Жаңалықтар

ЖАҢҒЫРТУ ЖОЛЫНДА ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ОРЫН ЖОҚ!

ашық дереккөзі

ЖАҢҒЫРТУ ЖОЛЫНДА ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ОРЫН ЖОҚ!

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,

«Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Жуырда «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен жемқорлыққа қарсы арнайы форум болып өткен еді. Форумнан кейін филиал төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов мырзаға жолығып, осы алқалы жиынның мән-маңызы туралы кеңірек айтып беруін өтіндік. Алғашқы сауалымыз да осы шешімі күрделі мәселенің түйінін тарқатудан өрбіді.

– Кенжехан Ісләмжанұлы, қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықтың көрінісі мемлекеттік органдарда, басқа да салаларда жаппай орын алып отырғаны биік мінберлерден жиі айтылып жүр. Осы арада қоғамның дамуына тежеу болатын осы бір қауіпті дерттің алдын-алуға және болдырмауға «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының ықпалы қаншалықты дәрежеде деген сауал өз-өзінен туындайтыны сөзсіз. Билік партиясының өкілі ретінде сіз не айтасыз?

– Алдымен мына мәселеден бастайықшы. Біздің еліміз экономикасын барынша дамытып, демократиялық институттарын қалыптастырып, саяси жүйесін жетілдіруге бағыт алған жас мемлекет. Соған қарамастан, дүниені тығырыққа тіреген дағдарыс толқынына шыдас беріп, қарыштап алға жылжыған Қазақстанды әлемдік қауымдастық терезесі тең мемлекет ретінде қабылдай бастады, әріптестік салада үлкен сенімге ие болды. Соның бір дәлелі, күні кеше ғана «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін Астана қаласында өткізу мүмкіндігін біздің еліміздің басым дауыспен жеңіп алуы. Бұл сөз жоқ, ең алдымен – Елбасымыздың дүниежүзілік беделінің, одан кейін жаңа Елордамыздың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қабылдануының нәтижесі екені айқын.

Ал осындай дамыған, технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктер саласында бәсекелестікке қабілетті ел қалыптастыру жолында бет алған мемлекетте сыбайлас жемқорлық көріністерінің болуы көңілге қонымсыз нәрсе сияқты көрінеді. Алайда, біздің қоғамымызда бұл келеңсіздік орын алып отырғанын жасыра алмаймыз.

Сол себептен де, Елбасы өзінің биылғы кезекті Жолдауында белгілеген жеті бағыттың бірі ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселесін атап өтіп, оны түбегейлі жоюдың жаңа стратегиялық бағыттарын айқындауды талап етті. Және бұл мәселенің қоғам үшін аса қауіптілігін «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты құжаттамалық мақаласында да жан-жақты талдап көрсетіп, «Нұр Отан» ХДП-ның барлық деңгейдегі буындарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны түбегейлі жою жұмыстарын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Ал жақында, нақтырақ айтсақ, үстіміздегі жылдың 24 қыркүйегінде «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының кеңейтілген мәжілісінде партия жетекшісі ретінде барлық партия мүшелерінен қоғамда болып жатқан жаңғырту бағытындағы реформаларға белсене қатысуды талап етіп, ел мүддесі үшін жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауға алуды, сөйтіп, жемқорлыққа жол бермеу міндетін қойды. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қатысты белгіленген іс-шаралардың бағыт-бағдары осы қойылған нақты тапсырмалардың негізінде іске асырылады.

– Олай болса, қала көлемінде құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, жемқорлыққа қарсы іс-шараларды үйлестіру және жүзеге асыру мақсатында қандай нақты істер атқарылғанына тоқталсаңыз?

– Өздеріңізге жақсы мәлім, «Нұр Отан» ХДП-ның барлық деңгейдегі кеңселеріне адамдар көптеп келеді. Бұл Елбасы партиясына деген ішкі сенімнің нақты дәлелі болса керек. Сондықтан, азаматтардың өтініштерін қарағанда кемшіліктерге жол бермеу үшін қалалық және аудандық филиалдарда арыз-шағымдар салатын арнайы жәшіктер көрнекі жерлерге орнатылды. Қалалық филиалдың Қабылдау бөлмесі қайтадан жасақталып, интернетпен, басқа да қажетті техникалық құралдармен толық жабдықталды.

Биылғы жылдың басынан бері 68 қабылдау өткізіліп, 291 адам әртүрлі деңгейдегі мәселелер бойынша жауапты адамдардың қатысуымен түсінідірмелер алды. 40-тан аса шағым оң шешімін тауып, өтініштері нақты қанағаттандырылды. Ал, қалған мәселелер партиялық бақылауда тұр.

Бұдан өзге қалалық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлімдеріне азаматтардың 5128 арызы келіп түсті. Оның ішінде 1511-і жазбаша түрде, 3617-сі ауызша.

Арызданушылардың негізгі категориясы – әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған тұрғындар: зейнеткерлер, жұмыссыздар, кем қамтылған және көп балалы отбасылар. Бұлардың арасында бюджеттік сала қызметкерлері де аз кездеспейді. Олар негізінен төмендегідей мәселелерді көтереді: тұрғын-үй- коммуналдық мәселелер – 309 арыз (20,5%); әлеуметтік мәселелер (білім, денсаулық сақтау, зейнетақы мен жәрдемақылар) – 206 арыз (13,6%); үймен қамтамасыз ету – 170 арыз (11,3%); жер телімдерін бөлу – 160 арыз (10,6%); лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне шағымдар – 145 арыз (9,6%); жергілікті сот шешімдерімен келіспеушіліктер – 135 арыз (8,9%); еңбек құқықтық қатынастар – 116 арыз немесе 7,8% (олардың ішінде 66 арыз жалақыларының төленбегендігі туралы).

Ал, ауызша арыздардың ішіндегі 2931 өтініш (81,3%) көбінесе құқықтық сипаттағы мәселелерге қатысты.

Біздің заңгерлеріміз арызданушыларға қабылдау барысында жан-жақты заңды кеңестер береді. Түйіні қиын өтініштерді тиісті мемлекеттік органдарға, мекемелерге жолдайды. Сараптама көрсеткендей, жазбаша өтініштерге қайтарылған жауаптар саны – 1511, оның ішінде оң шешілгені – 615. Көріп отырсыздар, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясына түскен бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі немесе кәсіпорын, мекемелер басшылары тарапынан жасалған заң бұзушылықтар орын алған жағдайда, азаматтардың дер кезінде байланысуы үшін сенім телефондары жұмыс істейді. Сенім телефондарының нөмірлері партиялық және қалалық БАҚ-тарда жарияланды. Оған әрбір жеке тұлға ақысыз қоңырау шалып, өзіне белгілі болған фактілер туралы хабарламалар жасай алады.

Дүйсенбі сайын өтетін аппарат жиналысында, әрбір айдағы және тоқсандық, жылдық қорытындыларын шығаратын мәжілістерде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу және оны болдырмау мәселесі әр қызметкердің міндеті екені назардан тыс қалмайды.

Жыл басында «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Ахметжан Смағұлұлы Есімовтің тапсырмасы бойынша Партиялық бақылау комиссиясының жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, оған қалалық Мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдері енгізілген болатын. «Жаңғырту жолында жемқорлыққа орын жоқ!» атты тақырыппен өткізілген қалалық форумда осы жұмыс тобының атқарылған жұмыстарының барысы тыңдалып, қорытындылар түйінделді.

Осыған дейін де бірнеше рет прокуратура, қаржы бақылау, қадағалау органдары, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттіктің Алматы қаласы бойынша басқармасы, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен алқалы жиындар өткізгенбіз. Онда жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың туындау көздерін анықтау, оның алдын-алу шараларын бірлесе отырып ұйымдастыру сияқты кешенді істердің аясы белгіленгенін баса айтқым келеді. Мұндай ашық пікірталастар қоғамда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге оң ықпалын тигізетіні айқын нәрсе.

Көп болып қолға алынар істің мән-маңызын «Жаңғырту жолында жемқорлыққа орын жоқ!» атты кезекті форум жұмысының барысында қалалық филиалдың басшысы А.Есімов те ерекше атап өтті.

– «Ең алдымен, – деді филиал төрағасы, – жемқорлықпен күрес науқандық шара күйінде қалмауға тиіс екенін бөле-жара айтқым келеді. Бұл індетті жеңу тек мемлекеттің қолынан келмейді, үкіметтік емес ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен өзара ықпалдастықты жолға қою арқылы бүкіл халық болып күресуіміз керек. Себебі, сыбайлас жемқорлықтың белең алуы халықтың ашу-ызасын туғызады. Елдің мемлекеттік қызметкерлерге деген сенімін кетіреді. Ендеше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту арқылы қоғамды тұсаулаған келеңсіз көріністерден арылу – бүгінгі күннің басты мұраты».

Алқалы жиынға қатысқан басшы, қосшылар мен үлкенді-кішілі шенеуніктердің барлығы да бұл айтылған орынды пікірге толық қосылатындықтарын білдірді.

– Сол қалалық форумда сөз болған қадау-қадау мәселелердің ең бастыларын атай кетсеңіз?

– Ең бастысы, қала прокуроры, қаржы полициясы, ішкі істер департаменті басшылары алдында жемқорлықпен күрес шаралары меншік нысанына қарамастан барлық мекемелерде, ұйымдарда қатаң жүргізілуі керектігі және ешкімнің лауазымына, шен-шекпеніне қараудың қажеті жоқ екені баса айтылды.

Шынында да, қоғам құқық қорғау органдары мен «Нұр Отан» партиясының тарапынан нақты іс-әрекеттер күтіп отыр. Қолданыстағы заңнама бойынша сыбайлас жемқорлыққа көпе-көрнеу жол берген лауазымды тұлғалар қандай жағдайда да болмасын жауапқа тартылуы тиіс. Осыны басшылыққа ала отырып, қалалық, аудандық бөлімшелер мен бастауыш партия ұйымдары жемқорлықтың алдын алу мен жою шараларын белсенді түрде ашық әрі әділетті жүргізуді қадағалауы керек деп санаймыз. Билік тармағында болсын, мемлекеттік қызметтен тыс салаларда болсын, іс басында жүрген тұлғалардың абырой-беделі осы жұмыстардың нәтижесіне байланысты болмақ.

Бұл ретте «Нұр Отан» партиясының жетекшісі, Елбасының бастамасымен дүниеге келген жаңғырту жолындағы – «Жұмыспен қамту-2020», «ҚР үдемелі индустриальды-инновациялық дамуы», «ҚР Тұрғын-үй шаруашылығын жаңғырту», «ҚР Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесін» қалыптастыру атты бағдарламалардың орындалуын қадағалау мәселесі алғашқы орында тұр.

Осыған байланысты биыл сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Қоғамдық кеңесте Денсаулық сақтау, Сәулет және қала құрылысы, Жер инспекциясы, Көші-қон, Жол полициясы басқармаларының жұмыстарының нәтижелері тыңдалып, тиісті қорытындылар қабылданды.

Мәселен, аталмыш Қоғамдық кеңестің төрағасы Р.Алшановтың келтірген мәліметтері бойынша, сауалнамалық зерттеулерге қа­ты­сушылардың 15%-ы медициналық мекемелерде сұғанақтық фактілерінің, 22%­-­ы­­ парақорлықтың бар екенін және кадрлық мәселелерде жершілдік пен рушылдық көріністерінің кездесетінін атап өтті. Кейбір мекемелерде бас дәрігерлердің 2-3 лауазымдық қызметтің жалақысын өзі алып отырғандығы, қызметтік автокөліктерді жеке бастық мүддеге пайдаланатыны анықталды. Айталық, №16 қалалық емханада бюджеттік қаржыны бөгде мақсаттарға жарату фактісі әшкереленді. Мұндай келеңсіз жағдайлар басқа да мекемелерде аз кездеспейтіні жасырып, жабатын жайт емес. Бұл мәселелер сондықтан біздің партияның тұрақты назарында болады.

Мұнымен қоса, қала бойынша жұмыс істейтін 104 партиялық бақылау бекеті күрделі тексеріс жұмыстарын жүргізу барысында белсенділік танытуда. «Нұр Отан» партиясының мүшелері болып табылатын қалалық Мәслихат депутаттары тұрғындарға жақын болу үшін «Ашық есік» күндерін ұйымдастырып, олардың мұң-мұқтажымен тікелей танысып отырады. Тиісті жергілікті органдардың жауапты қызметкерлерін қатыстыра отырып, қордаланған мәселелерді жедел шешуді мақсат тұтады.

Иә, кез-келген заңсыздыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Бұл ретте барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың мүддесі бір деп ойлаймын. Ол мүдде – қоғамдағы заң бұзушылықтың алдын алу, егер ондай фактілер байқалса, құқық қорғау органдары мен тиісті мекемелердің назарына уақытында жеткізілуін қадағалау.

Жемқорлықпен күрестің тағы бір тиімді жолы – БАҚ арқылы ашық жұмыс жасау. Адам тағдырына тікелей қатысты мекемелерде қызмет істейтін әрбір жауапты тұлғаға қолданыстағы заңның «Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар үшін осы заңның негізінде мемлекеттік міндеттер атқаруға уәкілетті адамдар мен оларға теңестірілген адамдар жауапты болады» деген талаптарын әрқашан естен шығармауды шегелеп отыру қажет деп санаймыз. Мұнымен қоса халықтың құқықтық сауаттылығын көтеруді жандандыру қажет. Құқыққа қайшы кез келген іс-әрекеттің салдары жеке бас үшін ғана емес, бүкіл қоғамға зиян екенін түсінетін адам теріс қылықтан әрқашан сақтанып жүрері рас.

Көлеңкелі экономиканың жолын кесу және мемлекеттік органдардағы жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында Үкімет 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап табыс декларациясын жаппай енгізу жолдарын қарастыруда. Бұл қадам өте орынды әрі қоғамның оңалуына барынша ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Себебі, шенеуніктердің арасында табыстарын мемлекеттен жасыру мақсатында өздерінің басы артық үй-жайларын, дүние-мүліктерін жақын туыс-жекжаттарының атына жаздырып қою мысалдары аз емес. Айталық, зейнет жасындағы қария жүздеген мың АҚШ доллары тұратын қымбат «Джиптің» иесі дегенге қарапайым адамдар сене ме? Жоқ, әрине. Оның шын иесі басқа біреу екені айдан анық. Ендеше сол адамның табыс көздеріне сұрау салу арқылы заңды айналып өткісі келетіндерге қатаң тосқауыл қойылады деп үміттенеміз.

Бұл орайда мемлекеттік қызметкерлердің, басқа да жауапты тұлғалардың күнделікті қолданыстағы заңнамаларды, басқа да нормативтік заң актілерін жетік білуін талап еткеніміз жөн демекпін. Білікті де білгір мамандар ғана еңбек қоғамының құқықтық саясат тұрғысынан алға басуын, кемелденуін қамтамасыз ете алады.

Ендеше, сіз болып, біз болып, партиялық ұстаным мен қызмет айырмашылығына қарамастан, сыбайластық жемқорлықтың алдын алу сияқты ортақ істі бірлесе қолға алу арқылы қоғамды ауыр індеттен сауықтыра алатынымызға қалың жұртшылықтың көзін жеткізуіміз керек. Сонда ғана басталған осы ісіміздің оң нәтижесін көреміз.

– Әңгімеңізге рахмет! Қолға алған істеріңіздің оң нәтижесін көрелік.

Әңгімелескен

Гүлзина БЕКТАСОВА