Жаңалықтар

АҚТӨБЕНІҢ АҚКӨҢІЛ АДАМДАРЫ

ашық дереккөзі

АҚТӨБЕНІҢ АҚКӨҢІЛ АДАМДАРЫ

Алматы-Ақтөбе әуе кемесіне отырғызу басталғанда көңіліміз абдырап-ақ қалғаны. Шынымды айтсам, әнебір жылы өзім барған күн асты елінің бір қаласында жүргендей сезіндім. Төңірегіме байыппен көз салдым. Қаптаған қалың жолаушының ішінде жалғызсырап тұрған қандасыма көз түсті. Ата-бабалар баяғыда қауіп еткен қалың қытайдың арасында көзге шыққан сүйелдей болып орнымызға жайғастық. «Шіркін-ай», дейсің, «шіркін-ай»… Көңіл құлазып сала берді, санамызды жаулап алған сансыз ойлар еңсені езе түседі.

Ақтөбе қаласы қыстың таяп қалғанынан хабар бергендей өкпек жел көше-көшені қуалай соғып тұр екен. Суық желден қорғаншақтап, қымтана түсемін.

Біз отырған жеңіл көлік облыстық «Нұр Отан» орналасқан зәулім үйге лезде жеткізді. Біз деп отырғаным, ақтөбелік жазушы, танымал ақын Гүлсамал Аймаханова ханым. Жақсы сыйлас-сырлас құрбымыз да көптен бері туған жеріне шақырып жүретін-ді. Ұшақтан күтіп алған да сол.

Табан тіреп келгендегі мақсатымыз, елімізге белгілі журналистердің әрбір мақаласын байыппен қабылдап, үзбей оқитын оқырмандар санын көбейту, алыстағы аймақтарда тұратын қандастарымыздың тілек-ұсыныстарын өз құлағымызбен естіп қайту. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген егемендіктің алғашқы жылдарында ішімдіктің қаласы болған ( сол кезеңде қалада бақандай 5 арақ зауыты жұмыс істептi) Ақтөбенің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу.

«Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық фили­алы төрағасының бірінші орынбасары Жалғасбаев Мирлан мырзаға алғаш қойған сұрағымыз қаланың қазақылана бастауы жайында еді.

– Ақтөбе қазақиланған сияқты. Жалпы, облыс тарихынан әңгімелеп берсеңіз екен?

– Әңгімемізді облыстан бастағанымыз жөн шығар, бұл өңірге алғаш келуіңіз болса, біле отырғаныңыз жөн. Ақтөбе Қазақстанның солтүстік-батыс өңірінде орналасқан. Терістігінде Ресей Федерациясының Орынбор облысымен, оңтүстігінде Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстанмен, батысында Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан, ал шығысында – Қостанай, оңтүстік шығысында Қызылорда облыстарымен шектесіп жатыр.

Осындай кең аймақты алып жатқан облыс солтүстіктен оңтүстікке дейін 700 шақырым, шығыстан батысқа дейін 800 шақырым жерге созылған 300 мың шаршы шақырым аумақта орналасқан. 12 селолық, қалалық және әкімшілік аудан, алты қала мен екі кенті бар.

Сексен жылдық тарихы бар облыс халқының саны биылғы жылғы есеппен 786 мың 200 адам болса, оның ішінде 437 бас­тауыш партия ұйымында 36 мың 375 партия мүшесі бар. Алдағы жақын жылдарда елімізде халық саны жағынан миллионыншы тұрғыны болуға тиіс деген төрт облыстың біреуі, осы – Ақтөбе болмақ. Облыстың экономикасымен қоса тұрғылықты халықтың өсіп-өнгеніне мүмкіндік жасау шаралары үнемі облыс басшысының жұмыс кестесінен түскен емес. Саны ғана емес, халықтың әл-ауқаты мен денінің саулығына да көңіл бөлу мақсатында облыс көлемінде игі шаралар жүзеге асырылып келеді. Халықтың болашағына байланыс­ты, денсаулығына байланысты «Саламатты Қазақстан», 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ», «Жұмыспен қамту –2020», 2011-20 жылдарға арналған «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» және басқа да бағдарламалар аясында біршама тірліктер атқарылып жатыр. «Үш тұғырлы тіл» жобасы тағы бар. Аталған жобаға сәйкес қазақ тілін – мемлекеттік, орыс тілін – ұлтаралық, ағылшын тілін – жаһанданған экономикалық интеграция тілі ретінде дамыту мәселесі де еліміздің, мемлекетіміздің болашағы үшін жасалынып жатқан шаруалар. Алдағы уақытта да назардан тыс қалмауын қадағалаймыз. Бұл ретте, әсіресе Елбасымыздың көздеп отырған саясаты да сол – болашақ жастармен тығыз жұмыс жүргізу арқылы жастар саясатын мықтап қолға алу. Сол ұстанымның нәтижесі болар, «Жас Отан» жастар қанатының II сьезіне сексеннен астам жас делегаттарымыз қатысады. Мұның өзі облыс жастарын отансүйгіш патриотизмге тәрбиелеу жолындағы басты қадамдар.

– Сөзіңізді бөлейін, бұрын облыс орысшалау деуші едік, қазақилануы оралман қандастарымыздың үлесі емес пе?

– Ол да мүмкін. Бірақ елім-жерім деп келген сол көпшіліктің көңілінен шығу қиынға соғып жатады. Бәрі қала ішіне, қалаға жақын аймаққа қоныстанғылары келеді. Әсіресе, Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан келген қандастарымыз ұсынған жер мен үйге, қызметке қанағатшыл көңілмен қарап, ырзалық пейіл танытпайды. Ал, Түрікменстаннан келгендер басқаша. Бір халықтың тумасы бола тұра, әр жердің табиғатына байланысты халықтың пиғылы мен сұранысы әртүрлі болатыны қайран қалдырады. Әрине, көпшілікпен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Жұртшылық қандай істер атқарылып жатқанын білгісі келеді. Дегенмен, көпшілікпен ұғыныса, түсінісе жұмыс жасауға тырысамыз.

– Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыстарыңыз қалай?

– Шыны керек, кейбір жергілікті телеарналар кейде керек емес, тіпті халықты қызықтырмайтын, негізсіз бағдарламалар беруге әуес. Ал біздің тарапымыздан болған ұсыныстарға қаржы талап етіп, ықылассыз қарайды. Байқасаңыз, көптеген телехабарлар белгілі бір лауазымды тұлғалар туралы не болмаса солардың төңірегі жайлы ғана хабарлар дайындауға құмар. Көбіне жарнама дүниелер беріліп жатады. Өзін-өзі қаржыландыру да бүгінгі қоғамға жат емес, әрине. Дегенмен, қарапайым халықтың арасына жиі шықса, тележурналистердің, газет тілшілерінің ел арасында көптеп болуы игі істерге апаратын жол болар еді. Мәселен, қаламыздағы өндіріс орындарына да бара жатарсыз, дегенмен орталық колхоз базарында кездесу жасап көрелікші, талай түйткілдердің беті ашылар еді. Бізде негізінен газет оқырмандары мұғалімдер десек, бүгінгі жиындардың да қолдаушысы мұғалімдер мен дәрігерлер дер едім. Олар біздің алтын қорымыз, кез келген жиналымға залды толтыру үшін соларды тықпалайтынымыз жасырын жағдай емес. Сондықтан да, базардағы тиыннан сом құрайтын қарапайым саудагерлер жайлы бір хабар немесе бір мақала жазыңызшы, ол кемінде он-он бес адамға тарайды.

Мирлан Алпамысұлының айтқаны құлаққа сіңімді, әрі сенімді көрінгені сонша, біз ат басын колхоз базарына бұрдық. Қасымызда «Нұр Отан» филиалының кеңесшісі Берік Айгелді.

Кездесуге жиналған қарақұрым халықтың арасында бірен-саран ер азаматтардың төбесі көрінеді. Әңгіме тізгінін алған Берік Сәрсенұлы келген мақсатымызға тоқталып, бізді таныстырып өтті. Сол-ақ екен, жан-жақтан жауған сұрақтар астында қалдық. Кейбірі қолдарындағы «Түркістан» газетін оқуға кірісіп кетіпті.

Өзін Гүлшат деп таныстырған жас келіншек алғаш болып әңгіме бастап кетті.

– Бір өкініштісі, анайы мақалалар беретін газет-жорналдар көбейіп кетті. Кейде балаларымыздың қолынан көріп қаламыз да, тіпті оқуға да бетіміз шыдамайды. Қанша тыйым салсаңыз да баланың аты бала, сырттағы қылығына күйінеміз. Ол болмаса басқа бала оқиды, бір-біріне айтады. Осыған тыйым бола ма?

Тағы бір айтарым, газеттерде бала тәрбиесі, отбасы-ошақ қасы жайлы мақалалар көптеп жазылса. Әсіресе, саудагерлердің жағдайы, олардың құқықтары туралы сіздер де алдағы уақытта үзбей беріп тұрсаңыздар деген тілек айтқым келеді. Өйткені жабайы, ашық-шашық базардағы сауда-саттықты реттеу, патент арқылы, жеңілдетілген және жалпыға белгіленген тәртіп бойынша салық төлеу мәселесінде түсініспеушіліктер туындап жатады. Салық түрлерін азайтса болар еді, осы базардан нан тауып жеп, бала-шағамызды асырап отырмыз. Белгіленген бір реттік салық мөлшерін қайта қарап, патент арқылы немесе жеңілдетілген жағдайға байланыс­ты нақты табыс бойынша төлесек, дұрыс болар еді. Кейде салық түгілі өзіміздің күнделікті күнкөрісімізден артылмай жатады. Көпшілігіміздің айтар ойымыз осы. Біздің мұң-мұқтаждарымызды ай сайын болмаса да, тоқсан сайын ескеріп, газет бетінен базардағы «байғұстардың» тыныс-тіршілігінен хабардар етіп отырсаңыздар, баспасөзге үгіттемей-ақ жазылар едік.

Орынды айтылған ұсыныс-пікірге бас изеп, мақұлдауға әбден болады. Келер жылдың басында небәрі жиырмаға ғана толатын газетіміздің алдағы жоспарлары жайлы айта отырып, егемендіктің алғашқы жылдары ала дорба көтеруге намыстанған талай ер-азаматтарын қиын-қыстау кезеңнен алып шыққан қазақтың қайтпас қайратты әйелдері екенін, олар жайлы талай құнды мақалалар жарияланғанынан хабардар еттік. Қай заманда да, қай қоғамда да ер-азаматтардың сағын сындырмай, еңсесін түсірмей, бір әулеттің қамқор данасына айналған асыл аналарымыз, құрбыларымыз жайлы алдағы уақытта да талай дүниелер жазылатынына сендіргендей болдық.

Өзін Қызылорда облысынан келіп, сауда жасап жүрмін деп таныстырған азаматтың да айтары көп екен.

– Таң алакеуімнен кеш түскенше жанкешті тірлік жасап жүргеніміз – біріншіден, күнкөріс қамы болса, екіншіден, ұрпақ қамы ғой. Ауыл балаларын тегін оқыту немесе жеңілдікпен оқыту деген қоғамдық пікірді жандандырсаңыздар екен. Тапқан-таянғанымыз өзімізден артылмай жүргенде балаларымызды қалай оқытамыз? Біздің елімізде қыз балаларға жағдай жасалған жалғыз Қыздар педагогика университеті ғана. Онда да тұрмыс жағдайына қарай көптеген қағидаттарынан өтсеңіз. Ал қалың қазақтың, оның ішінде шалғай облыс­тар мен аудандардың жағдайы не болмақ? Еліміздің бай мемлекеттерінің қатарына ілігіп, экономикамыздың дамып жатқанынан не пайда, егер болашағымыз – балаларымыз жоғары білім ала алмай жатса? Қолымжеттік жағдайда өмір сүріп жатқандардың ғана, бүгінгі байлардың ғана балалары оқуы керек пе?! Ел аралап көрсеңіз, небір талантты, дарынды балалар ауылда жүр. Солардың жолын ашуға көмек жасаңыздар, ауыл балаларының қараңғы болып қалмауынан сақтанайық. Әдемі киім киіп, тоқ жүрмесек те оқытамыз ғой, дегенмен осындай мәселелерді көптеп жазсаңыздар дегім келеді.

Халықтың әл-ауқатын жақсарту, денсаулығымен қоса олардың жаппай білім алуына жағдай жасау қажеттігі БАҚ-тарда айтылып та, жазылып та келеді. Бұл да болса көңілге түртіп алған мәселе болды. Осы мәселе қаладағы байланыс және электротехника колледжіндегі кездесуде тағы да алдымыздан шықты.

Колледж директоры Салық САРҚҰЛОВ:

– Біздің оқу орнымыз Алматы, Семей, Маңғышлақ, Қызылорда, Орал және өзіміздің Ақтөбе облыстарына 13 мамандық түрі бойынша кадрлар дайындайды. Облысымыз Қазақстандағы ауыр өнеркәсібі дамыған аймақтардың бірінен саналады. Экспортқа бағытталған ірі кәсіпорындар – «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» ААҚ, «ҚазХром» ТҰҚ ААҚ-ның құрамындағы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты және Дөң тау-кен байыту комбинаты, Ақтөбе хром қосындылары зауыты ААҚ, «№406 ГА авиажөндеу зауыты», «Ақтөберентген» ААҚ-ның өнімдері таяу және алыс шетел рыноктарында кеңінен танымал. Сонымен қатар, облыс тау-кен, химия, мұнай өнеркәсібі және аспаптық жабдықтаудың қуатты базасы саналады. Сондай-ақ, ірі ауыл шаруашылық аймақ. Ақтөбе бидайы жоғары құрамды ақуыз және ұлпасымен ерекшеленеді.

Ал осындай аймақтың байланысы қашанда берік болуға тиіс. Осы жолда еңбек етіп келеміз. Өз басым таяуда ғана директор болып келдім, сіздер алғаш келген тілшілерсіздер. Сондықтан да, ашылып айтып жатқаным ғой. Аттары аталған облыстармен қоса, жақын шетелдер мен іргелес Ресейден де келіп білім алып жатқандар баршылық. Сондықтан да, республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, құба-құп болар еді. Өйткені біз тек Ақтөбе облысына ғана емес, республикамыздың түкпір-түкпіріне мамандар дайындап отырмыз.

Байланыс желілері және коммуникация жүйелері, пошта байланысы, байланыс технигі, байланыс операторы, радиобайланыс, радиохабар және теледидар, көліктік радиоэлектрондық жабдықтарды техникалық пайдалану салалары бойынша маман-кадр дайындап жатқан оқу орнының бұл сұранысына да қосылуға болады.

Келесі кездесу «Нефтегаздем» Жинақтаушы қорының ұжымымен болды. Көбі қыз-келіншектер. Үлкен ұжымның атынан келген өкілдердің де бізге айтар наз-сындары баршылық екен.

Мейрамгүл: – Өз басым газеттеріңізді жаздырып алмасам да, сатып алып оқып тұрамын. Алғаш қызығушылығым, Қазақстан халық ассамблеясының құрылтайына қатысқанымда, сол туралы ақпарат жарияладыңыздар, содан қолыма тиген-ді. Республикамызда ақпарат құралдары көптігі сонша, көзің талады. Бірақ көбісі еліміздегі тек келеңсіз жағдайларды ғана, жантүршігерлік оқиғаларды ғана жазып жатады. Жалпы, оқырман ретінде айтарым, жамандық дегеннің насихатсыз-ақ жайы­латынын ескеріп, қоғамдағы жақсы тірліктер неғұрлым көбірек жазылып, насихатталса екен деген тілегім бар. Неге біз үнемі жамандық шақыра береміз, әсіресе бұл телеарналарға байланысты ойым, біреуді-біреу тонап, зорлап, өлтіріп кетіпті дегеннен басқа хабарлары жоқ. Экранға қарауға дәтің бармайды. Әріптес ретінде осындай теріс тәрбие көзіне айналып бара жатқандарға ескертпе жасай аласыздар ма? Бұл ретте сіздердің газеттеріңіздің өзіндік ұстанымы бар, бағыт-бағдары бөлек дер едім.

Жанар: – Алматы – қазақ зиялыларының астанасы, рухани астанасы. Ал бізде материалдық жағдайға көбірек көңіл бөлініп кетеді де, неге рухани жұтаңдықты жыр ете береміз. Осы ретте қазақтың бетке шығар қаймақтары не қарап отыр? Қарапайым халық күнкөрістің қамымен, бала-шағасын асырау қамымен жанталасып жүріп, арасында теледидарға, газет-журналға әлдебір жақсылықтың нышандарын іздеп үңіледі ғой. Сондықтан да, бай мен байдың құдалығын, әлдебір байшыкештердің пәленбай әйел алғанын немесе ажырасқандарын айта бермей, ертеңгі күннің – болашақтың нұрлы күндеріне қалай жетеміз, қалай еңбектенеміз, соның жарқын жолдарын көрсетейік. Бұл ретте сіздің газетіңіз қандай дүниелер жазады? Мәселен, қыз бала тәрбиесіне, ана мен бала, ене мен келін арасындағы жылы сыйластық, ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынас та тәрбиенің бір түрі ғой, осындай мәселелер қазақ тілді ақпарат құралдарында аз жазылады.

Бұл пікірге де қуана келісуге болады. Газетіміздің «Қоныс», «Ырыс», «Жаһан», «Тайқазан» атты қосымшалары жайлы айта келіп, әсіресе, «Тайқазанның» ішінде әлеуметтік, руханият, медицина, білім-ғылым төңірегіндегі танымал авторларымыз бен газет қызметкерлерінің мақалалары үзбей жария­ланып отыратынын тілге тиек еттік. Әсіресе, ата-ана мен бала, әке мен ұл, шеше мен қыз бала арасындағы тәлім-тәрбие қашанда өзекті мәселе болған, бола береді. Өздерінің де ой бөлісіп, пікір таластыруға мүмкіндіктері барлығын айттық.

Қазақ өнері мен мәдениетінде өшпес ізі қалған, көрнекті де текті әулет – Жұбановтар екені даусыз. Қазақтың мәдениетіне, өнеріне, сол сияқты мәңгі өлмес тіліне жанашыр болған сол әулеттің бір ұрпағы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің экономика факультетіндегі кездесу тіпті қызықты өтті десе болады. Әрине, жастар жүрген жер әманда қызық, думанды. Факультет деканы Бауыржан Жүнісов мырза аса рухы биік азамат екен. Білімі мен мәдениеті асқан қазақтың осы бір жігітінің бүгінгі тірлігі жайлы кеңінен айтармыз деп ойлаймын. «Дөңгелек үстелге» жиналғандарды ғалым-экономист, кафедра меңгерушісі Көшкінбай Ахметов бірден баурап алды.

– Сіздер өте бақытты ұрпақсыздар, тілдерің ана тілінде шықты, балабақшаға ана тілінде бардыңдар, ана тілінде білім алып жатырсыңдар,– деп бастады ұстаз әңгімені. Ал, сол ана тілімізді дамытатын, жоғалтпайтын бір ғана тәрбие құралы бар, ол – баспасөз.

Біздің Ақтөбе қаласы ірі мәдени, білім мен ғылым орталығы болып саналады. Қалада 11 жоғары, 16 арнаулы оқу орны бар. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина Академия­сы, Ақтөбе жоғары әскери авиация училищесі және біздің университетіміз жоғары білікті маман-кадрлар дайындауда қызмет етіп келеді. Қазақ және орыс труппасы істейтін драма театры, қуыршақ театры, облыстық тарихи өлкетану мұражайы, Кеңестер Одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы мұражайлары тұрғылықты халықтың мәдени демалатын орындары іспетті. Ал біздің оқу орнымыз алғашқы қазақ тілі зерттеушісі, филолог Құдайберген Жұбановтың есімімен аталады,– деді облыстың рухани-мәдени өмірімен таныстырып өткен Көшкінбай Ахметов мырза.

Сол-ақ екен, студенттер мен жас ғалым-оқытушылар қызу пікірталасқа кірісіп-ақ кетті. Бірі газет жайлы, енді бірі журналист мамандығы жайында, кейбіреулері басқа салада жүріп жазу-сызуға дағдылануға бола ма дейді.

Бақтыгүл, студент: – Адам баласы пендәуи пиғылдардан тазаланып, арылу үшін ішіндегі қайнап жатқан,тұнып жатқан сырларын қағазға түсіру керек сияқты. Өз басымда сондай сәттер жиі болады. Ал қағазға ойыңдағыдай болып түсу үшін не істеу керек?

Балауса балғын балалардың мөлдіреген жанарлары бізді де алыс қалған сағыныш – жастық ғұмырға сүйрелегендей әдемі бір әсерге бөлендік. Қазақтың қыздары қандай сұлу, көркем болса, ұлдарымыз да парасатты, өткір. Көңілді көтеріп тастаған осындай жас оқырмандармен кездесу әрқашан көңілде әдемі әсер қалдырады. Айтар ойлары анық, пікірлері ұшқыр. Қалың ойдың құшағында отырып, әлгі сырлы сұрақ қойған сұлу қызымызға, қазақ халқының әу бастан өнер, білімге жақындығын, әсіресе, ақындыққа, жыраулыққа бейімділігі табиғаттың ерекше сыйы екенін, ал әу демейтін қазақ жоқ сияқты, бір шумақ өлең жазбайтын, көңіл ауанымен жазуға қабілетті де дарынды халық екенімізді біз де мақтанышпен айтып өттік.

Ақтөбе облысында болған іссапарымызда бізді қуантқан тағы бір жылылық, ол –облыс көлемінде кітапханалардың жақсы жұмыс істейтіні болды десек артық айтқандық емес. Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана, С.Жиенбаев атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының жұмысын жақсы жағынан тілге тиек етуге әбден болады. Осындай игі шараларға Алға ауданының орталық кітапханасындағы жүздесуде де көз жеткіздік. Биылғы жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген кітапханадағы газет оқырмандарымен кездесуді облыстық «Нұр Отанның» аудандық филиалының бірінші орынбасары Исламғали Бітік мырза жүргізіп отырды. І. Мәмбетов атындағы балалар кітапханасының ұжымы да қатысқан бұл басқосуда кітап басылымдары, сапасы, көркемдік безендірілуі жайлы терең әңгіме болды.

– Біздің балалар кітапханасы Ізтай Мәмбетов есімімен аталады. Бірақ ол кісі жайлы толық мәліметтер жеткіліксіз, газетте ол кісі жайында жазсаңыздар екен, – деді кітапхананың меңгерушісі Ақшолпан Әбдіхалыққызы. Олардың ұрпақтары хабарласып, сіздер сияқты оқырмандармен кездесу ұйымдастырып, ақынның шығармашылығы жайлы әңгімелеп беріп жатса, қызықты болар еді. Ақын осы ауданның тумасы, өзі жырлағандай «Табантал» өзенінің бойында туған. Осындай басқосулар жиі болса деп тілейміз, бетпе-бет кездесуге ештеңе жетпейді,– деп жымиды меңгеруші. Оның сөзінен, әңгімесінен, жүріс-тұрысынан сөздің емес, істің адамы екені байқалып тұрды.

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ