Жаңалықтар

ЖАСТАР БАТЫЛ ҚАДАМ ЖАСАМАҚ

ашық дереккөзі

ЖАСТАР БАТЫЛ ҚАДАМ ЖАСАМАҚ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 2000-нан аса студенттің қатысуымен «Жастар Президентпен бірге жарқын келешекке!» атты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған форум өтті. Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Жас Отан» жас­тар қанатының II съезінде сөйлеген сөзінде еліміздің индустриалды-инновациялық дамуы және Отанымыздың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайту ісіне жастарды тартудың маңызы мен қажеттілігі туралы атап айтқаны белгілі.

Жастардың азаматтық, отансүйгішітік әлеуетін арттыру мен олардың тың бастамаларына қолдау көрсету мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Алматы қаласы Әкімдігінің қолдауымен форум өткізді.

Форумның ашылу салтанатында ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов: «Бүгінгі форум тәуелсіздігіміздің тұғырын көтереді. Бұл тек ұлттық мереке емес, тәуелсіздігіміздің символы. «Түзу басшы ұзақ жолды қысқартады» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, Елбасы 20 жылда көп еңбек етуде. Ел ертеңі жастар жарқын болашаққа батыл қадамдар жасайды деп сенемін, ертеңгі Қазақстан сіздерге байланысты. Елбасымен бірге жаңа биіктерге жетеміз» , – деді.

Сондай-ақ, форумға Алматы қаласының әкімдігі қызметкерлері, аудан әкімдері қатысты. Форумға қатысушы халықаралық қатынастар факультетінің 1-курс студенті Нұрсұлтан Орынбеков: «Бұл форум Елбасының көреген саясатын насихаттау, жастар арасында талқылау. Елбасына деген сенімімізді білдіру. ҚазҰУ-нің Студенттер сарайында Алматы қаласы жастарының басын қосып отырмыз. Өз ойым, ел ертеңін қалыптастыру үшін, біз білімді де білікті маман атанып, мақтантұтарлық тұлға болуымыз керек», – дейді. Форум жұмысына республикалық және Алматы қалалық жастар ұйымдарының көшбасшылары, халықаралық және республикалық байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздары, президенттік және атаулы шәкіртақы иегерлері, түрлі салаларда табыстарға жеткен талантты жастардың өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды. Форумға қатысушылар атынан Қазақстан жас­тарына арналған үндеу жолданды.

Форум аясында ҚазҰУ технопаркі түрлі салалардағы студенттік бизнес жобаларды дамыту мен жүзеге асыру үшін құрылған инновациялық инфрақұрылымдық алаң – университеттік студенттік бизнес-инкубатордың тұсаукесерін өткізді.

Сонымен қатар, форумға қатысушылар ҚазҰУ студенттерінен құралған вокалдық топтың, Біржан Хасанғалиевтің, эстрада әншісі Бүркіт пен Айшаның әсем әндерінің тыңдарманы болды.

Майса ЖАҚСЫЛЫҚ