов, А.Сүлейменов, С.Әшімбаев, С.Жұмабеков, көрнекті ақын-жазушылар Қ.Бұғыбаева, Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова, Қ.Ысқақ, Ә.Тарази, Т.Нұрмағамбетов, Д.Исабеков, М.Қаназ, К.Ахметова, тағы да басқа көптеген қаламгерлер, сондай-ақ кейінгі буындардан Т.Әсемқұлов, жас буыннан А.Кемелбаева, Д.Амантай, М.Омарова шығармашылықтары туралы талдау мақалалары мазмұнды да қызғылықты. Сыншы мақалаларынан тың пікір, жаңаша көзқарас танылады. Сын саласында табан аудармай ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Әлия кейінгі жылдары кино, әсіресе, театр, өнер туралы көбірек қалам тартып, мәдениеттанудағы эстетикалық құндылықтар турасында байыпты ойлар, тың пікірлер айтуда. Бұл тарапта оның көрнекті режиссерлер Ә.Мәмбетов, Б.Омаров, Қ.Жетпісбаев, Е.Обаев, Е.Оразымбетов, кейінгі буыннан С.Нарымбетов, Ж.Хаджиев, Н.Жақыпбай, Б.Атабаев, Қ.Сүгірбековтер шығармашылығы, қолтаңбалары, көрнекті актерлер С.Оразбаев, Ж.Медетбаев, көрнекті актрисалар Ф.Шәріпова, Ш.Жандарбекова, Х.Елебекова, С.Қожақова, тағы да басқа өнер иелері туралы портреттері, сондай-ақ қазіргі театрдағы көркемдік үдерістер туралы мақала, ой толғамдары, жекелеген спектакльдер туралы пікірлері – шығармашылығының құнарлы да құрамдас үлкен бір бөлігі. Әлияның әдебиет туралы жазса, әдебиет сыншысы, театр туралы жазса, театртанушы, мәдени процестер туралы жазса, мәдениеттанушы болып шығуы – өнердегі, өнер арқылы өмірдегі, бүгінгі қоғамымыздағы рухани процестерді өміршеңдендіру, жақсы идеяларды аккумуляциялауға шеберлігінен. Сыншының қай салада жазсын мейлі, қай БАҚ пен ЭБАҚ-қа жазып-айтпасын мейлі, ой-толғам, пікірлерін қызыға оқып-тыңдайтын оқырман-көрермен қатары аз емес. Өйткені Әлия жаңа ғасыр, жаңа талапқа сай – интеллектуалды сынның көрнекті өкілі. Сондықтан да болар ол қай ортада жүрсе – сол жерде рухани аура, әдемі атмосфера қалыптастырады. Ақиқат пен әділдікті сүйетін, ешкімге жалтақтамайтын, ішкі рухани еркіндігі мол сыншыға алдағы уақытта да үлкен шығармашылық табыстар тілеймін. Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, ҚР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Театр қайраткерлері одағының төрағасы: – Актер қауымы – халықтың көз алдында, сахнада, кинода, телесериалдарда, телебағдарламаларда, қала берді радиодан үні естіледі, қазір интернет-сайттарда бейнелері, үндері, роликтері шығады. Журналистер қауымы да актерлерді аз қолпаштамайды. Бұл жағынан өкпе жоқ. Актер үшін танымалдықтың жөні бөлек қой. Бірақ актер үшін өнері талдаулар көрудің жөні бөлек. Бейнені қалай жасады, ол рөлімен нені айтқысы келді немесе сіз ойнаған, қойған спектакльдің көркемдік өлшемдері қандай, эстетикасы, сахналық бейнесі нені айтады? Мұндай сауалдарға жауап іздегенде актер қауымының байыпты сынға шөліркейтіні рас. Әлия Бөпежанова театр сыны, театр ғылымы деген ұғымдардың эстетикалық биігін көре білетін, жүрегі нәзік замандасымыз. Ол жалпы өнердегі бағыт-бағдарларды, әлемдік театрдағы ізденістерді жіті саралап отырады Театр өнері деген ұғымды ерекше суреткерлік ұғымға көтеріп, спектакльдердің әлеуметтік қырларынан гөрі мәдениеттанушылық-эстетикалық қырларынан талдауға бейім. Әлияның сахна өнері және сахна қайраткерлері туралы қадау-қадау мақала-портреттері мәдениеттанушылық-философиялық ізденістері аясында жазылатындықтан да оның көркемдік жаңалықтарды, эстетикалық ұстындарды, бейнелік шешімдерді, актердің көркемдік әлемін тануы бөлекше. Және ой-пікірін мейлінше сыпайы жеткізетін, сыпайы талдайтын, мәдениетті жазатын Әлияның бүгінгі театрдың өзекті мәселелері және оны шешу жолдары туралы ойларына да тәнті боласыз. Оның Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясында оқитын «Қазіргі өнер сыны» атты авторлық курсы студенттердің рухани аясын кеңейтуіне игі ықал етіп келеді. Әлияның Асекеңнің рухани мұрасымен жұмысын жұртшылық жақсы біледі ал, оның соңғы төрт-бес жыл көлемінде «Өнер» баспасынан «Әйгілі адамдар» сериясымен жарық көрген, актерлер Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев, сондай-ақ режиссер Есағаң, Есмұхан Обаев шығармашылығы туралы мазмұнды да қызғылықты кітап-жобалары да жан-жақты ізденістің, үлкен шығармашылық еңбектің нәтижелері. Дидар АМАНТАЙ, жазушы, «Дарын» Мемле­кеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы: – Сыншы Әлия Бөпежанова қазақ руханиятындағы табиғаты күрделі құбылыс. Ойы өрелі де ұшқыр, әділ сыншы. Ол әдебиет, театр, жалпы өнер кеңістігінде өтіп жатқан процестерді жіті қадағалап, жалпы гуманитарлық пәндерге байланысты, сондай-ақ жастардың тырнақалды туындыларына сергектікпен пікір білдіріп отырады. Сыншының мақалалары уақыттың тынысын жақсы сезінуімен, озық идеяларға деген ашықтығымен ерекшеленеді. Әлия әдебиет пен өнердегі көркем ізденістер, жаңа танымдарға сергек және ол танымдарды құрылымды талдап, рухани айналымға түсіруге, көркем шығармаларды, қойылымдарды көркем талдау арқылы да оқырман мен көрерменнің ой бейнесін қалыптастыруға ұмтылады. Бұл – нағыз сыншының қасиеті. Сыншы деген биiк атаққа шын мәнiнде жауап бере алған З.Серікқалиұлы туралы бір эссесінде Әлия «…Серікқалиұлы – өмiрлiк және көркемдiк-эстетикалық таным аясы соншалықты кең, бiлiм һәм бiлiгi терең, өз кезеңiнiң жаңа идеяларына соншалықты сергек, тiптi соны қалыптастырғыш та – дәстүр мен жаңашылдықтың ескегiн тең ұстаған жасампаз тұлға болды», – дейді. Ал, Әлияның жазуы және іс-қарекеттері өзінің де осы жолды ұстанып келе жатқанын танытады. Шығармашылық дер толысқан шағындағы сыншыдан қоғам игілігіне қызмет ететін жаңа идеялар, туындылар күтеміз. Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ, жазушы, кинорежиссер, ҚР Мемлекеттік және Француз Киноакадемиясы сыйлықтарының лауреаты: – Әлия Бөпежанова осы жуырда «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында біздің телеарналарда әдебиет, өнер, рухани мәдениет туралы құнарлы хабарлардың зәрулігі туралы айтыпты. Өте орынды пікір. Мен, мысалы, Ресей телеарналарынан Гордонның «Закрытый показ», Вульфтің «Серебряный шар» сынды бағдарламаларын қатты қызығып көремін. Мұндай бағдарламаларды жүргізу, сондай-ақ осындай деңгейде жазу үшін мықты интеллектуалдық дайындық керек, жүргізуші, сараптамашы өзі талдап отырған объектісі өз алдына, бүкіл қоғамдық, рухани ситуацияны, арғы-бергі тарихты, мәдениетті, жаңа идеяларды жақсы білуі, адамсүйгіш болуы, мықты азаматтық позициясы болуы шарт. Сыншы Әлия Бөпежанованың шығармашылығынан мен осындай қасиеттерді көремін. Сондықтан да оның мақалаларын айтпағанда, сараптамаларын, қысқа ой-толғамдарына дейін қызығып оқимын. Әлияның әдебиеттегі, мәдениеттегі орны туралы сөз қозғала қалса, менің көз алдыма, алдымен колибри дейтін бармақтың басындай ғана құс елестейді. Ол қанаты талмастан, еш жерге қонбастан Атлант мұхитын, Тынық мұхитын ұшып өте береді екен. Аса талғампаз құс. Басқа құстар сияқты құрт-құмырсқаны беталды шоқып жей бермейтін кірпияз, тегі асыл құс. Міне, Әлияның руханиятымыздағы орны мен үшін осы құсты елестетеді. Әмбебап суреткер. Өнерде мінез керек, сенім керек. Бойында осы мінез бар, сенім бар Әлияның мінезі, өмірлік ұстанымдары әкесі, қазақтың талай танымал азаматына ұстаз болған Қаһарман ағамызға ұқсайды. Көргені жақсы көш бастайды, дейді халық. Әлия қарындасымыздың бүгінде ұлттық сыни ойдың көшбастарлары қатарында тұрғанын мақтан етемін.

Дидахмет Әшiмханұлы