Жаңалықтар

ХАЛЫҚТЫҚ БАҒДАРЛАМА ҰҒЫНЫҚТЫ ТІЛМЕН ЖЕТКІЗІЛУІ КЕРЕК

ашық дереккөзі

ХАЛЫҚТЫҚ БАҒДАРЛАМА ҰҒЫНЫҚТЫ ТІЛМЕН ЖЕТКІЗІЛУІ КЕРЕК

Астанадағы «Дипломат» қонақ үйінде «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Қайыргелді Қабылдин, Алматы Қаржы орталығының Комитет төрағасы Дархан Нұрпейісов бастаған компания жетекшілері Бас редакторлар клубының мүшелерімен кездесу өткізді. Дөңгелек үстел басындағы әңгімені клуб президенті Кенжеболат Жолдыбай жүргізді.

– Биылғы жылдың сәуір айында «Самұрық-Қазына» Ұлтттық әл-ауқат қоры Үкіметпен бірлесіп, бүкіл республика бойынша «Халықтық ІРО» бағдарламасын қолға алған болатын, – деп бастады сөзін Қуандық Уәлиханұлы. Содан кейін мемлекеттік жобаны насихаттау мақсатында арнайы 1000 лектор жасақталып, аудан-қалалар мен елді мекендерді аралап, акция сату басталғанша 40 мың адам ақпараттандырылғанын, енді үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарының көмегіне сүйенетіндіктерін жеткізді. Өйткені Қазақстанның түкпір-түкпіріне барып, әр тұрғынмен жекелей әңгімелесуге мүмкіндік жоқ. «Сол себепті БАҚ-қа шықтық. Қарапайым халыққа алғашқы білімдерін беріп, осы нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Басталған жұмысты тоқтатпау үшін ақпараттық білім беру бағдарламасын әзірлеп, 2013 жылға жос­пар түзіп қойдық. Қазір бюджетте қаржы қарастырылып жатыр, іске жыл басынан кіріспекпіз», – деді басқарма төрағасының орынбасары.

Басқосуда клуб мүшелері бұқаралық ақпарат құралдарының көмегіне сүйенген қор жетекшілеріне «Халықтық ІРО» бағдарламасын халыққа қарапайым тілде жеткізу керектігін айтты. Оның да өзіндік себебі бар, өйткені қарапайым халықтың қаржылық сауаты жоқ. Сондықтан жаңа бастамаға байланысты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Халықтық ІРО» мыңдаған қарапайым қазақстандықтарға ірі кәсіпорындар акцияларын иелену мүмкіндігін береді, сонымен қатар жинақталған қаражатты инвестициялау мен өсірудің жаңа құралы болып табылады» деген сөзіне елең еткен халық бұдан көретін пайдасын білгісі келеді.

«Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболаттың шырылдауындай бар. – Қарапайым халық бұл бағдарламаны әлі толық түсінген жоқ, – дейді Серік Жанболат. – Түсінді дегендердің үміттен гөрі күдігі басым. Сондықтан қазіргі жүргізіліп жатқан үгіт-насихатты кәсіби мамандар ғана ұғына алады. Көбіне теория тұрғысынан сөз болады. Тым құрығанда кіріс пен шығысты жақсы білетін халыққа сатылымға түскен компанияның табысынан өзіне келетін пайданы нақты айтып беретін адам жоқ.

Шынында да ойланатын жайлар аз емес. Мысалы, «ҚазТрансОйл» таратқан жарнамалық парақшада мынадай мәтін жүр: «Назар аударыңыз! Акцияларға қаржы салу тәуекелдермен байланысты. Құйылған қаржының сақталуына және одан табыс табуға кепілдік берілмейді!». «Бұл сөйлемді қалай түсіндіресіздер?» деген клуб мүшелері бұл сауалға «Қор нарығында кепілдік жоқ. Ол тәуекелдің тірлігі» деген қысқа ғана жауап алды.

Өзгені қайдам, өзімнің топшылағаным мынау болды: «Тәуекел! Ақшаны сал, не үйесің, не күйесің!» Тағы бір ойым айтады: Елбасының сөзіне тағы бір мәрте зер салып көрші: «Халықтық ІРО» мыңдаған қарапайым қазақстандықтарға ірі кәсіпорындар акцияларын иелену мүмкіндігін береді, сонымен қатар жинақталған қаражатты инвестициялау мен өсірудің жаңа құралы болып табылады».

Сонда деймін-ау, «иелену мүмкіндігі» қайда қалады? Егер таратылған парақшада көрсетілгендей кепілдік берілмесе ол қандай мүмкіндік? Мүлт кету мүмкіндігі ме?! Сосын «Жинақталған қаражатты инвестициялау мен өсірудің жаңа құралы» деген сөздің құны ше? Тірнектеп жинаған қаражатты салғанда салынған салым өспесе, ол қандай «өсірудің жаңа құралы» бола алады?! Бұл арада қор жетекшілері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзіне дұрыс мән беріп, көңіл қойып отырмаған тәрізді. Әйтпесе, белгілі бір мөлшерде кепілдік болу керек қой. Біздіңше, «кепілдік берілмейді» деген сөзді тым құрыса «белгілі бір мөлшерде кепілдік беріледі» деп өзгерткен жөн секілді.

Өз кезегінде сөз алған «Қазақстан» РТРК­ АҚ төрайымы Нұржан Мұхамед­жа­нова «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболаттың сөзін қолдады. «Сіздер бір айға жуық мерзім ішінде акция сатып алуға 8,3 млрд. теңгені құрайтын 15 мыңдай өтініш түсті деп айтып отырсыздар. Қазақстан көлемінде бұл аз көрсеткіш, ең кемі 5 миллион адам алу керек еді. Әріптесімнің айтып отырған сөзінің жаны бар. Халыққа әлі де түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Біздің эфир мұндай мемлекеттік маңызы зор жобаны қолдайды. Сіздер үшін, мемлекет үшін қызмет етуге біз әрқашан дайынбыз. Қазір эфирден «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры дайындаған әлеуметтік роликтер жүріп жатыр. Сол роликтерді басшы ретінде көріп отырып, «осыны қарапайым халық түсіне ме екен?» деп іштей қайран қаламын. Сондықтан, «Халықтық ІРО» бағдарламасын жалпыға ортақ қарапайым, ұғынықты тілмен жеткізуге тырысуымыз керек. Бұл бағытта арнайы хабар ұйымдастырамыз десеңіздер «Хабар» болсын, «24кz» телеарнасы болсын қызмет көрсетуге дайын», – деді Нұржан Жалауқызы.

Жақсы ұсыныс жерде қалмайды. Клуб мүшелерінің бұл ұсыныстарын қолдаған компания жетекшілері алдағы уақытта электронды бұқаралық ақпарат құралдарынан белгілі бір шамада уақыт алып, мерзімді басылым беттерінде арнайы бет, тұрақты айдарлар ашылады деген сенімдеміз.

Базарбек ТҮКІБАЙ

Астана